Түркістан қалалық білім бөлімінің қызметкері Жансая Шорабекова жастармен жүздесуінде Жастар жылында атқарылуы тиіс мәселелерді талқылады. Әсіресе, Елбасының «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» Жолдауын кеңінен талдады.
Атап айтқанда, педагогтар мәртебесі туралы, әлеуметтік жеңілдіктер, негізсіз тексерістерді азайту, мұғалімдерге құзыретіне жатпайтын қоғамдық жұмыстарды жүктемеу проблемалары талқыланды. Жасотандықтар Жастар жылын педагогтар мәртебесінің артуына үлес қосып, оларды ұлықтаумен бастады. «Жас Отан» Жастар қанатының Түркістан облыстық филиалының төрайымы Жұлдыз Алмасқызы педагогтар мәртебесін көтеруге барлығымыз атсалысуымыз керек деген ойымен бөлісті. «Баланың жеке тұлға болып қалыптасуына, қиялына қанат бітіріп, рухын тәрбиелеуде ата-анамен қатар, мұғалімдердің де үлесі ерекше. Қай заманда болмасын, педагогтар қауымының мәртебесі биік. Елбасы «Қазақстандықтардың әл-ауқаты өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында жоғары білім беру туралы және педагог мәртебесі жайында бірқатар маңызды міндеттерді атап өтті. Атап айтқанда, биыл «Педагог мәртебесі туралы» заң қабылданады. Бұл – қазақстандық ұстаздар қауымының қоғамдағы беделін арттырып, орнын айшықтауға зор қадам болмақ. Бізді жастарға білім беруге айрықша көңіл бөлінуі ерекше қуантты», – деді Жұлдыз Алмасқызы.
Жиында Жолдауда айтылған негізгі мәселелердің қай-қайсысы да өзекті екені жан-жақсы талқыланды. Расул Есетов атындағы №20 мектептің қазақ тілі пәнінің мұғалімі: «Қай заманда да қоғам педагог мәртебесіне селқос қарамаған. Өйткені ұстаз – ұлды ғана емес, тұтастай ұлтты тәрбиелеуші. Ұлы ақын Абай Құнанбайұлы «Адамның адамгершілігі жақсы ұстаздан болады» деген сөзін бала кезден санамызға сіңірдік. Енді балаларды да осы тұрғыда тәрбиелеп келеміз. «Педагог мәртебесі туралы» заңды әзірлеп, қабылдау қажет деп санаймын. Бұл құжат мұғалімдер мен мектепке дейінгі мекеме қызметкерлері үшін барлық игілікті қарастырып, жүктемені азайтуға, жөнсіз тексерістер мен міндеттен тыс функциялардан арашалауға тиіс» деген ойын ортаға салды.
Жиынға қатысушылар Елбасының: «Болашақта еңбек етіп, өмір сүретіндер – бүгінгі мектеп оқушыларын мұғалімдер қалай тәрбиелесе, Қазақстан сол деңгейде болады» деген тапсырмасын өңірде іс жүзінде іске асыру үшін қоғамның барлық мүшесі белсенді атсалысу керегін айтты.
Майра ЖАНЫСБАЙ
“Айқын” газеті