Home Ұрпақ тәрбиесі ТIЛ МАМАНЫ КӨП, САУАТТЫСЫ АЗ… НЕГЕ?

ТIЛ МАМАНЫ КӨП, САУАТТЫСЫ АЗ… НЕГЕ?

0

Осыдан біраз уақыт бұрын мектеп бітірген түлектердің басым бөлігі экономист немесе заңгер болуға құмар болды. Білімі мен білігі өзгеден оза шауып тұрмаған соң, қаптаған заңгер мен экономистің бірсыпырасы жұмыс таппай базарға шығып кетті. Уақыт өте келе үкіметтік деңгейде көтерілген бұл мәселенің оң шешімі табылды. Заңгерлік пен экономика мамандығына бөлінетін мемлекеттік гранттың саны азайтылды. Бұл өз кезегінде білімдінің білімдісі ғана осы мамандыққа бөлінген грантты жеңіп алуына мүмкіндік ашты. Қалғаны ақылы негізде оқи беруіне болады. Бірақ, оқу ақысы арзан емес!

Бүгінгі қоғамда дәл осындай тағы бір мәселе бас көтеруде. Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі тым көбейіп кетті. Бәріне бірдей жұмыстың табылмауы, арасында сауатсыз мамандардың тым көбейіп кетуі де жоғарыда айтылғандай, бір кездері заң факультетін бітіріп алып базарда арба сүйретіп жүргендердің кейпіне жетеқабыл. Әсіресе, қашықтықтан оқыту жүйесі қолға алынғанға дейін жүрісінен жаңылмаған сырттан оқыту бөлімін бітіргендер ауыл мектептеріне орнығып алған (Қашықтықтан оқыту жүйесі де тонын теріс айналдырып киінген адамның кейпін келтіреді).

Ауылда тұрақты жұмыс көзі – мектеп пен емханада ғана бар. Бұл мекемелерге жұмысқа орналасу министр болып тағайындалғаннан бір де кем емес. Араға адам салса да келіні мен қызын мұғалім етуде көп ағайын ұятты ұмытыңқырап кеткен. Бәрі де қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі мамандығын бітіргендер. Ал, сұранысқа ие математика, физика, химия пәндері бойынша білім беретін ұстаз тапшы. Мектеп директорлары зейнет жасындағы мұғалімдерді амалсыз ұстап отыр.

Мектеп бітіріп жатқан түлектер арасында жылдан-жылға гуманитарлық пәндерден гөрі жаратылыстану бағытын, ҰБТ-да таңдау пәні ретінде физика, математика, химияны таңдаушылар көбейген. Алайда, олардың бәрі де мұғалім болғысы келмейді. Техникалық мамандықтарды қалайды. Бұл мамандықтарға бөлініп отырған мемлекеттік грант саны да, бітірген соң жұмыс табу мүмкіндігі де жоғары. Алайда, ауыл мектептері физикадан сабақ беретін адам таппай қиналуда. Математика, химия пәнінен де жағдай осындай.

Ал, тіл маманы болуға құштар болып отырғандардың бәрі бірдей бұл мамандықты жүрек қалауымен таңдады деуге аузымыз бармайды. «Өзіміздің тіліміз ғой, қазақша сөйлеп, жаза алады ғой бастысы» деген пайым-түсінік баласын «оқыса болды» деп жетелеген ата-ананың ықпалымен тіл мамандығына «адастырып» әкелуде. Жалпылама айтып, бәріне бірдей күйе жаққымыз жоқ. Бірақ, қазақ әдебиеті классиктерінің шығармаларын оқымаған маман мектепте қазақ тілі мен әдебиетін де жарытып оқытпасы анық. Бұған келтірер дәлеліміз көп-ақ. Сол сапасыз мамандарды «кім даярлап жатыр?» деген сауалға жауап іздеп көрейікші.

«Тіл мамандығына, яғни жалпы филология мамандығына құжат тапсыратын талапкерлер көп болғанымен, олардың оқуға қабылданатындары аз. Себебі, біріншіден, бұл мамандыққа бөлінетін мемлекеттік грант өте аз. Екіншіден, тіл маманы болатындарға қойылатын талап біздің университетте жоғары» дейді ОҚМПУ-дің бірінші проректоры Баршагүл Исабек.

Сұрап білгеніміздей, аталмыш университетте физика, математика пәндерін таңдаушы жастардың саны жылдан-жылға артып отыр екен. Алайда, бейіндік пән ретінде таңдалған физика, математика пәнін меңгергендер мұғалімдіктен гөрі бағдарламашы, өзге де инженерлік, техникалық мамандықтардың иесі болуды қалайды. Мектепке мұғалім болып баратындары саусақпен санарлық қана. Филологтардың білім сапасын көтеру мәселесіне қайта ойыссақ. Мысалы, ОҚМПУ-да филология факультетінде мемлекеттің бекіткен оқу ақысы жылына-440 мың теңге. Яғни мемлекеттік оқу гранты тым аз бөлінетін, сәйкесінше жұмыс табу ықтималдылығы төмен мамандыққа осыншама қаржы төлеп екінің бірі оқи бермейді. Ендеше, жұмыс таппай жүрген, білімі мен біліктілігі төмен қазақ тілі мен әдебиетінің мамандарын кім оқытып жатыр? Шымкентте жекеменшік оқу орындары жетерлік. Олардың кез келген мамандық бойынша білім бере беретіндерін қайтерсіз. Сападан гөрі сан қуалаған жекеменшік білім ордаларында оқу ақысы да арзан. Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып шығу үшін жекеменшік оқу орындарына жылына 150-200 мың теңге төлесе болғаны. Қалтасына қонымды ақылы оқу тұрғанда, гранты жоқ мемлекеттік университетті кім таңдасын?!

Қазақтың руханиятын ұрпақтан-ұрпаққа жалғастырушы, жас баланың бойына тіл мәдениетінің жауһарын енгізуші адам ол ең алдымен мектептегі қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі. Егер ұрпағымыз өз тілінің мәдени қалпын сақтай алмаса, әдебиетінен мақұрым қалып бара жатса, онда олардың обалы мектептегі қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің жүрдім-бардым сабақ беретін ұстазына дейміз дә.

– Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болғысы келетіндердің бірсыпырасы филология факультеттеріне кездейсоқ барып қалады. Мектепте «Абай жолын» оқымаған оқушы ҰБТ-да бейіндік пәннен тиісті балл жинап, еліміздегі педагогикалық оқу орындарына оңай түсіп кете алады. Меніңше, ауыл балаларының дені тіл мамандығын, тарихшы мамандығын оны шын сүйгеннен таңдай бермейді. Жаратылыстану-математикалық бағыттағы пәндерге тісі батпағаннан, ЖОО-ға түсу оңай болғаннан, бітіргеннен соң, орын жоқ жердің өзінде әйтеуір тамыр-танысың арқылы жұмысқа орналасу ықтималдығы жоғары болғандықтан барады. Ал, білімі таяз мұғалім үрей синдромымен (жұмыстан айрылып қалсам не болмақ, бала-шағаны кім асырайды), не ілгері емес, не кейін емес, тепеңдеп жүріп жатады. Осыдан кейін, білім сапасын қалай жақсартуға болады? – дейді сарыағаштық мұғалім Әбдіманап Тасболат.

Білікті маманның бұл уәжімен келіспеуге лажымыз жоқ. Олай болса, мектепте физика, химия, математика пәнінен сабақ беретін мұғалімдердің санын арттырып, қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ беретіндердің біліктілігін тез арада жоғарылатпасақ, сауатсыз ұрпақтың көбейері, ғылымның нақты бағыты саналатын салаға қажетті мамандардың тапшылығы жалғаса бермек.

Сіз не дейсіз?

Аятжан АХМЕТЖАН, Kazbilim орталығының директоры:

– Мұндай жағдайдың қалыптасуына бірінші себеп, бізде мектепте гуманитарлық және жаратылыстық білімнің берілу сапасының әртүрлілігінде. Бізде орта білім 10-11-сыныптарда қоғамдық-гуманитарлық және матаматика-жаратылыстану бағыты болып екі топқа бөлінеді. Гуманитарлық сыныптарда физика, химия, биология пәндері аптасына 1 сағат. Ал, аптасына бір сағатпен бұл салаларға ішінара болмаса баланың дендеп баруы мүмкін емес. Ал, математика-жаратылыстану бағытының балалары ше? Иә, ол жерде физика, химия, биология пәндерінің сағат саны жақсы, бірақ сапасы ше? Сапасы жоққа тән деп айтуға мәжбүрміз. Неге?

Себебі, Назарбаев зияткерлік мектептері, Білім-инновациялық лицейлері және үлкен қалалардағы саны аз дарынды балалар мектептері болмаса, елдегі мектептердің 80 пайызында зертхана жоқ. Барының көбінде «мұражай мүліктері» тұр. Сол тәжірибе алаңдарында оқушыларға сабақ күнделікті өтпейді. Оқушы ары кетсе толық емес мүмкіндіктермен жылына бір немесе екі рет ғана жұмыс істейді. Ал, тәжірибе көрмеген баладан қандай сапа күтесіз? Физика, химия салаларына қызығушылық қайдан болсын?! Осыдан барып, елімізде ең тапшы мұғалімдер де осы математика, жаратылыстану бағытынан туындап отыр. Ауылдарда кейде химия, физика, биологияны сағаты толмаған басқа пән мұғалімдері де өте береді. Олардан қандай сапаны сұраймыз? Мектепте сапасыз білім алған, толымсыз берілген білімімен бұл салаға бала қалай беттейді?! Тіпті, мұндай жағдайда бала жалпы білім алуға қайдан қызығады?!

Одан қала берді, соңғы кезде бұл пәндерді ағылшынша оқытқымыз келеді. Білікті мұғалімі жоқ пәнді шала ағылшыншамызбен шәкіртке үйретуді көзге елестетіп көріңізші…

Мырзабек САРЫБАЕВ,физика-математика ғылымдарының кандидаты:

– Жақында Қазығұрт ауданындағы Ж.Қаппаров атындағы №5 мамандандырылған физика-математика бағытындағы мектепте болдым. Талап өте жоғары. Осы мектепті бітіргендердің барлығы дерлік жоғары оқу орындарына оңай түседі екен. Дәл осындай білім беру жүйесін өзге ауыл мектептерінде де жасауға әбден-ақ болады. Алайда, балаға сабақ беретін мүғалім жоқ. Оның үстіне білімнің негізі бастауышта екеніне көп мән бермейміз. Бастауышта қалай болса солай оқытамыз да, орта буынға келгенде баламыздан дарынды оқушы, вундеркинд жасауға жанұшыра кірісеміз. Мектептерге барып қараңызшы, бастауыш сыныптарда кімдер мұғалім болып жүр?! Баланың физика, математика сынды нақты ғылымдарды таңдауына іргетасты бастауышта қалау керек. Бастауышта математикаға қызықпаған баланы қинап, орта, жоғары буында зорлап оқыта алмайсың. Ілуде біреуі болмаса, математикаға деген қызығушылықты бастауыштың мұғалімі оятуы керек. Ал, ауылдарда бастауышта көп жағдайда қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімдері де оқытып жатады. Осыдан барып, баланың қызығушылығы гуманитарлық пәндерге ойысып кетеді. Шешендік өнерді қолдайтындардың бірімін. Бірақ, бүгінгі тіл өнеріне бейім жастардікі шешендік емес, құр ділмарсу ма деп қаламын. Бұл әдебиет негіздеріне мейлінше сусындамағанның, қазақ тілінің мәдениетін жетік білмеуінің кесірінен деп ойлаймын.

Әбдіманап ТАСБОЛАТ,Сарыағаш ауданының №4 мамандандырылғанмектеп-интернатының қазақ тілі менәдебиеті пәнінің мұғалімі:

– Ауыл мектебіне бара қалсаңыз, физика, математика, химия пәндерінің тәжірибелі деген мұғалімдерінің дені орта жастан асқандар. Олардың кейбірін зейнеткерлікке шыққан соң да қайта шақырып жататынын естіп жүрміз. Жаратылыстану пәндерінің оқытылу сапасын көтермейінше, физика, математика, химия пәндерін таңдайтын түлектердің саны көбеюі мүмкін емес. Бір парадокс: ҰБТ тапсырмасындағы математика есептерінің 60-70 пайызын әзер шығаратын математика мұғалімі осы пәнді керемет оқытады дегенге сіз сенесіз бе? Мен сенбеймін. Енді келіп математиканы өз ана тілінде жүйелі үйрете алмаған мұғалімді ағылшын тілінде үйретуге даярлап жатырмыз. Оған мемлекеттен қыруар қаржы бөлінуде. Сол қаржы сұраусыз кете ме деп уайымдаймын. Одан да бұл қаржыны сапалы білім беруге жұмсағанымыз абзалырақ болар еді. Ауыл балаларының көпшілігі тіл мамандығын, тарихшы мамандығын таңдайды дегенмен келіспеймін. Біріншіден, тіл мамандығының бірі – орыс филологиясы мұғалімі. Дәл қазір ауылды жерлерде орыс тілі пәні мұғалімдері де тым «қартайып» барады. Себеп жалғыз: орыс тілі мен әдебиеті мұғалімі болғысы келетін жастар сирек.

Мұғалімдік ең ұлы мамандық болғандықтан, оған тек жүрек қалауымен келу керек. Мұғалімдіктің беделін түсіріп жүргендер – оған кездейсоқ келіп қалған жолбикелер. Ол үшін жоғары оқу орнына түсу балы да өте жоғары болуы тиіс. Бірақ, өкінішке қарай, кейде ҰБТ-да төмен балл жинаған оқушы мемлекеттік білім грантына ілдебайлап ілініп қалу үшін амалсыз мұғалімдікке барады. Ақылы оқуға түссе де, далада қалмайды. Сосын ілдебайлап жүріп жоғары оқу орнын бітіреді. Халқы тығыз оңтүстік өңірде мұғалім болып орналасудың өзі оңай емес. Бұл жерде енді тамыр-таныстық пен жемқорлық дейтін тасқамал кедергі бар. Жауырды жаба тоқымайық, ЖОО-ны бітірген түлек қаншама білімі асып кетсе де, оны айналып өте алмайды. Ал, енді одан қандай мұғалім шықпақ? Еңбек нарығындағы ашықтықты қамтамасыз ету керекпіз. Бос орындарға шынайы конкурс жариялау, саланы тамыр-таныстық пен жемқорлықтан арылту және оған әкімшілік сіреспе ресурстар арқылы емес, қоғамдық бірлестіктер мен бұқаралық бақылау арқылы қол жеткізу қажет.

Екінші, жоғары мектеп пен орта мектеп арасындағы әріптестікті іс жүзінде дұрыс жолға қойған жөн. Мұғалімдік мамандық даярлайтын оқу орындарының санын шектеу керек. Қай пәннің мұғаліміне сұраныс жоғары, қай өңірлерде филолог мамандар зәру, тағы басқа зерттеулер жүйелі жүргізіліп, ЖОО-дан жолдамамен жіберу мәселесін іске қосу керек.

Жәмила МАМЫРӘЛІ,

«Оңтүстік Қазақстан» газеті

NO COMMENTS

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here

Exit mobile version