22.11.2024

Асхат Алимов. Үйретушінің ұстанымдары қандай болуы керек?

Әрине, үйретушінің философиясы көп ұстанымдардан тұруы қажет. Мен олардың ішінен бірнешеуін таңдап, солар туралы әңгімелесуді жөн көрдім.
Біріншіден, мұғалімде үйренушіге деген ыстық ықыластың, сүйіспеншіліктің, махабаттың болғаны шарт. Ш.Амонашвили оқушыларды сүю керек деп бекер айтпаған болар. Егерде ұстаз шәкірттерін сүймесе, оның өз ісіне толығымен берілуі екіталай болар: мұндай жағдайда мардымды нәтиженің де болуы күмәнды болмайды емес пе?

Екіншіден, зор шыдамдылық пен сабырлық керек. Білмейтіндерді үйретуден жалықпау керек. Оқушының мұғалім сөзін бір айтқаннан-ақ қағып алуы да екіталай нәрсе. Бұл жәйтті түсіністікпен қабылдап, балаға тағы да түсіндіруге дайын болу керек. Одан кейін де түсінбесе, тағы да түсіндіру керек! Бала түсінгенше түсіндіре беру қажет.

Үшіншіден, мұғалімнің оқушыларының табысты болуына мүдделі болғаны абзал. Ұстаз жан-тәнімен шәкіртінің үйренетіндігіне сенуі керек және де осы сенімді баланың жүрегіне де тереңінен ұялатуы қажет! Баланы ұрсып-жекіп, кінәлаудың орнына оның титтей жетістіктерін байқап, сол үшін мақтау керек, осы арқылы баланы ынталандыру керек. Француз жазушысы, Нобель сыйлығының лауреаты Анатоль Франс былай деген екен: «Үйретудің оннан тоғызы мадақтау мен ынталандырудан тұрады!»
Төртіншіден, бала өз сәтсіздіктерімен, қиыншылықтарымен ешқашан да жалғыз қалмауы керек. Егерде біз оны кінәлап, жақсы оқитын балалармен салыстырып, ұялтатын болсақ, онда ылғи да ересектерден қолдау күтетін бала өзін тастап (не сатып) кеткендей сезініп, жақындарына деген сенімінен де айрылып қалуы да мүмкін. Сондықтан да оқуында кедергі туындаса, балаға мейлінше көмектесу керек! Егерде бала жақын адамдарының ыстық қолдауын сезсе, бұл келеңсіздіктерді міндетті түрде жеңеді!
Осы ұстанымдардың ұстаздың жұмысын нәтижелі жасайтындығы сөзсіз.

Үйретудің ұстанымдары туралы сөз қозғалғанда, мен Берік Қ.-ның айтқан бір әңгімесін ылғи да есіме түсіремін. Соны сіздерге де айтып берейін.
– 2000 жылы қызым Салтанатты 1-сыныпқа қолынан жетектеп апардым. Салтанат мектепке асқан ризашылықпен барды, өйткені үй ішімізде білім өте жоғары бағаланады: анасы екеуіміз де педагог болып қызмет жасаймыз, ал екі ағасы мектепте озат оқушылар қатарында (мұнда олардың кейінірек мектепті «Алтын Белгімен» аяқтағанын айтып кеткен орынды болар – А.Ә.).
Алайда оқудың бірінші аптасы өте Сәкөштің (үйде Салтанатты солай еркелете атайтынбыз) мектепке деген ынта-ыждаһатының күрт азайып қалғанын байқадым: алғашқы күндегідей емес, қызымның енді сабаққа барғысы жоқ. Тіпті ол таңертең «Мектепке бармаймын!» дегенді де шығарды.
Мұндай өзгерістердің себебін білу үшін екінші аптаның соңында мектепке барып, Салтанаттың мұғалімімен жолықтым. Әңгіменің басынан-ақ апайдың қатал екендігін аңғардым: ол негізінен оқушыларға жоғары талап қойып, соларға балалардың сәйкес болуын қадағалайды екен. Маған да апай «Қызыңыз көп нәрсені білмейді!» деп төтесінен қойып қалды. Мен күліп:
– Дұрыс қой! Мектепке қызымызды берген себебіміз де осы ғой! Білмегенін сіз-біз болып үйретейік! – дедім.
Алайда мұғалима менің «Туындаған мәселені бірлесе шешейік!» деген бұл ұсынысымды қабылдамады. Ол негізінен біздің не істейтіндігімізді кесіп айтып жатты: «Үйде көбірек қадағалаңыздар! Көбірек уақыт бөліп, үйретіңіздер!» деген жалпылама нұсқауларды үйіп-төкті. «Менікі ғана дұрыс! Сіз – ЖОО оқытушысыз, сондықтан да бастауыш сынып әдістемесін білмейсіз! Ал мен оның жілігін шағып, майын ішкенмін!» деген сыңайда менің айтқанымды тіпті де құлағына ілмеді. Екеуіміздің арадағы әңгімеміз жараспады.
Қызымды бұл мұғалімнің ұшпаққа шығармайтынын сездім де, Салтанатты тура сол күні мектептен алып кеттім.
Жол-жөнекей қызымды әңгімеге тартып, «Балалы үйде ұрлық жатпайды» дегендей, одан көп жәйтті өзіне білдіртпей сұрап алдым. Салтанаттан апайдың сабақта өзін өктем ұстайтындығын, оқушыларға дауыс көтеретіндігін, оларды айғай салып ұрсатындығын білдім. Осыдан кейін қызымның сабаққа деген зауқының неліктен төмендеп кеткенін түсіндім.
Енді мен жақсы мектепті емес, мейірімді мұғалімді іздедім. Сұрай жүріп, Алматының екінші бір шетіндегі мектепте А. есімді тамаша мұғалімнің бар екендігін естіп, қызымды сол кісіге бердім.
Көңілім енді тыныштала ма дедім осыдан соң. Алайда Салтанат сол баяғы әуеніне басып, таңертең мектепке барғысы жоқ, кешке үй тапсырмасын орындауда да асқан құлық көрсетпеді.
Қайтадан мектепке бару керек болды. Мейірімді апайы «Қызыңыз көп нәрседен артта қалыпты! Енді осы мәселені екі жақтап шешейік!» деді.
Әрине, Салтанаттың артта қалуының себебі баршылық: оқудың 3 аптасы өтіп кетті емес пе?! Енді қызымыздың сабағын бұрынғыдан бетер қадағалап, оның оқуын жақсарту қажеттілігі туындады. Әйеліммен бірге күнде кешке Салтанаттың үй тапсырмасын орындауға жәрдемдесеміз. Шынында да қызым көп нәрседен хабарсыз, көп нәрсені білмейді екен. Сол себепті де Салтанаттың ынтасы кемшін, қит етсе бетін басып жылайды, үстелге жатып алады. Анасының шыдамы осындайда таусылып, кейде дауыс көтере бастағанын көріп, мен әйеліме Салтанатты өзімнің үйрететіндігімді айтып, ол кісіні бұл жұмыстан босаттым.
Осыдан соң күнде-күнде 2-3 сағат бойы Салтанат екеуміз сабақ оқимыз. Баланың кенжесі болғандықтан ба қызымды керемет жақсы көремін. «Салтанат!» десе, жүрегім елжіреп кетуші еді! Қызыма деген махаббатты оны үйретуде де қолдануға бел будым.
Енді мен қызымды оқытуда тек мейірім шақырып, реніш пен ашуға жол бермеуге тырыстым. Тек жылы-жұмсақ сөздермен қызымды үгіттеймін, арқасынан қағып, басынан сипап, бетінен сүйіп, шаршамай-талмай оған ылғи да: «Сәкөш, сен мұны жасай аласың!.. Сәкөш, сенің қолыңнан бұл келеді!.. Сәкөш, сен кереметсің!..» деп айтудан еш жалықпадым. Осы арқылы алғашқы мектептегі сәтсіздіктерден, бұрынғы апайының тегеурінен басылып қалған Салтанаттың өзіне, өз мүмкіншіліктеріне деген сенімін көтеруге ұмтылдым.
Қызым түсінбей жатса – оған қайта-қайта түсіндіремін. Екінші түсіндіргенімді, әлбетте, бірінші түсіндіргенімнен өзгеше жасаймын. Қажет болған жағдайда тағы да түсіндіремін, қайта-қайта түсіндіре беремін. Тек «Осыны да түсінбейсің бе?! Үшінші рет түсіндірдім ғой!» деген сыңайда реніш білдірмеймін, оны кінәламаймын, оған көңілім толмайтындығымды көрсетпеймін. Тек қызыма әр кез қолдау көрсетіп, өзімді оның жанашыры екендігімді дәлелдеуге тырысып бақтым.
«Не жасаймыз? Не істеу керек? Қандай ұсынысың бар?» деп өзімен ақылдасамын. Өзім ұсыныс айтсам, «Былай жаса!» деп нұсқау айтпай, «Былай жасаса қайтеді?» деп шешім жасауды өзіне қалдырып отырдым.
Осылайша күнде-күнде еш шаршамай, бір дауыс көтермей, реніш пен өкпе білдірмей, кәніламай, ұялтпай, жылы-жұмсақ сөйлеп, мақтау мен мадақтау арқылы ынталандырып, қанша керек болса, сондай мөлшерде көмек беріп, түсіндіруден талмай, «Сәкөш, сен мұны жасай аласың!.. Сәкөш, сенің қолыңнан бәрі де келеді!.. Сәкөш, сен кереметсің!..» деп өзіне деген сенімін көтере берудің арқасында Салтанат бірте-бірте басын көтеріп, тапсырмаларды орындап, алғашқы кішігірім жеңістерге де қол жеткізе бастады.
Айтып-айтпай не керек? Үш айдан кейін Салтанат сыныптағы өзге балаларды қуып жетті. Қызымның оқуға деген ынтасы мен өзіне деген сенімінің жоғарылап, өздігімен үйрену дағдыларының қалыптасқанына көз жеткіздім де. Салтанат та менің көмектесуімді керек қылмай, енді өзі-ақ ризашылықпен сабақтарына дайындала бастады.
Міне, осыдан кейін мен қызымның сабағын қадағалауды доғардым, оған бір де бір рет көмектескен жоқпын! Салтанат енді өздігімен оқып, тез арада сыныптың ең озат оқушысы және көшбасшысы болып, осы қарқынмен 11 жылдан соң мектепті екі ағасы секілді «Алтын Белгімен» бітірді. Сол жылы Әл Фараби атындағы университетке түсіп, оны да үздікпен аяқтады. Қазір осы университеттің магистратурасында оқиды.
Үш ай шаршамай, шыдамдылық танытудың нәтижесі осындай болды! – деп аяқтады әңгімесін Берік Қ.
Міне, осылай! Балаға деген махаббат пен сенімнің жоғарғы көрінісі, оны үйретуде сабырлық пен шыдамдылық таныту, оны қиындықтарымен жалғыз қалдырмау, өз мүмкіншіліктеріне деген сенімін асқақтату тамаша нәтиже беретіндігі сөзсіз.
Сондықтан да әр үйретушінің – мейлі ол баласын үйреткен әке не ана болсын, мейлі ол оқушыларын оқытқан мұғалім болсын, мейлі ол әріптестерін үйреткен мектеп басшысы болсын – негізгі ұстанымы «Сәкөш, сен мұны жасай аласың!.. Сәкөш, сенің қолыңнан бәрі келеді!.. Сәкөш, сен кереметсің!..» болуы керек шығар!

Асхат Алимов. «Назарбаев зияткерлік мектептері» ДББҰ жанындағы Педагогикалық шеберлік орталығында аға менеджері. Филология ғылымдарының кандидаты, доцент.

-ЖАРНАМА-spot_img

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here

- ЖАРНАМА -spot_img

СОҢҒЫ ЖАЗБА