Павлодарлық жас ғалым Серікболсын Дүйсембай Назарбаев Зияткерлік мектептері мен қазақ-түрік лицейлеріне түсушілерге арналған тест тапсырмалары мен логикалық есептер жинағын жарыққа шығарды, деп хабарлайды pavlodarnews.kz тілшісі.
Серікболсын Дүйсембай бүгінде Астана қаласындағы Н. Назарбаев университетінің электроника және электротехникалық инжерения факультетінің 4-курс студенті.
Автордың айтуынша, қазақ тілінде ғана жарық көрген оқулық қазіргі таңда орыс тіліне аударылып, көп ұзамай екі тілдегі нұсқасы ұсынылмақ.
Серікболсынның төртінші жыл қатарынан математика және ағылшын тілі пәндері бойынша дайындап жүрген шәкірттерінің 90 пайызы қалаған оқу орындарының студенттері атануда.
Айта кетерлігі, Ы. Алтынсарин атындағы дарынды балаларға арналған облыстық қазақ гимназия-интернатының түлегі Серікболсын Дүйсембай – Үндістанда өткен халықаралық жас ғалымдар конференциясының бірінші орын иегері, республикалық олимпиадалардың жеңімпазы, Болгарияда өткен халықаралық студенттер олимпиадасының бір күміс, екі қола жүлдегері.
Сонымен қатар жас болса да айтыс өнерінде де бағын сынап жүрген ақын жігіт ХІ халықаралық «Шабыт» шығармашыл жастар фестивалінде «Үздік әдеби шығарма» сыйлығына ие болған. Талдықорғанда өткен «Жыр алыбы – Жамбыл» атты республикалық оқушылар айтысының және Шапық Шөкиннің 100 жылдығына арналған аймақтық ақындар айтысының бас жүлдегері.
2010 жылы Серікболсынның «Туған жер, бесік дүние» атты алғашқы өлеңдер жинағы шыққан.
Абзал Қабдраш
Ескерту: кітапты 8775 431 8008 нөмеріне хабарласып топ және жеке бағамен сатып алуға болады.