22.11.2024

МЫҢ БАЛАНЫ ТЕГІН ОҚЫТАДЫ

Түркістан облысы Сайрам ауданына қа­расты Ақсукент ауылында балалардың цифрлы және функционалды сауаттылығын арттыру мақсатында тегін оқытатын IT сыныбы ашыл­ды. Бұл «Нұр Отан» партиясының мұрындық болуымен алдағы үш жыл ішінде республика бойынша ашылуы тиіс «Балаларға арналған тегін IT сыныптар» жобасы аясындағы мың тегін оқытатын ІТ сыныптың бірі. Салтанатты шарада белгілі болғандай, алдағы уақытта жалпы Сайрам ауданында тағы да осындай 19 сынып ашу көзделуде.

IT сынып Түркістан облысы Сайрам ауданы Ақсукент ауылында С.Сейфуллин атындағы №20 мектеп гимназиясында ашылып отыр. Салтанатты ашылу сәтінде «Нұр Отан» партиясы Сайрам аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Мария Қалыбаева сөз алып, жобаның мақсат-міндеттері туралы айтып берді.

«Бұл ІТ сыныптарда балаларды халықа­ралық стандарттарға сай арнайы бағдарлама негізінде оқытатын болады. Сондай-ақ жоба аясында алдағы уақытта Сайрам ауданы бойынша 20 ІТ сынып ашылып, онда 8-16 жас аралығындағы 1000-ға жуық бала бағдар­ламалау және робототехниканың негіздері жайында сабақтан тыс уақытта білім алады» деді Мария Қалыбаева.

Осындай сыныпқа аудандағы мектептер­дің арасында бірінші болып қол жеткізіп жатқанын тілге тиек еткен №20 С.Сейфуллин атындағы мектеп-гимназиясының директоры міндетін уақытша атқарушы Үрия Сейтқұлова: «Ауданымызда бірінші болып IT сынып біздің мектепте ашылып отыр. Айталық, ІТ сынып заманауи компьютерлермен, тез жылдамдықты интернет желісімен және басқа да құрал-жабдықтармен толық қамтылған. Осыған дейін қажетті дайындық жұмыстары толығымен жүргізілді. Мәселен, мектептің IT маманы арнайы «Нұр Отан» партиясының ұйымдастыруымен біліктілік арттыру курсына жіберіліп, сертификатын алды», – деді ол.

Сыныптың ашылғанына ата-аналар мен балалар қатты қуанды. Өйткені бұл сыныпта оқушыларға қарапайым алгоритмдерді құру, еуропалық білім беру стандарттарына сәйкес бағдарламалар мен WEB-сайттарды құру дағдыларын игеруге мүмкіндік беріліп жатыр. «Ең маңыздысы, оқушылардың заманауи сауаттылығы артады және инженерлік-техникалық ойлау дағдылары қалыптасады» дейді мектеп басшысы.

Аталған мектептің IT маманы Махаббат Суюбердиеваның айтуынша, IT сыныптар ашы­луы­ның негізгі мақсаты балалардың цифр­лы және функционалды сауаттылығын арт­тыру. Оның ішінде балаларды веб сауат­ты­лық, бағдарламалау, анимация, мультип­ли­ка­ция жасау бағдарламаларын және қол­дан­балы бағдарламалардың жұмыс істеу прин­­­цип­терімен таныстырып түсінік қалыптастыру.

«Нұр Отан» партиясының қол­дауымен ІТ саласы бойынша 1 айлық оқудан өтіп келдім. Java, C++, Scratch, робототехника, 3D модельдеу бойынша білімімді жетілдірдім. Ендігі кезде өз білгенімді балаларға үйретемін» дейді маман. ІТ сынып ашу салтанатына Сайрам ауданының әкімі Бақтияр Мамаев пен аудандық білім беру бөлімінің басшысы Асан Бабашов және аудандағы арнаулы орта оқу орындарының басшылары қатысып, ойларын ортаға салды.

Түркістан облысы
Тельман БЕЙСЕНОВ
“Айқын” газеті

-ЖАРНАМА-spot_img

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here

- ЖАРНАМА -spot_img

СОҢҒЫ ЖАЗБА