Құрметті жас өскіндер, тәуелсіз елдің XXI ғасырдың жас буыны:
Мамандық таңдауға біздің жұрт аса қатты мән береді, тіпті, «Тіршілікте адам екі нәрседен жаңылыспауы тиіс. Біріншісі жар таңдау болса, екіншісі мамандақ таңдау» — дейді. Иә жар таңдауда қателесуге болмас, бір таңдаған жарды алмастыру трагедия, өмірің сонымен өтеді. Ал, мамандық таңдауға дәл сондай, басымдылық беру керек емес. Себебі, себебі көп, түйінін әлімізше тарқатып көрелік.
Алғашқы себеп, адамның көзқарасы құбылмалы құбылыс, табысқа жете берсең өз мамандығыңызды сүйе бересіз, ал, табысқа жетпесең өз ісіңнен суынасыз. Ал, өз ісіңіздегі табысқа жету сіздің мамандығыңызға емес, сіздің біліктілігіңізге байланысты болмақ. Білігіңіз жетпесе «беделді» мамандықтың жағасына қанша жармассаңызда ол сізді ұшпаққа шығармасы хақ.
Сонан соң, егер шын табысқа жетем десең, жастық шағыңда бір жерде, бір орында 18 айдан артық жұмыс істеме, себебі, ары қарай тоқырауға бет аласың дейді, Билл Гейтс. Ал, бізде жұмыс алмастыра беру тұрақсыздық саналады. Жұмыс алмастыру адамға түсетін салмақты, талапты алмастыру мен келісем, бір жерде өсіп отырмасаң, жетіліп дамып отырмасаң ол жерден кету керек, себебі, адам ғұмыры қысқа, уақыт күттірмейді.
Сол үшін бүгінде мамандық таңдауда өзгеріске дайын болу керек, басты мақсат мамандық емес, табысқа жету, қай салада табысқа жетсек ең маңыздысы сол, ол үшін басты дүние, беделді мамандыққа барып сапасыз маман болғанша, елеусіз мамандықпен сапалы маман бол. Бастысы интелектуал тұлға бол. Ал, арман, мақсат жеткен жетістікке қарай күнде өзгереді.
Мына ғасырдағы ақпараттық тездік көп нәрсені өзгертті. Әлі де, біраз нәрсені өзгертеді. Сіз осыған дайынсыз ба? Кешегі металлург бүгін кім, кешегі мұғалім бүгін кім, кешегі экономист бүгін кім екенін білерсіз? Ал, сізге мүмкіндік туса ше?
Бірнеше жыл бұрын АҚШ-тың еңбек министрлігі: «қазіргі студенттер 38 жасқа келгенше шамамен 10-14 жұмыс орнын алмастыруларына тура келеді» — деген еді. Олардың меңзегені бір мамандықта әртүрлі компанияда жұмыс жасау емес, әртүрлі дайындықты қажет ететін әртүрлі мамандықтар еді.
Яғни еңбек нарығына енді қадам басқан түлек, 4-5 жыл бұрын таңдаған мамандығы енді нарықта қажет болмай немесе басқа себептермен 38 жасқа келгенше 10-14 түрлі мамандық ауыстырады.
Статиска бойынша бүгінде әлемде 60% адам өз мамандығы бойынша жұмыс істемейді, ал, біздің елде бұл көрсеткіш одан жоғары болуы әбден мүмкін. Бұл әрине кез-келген түлекті де мемлекетті де толғандыратын өзекті мәселе.
Себебі өзіңіз ойлап көріңіз, мен 4 жыл бір мамандықта оқимын, сол 4 жылдан кейін оқыған мамандығым ешқандай жерде қажет болмай қалса не істеймін? Тез арада басқа мамандыққа ауысу үшін не істеу керекпін? Қанша уақыт керек? Тағы қанша қаражат керек?
Немесе сондай жағдай туындамас үшін қандай қабілеттерге ие болу керекпін? — деген сияқты орынды сұрақтар туындайды.
Мемлекет жыл сайын бакалавр мамандықтарына 40-50 мың грант бөліп жатыр, оларды бітіріп жатқандардың жартысынан көбі сол мамандықтармен жұмыс жасамайды. Оның себептерінің бірі де осы еңбек нарығында мамандықтарға қажеттіліктердің өзгеруі десек болады.
Европарламент осы мәселеге байланысты болашақ маманның бойынан табылу қажет 8 қабілетті атап өткен:
1- ана тілінде еркін қарым-қатынас жасай алу
2- шет тілінде еркін қарым-қатынас жасай алу
3- математикалық сауаттылық
4- цифрлы технологияларды білу
5- жаңа нәрселерді тез үйрене білу
6- қоғамдық және азаматтық қабілеттер
7- кәсіпкерлік
8- мәдени ортаның ауысуына дайын болу
Айналып келгені де, 8-і де сіз өзгеріске дайынсыз ба, дегенді меңзейді.
Кеше бар біраз мамандықтың орнын бүгін техника алмастырса, ертең біразын жасанды интелект, роботтар алмастыратыны хақ. Ғалымдар енді 15 жылдан соң әлемдегі мамандықтың 40 пайызы жоғалып, мүлде жаңа мамандықтар туатынын айтады. Ал, біз сол кезде өз дағдымызды (мамандығымызды) тастап, жаңа дағдыға өте аламыз ба? Бұл біздегі маңызды сұрақ, өзімізге қоятын ең маңызды сұрақ болмақ.
Бүгінде қоғам, ақпарат, техника күн санап түрленсе де, адамдар неге тұрақты (өлмейтін) мамандықтың есігін қаққанды жақсы көреді? Бұл біздің қоғамның өткен коммунизімдік жүйеден шыққан үлкендердің әдеті. Бүгін бізде балалардың мамандығын зорлап өзіміз жетпеген, бола алмаған салаға сүйреу ата-аналар арасында басым. Ал, баланы сүйреп, өзі толық қаламаған ізге салу тұлғаның тұлғалық қасиетін жояды. Сұңқар баласын ұшуға үйретерде қиядан тастап жіберіп қарап отыратынын бәріміз аңыз етеміз, ал, баламыз сұңқар болсын деп өз бағытына жіберуден қорқамыз. Табиғаттың өзі тәлім, тәлім алу, білім адами табиғат.
Бүгінде кез келген мамандық таңдауға кеңес сұрасаң арман мен мақсатыңа байланысты таңда дейді, бірақ, арман мен мақсат, өз ортаң мен көзқарастарға байланысты, өзің шыққан биікке байланысты өзгермелі болмақ. Бүгінде көп адам бір танымал мамандықты таңдап алып, соған түсемін деп ұлттық бірыңғай тестке дайындалады. Ал, ұлттық бірыңғай тесттен соң балы жетпей басқа салаға бет бұрғанын байқамай қалады, немесе үмітсізденіп кетеді. Біздің ең үлкен қателігіміз де осында. Біздің мақсатымыз мысалы дәрігер болу болды да, ал басқаны екінші кезекке қалдырдық. Негізі біздің мақсат, адам болу, тұлғалық қалыптасу болмақ. Бұрынғыларша айтсақ, ақын болу өз ісің, адам болу борышың!
Бүгіннің басты сұрағы адамдықтан алыстамай табысқа жету. Ал, ол үшін адам бойындағы шығармашылық, жасампаз дарынын, бойындағы білімі мен талантын табысқа жетелей алмағы ләзім.
Бүгінде біз ескере бермейтін ең үлкен ақиқаттар жаман мамандық жоқ, сапасыз маман бар. Талай керемет мамандық иелері өз ісіне кәсіби емес болмауы кесірінен табысқа жетпеді, талай жұрт менсінбес мамандық иелері табысқа жетті.
Қазіргі заманда ең мықты да, ең ақылды да емес, ӨЗГЕРІСТЕРГЕ ТЕЗ БЕЙІМДЕЛЕТІН АДАМ ұтады, жеңіске жетеді, жетістікке жетеді. Ал, сіз өзгермес, мәңгі өлмес мамандықтың жетегіндесіз бе әлде, өзіңіздің тұлғалық қасиетіңізді дамыта аласыз ба?
Жақсылық көрсем өзімнен,
Жамандық көрсем өзімнен.
Тағдыр қылды деулерді
Шығарамын сөзімнен, — дейді, Сұлтанмахмұт Торайғыров. Бүгінде жеңіске жетсек өзімізге желпініп, сәтсіздікке ұшырасақ тағыдырға налып, немесе ата-анадан көретін әдетті шығарған жоқпыз ба?
Сенбе жұртқа, тұрса да қанша мақтап,
Әуре етеді ішіне қулық сақтап.
Өзіңе сен, өзіңді алып шығар,
Еңбегің мен ақылың екі жақтап, — демей ме ұлы Абай. Сіздер, тәуелсіз боп, өздеріңізге сеніп, тұлға болып, елді өрге сүйрер өр буын болып қалыптасып шығуларыңыз керек-ті.
Аятжан Ахметжанұлы
Республикалық «QAZBILIM» орталығы директоры. Химия ғылымдарының PhD докторанты. Ақын. журналист