07.11.2024

Суицид – дерт емес, тек жауапсыздық салдары

Дүниеде не тәтті десе кішкене кезде жан тәтті деуші ек. Әлі де сол пікірден айныған емеспіз. Бірақ бүгін тәтті жанын өз қолымен жаралайтын, жаралау ғана емес, өмірмен қоштасудың өзін оңай санайтын жандар көбейді. Қайғысыз мұңсыз санайтын, кеше ғана ойнап күлген баласынан қапияда айырылып қалатын, себебін таппай дал болатын күйге түстік.
Жамандықты айтудың өзі жақсылықтың нышаны емес, бірақ айтпасақ болмайтын күйге жеттік. Аузынан ана сүтінің дәмі кетпеген сәбилерге дейін осы аты жаман дерттің кесірінен айдың күннің аманында айырылып, өкініш өзегін өртеп, қайғыдан қан жұтқан шаңырақтардың дерті еске түскенде осы тақырыпты амал жоқ тарқатуға тура келді.
Суицид ауру дейді бүгінгі бірқатар жұрт, бірақ, атамда жоқ аты жаман ауру басқа емес балаларға қайдан жұқты, неге көбейді? Айта бергенге жүрек ауыратын ұзақ әңгіме.
Әр саланың мамандары өз әлдерінше зерттеп, зерделеп пайымдарын айтып жүр, сараптама жасап жүр. Біз басқаша қырынан қарауға тырыстық. Ұстаздық мамандықты таңдап, ұрпақпен жұмыс істеп солардың мінезі мен арманын зерттеп, әңгімесін естіп, жадына үңіліп, сырына қанығып жүрген біздер үшін ұрпақ тәрбиесінің әр басқышына жауаптылық сезімі бәрінен маңызды. Сол үшін ғасыр дертіне айналған суицидтің себептерін өз әлімізше зерделеп, бала тәрбиесімен айналысып отырған әр мекеме, әр отбасыға шама-шарқымызша ескерту салып, өзегіңізді өкініш өртемесін десеңіз әр күні ойлана жүр дегіміз келді.
Ғылыми сараптама жасап айтқанды қайталағымыз келмейді, біздікі тек қайткенде алдын аламыз деген ескерту.

Әуелгі ескерту ата-аналар:

Суицидке ұшырайтын балалардың көп сандысының отбасында ауыр жағдайлар бар екендігі айтылып жүр, онда ең алдымен балам аман болсын десеңіз, шаңырағыңызды шайқалтпаңыз. Отбасында жанжал шығармаңыз. Балаңызға әр күні бірер сәтіңізді арнаңыз. Көбінде жарты күн, яғни, бір ауысымда оқитын оқушылар жарты күнін немен өткізетінін көп ата-аналардың білмейтінін естігенде жүрек сыздады. Қоғам тәрбиелемесін, жаман тәрбиелемесін десеңіз алдымен өзіңіз толыққанды тәрбиені ұмытпаңыз. Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының балаңды ұлша тәрбиелесең ұл боп өседі, құлша тәрбиелесең құл боп өседі дегенін естен шығармағаныңыз абзал.
Мұнда ескертеміз бірінші: балаңыздың ұстазымен толық, етене араласыңыз, балаңыздың болашақ мамандығын өзіңіз шешпей ұстаздарымен ақылдаса үш жақты шешіңіз.
Екінші, балаңыздың кімдермен араласатынына, достары кім екенін ұмыт қалдырмаңыз. Қызым жақсы болсын десең, қызы жақсымен көрші бол, ұлым жақсы болсын десең, ұлы жақсымен жолдас бол деген ата-ана тәмсілін естен шығармаңыз.
Үшінші: заманына қарай баласы, қолдағы техниканың қолданысына қараңыз. Әлеметтік желінің тұңғиығына тұншығып, батпағына батып кетпесін. Қандай суреттер салатынын, қандай видеоларды көретінін, желілік достары кім екенін естен шығармаңыз.

Келесі ескерту ұстаздарға:

«Ұстаз – мектептің жаны, ұлттың болашағын тәрбиелеуші» – деген еді қазақ мектептерінің негізін қалаушы Ыбырай Алтынсарин. Әр оқушыға тек бір жапырақ қағаз толтырғандай емес, әйтпесе, сұрыптап, оң көз, сол көзбен бөле қарамай әр балаға тұлға ретінде тәрбие мен білімді қатар бергеніңіз абзал. Мұндайда әлемнің ұстазы, қазақтың ғұламасы Әбу-насыр Әл-Фарабидің адамға білімнен бұрын тәрбиесіз берілген білім адамзаттың қас жауы дегенді естен шығармағаныңыз абзал.
Екіншіден, әр оқушыны сыйлаңыз, әр адамның сыйлағанын тыңдайтынын, құрметтегенін құрметтейтінін ұмыт қалдырмайық. Себебі сіздің шәкіртіңіздің деңгейі аз да болса, сіздің деңгейіңіздің өлшемі екенін ұмытпайық. Сырласа біліп, сырына қарай ақыл айтып отырсаңыз, ол бала өз өмірінен үміт үзбесі хақ.
Үшіншіден: баға қойғанда әділетті қойғаныңыз бәрінен маңызды, баға қоярда оның білімін ескеріңіз, оның кімі таныс дегенін ескермей. Жалған баға баланы болашақта жарға жығарын ұмыт қалдымағаныңыз абзал.

Келесі үлкен ескерту барша психологтарға:

Жүргізер тәрбиеңізді жүргізерде ең алдымен алдыңыздағы баланың қазақ баласы екенін, оның қазақы менталитетпен тәрбиеленгенін естен шығармаңыз,  сіз теория етіп оқыған ағылшындардың теориясы екенін, сіз қолданатын әдістер ағылшындардың мәдениетіне негізделіп жасалғанын ұмытпаңыз.
Бұны айтпағым, өзі психолог деп айтатын біраз жанның Мағжан Жұмабаевтің «Психология негіздері» деген кітабын оқып шыққанына күмәнім бар.

Соңғы ескерту қоғамдағы барша жандарға:

«Әр қазақ – менің жалғызым» деп Сабыр Адай айтпақшы, әр ұрпақтың жаман жақсы болса да Қазақ елінің ертеңі екенін ұмытпайық, көшеде, әйтпесе қоғамдық орындарда жаман істерімізді сәбилердің көріп, әлеуметтік желідегі жел сөздеріміз бен суреттерімізді балалардың өз әлінше қабылдап жүргенін естен шығармайқ.
Тағы бір ескертуді билік тізгінін ұстағандарға жасау керекті, бірақ, әркім баласы бар ата-ана, тірі жүрген қоғам мүшесі екенін ескеріп осы жерден тізгінді тарттық.
Баламен сырласа білейік, тыңдай білейік. Әр бала ертеңіміз!

Аятжан Ахметжан

kazbilim.kz

-ЖАРНАМА-spot_img

1 COMMENT

  1. Дұрыс ау, естір құлақ болса…
    Бңздің қоғам жазылмаған дырамп

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here

- ЖАРНАМА -spot_img

СОҢҒЫ ЖАЗБА