22.11.2024

Рәбиға СЫЗДЫҚОВА: Үш тілді бірден оқытқанда бала­ның ана тілі болмайды

– дейді филология ғылымдарының докторы, академик Рәбиға Сыздықова.

– Тіл теңізінде еркін жүзген Мұхтар Әуезовтің өзі сізді «Ол бір өте ақылды, мәдениетті жас» деп баға­лаған екен. Ғұламаның осы сөзі­нің растығына сіздің сонау 1957 жыл­дан бергі жетпіс жылға жуық қазақ тіл біліміне қалтқысыз қыз­мет етіп келе жатқаныңыз дәлел. Бүгін­гі қазақ тіл білімінің даму үрді­сіне, зерттелуіне, ғылымға қосып отырған жаңалығына, ғалым­дар­дың сапасына көңіліңіз тола ма?

– Сұрақ тым күрделі екен. Қазақ тіл білімі сияқты ғылым саласының даму үрдісі, ондағы жаңалықтар туралы бірден айта салу оңай емес. Ол үшін жаңалықтарды, жазылып жатқан еңбектерді біліп отыру керек. Қандай жұмыстар жазылып жатыр, кімдер жазды, қалай жазылды, ол толық па, қанағаттанарлық па, жоқ па? – бұларды білу үшін оқып, танысу қажет. Шығармаларды оқып, жаз­ған адамдарды біліп отырсаң, әри­не, тұщымды ой айтуға болар еді. Бүгін­де мен үшін ол қиындау соғып тұр. Өйткені, ондай жаңа еңбектерді оқып-танысу үшін көз керек, көру керек. Сосын сол адамдармен сөйлесіп, әңгімелесіп, танып-біліп отыру керек. Қазіргі кезде оған шамам жетпей қалды. Үш жыл болды: бір сәтте көзімнің шырағынан айырылып, оқи алмай, жаза алмай қалдым. Жаңа дүниелер шығып, оған жақсы рецензия, пікір жазылып жатса, оқытып та алуға болар еді. Бұрын газет-журналдарда соңғы кездері жарық көріп жатқан ғылыми еңбектерді таныстырып, жан-жақты талдап, жетістігі мен кемістігін білдіріп жататын рецензиялар жария­ланатын. Содан танып-біліп отыра­тын­быз. Көп жыл болды ондай рецензиялар тоқтады, өйткені, дәстүр үзіліп қалды. Оны жазатын адам жоқ.

Қазақ тілін ғылыми тұрғыдан талдап, зерттейтін бір ғана ғылым ордасы – Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының жұмысы соңғы 4-5 жылда Үкімет тарапынан жеткілікті қаражат бөлінбегендіктен, мамандар басқа жұмыстарға ауысып, тарап кетті. Бұл, әрине, институттың жұмысын біршама әлсіретті.

Институт қызметкерлері жанай­ғайының нәтижесі ме әлде Үкімет өз тарапынан қажет деп тапты ма, – соңғы 1-2 жылда институттың жұмысына көңіл бөлініп, іскер, білімді, жаңа басшы келді. «Институтымыздың жұмысы енді қайта жанданады» деген сенімдеміз. Дегенмен, «Соңғы 5-10 жылда ештеңе болмады, қазақ тілі ғылыми тұрғыдан зерттелмеді!» – деуге тағы болмайды. Өйткені, жас­тарының ұлғайғанына, күн көру қамымен өзге де міндеттер атқарып жүргеніне қарамастан, институттың аға және орта буын қызметкерлерінің ішінде жаңа еңбектер беріп жүргендері де бар. Соңғы жылдары қазақ тіл білімі инновациялық бағытта зерт­теле бастады. Соның нәтиже­сінде ког­нитивті лингвистика, функ­цио­налды грамматика, комму­никативті грамматика, корпустық лингвистика т.с.с. жаңа салалар дамып келеді.

А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының ауыз толтырып айтуға болатын, үлкен, жемісті еңбегі ретінде 15 томдық «Қазақ әдеби тілінің сөздігін» атауға болады. Мұндай сөздік әзірге түркітілдес халықтардың ешқайсысында жоқ. Сөздіктің құндылығы көлемінің, том санының көптігімен (әр томның көлемі 3-4 монографияның көлемін­дей) емес, қазақ тілінің бар байлығын көрсете білгендігінде. Өйткені, тілдің байлығы сөздердің көптігінде емес (ол жағынан қай-қай тіл де кем түспейді), тілдің байлығы ұғымды білдіретін амалдардың көптігінде, сол амалдарға байланысты пайда болған дүниелердің көптігінде.

Жеке сөздерді, сөз тіркес­терін, қос сөздер, күрделі сөз т.с.с. қазақ тілінің қазынасын әліп­­­би тәртібімен тізіп, мағы­на­сын, көркемдігін, дұрыстығын көр­сет­кен сөздік – өте құнды сөз­дік. Бұл сөздікті құрастыру үшін институттың жас маман­дарын ұйымдастырған – менің шәкір­тім, профессор Нұргелді Уәли.

Жастары ұлғайғанына қара­мастан, бірқатар ғылыми қыз­меткерлер күні бүгінге дейін іргелі ізденістерін жал­ғас­­ты­­рып келеді. Ондай ғалым­дар­дың қатарында Телғожа Жан­­ұзақов, Өмірзақ Айт­баев, Ас­қар Жұбанов, Жамал Ман­­кеева, Көбей Хұсайын, Зей­неп Базар­баева, т.б. атауға бола­ды. Инс­титут құрамы бұрын­ғы­сын­ша сақталса, жетістігі, табысы әлдеқайда көп болар еді.

Бүгінгі таңда ғылыми зерт­теу­лерді жандандыру қажет. Ол үшін тарап кетуге сәл қал­ған институт ұжымын толық­тыру керек. Соңғы 3-4 жылда кан­ди­даттық, докторлық диссер­тация­лар қорғалатын кеңес жабылып қалды. Бүгінде мұндай кеңестің қажеттігі ерекше сезіледі.

Бірқатар тың тақырыптарды зерттеуге кірісу керек. М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты «Бабалар сөзі» 100 томдығын шығарды. Онда қазақ тілінің шынайы байлығы – бейнелі тіркестер, көне сөздер, түрлі ғасырда пайда болған қолданыстар тұнып тұр. Сол еңбектің негізінде ұжымдық зерт­теулерді қолға алу қажет. Қазақ жазбаларының текс­то­логиясы бойынша еңбектер өте аз. Онымен тіл мамандары айналысуы керек. Махамбеттің жинақтарында қате жазылып жүрген өлең жолдары баршылық. Демек, Махамбет, Дулат сияқты сөз зергерлерінің канондық мәтінін беретін уақыт жетті.

– Сіз әдебиетіміздегі ал­дың­­ғы қатарлы ақындар­дың өлеңдерін лин­г­вос­ти­лис­тикалық жағынан терең зерттеген ғалымсыз. Талай ақынның жұлдызын жақ­тыңыз. Абай, Дулат, Мағжан, Қасымнан бастап, Мұқа­ғали, Төлеген, Ізтай, одан бері­дегі Тұманбай, Фариза, Ақұш­тап, тіпті «мұндағы» Свет­қалиларға дейінгі ақын­дардың сөз машығы туралы пайымыңыз қандай?

– Әдебиеттің тарихын зерттеп, Абай сияқты қазақтың сөз құдіретін танытқан ақынның тілдік тұлғасын зерттеу мақ­са­тымен үш монография жаз­дым. Абайдың алдындағы Махам­бет, Дулат, Шортанбай, тағы басқа сөз зергерлерінің әдеби тілді дамытудағы орнын, еңбек­терін көрсетпей кету мүмкін болмағандықтан, әдеби тілдің тарихы, ауызша дамыған әдеби тіл мәселелерін де сөз еттім. Абай шығармаларының тілін, Абайдың сөз өрнегін тал­дай отырып, одан бұрынғы ақын­дар­дың шығармаларын жеке талдап-танытуға тырыстым.

«Сөз құдіреті» деген кіта­бымда Мұхтар Әуезовтен бас­тап он жазушының қазақ тілін­дегі сөздің құдірет-күшін, әсем­дігін, бейнелілігін, әсер­лілі­гін, дұрыстығын қалай көр­сет­­кені туралы жаздым. Осы ба­ғыт­тағы талдауларымды жал­­ғас­тырып, Фариза Оңғар­сынованың шығармалары бойынша көп материал жинап, арнайы зерттеу еңбегін жазбақ болып едім, көзімнің көрмей қалуына байланысты ол ісім аяқсыз қалды. Алайда, Фариза поэзиясының көркемдігі туралы жекелеген мақалаларым жарық көрді. Онда сөз зергерінің шы­ғар­машылығын қай бағытта тал­дау қажеттігін біршама көрсетіп бердім.

– Сіз ғылыми ортаға «ауыз­ша әдеби тіл» деген жаңа ұғым мен тың терминді ен­ді­ріп, мүлдем жаңа бағыт ұсын­дыңыз. Сіздің бұл батыл бай­ламыңызға қарсылық таныт­қандар, жоққа шығаруға жанталас­қандар көп болыпты. Орасан пікір қайшы­лығының ішінен сізді үстем еткен дәлел-дәйектеріңізді алға тартсаңыз.

– Бірқатар ғалымдар орыс әдеби тілі­нің тарихын зерт­теу­шілердің үлгісі­мен әдеби тілді жазу-сызумен байла­ныс­тырып келді. Сондықтан қазақтың ауыз әдебиеті тілін былай қойғанда, Абай, Ыбырайларға дейінгі ақын-жыраулардың тілін де «әдеби емес» деп табады. Осы пікірлес ғалымдар белгілі бір тілді «әдеби» деп тану үшін жазудың болуы шарт екенін алға тартып, «хатқа түскен нұсқалары жоқ немесе олар өте аз жерде әдеби тіл де жоқ» дегенді кесіп айтады. Осының нәтижесінде «әдеби тіл» деген термин «жазба тіл» дегеннің баламасы ретінде ұсынылды. М.Балақаев: «Әдеби тіл – жазба тіл. Жазба әдебиет ар­қылы тіл байлықтары, оның құры­лысы сымбатты қалыпқа түсіп, екшеледі. Жазуы болмаған халық­тың тілі әдеби тіл дәреже­сіне көтеріле алмайды», – деп жазды. Дәл осындай тұжырымды Ғ.Мұсабаев та айтты: «Әдеби тіл ең әуелі-ақ жазуға сүйенеді. Жазу стилінсіз әдеби тіл болмақ емес». Бірқатар зерт­теу­­шілер қазақ­­­тың әдеби тілін XIX ғасыр­­дың екінші жартысынан бас­тап, Абай мен Ыбырайдың есім­дері­мен бай­ланыстырды. Т.Қорда­баев қазақтың әдеби тілі совет зама­нын­да ғана қалып­тасқанын айтты.

Әдеби тілдің тарихын зерде­леу үшін алдымен «әдеби тіл» дегеніміздің не екенін анықтап алу қажет. Әдеби тіл­дің ең бас­ты белгісі – оның өңделген, сұрып­­­талған, нормаланған тіл болуы, бұл – бір. Қызметі жағы­нан сол халық­тың өмірінде ұйым­дасты­рушы, қоғам мүшелерінің басын қосушы сипаты, яғни жалпы­ға ортақтық қасиеті болуға тиіс, б­ірақ әдеби тілдердің бір кезең­дердегі жазба түрлерінде әрда­йым соңғы белгінің болуы шарт емес. Әр нәрсенің, әр құ­бы­­лыс­тың заты (мән-мәнісі, таби­ға­ты) салыс­тыру арқылы, өзге құбылыстардың қара­ма-қар­сысына қою арқылы таныла түсе­ді. Әдеби тілді тану үшін оның қара­ма-қарсысына қойыла­тын басты құбы­лыс – ауызекі сөйлеу тілі. Бұл – үшін­ші шарт. Әдеби тіл қолданылу тәжі­ри­бесін­де қоғам сынынан өткен, нор­ма­­ларын қоғам санасы дұрыс деп қабыл­да­ған және ол норма­лар барша үлгілерге ор­тақ болуы шарт. Бұл – әдеби тілдің төртінші сипаты.

Осы сипат-белгілерді негізге ала оты­рып, қазақтың тіл қол­дану тәжірибе­сінде «әдеби» деген атрибутты ұлттық дәуір­ге дейін де беруге болатын уәж­­дерін анықтадық. «Әдеби тіл» деген катего­рияны қазақ тіліне қалайша қатыстыруға болады? Қазақтың жазба әдеби тілінің жаңа кезеңі (осы күнгі түрі) басталғанға дейін, яғни XIX ғасырдың екінші жарты­сына дейін қазақта әдеби тіл болды ма? Болса, жеке-дара біреу ғана ма, жоқ, бір қоғамға екі әдеби тіл қатар қызмет етті ме?» деген сияқты сұрақтарға жауап беру керек болды. Зерттей келе, талдай келе, «ауызша дамыған қазақ әдеби тілі» деген атау ұсындық.

– Әдетте Ахмет Ясауи, Қа­дыр­­ғали Жалаири туралы сөз бола қалса, ойшыл­дар­дың діни, сопылық, фәлса­фа­­лық дүниетанымы тура­лы кө­бі­рек айтамыз да, ал олар­дың еңбек­терін сіз секілді лингвис­тикалық, сти­лис­тика­лық, текстологиялық тұр­ғы­да зерттеген ғалым жоқ­­тың қасы екен. Нысан болу­­ға жарайтын әдеби бай мұра­мыз жеткілікті емес пе, көне түр­кі ескерткіштерінің тілін зерт­тейтін ғалымдар шоғыры осы уақытқа дейін неге қалыптаспай келеді?

– Қазақ әдеби тілінің тарихын сөз еткен, қазақ тілінің соңғы екі-үш ға­сырдағы күй-қалпын танытқан ғалым­­дар қатарында С.Аманжолов, Х.Жұ­малиев, Т.Қордабаев, Ә.Құрыш­жанов, Қ.Өмірәлиев, Ш.Сарыбаев, С.Исаев, Е.Жанпейісов, Б.Әбіл­­қасымов, М.То­манов, С.Ха­санова, Ғ.Қалиев, Е.Жұ­банов, т.б. атауға болады.

«Ескерткіштердің тілі мүлде зерттелмей жатыр», – деуге болмай­ды. Әбжан Құрышжанов көне ескерт­кіш­терді, «Кодекс куманикустың» тілін зерттеп, көне қыпшақ тілінің қазақ тіліне қатысы туралы сөз етті. Құл­мат Өмірәлиев «Оғыз-наме» ескерт­кі­шін зерттеп, өте жақсы еңбектер жаз­ды. Бабаш Әбілқасымов Әбілғазы баһа­­дүр­дің «Түрік шежіресін» зерттеді. Есет Жұбанов «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» жырын зерттеді. Мен Қадырғали би Қо­сым­ұлының «Жамиат тауа­рих» атты ескерткіштің тілін зерделедім.

Бір кездері Тіл білімі инсти­тутында түркі ескерт­кіштерінің қазақ тіліне қатысы бойынша зерттеулер жүргізіліп еді. Қазіргі кезде бұл бағыттағы зерт­теу­лер біршама азайып қалды. Әйтсе де Ботагөз Сүйерқұл, Гүл­фар Мамыр­бекова, Айнұр Сейіт­бекова сынды жас зерттеушілер осы бағытта еңбектер жазып, сөздіктер шығарып жүр.

– Сіз жыл сайын бір ең­бек шығарып отыр­ған екен­сіз. Жарияланған ғылы­ми еңбек­тің саны жағынан да, сапасы жөнінен де сізбен бірде-бір лингвисіміз жарыса алмайтын көрінеді. Әлі де қажыр­лысыз. Тәуліктік жұмыс тәрті­біңіз туралы білгіміз келеді…

– Әр жылда бір ғылыми моно­графия жазу мүмкін емес. Ғалымның еңбегі шық­қан кітап­тарының санымен емес, көп­шілік оқырманға қажеттігімен, қолда­ныста жиі болатындығымен өлшенсе керек. Мен институтта қолға алған жоба­ларға байланысты әдеби тілдің тарихы­на қатысты зерттеулер жүргіздім, «Қазақ әдеби тілінің тарихы», «Ауызша дамыған қазақ әдеби тілі», «Қазақ тіліндегі ескіліктер мен жаңалықтар», т.б. монографиялар жаздым. «Қазақ тіліндегі ескіліктер мен жаңалықтар» атты еңбегімде «Едіге» жырымен қатар басқа да жырлардағы көне қолданыстарды, сөз тіркестерін талдадым.

Ғылым жолында түрлі бағыт­та еңбек еттім: әдеби тілдің тари­хы, сөздердің этимологиясы, көр­кем шығармалардың тілі, Абай шығармашылығы, Ясауи «Хикметтерінің» тілі, Қадырғали би Қосымұлының «Жамиат тауарих» атты еңбегінің қазақ тіліне қатысы, тілдік норма т.с.с. Тіл тарихына арналған ең­бек­­терімде көп уақытым араб әрпімен жазылған мәтіндерді қазіргі жазуға көшіруге кетті. Бұл – өте қиын әрі жауап­ты жұ­мыс. Қадырғали Жалай­ри­дің жылнамасы ХVІ ғасырда жазылған. Араб қарпімен жазыл­ған қолжазбаны алғаш татар ғалымдары жариялаған. Одан кейін мәтінді қазіргі жазумен қалың оқырмандарға ұсындым. Ясауи қолжазбасының Самарқан нұсқасын (Самарқаннан табыл­ған қолжазбаны) бүгінгі оқыр­ман­дарымыз оқи алатындай етіп екінші рет араб қарпімен беріл­ген мәтінді қазіргі жазуымызбен ұсындым. Бұларға көп уақыт кетті. Сондықтан «жұмыс режі­мі» деген болмады.

«Сөздер сөйлейді» деген кіта­бымды жазған кезде бір сөз­дің (мысалы, толға­малы найза деген тіркестегі толғамалы деген сөзді) мағынасын анықтау үшін оны қай жырау қай заманда қандай мағынада қолданғанын, қазіргі кездегі қолданысын ег­жей-тегжейлі зерттедім. Бұл жағынан алғанда, біздер, тіл маман­дары, химиктерге ұқсай­мыз. Химик­тер қандай да бір тұжырым жасау үшін алдымен қоспаны дайындап алып, қайта-қайта тәжірибе жасайды, сараптамадан өткізген соң ғана тұжырым жасайды ғой. Сол сияқты тілшілер де бірнеше кітап­­ты оқып, иллюстративтік мате­риал (мысал) жиып, қай кезде қандай мәнде қолданыл­ғанын, уақыт өте келе қандай реңк жамағанын бірнеше рет тек­серіп, сонан соң ғана түйіндейді.

– Ғалым-әдебиетші Қайым Мұқаметқанов сіздің ғылыми еңбектеріңіз туралы былай дейді: «Басқа кітаптарыңыз, ғылыми еңбектеріңізді айт­пай-ақ қояйын. Мына орфо­графия мен пунктуация жай­лы анықтағышыңыздың орны өте ерекше. Бұл кітап ар­қы­лы сіз бәрімізге де ұстаз болып отырсыз». Сізді жалпы «орфо­графияның анасы» деп атайды. Ал бүгінгі баспасөздегі былыққан қателер туралы не айтасыз?

– Біріншіден, мен күні бүгін­ге дейін шығып жатқан орфо­графиялық сөздіктердің редакторы болған емеспін. Соңғы 10 шақты жылда орфографиялық сөздік­тер менің редакторлық етуім­сіз шығып жатыр. Қазір­гі кезде орфогра­фия­лық сөздік­терде қателіктер кетіп жатқаны туралы естимін. Кейде телефон арқылы хабарласып жатады. Соңғы анықтағыш 2000 жылы жарық көрді. Оның өзінде де баспадан шығу процесі толы­ғымен қолым­нан өткен жоқ. Соңғы нұсқасын әкел­мес­тен, қолымды қойдырмастан, шыға­рып жіберді. Әйтпесе шағын мақа­ла­дан бастап, еңбектерімнің барлы­ғы баспа­дан шыққанда баспа редак­тор­лары­мен, кор­рек­торларымен бірле­сіп, бастан-аяқ қайта-қайта қарап шығатынмын.

2013 жылы шыққан емле сөздігіне менің қатысым жоқ. Бірақ сөздіктің шығып жатқанын естіп, шекара, көкөніс, қыркүйек сөздерінің жазылуы туралы сұрап, сөздіктің редакторы болып отырған Нұргелді Уәлиге әдейі телефон соғып, осы үш сөз­дер­дің ортасындағы к әрпін г әр­піне өзгерту туралы ұсыны­сым­­ды айтып едім. Мұндай сөз­дер үшеу ғана емес, бірнеше жүз­деп саналуы да мүмкін. Осы уақыт­қа дейін тілімізде әбден орнық­қан биыл, бүгін, көгал, қолғап т.с.с. кіріккен сөздердің қата­рында көптеген сөздерді тұлғасы өзгерген қалпында жазу керек.

Соңғы кездері бірнеше мақаламда сөздердің дұрыс жазылуы, дыбысталуы туралы айтып, осындай сөздерді ұяң­даған түрде жазу керектігін ескерт­кем. Бірақ біреулері ұяңда­тып, біреулері ұяң­датпай айтып жүргендіктен, екі түрлі айты­лып кетті. Теледидар мен радио тілші­лері техниканың көмегімен алдын­­дағы материалды бір­ден оқиды. Бұрын­ғы дик­тор­­лар­­­дай алдын ала дайын­далып, жат­тықпайды, таспада қалай жазыл­са, сол күйінде оқи бере­ді. Жазыл­ған күйін­де оқу, орфо­эпия­лық нормалардың сақ­тал­­­мауына, ең алдымен, мектеп кінәлі. Мек­­­теп­терде «Қазақ тілі» сабағында орфо­­эпия­­лық заңдылықтарға көңіл бөлінбейді.

– Соңғы 15-20 жылда басы­лым беттері пунктуа­ция­лық қателерден демігіп тұр. Амал нешік, бұл қателіктің басында филолог ғалымдардың өзі тұр, оны таратып, қалыптастыруға кел­генде журналистер де алдына жан салмай келеді. Әр басылымдағы әр тілші мен әр корректордың қолында мүйізі қарағайдай бір-бір профес­сор­дың сөздігі, әрқайсының өз «про­фессоры» бар, дәлелін соған сүйеніп келтіреді. Дәл қазір түзетуді қажет ете­тін мыңдаған сөзді былай қойғанда, өте жиі кездесетін «бірақ», «алайда», «өйткені», «себебі», деген сөзден соң негізді-негізсіз үтір қою, «кез келген», «арагідік», «шаш етектен», «көңіл күйді» бірде дефиспен, бірде дефиссіз жазу, тағы басқа толып жатқан тыныс белгілерін өз білгенімен қойып, жап­пай сауатсыздық­ты қалып­тастырып жатыр. Не іс­теуге болады, мұны қалай жүйелейміз, қалай жүген­дейміз?

– Соңғы жылдары әркім өз бетімен жазып, қоспайтын сөздерді қосып, аж­ы­рат­пайтын сөздерді ажыратып, қойыл­майтын жерге үтір қойып жазып жүр. А.Байтұрсынұлы заманында өйткені, себебі, бірақ, алайда сияқты жалғау­лықтар екі жай сөйлемнің ортасында тұратын. Қазіргі кезде алдыңғы сөйлем тым ұзақ болып кете ме әлде орыс тіліндегі аудармаларға қарай ма, – сондықтан, өйткені, себебі, бірақ деген­дерден баста­латын сөйлемдер кезде­седі. Ол сөздердің соңынан үтір қою дұрыс емес. Үтір жалғау­лықтардың алды­нан қойыл­ғанмен, соңынан қойылмайды.

Сол сияқты көңіл күй, алдын ала, кез келген сияқты тіркестерді дефис арқы­лы жазуға ешқандай уәж жоқ. Бұлар – қос сөз емес, тіркестер. Сондықтан дефис қою негізсіз. Сызықшаның, дефис­тің, үтірдің қойылатын орындары бар. Оларды бейберекет қоя беруге бол­майды. Ол туралы «Қазақ тілінің анық­тағышы» атты кітабымда нақты тоқталғам. Сол ережелерді негізге ала отырып, ала-құлалыққа жол бермей, біріздендіру керек. Мектепте тыныс белгілерді оқытуға ерекше көңіл бөліп, сағат санын көбейту керек.

– Латын әліпбиіне көшуге қалай қарайсыз? Латын әліпбиі қазақ тіл мәселесін шешеді деп ойлайсыз ба?

– Латын әліпбиіне көшуді қол­даймын. Латын таңба­лары­мен жазу ережелерін дайындау керек. Ол – өте күрделі әрі жауапты іс. Сондықтан оған жұмыла кірісу керек.

Қай әріпті қолдансақ та, емле ережелерінде ұқсастық болады. Мысалы, а әрпі барлық буында жазыла береді; о, ө, ұ, ү әріптері үш буынды сөздердің соңында жазылмайды. Латын жазуына көшкенде халықаралық терминдер мен орыс сөздерінің жазылуында бірқатар қиындық­тар болады. Мысалы, редактор дегенді редактор деп жазамыз ба әлде редактр деп екі дауыссызды қатар жазамыз ба, арасына ы әрпін қойып (редактыр) жазамыз ба? Оның бәрін жүйелеп, біріздендіру керек. Латын жазуына көшкенде ч әрпін алмасақ, чек, чемпион деген сөздерді қалай жазамыз? Ең қиыны – жазу ережелерін түзу.

Латын әліпбиіне көшкенде қазақ тілі, ана тілі, мемлекеттік тіл мәселесіне ерекше мән беру қажет. Менің ойымша, балабақшада, бастауыш мектепте ағылшын тілін мүлде оқытпау керек. Латын жазуына негізделген қазақ сөздерін сауатты жазып, оқып дағдылана қоймаған балаға ағылшын тілін үйретуге болмайды. Тілдік санада ағыл­шын тілінің әріптері сақталып қалған балалар кейін қазақ тілін үйренген кезде ол таңбаның басқаша дыбысталатынын қабылдай алмай, шатастыратын болады. Бала бастауыш мектепте қазақ тілі бойынша сауатты жазып, әбден дағдыланған соң ғана шет тілдерді үйретуге болады. Мектеп табалдырығын аттаған бала ана тілінде ғана сөйлеуі керек. Бала бастауышта орыс тілінде де емес, ағылшын тілінде де емес, тек қана ана тілінде оқуы керек. Үш тілді бірден оқытқанда бала­ның ана тілі болмайды. Ана тілі болмаған адамнан ешқан­дай ақын да, жазушы да, сурет­ші де шықпайды. Ғалым шы­ғар, маман шығар, тіпті атақ­ты адам да шығар. Бірақ он­да ешқандай мәдени азық бол­май­ды. Ағылшын тілінде тамаша жаз­сын, орыс тілінде өлең шығар­сын, бірақ ол – ана тілі емес. Сондықтан Үкі­мет, бас­шы­­лар, оқу-ағарту сала­сын­дағы­­лар қазақ мектебін қолға алып, қамқорлық көрсетуі керек. Қазақ мектебін көбейту керек. Бала ана тілін бастауыш мек­теп­­тен меңгеріп, кейін басқа тіл­ді қосу керек. Айналасын ана тілін­д­е танып, әр заттың қазақша атауын білген соң ғана оның орыс­­­шасын, ағылшыншасын үй­­р­енуі оңай. Қазақ халқының сақ­­­талуы тілінің сақталуына бай­ланыс­ты. Жаһандану зама­нында ана тіліміздің болашағына, таза­лы­ғы­на ерекше мән беруіміз қажет.

– Әңгімеңізге рахмет.

Әңгімелескен  Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ

-ЖАРНАМА-spot_img

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here

- ЖАРНАМА -spot_img

СОҢҒЫ ЖАЗБА