07.11.2024

Аятжан Ахметжанұлы. Орталық ашу оңай ма?

Иә, бүгін білім беру орталықтары жаңбырдан кейінгі жауқазындай қаптап кетті, тіпті, білім саласына дым қатысы жоқ адамдар да білім беру орталғын ашып жатыр. Бірақ, бәрі бірдей бала санасына сапалы білім беріп, қалтасын қампайтып жатқаны жоқ, ашылған орталық қаншалық көп болса, жабылғаны да соншалық көп…

Кейбір адамдар орталықтардың көбейіп кетуіне алаңдаса, кейбір адамдар қуануда, сыраханалар мен түнгі клубтардың санына алаңдамаған талай қауым, білім беру орталықтардың көбеюін тежеу керек дейді… Нарық заңдылығын ешкімнің тоса алмайтынын ескерсек, дәл сол секілді, ешкім де жеке меншік оқу орталықтарының санына шектеу қоя алмасы анық. Білім саласында он жыл, оқу орталығын басқаруда бес жыл стажы бар азамат ретінде орталық ашу, жүргізу туралы кеңінен сараптама жасауды жөн көрдім.

 Әлқисса

 Қосымша білім берудің мән-мағанасының артуы оның балалар мен жасөспірімдердің бос уақыты жағдайында еріктілік негізде шығармашылық және танымдық мотивациясын дамыту, дербес талаптарын қанағаттандыру, өз еркіне сай мақсатымен айналысуына, әсіресе, болашақ мамандық бағытын таңдауына жәрдемдесу, сөйтіп өмірге бейімдеу, салауатты өмір салтына тарту, сайып келгенде бос уақытты мазмұнды өткізуді ұйымдастыру, ғылым, білімге баулу.

Білім беру орталығы бізде емес, әлемнің барлық елінде жетерлік, тіпті, бізден неше есе көп. Ал Қазақстанның білім кеңістігінде білім беру орталықтарының пайда болғаны да бүгін емес, әлде неше он жыл. Басқасын былай қойғанда тек тіл үйрету бағытын ұстанған халықаралық орталықтардың біздегі филиалдарының өзі ресми санақ бойынша 400-ден асады. Бұдан тыс жекелеген бағыттағы орталықтар одан да көп. Ал олардың мақсатының бәрі тіл үйрету ме, басқа ма, оны басқа мақаланың жүгіне қалдырдық. Біз таза білім беру орталықтары туралы аз кем сараптау жасалық…

Орта білімді қосымша беретін орталықтардың қазіргі күнде саны бізде бүкіл республика бойынша мыңға жуықтайды. Бұл аз ба, көп пе, мәселе мұнда емес, мәселе сапасында. Сапасы туралы сол орталықтан бала оқытқан ата-аналар мен сол орталықта білім алған оқушылар айтқан дұрыс болар. Нарықтағы бәсекелестердің сапасы туралы біздің айтуымыз әбестік.

Қазақстандағы орта білімді қосымша беретін орталықтардың ең үлкенінің Қазақстанның әр өңірін қоса есептегенде 20 филиалы, 15 жылдан астам тарихы бар (жарнама болып кетпесін аттарын атамадым). Бүгінде тек осы қосымша білім беру орталығында жалпы Қазақстан бойынша білім алатын оқушы саны он мыңнан асады. Ең кіші орталықтардың санында шек жоқ, тіпті бес-алты баланы бір-екі ай оқытып, ары қарай жабылатын, бір бөлмелі оқу орталықтарының өзінің санында шек жоқ.

 Оқу орталықтарының басты бағыттары

 Жеке оқу орталықтары әртүрлі бағытта жұмыс жасайды. Тек бір бағытта жұмыс жасайтын да, 50-ден астам бағытта да жұмыс жасайтын орталықтар жетерлік. Жұрт сұранысы мен заман талабына байланысты қалыптасқан оқу орталықтарының басты бағыты мыналар:

  1. Продленка
  2. Мектепке дайындық
  3. Пәндік олимпиадаларға дайындық
  4. Күнделікті сабаққа дайындық
  5. Тіл үйрету орталықтары
  6. Дарынды балаларға арналған зияткерлік мектептерге дайындық (НЗМ, БИЛ, т.б.)
  7. Ұлттық біріңғай тестке дайындық.
  8. Назарбаев университетіне және алыс-жақын шетел университеттеріне дайындық.

Білім беру орталықтарының сұранысы мол 8 бағыты осылай. Мұнымен қоса қосымша әртүрлі бағытта жұмыс жасайтын орталықтар бар.

Осыдан бес жыл бұрын оқушылар неге орталық жағалап жүр деген тақырыпта біраз сараптама жасап едім, жалпы орталықтардың дұрыс бағытта дамуы мен жетілуі ел үшін ауадай қажет. Бірақ, мүлде керек емес бағытта (тек үй тапсырмасын орындап беру, т.б) жұмыс жасап жүрген орталықтар жетерлік. Иә, бұл орталықтар нарық заңдылығы бойынша көп өтпей ығысары анық.

Орталық жүргізу оңай ма?

Бізде бизнестің ең үлкен ауруы бір адам бір бизнес түрін бастап табысқа жетсе, жұрт сол бағытта бизнес бастауға әрекет етеді. Бірақ адам қай салада бизнес жасаса, сол саланың жілігін шағып майын ішкен болу керек, әйтпесе бизнес табыс әкелмейді.

Дәл сол секілді білім беру орталығын ашу үшін де, кемінде мектепте екі-үш жыл ғұмырын арнаған, білім саласының қыры мен сырын білетін адам болу керек. Бұл салада не нәрсеге сұраныс бар, не нәрсе жұртқа аса қажетті, соны түсінгенде ғана іс ілгері басады. Себебі, мына нарық заманында офис жалдап, жарнама жасап алып сол ақшаңыз далаға кетуі әбден мүмкін. Бүгінде қандай бизнес болса да, ең алдымен, сол саланы зертте, содан кейін бел шешіп суға секір. Бұл дегенің бұл саланың сырына қанық болсаңыз, тәуекел ет дегенім.

Бүгінде қай салада болсын сапалы кадр табу ең күрделі мәселе. Ал, білім беру орталығын жүргізудегі ең маңызды һәм күрделісі – осы сапалы кадр мәселесі. Егер орталықта белгілі бір бөлік мұғалім сапасыз болса, онда орталық ғұмыры ұзаққа бармайды. Себеп, жұрт сапасыз дүниеге ақша шашпайтыны, ақы төлеген соң ең бірінші сапа талап ететіні табиғи заңдылық.

Білім саласы күрделі сала, оның қыры мен сыры, бүгінде жаңа технологиялардың дамуы мен онлайн білім беру үрдісінің қалыптасуы бұл салаға жаңа көзқараспен, жаңа ізденіспен келмеген жағдайда қатардағы ашылып жабылатын орталықтардың көп болатындығы анық. Білім беру орталықтары бір қарағанда білім саласы болғанмен, ол озығы тозығын, ілгерісі кейінін шайнап жұта салатын бизнестік бағыт, бұл бағытты сақтайтын тек сапа, сапаны ұстай алмасаң сан соғып қалуың әбден мүмкін.

Орталықтардың көбеюінің елге пайдасы һәм зияны

Орталық көбеюінің ең үлкен пайдасы – білім саласындағы бәсекелестікті қалыптастырады. Әлемдегі танымал жоғары оқу орындары мен халықаралық мектептердің біразы алғашқы бастамасын қосымша білім беру ұйымдарынан бастаған, біздің де орталықтардың болашақта жеке мектеп, университет ретінде дамиды деп сенемін. Сонымен бірге жалпы бұл мемлекеттен ақша бөлініп, мемлекет асырап отырмағандықтан, сапаны ұстау өте маңызды, егер сапаны ұстай алмасаң, онда бизнес ретінде өзін ақтамайды, онда жабуыңа тура келеді. Бұл орталықтардың көбеюі белгілі бір деңгейде білім деңгейін, білім сапасын арттыруда таптырмас мәні бар екені анық.

Неге білім саласы да өз алдына дамымасқа, онда бүгінгі орталықтар сол бағытты беру керек. Рас, қосымша білім беретін орталықтар өте көп, мен осы бағытта 4 жыл бұрын «Оқушылар неге орталық жағалап жүр?» деген мақала жазып, біраз сараптама жасағанымды жоғарыда атап өттім. Жалпы, кез келген нәрсенің пайдасы мен зияны болатыны секілді, бұның да пайдалы және зиянды жағы бар. Пайдалы жағы иә, әр бала үшін өзінің ізденіс бағытында қосымша білім алу сапалы маман болу үшін де керек. Ал зиянды жағы, мемлекеттік мектептегі қағаздан құтылғысы келетін сапалы мамандар жеке орталықтарға кетіп мектептегі сапалы маман тапшылығы тіптен ауырлайды. Бүгінгі артық жұмысы мен бас көтертпес қағазы бар жүйе ұстаздарға ізденіс пен шығармашылық қабілет бермейді, еркіндік бермейді, сол себепті орталықтардың көбеюі мемлекеттік мектептердегі мұғалім, оның ішінде сапалы мұғалім санын тіптен азайтуы мүмкін. Бірақ, мүмкін бұл да пайдасы жағы болар, осының әсерінен мектептер оянып, бәсекенің не екенін түсінер деп те ойлайсың.

Негізі қосымша білім беру орталықтары жүйелі жұмыс жасаса, оқушылар үшін де, елдің білім-ғылым саласы үшін де берері көп. Себебі, жарты күн мектепте барлық пәннен стандартты жалпыға бірдей білімді алған бала болашақта баратын мамандықтарына қарай бейімделіп қосымша білім алуы керек, мысалы, спортқа, өнерге барғысы келетіндер үшін арнаулы курстар бары сияқты, ғылымға барғысы келетіндерге, сапалы жоғары оқу орнына түскісі келетіндерге қосымша білім беру орталықтары таптырмас мүмкіндік. Бұны қазір ата-аналар да түсінді. Баласының біліміне инвестиция салу – ата-ананың ұрпағы алдындағы ең үлкен жауапкершілігі және ең тиімді, қайтымды инвестиция болары анық.

Бірақ, орталықтың бәрі озық па?

«Орталық оқушылардың білімін шын мәнінде көтеріп жатыр ма?» деген «сұрақтың жауабын сол орталықтардың иесі кім, жүйесін кім жасайды» деген сұрақтың жауабы негізінде қараған дұрыс шығар. Себебі мен қаншама орталықты зерттедім, көбінің негізгі шаруасы оқушылардың үй тапсырмасын орындап берумен шұғылданады, бұның балаға пайдасынан зияны көп, бұлардың ісі – таза ақша үшін ғана. Ал кейбір орталықтар белгілі бір идеологияны жүргізу мақсатында ашылған, өздерінің жеке мақсаты, мүддесі үшін жұмыс жасап жүр, бұл елдің ертеңіне үлкен қауіп те тудыруы мүмкін.

Иә, елде сапалы білім беріп, қаншама оқушының дарынын шыңдап, қанат қақтырып жүрген орталықтар жетерлік. Мектепте әр баланың дегейіне қарай сабақ өту мүмкіндігі болмайды, стандарттан кейін шегіну немесе өте қатты озуға мүмкіндік бола бермейді, жалпылай айтқанда сызылған сызықпен жүру керек. Ал орталықтың артықшылығы баланың деңгейіне қарай бөлінуінде, бала санының аздығы мен сабақтың соған сай жүйелілігінде, еркіндігінде. Тіпті, мектеп мұғалімдерінің қолында жоқ оқулықтар мен әдістемеліктердің бар болуында. Мұнда бәрін басынан бастап оқытады: мәселен, қазақ тілінде буын, екпіннен, Қазақстан тарихында тас дәуірінен, математикада қосу, көбейтуден басталады. Сондай-ақ, мектеп оқулықтарында айтылмайтын, бірақ, ЖОО-да сұралатын мәліметтер де қамтылады. Ауылдық, аудандық жердің оқушылары мұндай курстарды қалаға барып оқитындықтан, бәсекелі ортаны сезініп, біржола ізденіске арнай алады.

Сондықтан да, орталықтың иесі кім, жүйесін кім жасайды, ол орталықта сабақ беретіндер кімдер деген сұраққа толық жауап берген соң ғана, ол ортадағы білім сапасы туралы, ол орталықтан оқып шыққан оқушының білімі мен тәрбиесі туралы айтуға болады. Бәскелестіктің заңы бойынша озықтың да, тозықтың да атын атамадық, озығын таңдауды оқырманның өз еншісіне қалдырдық.

Өзгеден өзіме қарай…

Жалпы қосымша білім беру орталығына ең алғаш 2012 жылы бір орталықтың ұсынысымен сабақ өтуге барған ем, содан кейін үш орталықтың мұғалімі, әкімшілерінің қатарында болып ең соңғы тәжірибемді аталмыш өз орталығыма шоғырландырдым. Аттан аттың несі артық, адымдап басар жүрісі,  – демей ме, менің екі жылдан сәл асатын уақытта қарызбен басталған орталықтың Астананың белді орталығы ғана емес, республикаға танымал қазіргі деңгейдегі биікке көтеруіме жалғыз сыр, ол – кәсібилік. Ол білім саласындағы және бизнестегі кәсібилік деп ойлаймын. Біз тек білім берумен, қосымша сабақ берумен ғана емес, бала жанымен жұмыс істеп келеміз, ол біліммен қатар өрілген тәрбие беру бағыты деп ойлаймын. Ол республикалық деңгейде беріліп жүрген тренингтер, өткізіліп жатқан іс шаралардың нәтижесі.

Өзімізді мақтағым келмейді, жаңадан бері біразға кетіп те қалдым, орталық ашылғаннан бастап күні бүгінге дейін ұстаздарымыз жеке ұстаз ретінде де республикалық жарыстарда биік орындардан көрініп келеді. Ал, шәкірттер әлденеше олимпиададан алқа тағып үлгерді. Қырықтан астам қосымша оқу құралдарын дайындадық, үш жыл оқушы түлетіп, 90 пайыздан жоғары грант иегері атанып, ата-ананың алғысына бөлендік. Бүгінде республиканың түкпір-түкпірінен білім алушылар келіп, айлап оқып, білім алуда. Шетелден келген 200-ден астам қандасты қазақ мектептеріне дайындадық, біразі бүгінде жоғары оқу орындарында студент атанып үлгерді…

Бірақ бұның өзі біз үшін әлі аз жұмыс, біз Қазақстанның қосымша білім беру саласында тыңнан сүрен салғымыз келеді, сол үшін кейбір жасалып жатқан тірлік туралы бір саусағым бүгулі қалсын.

Әрине, өзге қалаға қанат жаю ойымызда бар, бірақ санды арттырып сапаны түсіріп алудан қорқамын, бала жанын түсінетін, білім саласының қыр-сырын меңгерген, осы салаға ниетті серіктестер табылып жатса, білгенімізбен бөлісіп, басқа қалаға отау тігуге болады. Бұл да уақыттың еншісінде.

Әрине, орталық ашу және дамыту бағытында бизнес кеңесші ретінде де өзімді жаңа бағытта сынап көрдім, алда да жеке өз алдына білім беру орталықтарын, жеке мектептер ашатындарға бизнес кеңесші болуға дайынбыз.

Орталық ашуға ниетті қауымға соңғы сөз…

 Білім беру орталықтарының біраз қыры мен сырына үңілдік, ендігісін әр білім беру орталығының сайтына, әлеуметтік желідегі парақшасына үңілсеңіз көкейдегі көп сұрақтарыңызға жауап табасыз…

«Сағынбай шықпа сапарға» дегендей, бұл салаға зерттемей, сала ретінде меңгермей ұрынуға болмайтынын ескертемін. Ал бұл салаға қызығушылығы аса күшті жандарға болашақта тың жобалармен келерміз деген ойдамын.

Бастысы ұлымыз ұлағатты, қызымыз инабатты болсын. Қазақ баласының бәрі дарынды, дұрыс бағыт беру әр ұстаздың қасиетті парызы, осы парызымызға мәңгілік адал болайық, өйткені білім саласы ұлттың, елдің кемел келешегі.

Аятжан Ахметжан. Республикалық «KAZBILIM» орталығы директоры

-ЖАРНАМА-spot_img

2 COMMENTS

  1. Саламатсызба орталық ашу жолдарын тусиндирип отсениз ашу ниетим бар

  2. Жақсы сөздер ойға ой салып, ойымыздың қисықтығын түзулеп тірліктің тәттісі ащысынан кейін екенін ескердік. Рахмет Айеке мына жазған сөзіңіз әсерлі екен.

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here

- ЖАРНАМА -spot_img

СОҢҒЫ ЖАЗБА