22.11.2024

Балалар кітабы қаншалықты қолжетімді?

Бүгінгі әлеуметтік желінің не беріп, не қоятынына көп жағдайда көзім жетпейді. Гу-гу әңгіме, «анаған қарсы пікір жаздым, ананы қолдадым, ал анау бір ақымақ!..» деп күйіп-жанып жүргендер де, «уһ, өшімді алдым-ау!» деп жымиғандар да баршылық. Соған қарағанда, әлеуметтік желіңіз ет пен терінің арасындағы желіктей елестейді. «Сол да сөз болып па? Заман солай, ескіліктің адамы айта береді», дейтіндер де кездесер. Дегенмен, тәуелсіз елдің азаматы салмақты да салиқалы болса, бұл кейінгі жасқа пайдасын тигізері анық.

Біздің байқауымызша, алдағы айтқан әлеу­меттік желінің қанша өмір сүретінін уақыт көрсетер. Осы арада ғұмыры ұзақ, өміршең құндылық – кітап па дейміз. Біздің арғы текті бабаларымыз сол кітапты өшпестей етіп тасқа жазып кетіпті. Сол мәңгі өшпес тас-кітаптағы сөзді әр қазақ оқыса азбайды, ұлт жолынан таймайды. Тіліне өзге тіл тікендей қадалып өз тілін ұмыттырмайды. Ал қағаз бетіндегі бізге жеткен кітаптардың ұлысы Аристотель, Платон, әл-Фараби, Геродот пен Гомер… «Мың бір түн», «Шахнама» – кете береді. Осыларды оқысаң, желідегідей күйіп-піспейсің, ғибрат аласың, сергисің, сәл көзің талғанмен, демаласың – бір ғажап әлем. Тәлім алар оқиғалар, сом-сом кейіпкерлер, теңіздей терең тіл құнары…

Кітап құриды, газет-журнал бітеді, бәрін «көксандықтан» көресің дегелі де біраз жыл жылжыды. Әлгі өзіміз үлгі ететін өркениетті елге барсаң керемет кітап дүкендері, сыңсып тұрған томдарды көзің шалады, қат-қат газеттерді шолып шығасың. Біз қызыл-жасыл «импорт» тауарларға жүгірсек, олар лек-лек болып кітап дүкендерінде жүреді. Тілдессең, кейбіреулері «темірге телміруден» жалыққанын, одан да тыныштықта отырып кітап оқу бір ғанибет екенін айтады. Біз де түбі соған біртіндеп келеміз. Табиғи дүние қашанда тартымды ғой. Әлгі қызыл-жасылыңыз күн айналып келгенше тәрізді. Өйткені, арғы-бергіні саралап қарасаң, жарқыл-жұрқыл көп болған екен. Оны айтасыз, кейбір әншілер бір-екі жыл «модаға» айналып, артынан ескіріп қалып жатыр емес пе?

Біз кітап туралы ой қозғағанда, балалар кітабы туралы бағамдасақ дейміз. Шыны керек, балаларға арналған кітаптың бағы онша жанбай тұр. Бірінші сынып табалдырығын аттаған бүлдіршін Ахмет Байтұрсынұлынан қалған мұра – «Әліппенің» орнына «Сауат ашуды» қолға алды. Ол туралы кейін айтатын боламыз.

Енді еліміз бойынша балаларға арналған құндылықтарды байқау үшін кітап дүкендеріне бардық. Қазақ кітаптарына бір бұрыш тиіпті. Көрші елдің алтынмен аптаған, күміспен күптеген кітаптары керегелерде иін тіресіп тұр. Бір деректерге қарағанда, Ресей баспаларынан шыққан дүниелер Отанымыздағы кітап дүкендерінің 65-90 пайызын құрайтын көрінеді. «Қазақ кітаптары неге аз?» десек, сатушылар: «Бары осы. Көбін авторлар, баспа қызметкерлері өздері әкеліп өткізеді», дейді. Қазақ балаларына арналған кітаптардың, кітапшалардың бағасы екінің бірінің қалтасына сай келе бермейтін тәрізді. 200-300 теңгелік кітап көзден бұл-бұл ұшқан. Абай мен Ыбырайдың балаларға арналған өлеңдерінен тұратын шағын жинақтар 900 теңге болса, қазақтың мақал-мәтелдері 2300 теңге. «Балаларға базарлық» деген айдармен жарық көрген ертегі не әңгіме, сол секілді суретпен көмкерілген ашпалы саналатын «Көңілді көжек», «Қызыл қоңыз», тағы басқа жинақтар 1770 теңге тұрады. Минскіде шыққан «Веселые задания для малышей» деген суретті кітап 150 теңге екен. Салыстырыңыз бағасын…

Ал «Әй-әй» атты айдармен Ермек Өтеті­леу­ұлының әрқайсысы төрт жолдан тұратын, он өлеңінен құрастырылған суретті кітапша – 420 теңге, соған ұқсас 3-5 жасқа арналған «Ғажап тапсырмалар» – 900 теңге. Сұлтан Қалиұлы мен Әділ Балтаның шағын жинақтары – 505 теңге, «Ұрпаққа аманат» атты ұлттық дәстүр, туыстық атаулар, ырымдар, тыйымдар – нағыз балаларға қажет кітаптың құны – 3750 теңге. Жасөспірімдерге арналған екі кітаптан тұратын тағылымы мол, аты да әдемі «Бәсіренің» (құрастырған Байбота Серікбаев) бағасы – 10200 теңге. Оқушылар үшін шығарылған «Сен білесің бе?» деген энциклопедия – 5180 теңге. Осылай кете береді.

Бұл кітаптарды қалтасы көтеретіндер алар, ал былайғы жұрттың қолы жетпейді. Егер баға төзетіндей жағдайда тұрса, бұл рухани дүниелер әр отбасының төрінен табылып, ұлы мен қызы оқып, мол мәлімет алар еді. Жалпы, кітап шығару ісінде таралымды өсіру арқылы кітап бағасын төмендету жағын ойластырсақ қалай болар екен?

Кітап бағасын тапсырушы белгілейді екен. Оған 12 пайыз салық қосылады. Қызмет көр­сететін дүкеншінің айлығына қажеттілік және бар. Иә, бағаны еркіне жіберу керек дейміз. Бірақ, балаға келген, баладан өскен үлкендер нарық талабы деп көп сылтауды көлденең тартпай, кейде бір жомарттық көрсетсе, ұрпақ алдындағы парыздың бір парасы өтелер еді. Қысқасы, ұрпаққа керек кітапқа бір кісілік қажет болып тұр. Әрине, нарық заманы ешкімнің маңдайынан сипамайтыны анық. Әйтсе де, қайталап айтамыз, бала үшін тиісті мекемелер, ел-жұрт бір жеңілдікті қорғасындай салмақты етіп қарастырса, қане.

Сүлеймен МӘМЕТ,

«Егемен Қазақстан»

-ЖАРНАМА-spot_img

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here

- ЖАРНАМА -spot_img

СОҢҒЫ ЖАЗБА