22.11.2024

Шіркін, ғалымдар мектепте сабақ берсе ғой!..

Баяғы кеңес дәуірінде Арменияда әрбір академик пен профессор орта мектепте (ауылдық не қалалық болсын) сабақ беруге ұмтылады екен деп еститінбіз. Және де олар өздерін көрсетіп («қараңыздаршы, мен не деген ақылды едім, қандай жетістіктерге жеттім!» деген сыңайда), құрмет пен қошаметке бөлену үшін емес! Немесе өткізген сабақтарына ақша алу үшін де емес: өйткені олар жалақыларын мектеп қажеттеріне жұмсайды екен…

Армян ғалымдары, академиктер мен профессорлар, мектепке қандай да болмасын жәрдемі мен септігін тигізу үшін онымен тығыз байланысын үзбейді екен! Олардың басты мақсаты мынандай қағида: «Ұлт негізі – мектеп! Мен мектепке қандай септігімді тигізе аламын?! Мен өз ұлтымның негізін қалыптастыруға қандай үлес қоса аламын?!» Тамаша дәстүр емес пе?! Бұл ғалымдардың ниеттері мен мақсаттары не деген асқақ та асыл еді!!! Дәл осындай үрдісті біз де ұстансақ қой, шіркін! Әр академик пен профессор мектепте аптасына 1-2 немесе тіпті 3-4 сабақтан жүргізсе ғой!.. Олардың сабақтары қызықты әрі құнды болатындығына менің еш күмәнім жоқ! Оқушылар (тек оқушылар ғана емес, мектеп мұғалімдері де!) олардың сабағынан тек білім алып қоймай, сонымен бірге ең жоғарғы деңгейдегі үлгі-өнеге алар еді…

Мұндай үлгі боларлық тұлғалар қатарына ғалымдармен бірге ақын-жазушылар, бизнесмендер, саясаткерлер, әнші-сазгерлер, спортшыларды да қосуға болады емес пе?!. Олар жиі-жиі мектепке келіп, аз да болса сабақтар мен оқушылармен кездесулер өткізіп тұрса, игі болмас па еді?!. Осындай болса ғой!.. Ал бүгінде осы мәселенің ахуалы қандай деп ойлайсыз, әріптес?.. Ауылдық мектептің бір директоры (қай облыс және аудан екендігін айтпай-ақ қояйын, мұндай жәйт сіздердің де аудандарыңызда кездесетін болар!) өзінің мұңды ойларымен былай деп бөлісіп еді:

– Ауданымыздан талай-талай мақтауға да, мақтануға да тұрарлық тұлғалар: ақын-жазушылар, ғалымдар шыққан… Алайда бұл жәйт мектеп ұстаздары үшін кейде ауыртпашылыққа айналып кетеді емес пе? Қалайша дейсіз бе? Олардың кейбіреулері өздерінің туған жеріне келіп, аудан әкімшілігіне қолқа салады: «Мен жақында 50, 60, 70 немесе 75, 80-ге толамын! Маған той жасап, тұлпар мінгізіңдер!» деп. Ал аудан әкімшілігі ақша шығарғысы келмей ме, әлде аудан бюджетінде мұндай шығыс түрі жоқ па, баяғы қол астындағы бағынышты, әр кезде де тілалғыш мұғалімдерге салық салады: әрбір мектеп ұстаздар санына сәйкес аудандық атышулы азаматтың мерейтойына ақша өткізуге міндеттеледі. Бұл «салық» мөлшері шамамен әр мұғалімге шаққанда 500-ден 1000-2000 теңгеге дейін барады. Бүкіл ауданнан осылайша жиналған ақшаға той да жасалынады, тұлпар да мінгізіледі… Сол себепті де ауыл мұғалімдерінің ауданнан шыққан майталмандардың мерейтойларын қынжыла күтетіндігі бар… Мүмкін ауылымыздан шыққан азаматтар өздеріне көрсеткен қошеметті аудандық әкімшілік қаржыландырмай, мектеп мұғалімдері есебінен иықтарына шапан жабылып жатқандығын білмейтін де болар. Білген жағдайда мұндай сый-сияпаттан бас тартар ма еді?.. Әй, қайдам!..

Шіркін, осы атақтылар ауданда той жасағанның орнына өз ауылының мектебіне көмектессе ғой! Қаржылай болмаса да, анда-санда оқушылармен кездесіп немесе сабақ өткізіп тұрса игі болар еді емес пе?!.

Әлімов Асхат. «Назарбаев зияткерлік мектептері» ДББҰ Педагогикалық шеберлік орталығы Алматы қалалық филиалының аға менеджері, филология ғылымдарының кандидаты, доцент.

-ЖАРНАМА-spot_img

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here

- ЖАРНАМА -spot_img

СОҢҒЫ ЖАЗБА