22.11.2024

«Ресей азаматтары біздің ішкі мәселемізге неге араласады?»

Газетіміздің өткен №55 санында (11 шілде 2017 жыл) Аятжан Ахметжанұлының «Баласын орыс сыныбына беретіндерге жаным ашиды» атты мақаласы жарық көрген еді. Мақала  жария болысымен-ақ, қоғамның өн бойында ток жүріп өткендей әсер етті. «Жас Алаш» басқан материалды газет-журналдар, сайттар аударып, көшіріп басты. Сөйтіп, ел ішіне лезде таралып, қоғамдық дәрежедегі қызу талқылауға ұласты. Бейресми түрде екі лагерьге бөлінген қоғамда мақалаға қатысты қисапсыз пікірлер айтылды. Әлі де толассыз айтылып жатыр. Осылайша «Жас Алаш» ұлттың туын ұстаған, ұлт қызметі жолындағы бағыты анық, сөзі батыл басылым екенін кезекті рет дәлелдеді. Мақаланың дүмпу туғызып, қазақ еңсесін көтергені, еселеніп көшіріп басылғаны, жұрт арасында терең талқыланғаны – бәрі-бәрі газеттің баяғы берік тұғырынан таймай, қазақ баспасөзінің маңдайдағы көзіндей болып келе жатқанының көрінісі.

Жазылған жайдың жаңғырығы есепті елді дүр сілкінткен мақала авторымен хабарласып, пікірталас толастамай тұрған материал төңірегінде ойын білген едік.

Аятжан Ахметжанұлы, Республикалық KAZBILIM орталығының директоры:

– Мақала жарыққа шыққан соң телефон шалып хабарласқан адамдар  көп болды. Әлі де хабарласып, хат жазып жатыр.  Ең бірінші балаларын орыс мектебіне беруге бекініп отырған ата-аналар хабарласып, материал шешімдерін өзгертуге ықпал еткенін, көп нәрсеге көз жеткізгендерін айтып, алғыстарын жаудырды. Мақаланың ең басты жетістігі  осы болар деп ойлаймын. Екінші, кез келген мәселеге сергек қарап, өз пікірін, ұстанымын жеткізіп отыратын белсенді азаматтар хабарласып, мақаланың дер кезінде жазылғанын, сөз болған мәселеде үлкен сең қозғалғанына тоқталып, рахметтерін айтты. Мақалаға қатысты күні бүгінге дейін хат жазып, пікір айтып жатқан үшінші бір топ: ол – Қазақстандағы орыс тілінің күйреп бара жатқанын мойындағысы келмейтіндер. Олардың арасында  мені «сотқа береміз» деп жатқан да бар. Бір таңғалғаным, әлеуметтік желіде коммент жазушылардың арасында еліміздегі өзге ұлт өкілдерінен гөрі Ресейде тұратын орыс азаматтарының қарасы мол. Ауыздарынан ақ ит кіріп, көк ит шығып, неше түрлі коммент жазып жатыр. Оның бәрін елемей отырмын. Менің түсінбейтінім, Ресей азаматтары біздің ішкі мәселемізге неге араласады? Олар қанша туласа да, мақалада айтылған мәселені билік емес, қазақтың демографиялық өсімі мен қуаты шешеді. Одан қашып құтылу мүмкін емес. Кезінде «қазақ тілі қорланды»  деп талай сот өтті. Енді бүгін біз айтып отырған үшінші топ «орыс тілі тағынан тайды» деп сотқа берсе, онда ол заманның кері айналғанының дәлелі.  Мен үшін ол қайғыратын емес, қуанатын жағдай болар еді. Әлі де сотқа беруін күтіп отырмын.

Мақаланы әлеуметтік желіде мектеп директорлары да бөлісті. Бірақ білім және ғылым министрлігі тарапынан ешқандай реакция жоқ. Телеарналар тарапынан да материалда айтылған дүниелерді сөз етейік дегендей ұсыныс түспеді. «Жас Алашта» жарық көрген материалды қазақ сайттарын айтпағанда, 7-8 газет, бірнеше журнал көшіріп басты. Мақала орыс тіліне аударылып, орыс сайттары мен газеттерінде де жарияланды.

Былтыр министрлікте орыс мектептерінде қазақ тілін дамыту туралы бағдарлама қабылдаймыз деген  алашапқын болған. Сол кезде аз санды орыс мектептерінің емес, жыл сайын өсіп келе жатқан қазақ мектептерінің мәселесін ойлау керектігі туралы айтқан едім. «Жас Алашта» жарық көрген мақаланы министрліктегі адамдар оқыған болуы тиіс. Жазылған жай министрлікті де ойландырады деп үміттенемін.

Мақаланы жазу барысында өзімді тежеп, қоспай кеткен бірнеше аргумент  болды.  Оның бірі – латын тіліне көшу барысында қазақ мектептері толықтай латынға ауысса, орыс мектептері орыс тілімен жеке өзі қала ма? Егер солай болса, онда латын тіліне ойысу кезінде орыс мектептері жұртта қалады. Орыс мектебімен бірге баласының жұртта қалғанын қаламайтын ата-ана қазақ мектептерімен бірге рухани жаңғырып кетпек. Екінші аргумент – орыс мектебін бітірген бала орыс тілінен басқа тілді білмейді. Ал қазақ мектебін бітірген бала қазақ, орыс, ағылшын тілдерін біледі. Бұл – қазақ мектептерінің басты артықшылығы.

“Жас Алаш” газеті

Өміржан Әбдіхалықұлы

Мақаланың қазақ  тідегі нұсқасын: БАЛАСЫН ОРЫС СЫНЫБЫНА БЕРЕТІНДЕРГЕ ЖАНЫМ АШИДЫ

Мақаланың орыс тілдегі нұсқасын: Я искренне сочувствую казахстанцам, отдающих детей в русскую школу

Мақаланың ағылшын тіліндегі нұсқасын: I SINCERELY REGRET THE KAZAKHSTANIS WHO GIVE THEIR CHILDREN TO THE RUSSIAN SCHOOL

сілтемелерінен оқи аласыздар…

-ЖАРНАМА-spot_img

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here

- ЖАРНАМА -spot_img

СОҢҒЫ ЖАЗБА