Home Ұстаз үні «Адамның адамгершілігі жақсы ұстаздан болады»

«Адамның адамгершілігі жақсы ұстаздан болады»

0

«Ұстаздық мінез-құлық нормасы мынадай болуға тиіс: ол тым қатал да болмауы керек, тым ырыққа да жығыла бермеуі керек. Өйткені аса қаталдық – шәкіртті өзіне қарсы қояды, ал тым ырыққа көне беру – қадірін кетіреді, берген білімі мен ғылымына шәкірті селқос қарайтын болады», ‒ деп ұстаздардың ұстазы Әбу Нәсір әл-Фараби айтқан екен. Қай заманда да қоғам ұстаз мәртебесіне селқос қарамаған. Өйткені ұстаз ұлды ғана емес, тұтастай ұлтты тәрбиелеуші. Бір айта кетерлігі, соңғы уақытта бала оқытып, педагог болудан, кейінгі жас буын басын алып қашады. Өзі ұстаздан тәлім алса да, келешегін білім-ғылым саласымен байланыстырып елестете алмайтындар қатары көбейгені сөзсіз. Неге?

Ұлы ақын Абай Құнанбайұлының «Адамның адамгершілігі жақсы ұстаздан болады» деген сөзін бала кезден санамызға сіңірдік, енді балаларды да осы тұрғыда тәрбиелеп келеміз. Бірақ, соңғы онжылдықтағы мұғалім мен шәкірт арасындағы байланыс көңіл көншітпейді. Жоғарыда айтып өткеніміздей, әр мұғалім өз ізбасарын дайындап шығарғысы келеді. Бірақ жастар арасында осы жолға бет бұратындар саны жылдан жылға азайып барады. Олар өз ойын «болашақта қажетсіз мамандық» дегенмен түсіндіргісі келеді. Уақыт дәлелдегендей, денсаулық пен білім мәселесі қай заманда да қажеттілігін жойған емес. Бәлкім, заманауи технологиялар дамып, жер бетіндегі адамдар денсаулығы реттеліп, дәрігерлер қажетсіз болып қалуы мүмкін. Бірақ ұстаз орнын ешкім баса алмайды. Қай заманда болсын, әріп үйретіп, қолға қалам ұстататын жанның қажеттілігі жойылмақ емес. «Ұстазсыз шәкірт – тұл, шәкіртсіз ‒ ұстаз тұл» деген тәмсіл мәні осыны аңғартады. Президент Нұрсұлтан Назарбаев осы жылғы халыққа жолдауында: «Келесі жылы «Педагог мәртебесі туралы» заңды әзірлеп, қабылдау қажет деп санаймын. Бұл құжат мұғалімдер мен мектепке дейінгі мекемелер қызметкерлері үшін барлық игілікті қарастырып, жүктемені азайтуға, жөнсіз тексерістер мен міндеттен тыс функциялардан арашалауға тиіс», ‒ деді. Елбасының дәл осы қамқорлығы барша әріптестерімді қуантқаны сөзсіз. Осы арқылы көз ұшынан ғайып болып бара жатқан Ұстаз статусы жаңғырып, педогог мәртебесі қалыптасады. Білім қызметкерлерінің I құрылтайында Елбасымыз: «Болашақта еңбек етіп, өмір сүретіндер – бүгінгі мектеп оқушыларын мұғалімдер қалай тәрбиелесе, Қазақстан сол деңгейде болады», ‒ деген еді. Сол үшін педогог та, шәкірт те, әкім де, ақын да, жалпы, қоғам болып елге еңбек ету керек.

Әтіркүл Иманбердиева
мұғалім

NO COMMENTS

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here

Exit mobile version