22.11.2024

Мұғалімді емес, осының бәрін реттей алмай отырған механизмді жұмыстан шығарайық.

Мұғалім ақша жинамағанда қайтеді. Бүгінгі беріліп жатқан ақпараттарға сенсек, оқушылардан ақша жинаған мұғалім жұмыстан шығарылады. 
Ең алдымен мектепті жыл сайын сырлап, әктеп, бұзылғанын жөндеп тұруға жеткілікті ақша уақытымен бөлініп тұрсын, оны ебін тауып жол-жөнекей жымқыратындарға тосқауыл қойылсын. Сонда мұғалім ақша жинамайды.
Мұғалімнің жұмыс істеуіне қажетті кітап, қағаз, қалам, желім, бояу, бор, диск, флешка, көрнекі құралдар т.б. толып жатқан қажеттіліктері тегін берілсін немесе оқу жылының басында әр мұғалімге қосымша ақша бөлінсін, сонда мұғалім ақша жинамайды.
Аудан күні, қала күні, ана күн, мына күн, толып жатқан айтулы күндер. Безендіру керек, сахналау керек, ән айтып, би билеуге костюм керек, жоқ болса сатып алу керек. Осындай толып жатқан керекті-керексіз шараларды реттеп, жүйелеп, қысқартып, мұғалімдерге салмақ сала бермей, көрпесіне қарай көсіліп өткізетін әкімшілік болсын, сонда мұғалім ақша жинамайды.
Редакторлар газет-журналдың тиражын көбейту үшін мәжбүрлеп жаздыруды тоқтатсын, сонда мұғалім ақша жинамайды.
Кейбіреулер керексіз кітаптарын басшылар арқылы мұғалімдерді қинап алдыруды тоқтатсын, сонда мұғалім ақша жинамайды.
Апта сайын ҰБТ кітапшасын сатып, тест алуға міндеттейтін мекеме жұмысын реттесін, сонда мұғалім ақша жинамайды.
«КРУ отыр», «Санэпидстанция отыр», «Прокуратура отыр», «Анау отыр», «Мынау отыр», «Анандай комиссия келіп жатыр», «Мынандай комиссия келіп жатыр», мектептегілерден еститінің осы. Айналдырып соларды тексереді де жатады, сол тексерістерден жақсы нәтиже, ілгерілеу, даму бар ма екен? Бар болса жақсы. Ол комиссиялардың барлығы өз түстігін өзі алып ішсін, сонда мұғалім ақша жинамайды. Бірақ біздің қоғамдағы комиссия мүшелері ол деңгейге жете қойған жоқ. Көп жағдайда мектептегілер барын салып дастархан жасайды. Ол дастархандардың барлығына директор өз қалтасынан шығара берсе, шашы шақ келмейді. Сондықтан ол мұғалімдерге, мұғалімдер оқушыларға салмақ салады.
Қызым бірде мектептен: «Апай айтты, Пәленше Пәленшееваның концерті болады, мамаң екі билет алсын деді» – деп келді. «Мен оның концертіне барғым келмейді» – дедім. Ертеңіне: «Апай айтты, концертке бармаса да екі билеттің ақшасын беріп жіберсін деді» – деп келді. Осылай қызымыз үшін, қызымыздың апайы үшін талай екі билеттің ақшасын беріп жібердік. Себебі апайын директор мәжбүрлеп отыр сыныбына билет сатуға, директорды одан жоғарырақ тұрған басшысы, ол басшыны одан жоғары басшы т.с.с. Республика сарайын, басқа да концерт залдарын толтыру үшін жең ұшынан жалғасып мұғалімдерге билет сатқызу тоқтатылсын, сонда мұғалімдер ақша жинамайды.
«Осылардың юбилейлері-ақ шаршатты» – деді облыстық білім беру саласының бір басшысы сол облыстан шыққан, республикаға танымал екі-үш адамның атын атап, «Шапандары бар, сый-сияпаты бар, қонақтары бар, дастарханы бар, жолы бар, жатын орны бар, біреуін жіберіп болғанда екіншісі келеді. Бар салмақ мұғалімдерге түседі.» Бюджеттен толып жатқан мерейтойлар үшін ақша бөліне бермейтіні белгілі. Кейбір аға, апаларымыз елуден бастап, бес жыл сайын мерейтойлатып отыруды азайтсын, сонда мұғалімдер ақша жинамайды.
Біліміне, біліктілігіне, еңбегіне қарай бағалайтын заман қалып барады. Аттестациядан өту де ақша, конкурстан өту де ақша, басқасы да ақша. Мұғалімді емес, парақор заманды жұмыстан шығарайық.
Ақша жинау тек мектепте емес, басқа мекемелерде де бар. Мұғалімнің өзі де, жұмысы да көпшіліктің көз алдында болған соң, әр үйде оқушы болған соң ол тез байқалады. Оның үстіне мектепте ақша жинайтын жағдай жиі туындайды.
Мұғалімді емес, осының бәрін заңды, өркениетті түрде реттей алмай отырған механизмді жұмыстан шығарайық. Бәрін көріп-біліп отырып, ештеңені өзгертуге я құлықсыз, я шарасыз өз санамызды, өз болмысымызды жұмыстан шығарайық.

Мира Барказатқызы. Алматы қаласы, қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі

-ЖАРНАМА-spot_img

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here

- ЖАРНАМА -spot_img

СОҢҒЫ ЖАЗБА