07.11.2024

АҚЫЛДЫ БОЛСАҢ, АЛДЫМЕН ӨЗІҢДІ ТӘРБИЕЛЕ…

Бүгінде “жаға ұстатты мен жұртты шулаттының” арасында тірлік көп. Бір жұрт имансыздықтан, бір жұрт ұятсыздықтан, бір жұрт ұлтсыздықтан көрсе, енді бір жұрт тексіздіктен дейді.

Иә, атын атағың келмейді, бірақ, сол балалар да отбасында тәрбиеленіп, мектептің табалдырығын аттап шығып жатқасын, бүгінгі ұстаз ретінде бір ауыз пікір айтуды өзіме парыз санадым.

Бастысы, бүгін біз тәрбиені ұранға айналдырдық, ұраншыл, «әсіре қызыл» қауымға айналып барамыз. Жеңіл жолмен пайда табу, істен гөрі сөз, сөзден гөрі хайпке ұрыну бүгінгі елге оңай болып тұр.

Бір ісіміздің артында бүкіл әулеттің, тым құрыса бір отбасының ұяты тұрғанын ескере бермейміз.

Адам адамнан тәлім алады,
Ағаш ағаштан мәуе алады, — дейді атам қазақ. Біз жан-жағымызды қалай тәрбиелеп жатырмыз?
Бірде кино — өнер, ол жұртты тәрбиелеуге міндетті емес, — деп шуладық. Иә, ол өнер, ол болары болып, бояуы сіңіп қойған, ақыл тоқтатқан зиялыны тәрбиелеуге әлі жетпес, олар оған өнер деңгейінде қарай алар, бірақ, үйдегі, мектептегі бала өнер деп қабылдай ма? Әлде өмір деп пе?

Әрине, олар үшін Көрген көргенін істейді,
Көсеу түрткенін істейді. Бұны біз естен шығарып жібердік. Қазақ айтады, сиыр су ішсе, бұзау мұз жалайды, — дейді. Біз қарапайым осыны ұмыттық, бүгінгі жастар кітап оқымайды, бүгінгі балалар өйтпейді, бүйтпейді, — дейміз. Өзіміз ше?

Өзіміз кітап оқимыз ба, өзіміз ізденеміз ба? Үйдегі бала айтқаныңды емес, істегеніңді істейтінін естен шығармайық. Өз басым баламды емес, өзімді, оқушымды емес, өзімді көбірек тәрбиелеуім керек екенін жақсы білемін. Үйдегі балама, алдымдағы оқушыға идеал бола алсам, артымдағы іні-қарындасыма кумир бола алсам, сол менің үлкен тәрбием деген ой ғана бар санамда. Сол үшін де, күн сайын сөзден гөрі іске көбірек мән беру жағына кетіп барамын. Тіпті сөйлегім келмейтінді шығардым. Тек іс!

Бүгін отбасындағы тәрбие де, мектептегі тәрбие де, қоғамдағы тәрбие де, тіпті мемлекеттік идеология да ұранға айналды. Кез-келген мемлекеттік бағдарламаны, қыл аяғы жолдауды немесе әлде бір сұхбатты да ұранға саламыз. Тақырыпты ғана талқылаймыз. Сосын сөзімізден береке, ісімізден өнеге кетеді.

Өзіміз пара беріп, пара аламыз, бірақ, жемқорлық туралы көсіліп сұхбат береміз. Өзіміз ебін тауып, екі асағымыз келіп тұрады, бірақ, адалдық туралы әңгіме айтамыз. Ал, сосын баламызды, әйтпесе жастарды тәрбиелеп жатырмын, — деп көсілеміз. Жоқ, жастар да, үйдегі бала да әрбіріміздің екіжүзді кеспірімізді көріп жүр. Содан кейін қалай үлгі алсын?
Желіде өзгені жерден алып, жерге салып отырамыз, бірақ, ғайбат пен өсек туралы лекция оқимыз. Біреу сүрінсе бір теуіп кетуге дайынбыз, бірақ, мейірім туралы ақыл айтамыз. Сөз басқа, іс басқа.
Атам қазақ баласын үш-ақ ауыз сөзбен тәрбиелесе, біз бүгін соны үш томға жеткіздік, бірақ, үш-ақ ауыз сөздің құдіреті жеткен іске үш томның құдіреті жетпейді. Себебі, өзіміз басқа, сөзіміз басқа.
Сөзбен істің арасы атшаптырым, бірақ ақыл айтамыз білек түріп, осы сәтте өзгеден емес, өзінен ұйалмақ керек.
Идеалымыз еңбекпен емес, есерлікпен танылғандар, табынатымыз шоу мен шудың ортасында жүргендер болғасын, рухани азбай қайда барамыз?
Білім де, ғылым да, идеология да тендер атты «өкімет деген теңіз, ебін тауып жеңіз» — деген жүйеде бұдан артық ештеме күтуге келмес.
Қоғамға тазармақ керек, ол үшін биліктен бастап тазару керек, күлкілі дүние керек емес-ті. Қоғам тазару үшін әр адамның ісі мен сөзі бір жерден шығу керек. Әр адам тазару керек. Әйтпесе, осы қарқынмен кетсек, құдай түбін берсін.
P.S. Күнтізбенің бір жылы бітіп, келесі бір жылы басталғалы тұрған шақта ойлансақ деген ниет қой, ұстаз болғасын ақыл айтқанды жанымыз сүйеді)). Біз ұстазбыз, ұстаздарға да өзгермек, ұстаз деген атқа лайық болмақ керек, тәрбиенің бір ұшы бізде екенін де естен шығармайық.

Аятжан Ахметжанұлы. Республикалық «QAZBILIM» орталығы директоры. Химия ғылымдарының PhD докторанты. Ақын. журналист. 

-ЖАРНАМА-spot_img

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here

- ЖАРНАМА -spot_img

СОҢҒЫ ЖАЗБА