22.11.2024

АЛАШ АРДАҚТЫЛАРЫ НЕГЕ АРДАҚТАЛМАЙДЫ?

ҰРПАҚ ТӘРБИЕСІ – ҰЛТ ТӘРБИЕСІ. ҚАЙ КЕЗЕҢДЕ ДЕ ҰЛТЫМЫЗДЫҢ АЗАТТЫҒЫ ЖОЛЫНДА ҰЛЫ ІСТЕР АТҚАРҒАН ҰЛЫЛАРДЫ ОҚЫМАЙ, ОЛАРДЫҢ МҰРАЛАРЫ МЕН МҰРАТТАРЫН САНАСЫНА СІҢІРМЕЙ ӨСКЕН ҰРПАҚ АЗАТТЫҚТЫҢ ҚҰНЫН ЕШҚАШАН ТҮСІНЕ АЛМАҒАН. БҮГІНДЕ ОСЫ ІЗГІ ДӘСТҮРДІҢ ЖАЛҒАСЫ БІЗДІҢ БІЛІМ САЛАСЫНАН АЙШЫҚТЫ ОРНЫН ТАБА АЛМАЙ ОТЫР. ҰЛЫ ІСТЕРДІҢ БАСЫНДА ТҰРҒАН ҰЛТ ПЕРЗЕНТТЕРІ, СОНЫҢ ІШІНДЕ, АЛАШ АРДАҚТЫЛАРЫ ТАРИХИ БИІК БАҒАСЫН, ҚҰРМЕТІН ҚАЛАЙ АЛЫП ЖҮР? ОҚУ ОРЫНДАРЫ МЕН МЕКТЕПТЕРГЕ ҰЛЫЛАРДЫҢ ЕСІМДЕРІН БЕРУ ЖҰМЫСЫ НЕГЕ КЕНЖЕЛЕП ТҰР?

Бүгінде Астана қаласында 87 мектеп бар. Бізге белгілісі, оның 10-ы ғана белгілі тұлғалардың есімін иеленген. Олар – Райымбек батыр атындағы №50 «Қазғарыш» мектебі, Әлкей Марғұлан атындағы №40 орта мектеп, Сырбай Мәуленов атындағы №37 орта мектеп, Нұркен Әбдіров атындағы №33 мектеп, Ақан Нұрманов атындағы №17 мектеп-гимназиясы, Төлеген Айбергенов атындағы №16 орта мектеп, Ғали Орманов атындағы №7 мектеп-гимназиясы, Юрий Гуров атындағы №6 гимназия мектебі, Жамбыл Жабаев атындағы №4 мектеп-гимназиясы, Ғафу Қайырбеков атындағы №2 мектеп-гимназиясы. Бұл дегеніңіз – оқушыларды тұлға арқылы пат­риоттыққа, ұлтты сүюге тәрбие­леу қаламыз бойынша санаулы мектептерде ғана жүріп жатыр деген сөз. Алаш арыстарының есімін Астананың 100-ге жуық мектебіне беріп, біз көріп жүрген Әлкей Марғұлан музейі секілді әр мектепте музейлерін жасақтап жатсақ ұрпаққа тәрбие, ұлы тұлғаға құрмет деген осы емес пе?! Астанада Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы, Мағжан Жұмабаев атындағы мектептер тұрса деген арманымыз жоқ емес. Бізге Алаштың 100 жылдығында ең құрығанда 10 Алаш арысына Астанадан мектептің есімін беріп ұлықтасақ, ұрпақ үшін игі іс болар еді. Тіпті, елордамыздың атына Абай атындағы бір мектептің болмауы сын емес пе?! Жақында ғана Астана қалалық Ономастика комиссиясының кезекті отырысында осы мәселе талқыланды. Онда қалалық Тілдерді дамыту басқармасының басшысы Тілеу­ғали Қышқашбаев қалалық Ономастикалық комиссияға осындай ұсыныстардың келіп түскенін айта келіп, №51 лицейге Мұстафа Шоқайдың, №53 мектеп-лицейге Рымғали Нұрғалиевтің, №68 мектепке Міржақып Дулатұлының және №84 мектепке Араб Әмірлігінің шейхы Халиф бен Зайд әл Нахайян атын беруді жоспарлағандарын жеткізді. Енді мұның сөз жүзінде ғана емес, іс жүзінде жүзеге асуын қалар едік. «Осы қалай болар екен?» деп ұзақ ойланып отырмай, жұмысты жүйе­лі түрде қолға алу керек сияқты.

Кезінде, 2010 жылы, жергілікті билік «Мектепке болашақта зерт­теу­ші, ғалым Ақселеу Сейдімбектің аты беріледі, заң бо­йынша тұлғаның атын мемлекеттік нысанға қайтыс болғаннан кейін тек бес жылдан соң ғана беруге болады» деп қуантып тастаған болатын. Алайда арада бақандай жеті жыл өтсе де, бұл желсөз кү­йінде қалды. Басқаны айтпағанда, астаналықтар үшін Ақселеудің көше аттарын қазақ тарихымен байланыстыруға қосқан еңбегінің өзі неге тұрады?

Сөйтіп, №54 мектеп-лицейі әлі бейресми ғана Ақселеу ағаның атында тұр, құжат жүзінде әлі орындалған жоқ.  2012 жылы 5 наурызда №66 мектеп-лицейінде Әлихан Бөкейханның 146 жылдығына орай іс-шара өтті. Сол жиында Әлихан Бөкейхан туралы деректі фильм көрсетілді. Оқушылар сонда «Осы мектепті Әлихан атаның атына берейікші, сіздер осыған мұрындық болыңыздаршы» деп жиналған қауымға ұсыныс білдірді. Одан бері алты жыл өтті. Былтыр Әлихан Бөкейханның 150 жылдық мерей­тойын әлем тойлады. Бірақ әлі күнге сол мектеп те, Астанадағы басқа мектеп те Алаш көсемінің атына берілмей келеді.

№49 орта мектеп те ұлт әдебиетіне, драматургиясына, журналистикасына, ғылымына айрықша үлес қосқан Қошке Кемеңгерұлының есімін бейресми иеленіп келеді. Мектеп ұжымы кезінде өз еңбектері арқылы қазақ жастарының санасын оятуды көздеп, оларды отаншылдыққа тәрбиелеген, елін қастерлеуге, жерін сақтауға баулыған қайраткердің есімін мектепке алуды біраз жылдар төңірегінде қозғап келеді.

Міне, осындай мысалдарды тізбектей берсек өте көп. Астана ономастикасындағы Алаш тақырыбы шешіліп жатыр деп бөркімізді аспанға атқанымызбен, мектептерге тарихи тұлғалардың есімдерін беру сынды ономастикалық мәселенің үстемдік құрмай келе жатқаны рас. Кезінде Алаш қозғалысының жетекшісі, қоғам қайраткері Әлихан Бөкейхан: «Қазақты автономия қылсақ, Қараөткел – Алаштың ортасы, сонда университет салып, қазақтың ұл-қызын оқытсақ, Абай, Ахмет, Міржақыпты тапқан қазақтың кім екенін Еуропа сонда білер еді-ау» деп армандамап па еді?! Сол Қараөткел – Ақмола өңірінің байырғы жер атауы – біздің бүгінгі Астанамыз. Бас қаланың әрбір білім ұясы ұлт жанашырларының есімімен аталып, олар жүріп өткен жолды бүгінгі, келешек ұрпақ үлгі тұтатындай болса, керемет болар еді. ХХ ғасыр басындағы қазақтың саяси элитасы ретінде халқымыздың саяси тәуелсіздігі үшін күрес­кен, ұлтымыздың мәдени-рухани деңгейін көтеруге күш салған ұлт зиялыларының өнегесін дәріптеу осы мектептердің қабырғасында қаланбай ма? «Ол – мектеп. Оған тұлғаның есімін беріп не керек? Бала жүйелі білімін алса болды» деп, бұл мәселеге немқұрайлы қарауға да болады. Өзіміз ұстаз ретінде мұндай пікірлермен келіспейміз. Мұның түбінде ұлттық мүдде тұр. Ал ол мәселенің түп тамыры тек мектептен бастау алғанда ғана жапырағын жайқалтатын болады.

Аятжан АХМЕТЖАН,
Республикалық «QAZBILIM» орталығының директоры

“Астана ақшамы” газеті

-ЖАРНАМА-spot_img

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here

- ЖАРНАМА -spot_img

СОҢҒЫ ЖАЗБА