Қазақ қоғамында жазылмаған заң көп. Бірақ, бала тәрбиесінде жалғыз ғана ереже бар. Оның аты – «жаман болады». Барлық жағдайда осыған сүйенеміз. «Ойнап жүріп жылама, жаман болады», «босағаға сүйенбе, жаман болады»… Тізе берсең, баланы барлық әрекеттен шектейтіндей көрінеді. Бірақ, осы ырым-тыйымдардың түбінде ізгі ниет, игі ой жатқаны жасырын емес.
Бала күнімізде неге жаман болатынын түсінбесек те, «жаман боладыдан» қорқып өстік. Ал жаңа ғасырдың ұрпақтары олай емес. «Не болады, не боладымен» мазаңды алғанда, абдырап қаласың. Расымен, олай істесе не болады деп өзің де іштей ойланып қаласың. Кезінде ата-анамыздан сұрап алмағасын не болатынын өзіміз де білмейді екенбіз. Бірақ, сол «жаман боладының» ережесін әлі ұстанамыз. Олардың кейбірінің нақты ғылыми дәлелдері бар болғанымен, кейбірін түсіндіріп бере алмаймыз. Себебі кейбірі діни наным-сеніммен, кейбірі жай ғана жағымсыз көрінетіндігімен түсіндіріледі.
Жаман ырым болмайды. Барлығы жақсы ниеттен туған жақсы амал есептеледі. Дәуір жаңаланған сайын, адамдардың ойлау кеңістігі кеңейіп, дәстүрдің озығы мен тозығы анықталып, кей ырым-тыйымдар маңызын жоя бастады. Заман талабына сәйкес келмейтіндері сұрыпталып, өміршеңдері әлі де өзектілігін жойған жоқ. «Ұланның» тұрақты кейіпкері Негебек неге «жаман болатынын» жан-жақты анықтауға тырысты.
Мұрат Есжан өзінің Фейсбуктегі парақшасында: «Сыпыртқыны тігінен қойсаң, жаман болады дейтін. Негізі, жаман болмайды екен ғой, тек ұшы майысып, дұрыс сыпырмай қалады екен. Сыпыртқыны әлі де пайдаланамыз, демек, бұл әлі де болса пайдасы бар қағида. Тек «жаман болады» деген дәстүрлі сөз қосылып, қарапайым қағиданы нанымға айналдырып жібергені болмаса», – деп жазды.
Қазақ халқы ырымды ғылымнан жоғары тұратын тылсым құдіреттің түсінігі ретінде қарастырған. Ырым-тыйым – түйсігі барлар түсінетін өмір заңдылығы екені даусыз.
Басыңды шайқама, адамға қарап түшкірме, саусағыңды шошайтпа, нанның қиқымын жерге шашпа – осының бәрі баланы жастайынан әдепті, тәртіпті болуға тәрбиелейді.
«Қазақ халқы баласын «жағыңды таянба», «тізеңді құшақтама» деп өсіреді. Оған ешкім темекі тартпа, арақ ішпе деп айтпаса, ол осы әрекетті жасауы мүмкін. Бірақ, жағын таябайды, тізесін құшақтамайды. Неге? Өйткені оған кішкентай кезінен ата-анасы осыны бойына сіңіріп өсірді. Егер оны бармақтай кезінен күнәлі істерден тыйып отырса, оның бұрыс бағытқа түсуі мүмкін емес. «Болмайды» дей салу да баланы қанағаттандырмайды. Оның себебін түсіндіріп, өзіміз үлгі болуымыз керек», – дейді Алматы қаласындағы Орбита мешітінің наиб имамы, үш қыздың әкесі Ернар Мәжен.
Жапондар балаларына шектеу қоймайды екен, сондықтан ұрпақтары алғыр болады дегенді жиі естиміз. Кейде қазақтардың жасық, ұяң болуы ырым-тыйымдардың көптігінен болар деген ойға қаламыз. Жаңа ғасырда балаға қандай тәрбие беру керек, дәстүрлі ырым-тыйымдар баланың ой-өрісінің дамуына қалай әсер етеді? Бұл туралы 40 жыл мектепте қызмет еткен педагог, қазір зейнеткерліктегі әже, бес бала, он бір немере, бір шөбере тәрбиелеп отырған Дина Қойшыбайқызынан сұраған едік.
Бес бала, 11 немере, бір шөбере тәрбиелеп отырған Дина Қойшыбайқызы дәстүрлі қазақ қоғамының өкілі болғанына қарамастан, балаларға таңдау еркіндігін беріп, көп нәрседен шектемеген дұрыс деп есептейді. Өзі 40 жыл бойы мектепте ұстаздық қызмет еткен әженің айтуынша, қазақ халқының ырым-тыйымдары тек тәжірибелі адамдардың басынан өткен оқиғаларынан туындайды. Заман өзгерген сайын оның өңі де, мазмұны мен мағынасы да өзгеріске ұшырайды екен.