Home Ұстаз үні Ұстазға неге қол жұмсайды?

Ұстазға неге қол жұмсайды?

0

«Алты алаштың баласы бас қосса, төрдегі орын – мұғалімдікі» деген Мағжанның тағылымды сөзі мағынасын жоймаса да, мәнін өзгертуге шақ қалды. Оның бір себебін қазіргі қазақ қоғамындағы ұстаз беделі мен мұғалім мәртебесіне қатысты орын алып жатқан түрлі оқиғалардан анық байқауға болады. Әрине бірді-екілі мысалдан бүтіндей жағдайға баға беруге болмас, бірақ мектеп мұғалімдерінің абырой-беделіне нұқсан келтіретін көріністер жиілеп кеткенін жасыруға болмайды.

Соның бір өкінішті мысалы Алматы облысының Іле ауданына қарасты Боралдай кентінде орналасқан мектепте болды. Қазір осы білім ордасындағы мұғалімнің соққыға жығылғаны жайлы ақпарат кеңінен талқылануда. Кенен Әзірбаев атындағы №15 жалпы білім беретін мектеп директорының оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, әдіскер ұстаз, биология пәнінің оқытушысы Гүлзира Байділдаева ата-ана тарапынан жәбірленіп, ауыр дене жарақатымен ауруханадан бір-ақ шыққан. Оқиға желісі былай өрбиді: сол күні 6-сыныпқа биология пәнінен кезекті сабақ өтуге кірген ұстаз сыныптағы Вагиф Кулиев есімді оқушыға тәртіпсіздігі үшін бірнеше рет ескерту жасайды. 6-сыныптың оқушысы мектепке алып кіруге тыйым салынған қымбат бағалы әшекей бұйымын қатарластарына көрсетіп, сабақ өтуге кедергі келтірген екен. Былай қарағанда, кез келген мектептегі кәдімгі оқиға болатын. Бірақ үйіне барып, ата-анасына шағымданған оқушы өзін ұстазының ұрып-соққаны, сынып оқушыларының алдында намысына тигені жайлы айтып, істі отқа май құйғандай ушықтырып жіберген. Жұмыс аяғында мектеп ғимаратына баса-көктеп кірген оқушы Вагиф Кулиевтің анасы мен туыстары Гүлзира Байділдаевамен жанжалдасып, ақыры ұстазға қол жұмсауға дейін барған. Басына қатты соққы тиген мұғалімнің миы шайқалса, араша түскен оның әріптесі де дене жарақатын алған. Қазіргі уақытта Гүлзира Байділдаева Іле аудандық ауруханасында ем-дом алып жатыр. Оқиға бойынша жергілікті полиция әкімшілік іс қозғаған.

– Дәл қазір Гүлзираның жағдайы қалыпты. Дәрігерлердің бақылауында. Емі аяқталғасын сот-медициналық сараптама тағайындалып, сол бойынша оқушының ата-анасын қылмыстық жауапкершілікке тартуға арыз жазбақшымыз. Бұл жай ғана мұғалім мен оқушы, ата-ана арасындағы дау емес, мектеп абыройы мен ұстаз құқығының аяққа тапталуының шегіне жетуі болып отыр. Сондықтан бұл істі тек әкімшілік жауапкершіліктің шеңберінде жылы жауып тастауға қарсымыз. Әрі жәбір көрсетуші ата-ана тарапынан кешірім сұрауға ниет байқалмайды, керісінше «баламызға қол көтерді» деп айыптап, полицияға шағым түсірген. Гүлзираның сабақ үстінде ондай әрекетке бармағанына сыныптағы 20 бала куә болып отыр, – деді бізге оқиғаның мән-жайын түсіндірген ұстаздың зайыбы Мұрат Әбдікешов.

Қоғамның назарын аударған бұл оқиғаның әрі қарай қалай өрбитіні белгісіз. Бірақ көпшілік пікірі де, ұс­таз­дардың ойы да мұғалім мәртебе­сінің аяқасты болып, мектеп беде­ліне көлеңке түспеуіне қарай ойысып келеді. Алматы облыстық білім бас­қар­масының басшысы Дәурен Жүні­совтің де пікірі осыған саяды.

– Кенен Әзірбаев атындағы №15 жалпы білім беретін мектепте болған жағдайдан толықтай хабардармын. Біз өз әріптесіміздің сауығып, қатарымызға қосылуына тілектеспіз. Бұл тұтастай білім саласының абыр­о­йына сын болған оқиға. Оның әділ баға­сын құқық қорғау органдары беруі керек. Бірақ бұл іс бізге мектеп пен мұғалімнің мәселесіне қатысты жаңа­ша көзқарас ұстанып, ұстаз мәртебесін тиісті дәрежеде шешуді міндеттейді. Өз тарапымыздан арнайы ұсыныс әзір­леп, тиісті орынға жіберетін боламыз, – дейді облыстың бас ұстазы.

Айтпақшы, мектеп мұғалімі­не қол жұмсау фактісі Алматы облысын­да бұған дейін де тір­кел­ген екен. Был­тыр Текелі қала­сында мектеп мұға­лімін ұрып, бағалы заттарын тонап кет­кен үш оқушы ұсталып, тиісті жа­за­сын алған болатын. Сол сияқ­ты мұғалімнің оқушыға қол жұм­сауы да облыс мектептерінің бірінде орын алып, істің аяғы ұстаздың қызметтен кетуімен аяқталған-ды.

– Мектептегі кез келген жағ­дай­ды құқық бұзушылықтың ше­гіне жет­кені деп қарастыруға болмайды. Бұл жерде әдеп пен құрмет бірінші орынға шығып, адамгершілік тұрғы­сынан қарауымыз керек, дейді біз­ге Алматы облыстық ішкі істер депар­таменті баспасөз қызметінің жетек­шісі Көбейхан Нұрахмет. – Өйткені мектеп білім беретін орта. Ол ортадан қылмыстың ізін іздеудің өзі күнә. Жалпы, мұғалімнің беделі мен мектептің мәртебесі туралы бәріміз ойлануымыз керек. Егер біз өз балаларымыздың саналы білім алып қана қоймай, қауіпсіз ортада өсуіне ата-ана, қарапайым адам ретінде ат салыспасақ, бұл міндетті полиция жалғыз атқара алмайды. Ал Боралдайдағы мектепте болған іс біздің бақылауымызда, әкімшілік құқық бұзушылық бойынша хаттама толтырылған. Қазір бұл іс бойынша «полиция әрекет етпей отыр» деген сыңайда сыбыс тарап үлгергенге ұқсайды. Дене жарақатын салу бойынша қылмыстық жауапкершілікке тарту ісі тиісті сараптама қортындысы шығып, шағым жазылғаннан кейін қозғалады. Бұл жерде полиция өз міндетін орындайды.

Демек, дәл қазір қоғамда мұ­ғалім мәртебесіне қатысты мә­селе туындап отырғаны анық. Көп жағдайда бұл мәселе­ні ше­шуге ұмтылудан гөрі, ақ­п­а­раттық дау туғызуға бейім­де­­ліп алғанымыз да жасырын емес. Ендеше мәселенің байыбы­на барудың жолын іздеген жөн шы­ғар. Осы орайда қоғам бел­сендісі, рес­публикалық «Қазбілім» орта­лығының жетек­ші­с­і Аятжан Ахметжанұлы бұл мәселеге те­ре­ңінен үңілу керек деген ой қо­сады.

– Мұғалім мәртебесі мәселесі өте күрделі кезеңге ауысып кетті. Бала тәрбиесіндегі мұғалім, ата-ана һәм қоғам арасындағы үш тағанның бір біріне құрметі мен сенімі, байланысы мен әріптестігі дұрысталмаса біз болашақ үшін ешқашан серттесе алмаймыз. Біз бала тәрбиесіндегі ең күрделі мәселе – осы үш таған мәселесі қысқа уақытта шешілмесе еш нәрсе оңалмайды, тіпті болашақта бізді бұдан да ауыр, бұдан да күрделі мәселелер күтіп алуы әбден мүмкін. Мұндайдың алдын алмаса бізге опық жегізеді. Біз үнемі себеппен емес, салдармен күресетін әдет таптық. Мәселе өте күрделі, бала құқығы туралы заңдық норманың қабылдануына сәйкес, білім заңы мен білім заңындағы ұстаз мәселесі де қай­та қаралуды қажет етеді. Со­нымен бірге ақпараттық ке­ңіс­­тік­тің кеңеюі қоғамның бала ал­дын­дағы жауапкершілігі мәсел­есін де қайта қарау қажет. Егер ұстаз беделін заңмен қорғап, ақпаратпен асқақтата алмасақ, айлық пен шайлық бүгінде тек күндік алдамшы, болашақ тұрғысынан еш нәрсеге пайдасы тимейтінін бағамдағанымыз дұрыс, – дейді ол.

Түйіндей келе, «Алты алаш­­тың баласы бас қосқан жер­дегі төр – мұғалімдікі» деген Мағжанның жоғарыда кел­ті­ріл­ген тағылымды сөзінің сал­ма­ғын сараптауды оқырман ен­ші­сіне қалдыра отырып, Кенен Әзір­баев атындағы №15 жал­пы білім беретін мектеп ди­рек­­торының оқу-тәрбие ісі жө­нін­дегі орынбасары, әдіскер ұстаз Гүлзира Байділдаеваға қа­тыс­ты оқиғаның өрбуі «Егемен Қазақстанның» назарында бола­тын­дығын айтпақпыз.

Қалмаханбет МҰҚАМЕТҚАЛИ,

«Егемен Қазақстан»

Алматы облысы

 

NO COMMENTS

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here

Exit mobile version