22.11.2024

ПӘН ОЛИМПИАДАЛАРЫНЫҢ ҚАДIРI ҚАШПАСЫН!

Жаңа оқу жылы басталысымен бас көтеретiн мәселенiң бiрi – оқушылар олимпиадасы. Құны 500 теңгеден басталып, бiрнеше мыңға, тiптi долларлап ақы төленетiн «мектепаралық, онлайн, халықаралық, интернет» деп айдар таққан олимпиадалардың түрi көп. Ақылысы да, тегiнi де бар. «Ақ бота», «Золотое руно», «Кенгуру», «Русский медвежонок», «Тенгри» деп кете беретiн олимпиадалардың атын атап, түсiн түстеп шығу мүмкiн емес. Ақылы олимпиадаларды көбiне жекеменшiк оқу орталықтары, қоғамдық ұйымдар, тiптi бiлiм саласына арналған газет-журналдар, интернет сайттар мен порталдар ұйымдастырады. Бүгiнгi бiлiм жүйесiнде мұғалiмнiң санатын көтеру оқушыларының және өзiнiң жиған алғыс хаттары мен мадақтамаларының санымен өлшенедi. Сондықтан мұғалiм шәкiртiнiң қандай да болсын байқауларға қатысуына мүдделi. Ал, ақылы байқауларда бала жүлделi орынға ие болмаса да қатысқан еңбегi ескерiлiп, бiр қағазды ала келедi. Осылайша олар мектептi – базар, бiлiм бәсекесiн бизнес етiп алған.

Бұрын олимпиадаға қатысатын оқушыны мұғалiм ұзақ уақыт арнайы даярлайтын. Сол пәнге деген сүйiспеншiлiгi басым оқушымен жеке жұмыс iстеп, қосымша сабақ өтетiн. Жүлдегер атанбаса да олимпиадаға қатысудың өзi ұстаз бен шәкiрттiң еселi еңбегiнiң жемiсi саналатын. Олимпиада жүлдегерi атану – оқушыға ғана емес, мектепке де абырой. Қазiр… Баланың қарым-қабiлетiн сарапқа салып жатқан ешкiм жоқ. Теңгесiн төлесе олимпиадаға қатыстыра бередi. Тiптi, оқушының олимпиадаға өз пәнi бойынша қатысып жатқанын ұстазы бiлмей де қалады. Осылайша пән олимпиадаларының қадiрi кетiп, бiлiм сайысының берекесi ұшқалы қашан.

Жақында бiр апа немересiнiң жетiстiгiн айтып мақтанды. «Барлық олимпиадаға жiберiп жатырмыз» деген оның математикаға қызыққан немересiнiң талабына бастапқыда сүйсiнгенiмiз рас. Қазiрден математикаға қызықса, өсе келе нақты ғылымдар негiзiне ден қойып, кемi елiмiзге қажеттi техник, инженер мамандығын игеруiне жол ашылатынына қуандық. Әдемi ойымызды әлгi апаның өзi бұзды. «Мектепте математикадан сабақ беретiн апайы «балаңыздан түк шықпайды» дейдi. Соған ерегiскенде ақылы болса да олимпиадаларға қатыстырып, алғыс хат жинап жатырмыз» деп отыр. Сонда баланың бұл пәнге деген ықыласы жоқ бола тұра жалған намыс, қайткенде де мұғалiмге қарсы шығу осындай әрекетке итермелеген.

Саны бар да сапасы жоқ көп олимпиадалар осындай ата-аналарға тиiмдi болып тұр. Ал, көштен қалғысы келмей, «мен де олимпиадаға қатысамын, басқалар сияқты алғыс хат аламын» деген бала шындығында қарым-қабiлетi бар ма, жоқ па, өресi жете ме, мұны өлшеп жатпастан ата-анасының қалтасын қағады.

Жалпылама айтып, бiлiм нәрiн беретiн мектептердi түгел қаралау мақсатымыз емес. Оқушының сабақты қаншалықты меңгергенiн тексеру үшiн, әрине, бiлiм бәсекелерiн ұйымдастыру қажет. Бұл мұғалiмнiң де қаншалықты сапалы бiлiм берiп отырғанын дәлелдеуге көмектеседi. Сол себептi де ҚР Бiлiм және ғылым министрлiгi бекiткен қаулы негiзiнде мектептерде пән олимпиадаларын ұйымдастырудың жоспары жасалған. Оны облыстық бiлiм басқармасы бекiтiп, облыстық мектеп олимпиадаларын өткiзу орталығы ұйымдастырады. Бұл олимпиадаларға үмiткерлер тегiн қатысады.

– Ақылы өткiзiлетiн олимпиадаларға бiздiң қатысымыз жоқ. Оған қатысуға бiз ешкiмдi үгiттемеймiз. Бұл ата-ана мен оқушының өз еркi. Бiлiм басқармасы тек қана «Бастау» (бастауыш сынып оқушылары үшiн) олимпиадасын, «Зерде» ғылыми жоба байқауын тегiн ұйымдастырып, өткiзуге жауапты, – дейдi облыстық бiлiм басқармасы жалпы орта оқу бөлiмiнiң басшысы Әлiбек Кенжебаев.

Дәл осындай уәждi мектептегi олимпиадаларды өткiзу орталығының басшысы Бақытжан Ешенқұлов та алға тартып отыр. Орталық 2016–2019 оқу жылына арналған iс-шаралар жоспарын түзген. Олимпиадалар сол бойынша ұйымдастырылады.

– Бiздiң орталық өткiзетiн жаратылыстану-математика бағытындағы президенттiк және «Зерде», «Бастау», жалпы бiлiм беретiн пәндер олимпиадасы мен «Айгөлек» шығармашылық балалар фестивалi тегiн ұйымдастырылады. Керiсiнше «сен осы бәйгеге қатысуға лайықтысың, өз бiлiмiңдi дәлелдеуге мүмкiндiгiң бар» деп қабiлеттi баланы үгiттеп, шақырып отырамыз. Ата-аналарға сынып жетекшiлерi арқылы, пән мұғалiмдерi тарапынан бұл жайында алдын-ала хабар берiлiп, «балаңыз олимпиадаға қатысады, көбiрек жүктеме, тапсырма берiледi. Сондықтан уақытын тиiмдi пайдалануға назар аударыңыздар» деген түсiндiру жұмыстары жүргiзiледi. Бiрден «ертең олимпиада, сен қатысасың» деген болмайды. Барлық бiлiм бәсекесi алдын-ала жоспарланып, мектептерге хабарланады, – деген Бақытжан Ешенқұлов та ақылы негiзде өткiзiлетiн пән олимпиадаларына еш қатыстары жоқтығын алға тартты.

 Яғни аты аталған бiлiм бәсекесiнен өзгелерi жекеменшiк компаниялардың ақылы негiзде ұйымдастыратын iс-шарасы. Ал, олардың мектептi өзiнiң «сауда алаңына», оқушы мен ата-ананы «тұтынушыға» айналдырып алуына кiм кiнәлi?

Осы мәселеге келгенде екiжақты дау қайта туындайды. Мектеп «Ата-ананың өз қалауы. Балалары үшiн өздерi ақы төлеп қатыстырады» десе, ата-ана «ол олимпиаданың қашан, қайда өтетiнiн де бiлмеймiз, мектептен айтып келедi баламыз. Өзгенiң баласынан қалмасын деп қатыстырамыз ақшасын төлеп» дейдi. Екi жақты осы даудың әзiрге нақты бiр шешiмi жоқ. Себебi, көпшiлiгiмiз «ақылы болса да олимпиаданың балаға зияны жоқ» деймiз. Бiлiмiн шыңдай түседi деген үмiтiмiз ақталып жүр ме? Ақылы олимпиада ұйымдастырушылар ұсынған түрлi Алғыс хат, диплом, тiптi, алтын медальдар «тұтынушыны жоғалтып алмаудың» жолы емес пе? Олар берген Алғыс хаттар баланы ҰБТ-дан босатып, жоғары оқу орнына емтихансыз түсуiне мүмкiндiк бере ме?

Айта кетейiк, президенттiк олимпиада қорытындысы бойынша Оңтүстiк Қазақстан облысы екi жыл қатарынан алғашқы орындардан көрiнiп келедi. Бiр мезетте 4 пән бойынша өз бiлiмiн сарапқа салатын үмiткерлер аз емес. «Зерде» ғылыми жобалар байқауында да бағы жанып жүрген оқушылар көп. Жыл сайын олардың қатары артпаса, кемiмейдi.

Оқушыларымыз олимпиадаларда (жекеменшiк олимпиадасы тағы бар) тек жүлделi орын алып жүрсе, ҰБТ-ның қорытындысы неге көңiл көншiтпейдi? Орташа балымыз неге 85, 90, 100 болмайды? Биылғы орта балл – 76,8. 2016 жылы – 77,7 болған. «2015 жылы ҰБТ-ның қорытындысы бойынша облыстағы орташа балл 78,6 болған» дейдi сол жылдары облыстық бiлiм басқармасының баспасөз хатшысы болған Азат Әмiртаев. Байқасаңыз, бiлiм көрсеткiшi жыл санап төмендеп отырған.

Осыдан барып сансыз пән олимпиадалары бизнестiң көзi ғана деген күмәндi ой туындайды.

Сiз не дейсiз?

Сайлаукүл БАРАҚОВА, қоғам қайраткерi:

– Олимпиада өткiзудегi келеңсiздiктер бұрын да болған. Баланы ынталандыру, бiлiмге қызықтыру үшiн мұндай бәсекенi ұйымдастыру керек. Бiрақ, олимпиадалар таза әрi тегiн өтуi қажет.

Шынымды айтайын, кезiнде облыстық бiлiм басқармасына басшы болып келген кезде мен де таныс-бiлiспен, парамен жүлде әперу iсiне қарсы шықтым. Олимпиада қазыларын таңдауда қателiк жiбермеуге тырыстым. Соның өзiнде бiр байқауда бiр оқушының жүлденi таныстықпен алып, республикалық байқауға жолдама алғанын мұғалiмдердiң бiрi келiп баяндап бердi. Тез арада қазылар алқасын түгел өзгертiп, байқауда жүлделi үш орынға ие болған оқушыларды «Тау самалы» сауықтыру демалыс орнына апарып, өзгелерден оңашалап, қайтадан сынақ алдық. Нәтижесiнде нағыз бiлiмдi бала жеңiп шықты.

Алайда, мәселенiң екiншi жағы бар. Бiзде өз бiлiмiмен жеңген баланы республикалық байқауларда «Шымкенттен келгендердiң бiлiмi жоқ» деп сағын сындыруға тырысатын. Ол – бала жүлдеге лайықты бола тұра сынаржақ пiкiрмен шеттету болатын. Мұндай келеңсiздiк жалғаса бермеуi керек деген ұстаныммен сол жылдары министрге дейiн барып, бiр олимпиадада бiздiң бiлiмдi оқушымызды нақақтан нақақ сүрiндiргенiн дәлелдеп бердiм. Сол кездегi министрге рахмет, әдiлдiктi қолдап, республикалық олимпиаданы қайта ұйымдастырып, келеңсiздiкке жол берген ұйымдастырушыны қызметтен алды. Мiне, бүгiнгi мұғалiм әр оқушысының бiлiмi үшiн осылай күресуi керек.

Тағы бiр мысал келтiрейiн. Бiздiң бiр баламыз математикадан республикалық олимпиадада жеңiп тұрса да, «шымкенттiктер» деген көзқараспен жүлделi орыннан сүрiндi. Ал, ҰБТ-ның нәтижесi бойынша дәл сол бала ғана ең жоғары балды жинап, елiмiз бойынша мақтанышпен есiмi аталды. Көрдiңiз бе, бiлiмдi бала бәрiбiр өзiнiң деңгейiн дәлелдеп шығады. Ал, олимпиадада жүлде алып, ҰБТ-да сол бiлiмiн дәлелдей алмаса, несiне өткiземiз ондай олимпиаданы?!

Өмiр ШЫНЫБЕКҰЛЫ, Шымкент қаласындағы №41 мектептiң мұғалiмi:

– Мектептегi кез келген марапат бизнеске айналған. Мадақтама, Алғыс хат сияқты мерейiңдi өсiрер марапаттар шынайы иесiн тауып жүрген жоқ. Кiмнiң жоғарыда танысы бар, кiмнiң ақшасы бар, соның айы оңынан туып отыр. Мәселен, мектепте 4-5 жыл ғана жұмыс iстеп, «ҚР Бiлiм беру iсiнiң үздiктерi» атанғандар арамызда өрiп жүр. Мұғалiмдер осылай болып жатқанда ата-ана, оқушы түрлi коммерциялық олимпиадалардың «жүлдегерi» атануға құмартпайды дейсiз бе?! Бұл қоғамның өзегiне түскен дерт болды. «Пән олимпиадасында үшiншi орын алудың өзi 35 мың теңге төңiрегiнде» дегендi әрiптестерiмнен жиi естимiн. Әрине, көзбен көрiп, қолыңмен ұстамаған соң бiреудi «ұры» деуге болмайды. Бiрақ, «жел тұрмаса шөптiң басы қимылдамайды» деген де бар емес пе? Әрi мұндай әңгiмелердi сол олимпиадаға оқушысын сүйреп жүрген мұғалiмдер айтып жүрсе, бiрнәрсенi бiлiп айтатын шығар…

Абай ҚАЛШАБЕК, ұстаз:

– Мен қазiр мектептен кеткенмiн. Су iшкен құдығыма түкiргенiм емес, келеңсiздiктi жоюға титтей де болса өз үлесiмдi қосу үшiн де шындықты айту қажет деп ойлаймын. Мектепте мұғалiм болып жүргенiмде әр пән олимпиадаларындағы жүлделi орындардың бағасы болатынын бiлдiм. Мысалы, 2010 жылы ҰБТ-ны мен сабақ берген 40 оқушының 35-i беске, бесеуi 4-ке тапсырды. Бiрақ солардың бiрде-бiреуiн пән олимпиадасына дайындаған емеспiн. Өйткенi, олимпиаданың әдiл өтетiнiне сенбейтiнмiн. Бұл ҰБТ тұтастай әдiл өтедi деген сөз емес, алайда, ол жерде оқушыңның ұпайын ешкiм азайта алмайды. Мәселе осында. Дәл қазiргi олимпиадалардың қалай өтiп жатқанынан бейхабармын. Бiлiмдi саудаға салу – нағыз қылмыс. Егер бала бiлiм сайысының әдiлетсiз өтетiнiн байқаса, онда оның болашаққа деген ұмтылысына сызат түседi. Дегенмен, мынаны ұмытпаған дұрыс: шын жүйрiкке тұсау жоқ. Пән олимпиадалары керек. Болашақ ғалымдардың шыңдалуы үшiн керек. Егер әдiлеттен аттап жатса, оның барынан жоғы жақсы. «Әлемде бiр ғана шынайы жарыс бар. Ол – адамдық жарысы» дептi Франклин. Олимпиадаларға адамдық жарысында шашасына шаң жұқтырмаған жүйрiктердi қазылыққа қою керек.

Жәмила МАМЫРӘЛI, «Оңтүстiк Қазақстан»

 okg.kz

-ЖАРНАМА-spot_img

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here

- ЖАРНАМА -spot_img

СОҢҒЫ ЖАЗБА