1956 жылы Мұхтар Әуезовке еріп, Талдықорған облысына бардым. Біз Социалистік Еңбек Ері атағын екі рет алған Нұрмолда Алдабергенов басқарған ауылда болдық. Содан Текеліні басып, «Төлектің төрі» деген жайлауға бет алдық. Орта жолда «Газ-69-ымыз» жүрмей қалды. Ар жағына атқа қондық. Кер айғырға мінген Мұқаң қаққан қазықтай қалт етпей, сары желдіріп келеді. Бір белден асқанда үлкен кісі мені шақырып алды да:
– Қарағым, мына менің Ернарымды атқа шауып үйретші, – деді. – Былтыр Жамбыл облысына апарып, атқа мінгізіп көріп едім. Желіске көндігіп қайтқан. Аттың басын жібермей, аңдағайсың.
– Мақұл, – дедім. Айтуын айтсам да, ойға қалдым:
«Қалада өскен қаршадай баласы атқа қалай шаба алады? Бұ кісі неге сонша тәуекелге барады? Жазатайым болады демей ме екен?» Ернарды бөліп алып, жазық алаңқайда құйғыта жөнелдім. Баланың аты бала ғой, барын салып, борбайлатып барады екен, тізгінімді тарта қойдым. Мен райдан қайтқан соң, ол да шабысын бәсеңдетті. Кешінде қойшылар ауылында отырып, «қалай болды?» дегендей, ой жүгіртсем, әкесі «аяулы балам бірдеңеге ұрынып қалады» демепті. «Көрсін, үйренсін» депті.
Ернар кейін аттан құлап, жазым бола жаздады. Сонда әкесінің:
– Сенің әкең бала кезінде аттан сексен рет ұшқан. Аттан құлаған ауыр емес. Ернар, бүйттім деп, анаңа айтушы болма. Ендігәрі елге шығармай қояды, – деп жұбатқаны әлі есімде.
Сөйтсем ұлы педагог ата-бабасының ежелгі кәсібіне баласының көндіккенін қалаған екен. Сынға салмай, баласының ысылмайтынын Мұқаң білген ғой.
Бұл – үйрету өнегесі. Әр ата-анаға ғибрат алар жөн-жосық осы болса керек.
Бұл-бұл ма, тәуекелге бел байлап, жалғыз ұлын Отан соғысында қан майданға жіберген Долорес Ибарруидің ерлігін қандай өлшеммен бағаларсың? Ер ана есіл ұлына қаншалық сенген! Өйткені, ұлының ұятқа қалдырмасына, өзі берген ұлағат тәрбиесіне сенген. Шынында, шын батыр боп шыққан жоқ па оның ұлы?!
Мен әскер қатарында жеті жарым жыл офицерлік қызметте болған адаммын. Талай солдатты қолымнан өткіздім, тәлім бердім. Бірінші кездескен адамның қандай отбасында өскенін айыру маған қиынға түспейтін еді. Бала кезінде барынша әр түрлі іске араласқан балаң жігіт аз да болса тәжірибесіне сүйеніп, тың жағдайда тосылмай қиыннан қынын тауып кететін. Әміріңді екі етпей, аяғына дейін тындырып шығар еді.
«Күнім, айымды» көп естіген, үлбірек тәрбиеден өзгені көрмеген бала сәл-пәл қиындыққа кездессе болды, солқылдап майысып, мойып қалатын.
От тұтата алмаған, ат жеге алмаған, балта қайрауды білмеген болбырлардың біразын көрдім. Бірақ солардың өз ата-анасына реніштен басқа ештеңе айтпағанын да білемін.
Осыдан екі-үш жыл бұрын елдес бір адамның баласы он бір сыныпты бітіріп, Қазақтың дене тәрбиесі институтына оқуға тапсыруға келді. Оқушы кезінің өзінде бірінші разряд алған бала бокстан да, өзгесінен де – сыннан жақсы өтті. Өткені не керек, жүзуге келгенде, малтығып, жалпы бағасын кемітіп алып, конкурстан өтпей қалды. Себеп? Себебі ерке Ертістің жағасында өскен баланы ата-анасы, «ойбай, суға кетіп қаласың! Өзенге он метр жақын барма!» – деп үркіткен. Содан бала суға жоламаған. Бұған не дерсіз? Қайран ата-ана ұлының бағын байлаған…
Ол ол ма, Нұра бойында тұратын бір кісі Темеш деген ұлына: «Өзенге жолаушы болма», – деп тыйым салған. 2-сынып оқып жүрген кезінде «Ескі көпір» атанатын жалғыз бөрене үстімен өзге балалар өткенде, әлгі бала тайып жығылып, суға кеткен. Қайран әке қасіретке батып, бармағын тістеп қала берген.
Біреу үйренгенді, біреу үйренбей ме?! Бес жасында Ертісті бесігіндей көретін балаларға суға түсуге, жүзуге тыйым салуды өз басым қып-қызыл қиянат көремін.
Әлжуаз балалар – аяншақ аналардың әлпештеген бозымдары. Әрине, бұл әкеге де қатысты. «Ағашқа өрмелеме, аяғыңнан айрыласың», «Тауға құмартпа, табаның тасырқайды», «Шатырға шықпа, жұлыныңды үзесің», «Суға түспе, кетесің» – деп ойбайлайтын әке-шеше аз кездеспейді. Осындай байбаламшыл тәрбие балаға не береді?
Қорғалақ, жасқаншақ, жасық, тұйыққа тірелгіш қырсыздар сондай тәрбиеден де. Француз білімпазы Жан Жак Руссо бір сөзінде: «Балаға болма десең – шалдуар, болашақ ойшыл қайтіп баулынар!» – деген екен.
Тірлік – теңіз. Ал теңізде малту үшін әркім өз білегіне, жүзгіштігіне сенсе болар.
«Өмір сүру үшін өмірден үйрену керек!» – дейтін қағида ешуақытта ескірмек емес! Балаңды бәйек болып, ауладан ұзатпай бағарсың. Ол өсер, ержетер. Бірақ, балаңа су кешетін де күн жетер. Бәйтерек басына өрмелейтін де кезі келер… сонда қайтеді?
Парасатты ата-ана осыны ойлар болар. Бұл, әрине, баланы бетімен қоя бер деген сөз емес.
Тұрмыс-тірлікте нендей-нендей әрекет кездессе, қандай-қандай қажеттілік бар болса, соның орайы келгеніне жас мөлшеріне сәйкес сәби кезінен баланы баули беру парыз ғой.
Қазықты қалай қағады? Байлаудың түрлері қандай? Жіпті қалай еседі? Шегені қалай қайырады? Атты қалай ерттейді? Электр өтекті қалай жөндейді?.. Осының бәрі күндердің бір күнінде баланың алдынан шықпай қоя ма?
– Әй, тәйірі, өмір деген біздің ұрпақтай емес, сендерге енді оңайырақ болады, – деп жасөспірімдерді емексіте бермеген жөн. Оңайға емес, қиынға үйретейік ұрпақты. Халықтан асқан ұстаз жоқ. «Жігітке жетпіс өнер де аз», «Өнерді үйрен де, жирен» деп халық тегін айтпаған.
Баламыз өмірге керектің бәрін, ең жеңіл-желпі дегеннен бастап, игілерінен үйрене берсін! Сонда олар ертең сынға түскенде, ата-анасына алғысын ғана арнайды. «Үйренсін» деу оңай. Әуелі өз қолыңнан келсін, балаға ұсынар үлгің болсын. Сонда ұрпағың уағызсыз-ақ өзі үйренеді. Қорыта айтқанда, ата-ананың аяншақтығы баланың сорына айналады, бағын байлайды.
Балаңды өзің жөнге салмасаң, кейін өмір тезге салады. Күнге күйгізбей, желге сүйгізбей, қымтап-шымқаған бала қырсыз, ынжық, икемсіз болып өседі, «қорадан шықпаған қолбасы болмас». Бұдан туатын түйін:
Тәттілікті татуға
Кермек ащы тер керек.
Өмірді өрге тартуға,
Ез емес, тек ер керек!