22.11.2024

Қазақы тәрбие – патриотизмнің негізі

Қазақта төңірегіне нұрын төгіп, ұрпағына тура жол сілтейтін тұлғалар жетерлік. Солардың бірі һәм бірегейі — ҚР кино қайраткері, ҚР кинематография ісінің үздігі, мұқағалитанушы Шаяхмет Имашұлы. Пайғамбар жасынан асқан Шаяхмет ақсақалдың қазақтың бүгінгі болмысы мен ертеңіне жетелейтін жас ұрпақ туралы толғаныстары тым терең еді. Шаяхмет Имашұлы қазақтың қайсыбір дімкәс тұстарын дөп басып, ел ағасы ретінде өз алаңдаушылығын білдіріп, шипалы жолдарын ұсынып бақты. Сол ойлардың оралымын төменде ұсынып отырмыз.

— Бала — болашақ. Ал болашақ баптауға зәру. Бала тәрбиесіне ұлттық мөлтекфильмдер оң ықпал етіп жатыр ма?

— Бала тәрбиесі — өте нәзік, жауапты іс. Ертеде бір кісі ақылманнан кеңес сұрапты деседі: «Балам екі жасқа толды. Енді оны қалай тәрбиелеуді бастайын?» Сонда ақылман айтыпты: «Сіз бала тәрбиесінің екі жылын жоғалттыңыз». Иә, баланы жатырда жатқан кезінен тәрбиелеу ләзім. Ол тәрбие ұлттық дүниелерден өз мәйегін алуы тиіс. Ал отандық мөлтекфильмдер қатты нөсерден бетер құйылып келген шетелдік фильмдердің тасасында қалды. Жақсы мөлтекфильм болса да, насихаттауы, дәріптеуі кем соғып, көрерменіне жете алмай пұшайман. Ал эфирде жүргендерінің қайсыбірі бала көңіліне нанымсыз суреттерімен, ұлттық болмысқа қайшы оқиғаларымен аталған биік мүддеден шықпай жатыр. Батырлар жыры желісі негізінде түсірілген мөлтекфильмдерде қазақ менталитетіне жат, жабайы Батыстың даурықпа оқиғалары басым. Тарихи арқауы бар, бірақ сол тарихилықтан жұрдай мөлтекфильмдерді көріп отырып, оны тудырған тұлғалардың ұлттық қасиеттерінің әлсіздігі көзге көлбеңдейді. Қыз бен жігіттің ел алдында қабыса құшақтасуы, қыздың жігіттің соңынан жүгіруі сияқты эпизодтар батырлар жырында атымен жоқ болса да, бұл мөлтекфильмдерде қаптап жүр. Яғни оны қазақ тарихынан хабары шамалы, балалар фильмінің маманы емес, әншейін бір қара жаяулар жасап, тек табыс табу мақсатын көздеп отыр. Тек ақша қуған құбылыстың өмірі қысқа болады. Оның орнына бізге балалар режиссері сынды майталман мамандар керек-ақ. Ол мамандар ұлттық табиғатқа бай болса ғана таза қазақы туынды жасай алады. Жеке адамдардың қолында көп ештеңе тұрған жоқ. Мемлекет балалар фильміне арнайы көңіл бөліп, қаржы аударып, жыл сайын саны мен сапасы қиюласатын мөлтекфильмдер шығаруды тапсыруы қажет. Бұл ретте бір орта болуы шарт. Әйтпесе әркім өз қазанында ғана қайнаса, жалпыұлттық дүние қалыптастыру қиынға соғады.

— Баланың теледидар мен ғаламторға көп телміретін қазіргі заманында оларды дәл осы құралдармен тәрбиелеу керек. Ал бұл орайда мөлтекфильмдердің тілі қаншалықты қисынды?

— Ұлттық тіл — төл мәдениетті сіңірудегі басты құндылық. Ал балалар мөлтекфильмдерінде баланың психологиялық ерекшелігі, ойлау, қабылдау деңгейлері ескеріле бермейді. Бұл балалар психологы деген маманның синтезді өнер түрі киноға аяқ баспағанының зардабы. Сондықтан тұрпайы сөздер, қазақ танымына ерсі тіркестер жосылып жүр. Тіпті «Алдар көсе» мөлтекфильмінің қайбір бөлімінде бәйбішесі байды үйінен қуып шығып, «қақбастың» астына алуы да тарихты білместік. Қазақ тарихын, қазақтың тілін, дінін мейлінше қанып ішпеген адамдар тарапынан кеткен қателікті жоғары мемлекеттік деңгейде көтермей, қарсы болмай отыр. Оны көріп, тура қабылдап өскен бала не оңады? Кеңес кезіндегідей мықты цензура болса деп те ойлайсың кейде. Бір електен өтіп, ортақ бір мақсатқа қызмет ететін туындылар сонда, бәлкім, пайда болар ма еді?

Әлемде тілі шұбар кино бар ма?

— Таза қазақ тілінде кино түсіруге біздегі кей мамандар қырын қарай ма деген ой туады. Себебі «Ғашық жүрек», «Ағайындылар» телехикаялары елу де елу қағидасымен қос тілде жарыла сөйлеп бүлінеді. Жалпы, әлем елдерінде бірнеше тілде сөйлейтін кино бар ма?

— Мен отыз жылдан бері кино саласында келемін. Сонда көзім жеткені — шетел нашар деген киносын да бір ғана тілде сайратады. Тілдік саясатының мықтылығы бұл. Біздегідей шала қазақша былдырлау — өнерге жасалған қиянат. Кино — биік өнер туындысы. Ол қай жағынан да асқақ болу керек. Күнделікті күйбең тірлікті арқау етіп, оны шала тілмен мүлде шалажансар етіп бейнелеу ұлттық идеологияның шетқақпай кейпін көрсетеді. Өзбек өз фильмдерін тек өзбекше өреді. Ал біз жалтақтап, орысша қоспасақ, жүре алмаймыз. Оны «қазіргі қоғамның боямасыз түрі» деп сылтауратамыз. Егер бар нәрсені боямасыз күйде көрсетсе, оның несі өнер? Және көп кемшілік әкелетін тағы бір жайт — қазақ киноларының басым бөлігі алдымен орысша түсіріліп, сосын қазақша аударылатындығы. Сонда тіл мүкістігі тіптен көзге ұрып тұрады. Еріннің жымына сәйкес келмейтін, акцентпен ақсаңдаған талай кинолар содан шықты. Бұны тоқтату үшін мемлекет аясында қазақ тілінің мәртебесін ең жоғары деңгейге көтеру шарт.

— Қазір қай арнадан болсын «12 жастағы балаларға ата-анасымен бірге отырып көруге рұқсат етілген фильм» дегендер қаптап кетті. Оларды үздіксіз таза қазақшаға тәржімалап беруден балаларымыз не алады?

— Біздегі шетелдік телехикаялар сол елде көрсетілмейтін, арзанқол туындылар. Оны жалаң табыс табу мақсатымен бізге сатады. Ал біз оны алып, өзімізгеөзіміз әлгіндей «рұқсат» жасап, саналы түрде баламызды улап жатырмыз. Тіпті сол шетел телехикаяларын үзбей көретін бала қазақша ойлаудан қала ма деп қорқамын. Кез келген телеарнадан атағын асырған жарнамамен берілетін мұндай телехикаялар қазаққа әлдеқашан қатердің бұлтын үйірген. Ұл-қызымыз сондағы анайы сөздерді жаттап алды, тіпті қылықтарын да… Телеарналар жанды жұмыс жасаса, ұлтқа қызмет көрсетсе, түкке тұрғысыз сол телехикаяларды қатарынан қоймас еді. Бұл отандық телеарналардың ұлттық идеологияны шетке ысырып тастап, құрғақ рейтингтің соңынан кеткенін көрсетеді. Қалың көрерменді түрік, үнді, кәріс, өзбек телехикаяларымен алдандырып қойып, қазақтың ең қымбаты — ұлттық сананы буалдыр тартқызып жатыр. Бұған қарсы жауап ретінде қазаққа ой тастайтын, кешегісі мен бүгінін, ертеңін қоса толғайтын түрлі сипаттағы телеөнімдерді өмірге әкелу қажет. Ал қазақ киногерлерінің бағзыбіреулері қазақ киносын да қазақы етпей, батыстан, басқадан сюжет ұрлауға көшті. Көшірме сюжеттер қазақ киносының жауына айналғаны сонша, «жаңа қазақ киносы экранға шығады» деп дақпырттаса да, ел селт етпейтін болды. Өйткені жаттанды көшірме оқиғалар, сүреңсіз идеяларға әбден еттері өліп кеткен. Сюжет ұрлаудың сорақылығы «қазіргі қазақ осындай» дегенге сайып, бүгінгі қоғамдық келбетті шынайы бейнелегендей мәз болады. Жігітті төсекке тартып, ішімдікпен басын айналдыру, өзіне көңіл бөлмеген еркектен «бала көтердім» деп күшпен тұрмысқа шығу, бұл ретте қызға анасының «көмекке келуі», осының барлығы қазаққа тән бе еді? Өз баламызды осылай тәрбиелеп жүріп, «олар неге мынадай күйге түсті? Қай жерден жаңылдық?!» деп жыламсыраймыз. Жасөспірімдерге тоқтаусыз, кедергісіз көрсетілетін сол шетелдік және қайбір отандық телехикаялардың бала көрер сиқы жоқ болғандықтан, көргенін қайталаған баланы кінәлаудың реті жоқ. Жасөспірімдер тәрбиесінің кемшін тұстарын, себебі мен салдарын тым әріден іздеу керек.

— Тура осы ретте бір сұрақ туады: мектеп қабырғасына жыныстық тәрбие деп аталатын «ғажап» пән енгізу жасөспірімдер тәрбиесінің оңалып кетуінің кепілі бола ма? Соңғы кезде бұл пәнді ауызға жиі алып, «құтқарушы періштені» күткендей күлкілі жайымыз бар.

— Жоқ! Тәрбиеден кеткен олқылықтардың орнын толтыруда бұл атаулы пән енгізілетін болса, бүгін «теориялық білім» алған бала ертең соны тәжірибеде жасауға ынтықпай ма? Сонда онсыз да қалт-құлт етіп тұрған қазақылық тамырымыздан қайта қауышпастай ажыраймыз. Онда баламызды ешбір киномен де, еш тарихпен де қорғай алмаймыз. Жасөспірімдер тәрбиесінің басқа көзін табу керек. Және ол жол таптырмайтын шыңырау түбінде емес. Ата-ана баласына жеткілікті көңіл бөлсе, ажырасу деген «індет» қазақтан қашса, мұғалім көп қағаздан босап, оқушысымен нағыз тірі жұмыс жүргізуге мұрша алса, қазақ балалар фильмдері қазақылық сарынға ауысса, сонда бала түзу бұтақтай тік өседі. Ал қазіргідей былықтың, батпақтың ішінде өсіп келе жатқан бала шетелше ойлап, шала бүлініп, сол өзге ел фильмдерінің қаһармандарының әрекетін қайталап, дүбәра күй кешуде. Оған айыпты — аға буын. Қазақ ұлт дүниесін жаңғыртып, қажетін қайтарудың қарекетін тездетпесе, болашағымыз — баламыз аты — қазақ, заты — азам болып шығады. Ол сұмдық күнді қазақ көрмесін. Қазақ киносына сұраныс бар. Сол сұранысқа жауап беретін, толық қазақы кинотуындылар жасау қазақ өнерінің басты ұлттық міндеті болмақ.

— Сүбелі әңгімеңізге рақмет!

Әңгімелескен — Айзат Рақыш

elana.kz

-ЖАРНАМА-spot_img

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here

- ЖАРНАМА -spot_img

СОҢҒЫ ЖАЗБА