22.11.2024

Күнделік Дневниктің көшірмесі ме?

Бізде, яғни елімізде білім саласында жүзеге асырылатын жобалардың көпшілігі – көшірме.

Ата-ана және мұғалім, сосын оқушыны біріктіреді деген «Күнделік» пилоттық жобасы туралы да осылай байбалам салушылар көбейді. «Күнделік» жобасы биылдан бастап, еліміздің 4000-ға жуық мектептерінде электронды жүйе ретінде енгізілген болатын. Министрліктегілер мұны әзірге сынақ ретінде ғана қарап отыр. Осылайша, әрбір мектепке автоматтандырылған ақпараттық білім беру жүйесі қондырылады. Мұның тиімді жағы да бар: осы жобаның көмегімен кез келген ата-ана ғаламтор арқылы сол жүйеге кіріп, баласының үлгерімін қадағалай алады. Әрі  ұйымдастырушылар бұл жобаның мұғалімдерді қағазбастылықтан құтқаратынын алға тартуда.

Енді «Күнделік» жобасы байырғы қағаз күнделіктердің орнын алмастыратын бо­ла­ды. Оқушылардың үлгерімі де қағаз күн­делікке емес, компьютерленген жүйеге қойы­лады. Ғаламторға мүмкіндігі бар кез кел­ген ата-атаның да қалаған уақытында ба­ласының білімін тексеріп, анықтауына мүм­кіндігі бар. 
Алдымен «Күнделік.кз» сайтына кіріп көрдік. Онда: «Күнделік» ЖШС – қазақ­стан­дық АТ компаниясы, білім беру, бас­қару мекемелерінің өкілдеріне, сондай-ақ мұғалімдерге, оқушыларға, ата-аналарға, бі­лім беру ұйымдарының әкімшілеріне бі­рың­ғай электрондық білім беру аймағының әзір­леушісі.
Компанияның флагмандық өнімі – ав­томаттандырылған ақпараттық білім беру «Күнделік» жүйесі, электрондық құжат ай­налымдары білім беру ұйымдарының жә­не әлеуметтік желілік өзара іс-қимыл құрал­дары барлық білім беру процесінің қа­тысушыларына мүмкіндіктерін бірік­тіре­ді: педагогтармен, ата-аналармен және оқу­шылармен» делінген.
Яғни, жобаның мақсаты – оқушы мен мұғалім, ата-ана үшеуінің бірлігі арқылы білім жүйесін сапаландыру. Дұрыс-ақ делік. 
Алайда неге көшіруге құмармыз? «Күн­делік» жобасының ресейлік dnevnik-тің кө­шірмесі екені айдан анық көрініп тұр. «Күн­делікке» қатысты пікір қайшылығы туын­дауының себебі осында. 
«Күнделік» ЖШС өкілдері бұл жүйеге барлық мектеп өкілдері пароль мен логин арқылы кіретінін айтады. Оқу жылының басында бір рет сабақ кестесі бекітіледі. Ол автоматты түрде барлық тоқсанға қойы­лады. Мұғалім сабақ кестесіне сәйкес, электронды баға қойып отырады. Ол баға баланың күнделігіне автоматты түрде түседі. Осылайша, бағаны ата-ананың да біліп отыруына мүмкіндік туады. Баланың білімі туралы ақпарат автоматты түрде шығарылып отырады. Бұл анықтамалық білім басқармасы мен министрлікке жолданып тұрады. Демек, бұл бір жағынан ашықтық үшін қажет секілді. Әрі баланың білімін түзетуге де, оқушының білім деңгейін анықтауға да мүмкіндік тудырады. 
Жобаны ұйымдастырушылар жүйе арқылы үйге берілген тапсырманы да көруге болатынын айтады. Әрі апта сайын баланың мектепте болатын уақыты, тәртібі мен сабақ үлгерімі рейтингтік көрсеткіш арқылы бағаланады екен. Мұғалімдер бұрынғысынша журнал толтырып, артық уақытын жоғалтпайтын болады. 
Бұл жобаны құптайтындар да бар, қаламайтындар да жетерлік. Ғаламторды пайдаланатындар үшін тиімді жоба шығар, ал шалғайдағылар не істемек? Олар үшін бұл тіптен түсініксіз әдіс секілді. Ал ауылдағыларға оңай болмайтынын мамандар да жоққа шығармайды. 
 Десек те, барлық мектептер ғаламтор желісімен қамтылған ба? Кей мектептерде «Күнделік» жобасы үшін мұғалім біткен бір компьютерге үңіліп отырған жоқ па? Ғаламторға тіркелмегендер компьютер іздеп, сабылып кетпей ме деген қорқынышымыз да жоқ емес. 
Әзірге екі жоба да қатар пайдаланылуда. Пилоттық жоба оң нәтиже беріп жатса, барлық өңірдегі мектептер жаппай электронды жүйеге көшетіні ақиқат. 


Бір-бірінен көшіріп жасалатын, ұқсас системаны пайдаланып жасалатын сайттарды көргем, бірақ логосына дейін көшіріп пайдаланған сайтты бірінші рет көрдім. Оның өзін білдей бір елдің министрлігі жасап отырса, не айтасың? 

Сержан Қасеннің фейсбук парақшасынан алынды


Мектептер сынақ алаңына айналмауы тиіс

Өмір ШЫНЫБЕКҰЛЫ,
жоғары санатты ұстаз, №41 мектептің тарих пәнінің мұғалімі:

– 2013 жылы «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ Педагогикалық шеберлік орталығында 1 деңгейлік курстан өтіп Жаңа Бағдарлама бойынша білім алдым. Сондықтан Жаңа Білім бағдарламасы туралы пікір айтуға толық моральдық құқым бар деп ойлаймын. Жалпы алғанда, Жаңа Бағдарлама өзіме ұнайды. Өкінішке қарай, әзірге қорытынды білім бағалау (ҰБТ) жүйесі мен мектептердің материалдық-техникалық базасын Жаңа Бағдарламаға сәйкестендіру жағы ақсап тұр. Мәселен, «Білім беру мен ғылымды дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған бағдарламасы» қабылданды. Ал 2019 жылға дейін мектептердің материалдық техникалық базасын жасақтап үлгеру мүмкін бе? Аталған бағдарламаға бюджет пен демеушілер тарапынан 1,5 триллионға жуық қаражат қарастырылған. Министрлік тапсырған есептерге қарасақ, 2016 жылдың соңына дейін соның 695 млрд теңгесі игерілуі тиіс еді. Игерілді ме? Ол жағын ешкім білмейді. Мұғалім ретінде бір білерім, мектептерге ноутбуктер алынды. Білетіндердің айтуынша, оның да саны шамалы, бірақ бағалары өте қымбат деседі. Мәселен, 130 мұғалімі бар мектепке 25-30 ноутбук. Егер жазатайым бұзып немесе жоғалтып алса, жартыжылдық жалақысы соның өтеуіне кетері анық. Интернетке қаражат табуға болар. Ал соншама мектепке интерактивті тақталар орнату мен барлық оқу кабинеттерін компьютерлендіру мүмкін бе? Мысалы, мен 1,5 мың бала оқитын мектепте жұмыс істеймін. Осынша балаға бар болғаны 11-12 интерактивтік тақта бар. Олардың өзі 2009-2010 жылдары шығарылған тақталар. Бұзыла қалса, қосалқы бөлшек табу қиын және өте қымбат. Пән мұғалімінен бөлек, осы құрал-жабдықтарға қызмет көрсететін инженер-мамандар ескерілді ме? Миллионға жуық тұрғыны бар облыс орталығындағы жағдай осылай болса, шалғай ауылдардағы мектептердің жағдайы қалай? Облыс-аудан орталықтарында білім беру мекемелеріндегі компьютерлік-ақпараттық технологиясына Арнайы қызмет көрсету орталықтарын құру қарастырылды ма? 2016-2017 оқу жылынан бастап, еліміздің көптеген мектептері «Электронды күнделік» дегенді сынақтан өткізіп жатыр. Қағаз журналды қайталау, яғни бір жұмысты екі рет істеу, 45 минут сабақ үстінде мұғалім сабақты да өткізіп, екі журналды да толтырып үлгеруге міндетті. Осындай жағдайда білім сапасы туралы не айтуға болады? 
Информатика пәнінің мұғалімі, шығысқазақстандық Мейіржан Темірбектің айтуынша, мемлекеттен бірнеше миллиард теңге бөлінген осы жоба бар болғаны ресейлік dnevnik атты жобаның қазақшаға аударылған нұсқасы көрінеді. Осыдан бірнеше жыл бұрын ҚР БжҒ министрлігі бірнеше жыл миллиардтаған ақша жұмсап электронды журналды (#Е-Лернинг) толтыруға мәжбүрледі. Оның кемшіліктерін әлеуметтік желілерде қанша көрсетсек те, қоғам үнсіз қалды. Бірнеше жылдан соң, ол өзін-өзі ақтамай (әлде қаражат таусылды) тоқтатылды. Бұл да сол Е-Лернингтің кебін киетініне сенімім мол. Салық төлеушінің миллиардтаған ақшасын жұмсап, сонша азапқа салатындай бұл қазаққа мектеп мұғалімдері не жазды? Жаңа оқу жылының басынан бері, мектептердің информатика пәндерінің мұғалімдері өзге мұғалімдерге нұсқаушы ретінде осы іске жұмылдырылған. Басшыларға ашық айтса, жұмыспен қоштасады. Шыдамағандары әлеуметтік желілерде өз пікірлерін білдіріп жатыр. Ал салық төлеушілер, яғни ата-аналар төлеген салығымен де, мектеп жасындағы баласының мектептегі жағдайымен де шаруасы шамалы. 

«Плагиаттан» құтылуымыз керек
Аятжан АХМЕТЖАНҰЛЫ, 
Республикалық KazBilim орталығының директоры: 

– Электронды жүйеге біртіндеп көшуіміз – бәрібір заңдылық. Бірақ дәл қазіргі кезеңде бірінші кезекте бүкіл мектептердің техникалық базасы мен интернет базасы жасалмай тұрып, біз электронды жүйеге көшеміз деп жүгіру «100 қойдан 120 қозы аламыз» деген секілді есеп болады. Одан кім ұтады? Бөлінген ақша далаға кетеді, ал қиыншылықты жағдайы жасалмаған мектептер мен мұғалімдер көреді. Оның үстіне, біз электронды жүйеге көшсек, қағаздан құтыламыз деп ойлаймыз. Бірақ бізде бұған дейінгі электронды жүйеде де, осы жүйеде де мұғалімдер екі жұмысты қатар атқарып жүр. Олар онсыз да қағаздан көз ашпайды. Енді оларды екі әуреге салып қойдық. Менің бұл жүйеге ең үлкен қарсылығым – плагиат дер едім. Бізде ақпараттық технология дамыды, онда неге көшіре саламыз? Сол көшірме үшін мемлекеттік бюджеттен қаржы бөлініп, іске асырылып жатқан жоқ па? Бұл тегін жоба делінуі мүмкін, бірақ бір мемлекет жасап қойған жобасын екінші елге тегін бере салмасы анық! «Күнделік.кз» пен Ресейдің жобасын салыстырып қарасаңыз, өзіңіз де байқайсыз. Бұдан кейін бұл жоба елімізде қанат жаяды, өміршең болады деу артық, оның үстіне, мұндай көшірмеден құтылуымыз керек. 

Мұғалімдер қағазбастылықтан арылар еді
Ербол СЕРІКБАЙ, IT-маманы:

– Көпшіліктің наразылығын туын­датқаны – Kundelik.kz жобасының Ресейден алынғаны. Өз басым дайын жүйені толықтай сатып алуға қарсымын. Себебі, мемлекеттің бюджеті, бірінші кезекте Қазақстанның аумағында қалуы керек. Екіншіден, ел ішіндегі компанияларға тапсырып, ішкі бәсекелестікті дамытуға тырысқанымыз жөн. Бұл жүйе бүгін ғана жасап шығарыла қойған жоқ. Бүкіл әлем бойынша қолданыста бар. Сондай-ақ осыған балама жүйе ретінде Маңғыстау, Қарағанды облыстары, Шымкент қаласы мектептерінің білім беру электронды жүйелері бар. Бірақ ол бағдарламаларға мемлекет тарапынан ешқандай қолдау көрсетіліп отырған жоқ. Яғни, жуық арада олар жұмыстарын тоқтатуы да мүмкін. Ендеше, неге соларға қолдау көрсетпеске? Әлеуметтік желі қолданушылары, ата-аналар тарапынан туындап жатқан арыз-шағымдарға осы тұрғыдан қосыламын. Ал жалпы электронды күнделікке қатысты айтар болсақ, құптайтынымды қоса кету керек. Оның ақпараттық қауіпсіздігі мықты болатын болса, мұғалімдер қағазбастылықтан арылар еді. Әрі түрлі мұрағаттардың да табылуы жеңілдей түседі. Біздің бала кезімізде күнделік жоғалып, оның соңы біраз мәселеге айналатын. Осы жағынан қарастырсақ, ата-ана мен мұғалім арасында тығыз байланыс орнатуға бірден-бір септігін тигізетін құрал деп білемін. 

Электронды күнделік ашықтықты қамтамасыз етеді
Зәуре ЖАРҚЫНБАЙ, ата-ана:

Электронды күнделіктің тиімді тұстары өте көп. Сол себепті бұл жүйені қолдайтындардың қатарынанмын. Мысалы, бастауышта оқығанда бір ғана мұғалім болған соң, онымен үнемі хабарласып тұратынбыз. Ал балаларымыз жоғары сыныпқа өткен соң бірнеше пәннен бірнеше мұғалім береді, бәрімен бірдей байланысу қиын. Одан бөлек, ата-аналар бұрынғыдай мектептің ішіне емін-еркін кіріп жүре алмайды. Мұғаліммен сөйлескіңіз келсе, міндетті түрде алдын ала жазылу шарт. Мәселен, үйде интернет, компьютер болатын болса, жүйені қолдану ыңғайлы. Электронды күнделіктегі аккаунтпен кіріп, бағасын, тәртібін, жетістігін, ескертпелерді қадағалап отыруды әдетке айналдыратын боламыз. Ұлымның не қызымның математика сабағынан үлгерімі төмендеп бара жатса, шара қолданамыз. Бәлкім, қосымша сабаққа апарармыз. Сондай-ақ балалардың көбі ата-аналарынан қорқатыны да шындық. «Үштік» алып қалса, күнделігін мұғалімге апармай қоятын жағдайлар жиі кездеседі деп ойлаймын. Қызымның сыныптасы тоқсан соңында күнделікке барлық бағаны «бес» деп қойып, анасын алдаған екен. Үлгерімі «өте жақсы» деп жүрген ата-ана жиналыс кезінде қызының тоғыз сабақтан төртке шыққанын естиді. Оның соңы үлкен айқайға айналды. Екі ортада мұғалім жапа шегеді. Қарап отырсаңыз, осындай олқылықтар көп орын алады. Ал электронды күнделік іске қосылса, біраз нәрсе ашық айтылар еді. Қолдайтын себебім де – осы. 

«Күнделік» жобасын қабылдай алмағанымыз рас
Өмірбек ҚҰРБАНБАЕВ, IT-маманы:

– Бүгінгі заманауи технологиялар дәуірінде білім беру саласын электрондық форматқа толықтай сәйкестендіру, ұлттық электронды оқу жүйелерін қолға алып жолға қою – әрине, қажет дүние! Мен оны қолдаймын. Дегенмен ширек ғасыр ішінде білім беруді жан-жақты зерттеп, бағытты нақты бір қалыпқа түсіру кезеңіне әлі күнге жете алмай жүргеніміз – өкінішті. Әр министр өзгерген сайын білім беру жүйесі келген адамның көңіліне қарай «сынақтан өткізу алаңына» айналған тәрізді. Біз әлі күнге дейін білім беру жүйесін полигон ретінде қабылдап, «әрі тарт та, бері тарт» болып келеміз.
Жаңадан сайланған министріміз Ерлан Кенжеғалиұлы мырзаның тамыз Кеңесінен үш ай бұрын, мамыр айында Талдықорған қаласында өткен Блог-құрылтайда сөз сөйлеп, терең талқыға түскен E-Learning жобасы, оның тағдыры және білім беру жүйелерін дамытудың алдағы бағыттары туралы айтып кеткені есімізден шыға қойған жоқ. Сол кезде, министр мырза «мемлекет қаржыландыратын жоба енді болмайды, біз ешкімге жүк артпаймыз, әр өңір, әр мектеп қандай жобаны енгізуге өздері шешім қабылдайды. Ал министрлік болашақта сол софттарды зерттеп, нақты стандарттарды жасақтап ұсынатын болады» деген пікірді айтқан. Ол дегені, бәсекелестік негізінде жасақталған софттарға мүмкіндік жасап, сараптама арқылы мықты жобаларға жол ашып береміз дегені ғой. Жол ашып бермесе де, кедергі болмаймыз дегені емес пе?
Тамыз Кеңесінен кейін мектептерде министрлік тарапынан «Күнделік» деген ресейлік кәсіпорын жасақтаған жобаны жаппай енгізу қолға алыныпты» деген хабарды естігенде, шынымды айтсам, қабылдай алмадым. Атышулы E-learning жобасының тағдыры бір рет аузымызды күйдіргені шындық болса, екінші рет үрлеп ішетін кез келген сияқты еді. 
Айта кетейін, мен үшін электронды оқу жүйелері алыс тақырып емес, біз бұл бағытты кәсіби деңгейде көп жылдар бойы зерттеп, нақты нәтижелерге де қол жеткізгенбіз деп айта аламын. Халық арасында Мектеп.Edu жобасы деп танылған, өзіміз жасақтап шыққан EDUS атты электронды платформамызды алғашқы рет сонау 2008-2009 оқу жылдары пилоттық жоба ретінде Маңғыстау облысының мектептеріне енгіздік. Жоба мектеп мұғалімдері үшін сабақ беру процестерін электронды форматқа, ал ата-аналар үшін сынып журналы, күнделік, мектеппен қарым-қатынас құралы ретінде жасақталған болатын. Содан бері бұл жоба Маңғыстау өңірінде сәтті қолданыста, барлық мектептер (136 мектеп) белсенді жұмыс істеп отыр. Оқытушылар да, ата-аналар да жобаны жақсы үйреніп алған. 
Сондықтан платформаны әрі қарай дамытып, модернизация жасағымыз келетін. Алайда арада жылдар өтіп, 2012 жылы ұлттық E-Learning жобасы келгенде, бұл жобаның қажеттілігі шектеліп, дамыту тоқтатылған болатын. «Әттеген-ай» деуден басқа амалымыз болмады. Дегенмен жоба әлі күнге дейін сол қалпында бүкіл мектептерде ауқымды қолданыста келеді. Тегін қолданыста. 
Міне, енді E-Learning жобасы тоқтатылды деген хабардан кейін, жобаны қайта жандандырып ұсынуды жоспарлағанбыз. Шілде айында АҚШ-та Кремний алқабында болғанымда, сол жерде бір-екі EduTech компанияларымен технологиялық бағыттарын талқылағанмын да. Жаз бойы жаңа концепция үстінде жұмыс істеп, әзірлеп, функционалдарды қайта жасақтау, мобильдік нұсқалар шығаруды жоспарлау үстінде жұмыс жасадық. Тағы «ай, әттең» дейтін сияқтымыз. 


Түйін:

Жаңа жобаның артықшылығы – қағаз күнделік сияқты пайдаланылған соң лақтырып тастамай, электронды нұсқада сақталатындығы. Бірнеше жыл өткеннен кейін де, қажетті ақпараттарды мұрағаттан тауып алуға мүмкіндік бар. Әрі мұның мұғалімдерге пайдасы мол. Сабақ жоспарын қайталап жасамай, бір рет дайындап қояды да, қалған жылдары толықтырып отырса болғаны. Бұл жобаны жүзеге асыруда ғаламтор  технологиялары маңызды рөл атқаратынын ескергеніміз жөн. Сондықтан «Күнделік» жүйесін енгізуде асығыстық жасап жіберген жоқпыз ба деген қауіп басым. Қалай дегенде де, әзірге көпшіліктің пікірі екіге жарылып тұр. «Күнделіктің» бағы жана ма, жанбай ма – ол уақыттың еншісіндегі дүние.

Гүлзина ТҰРҒАНБАЙҚЫЗЫ,
Жадыра АҚҚАЙЫР

Айқын-ақпарат

-ЖАРНАМА-spot_img

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here

- ЖАРНАМА -spot_img

СОҢҒЫ ЖАЗБА