«Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ ағылшын тілінде қысқы ҰБТ-ны үздік тапсырған түлекке шетелдік ЖОО грантын сыйлайды, деп хабарлайды Қазбілім ҚР Білім және ғылым министрлігіне сілтеме жасап.
Айта кетейік, бүгін сағат 9:00-де республика бойынша ақылы оқу бөліміне түсушілер үшін Ұлттық бірыңғай тестілеу басталды. «18-20 қаңтар аралығында 35 838 талапкер сынаққа қатысса, оның 61-і ағылшын тілінде бақ сынайды. «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ ҰБТ-ны шет тілінде тапсырушылардың артуына қызығушылық танытты. «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ басшысы Жанболат Мелдешов тесті ағылшын тілінде үздік тапсырған талапкерге грант бөлуге дайын екендігін айтып, бірқатар шетелдік серіктес ЖОО-ларды белгіледі», – делінген ресми хабарламада.
Еске сала кетсек, 2019 жылдан бастап қазақстандық мектептердің түлектері ҰБТ-ны төрт рет тапсыруға мүмкіндік алды. Бұл бастаманың мақсаты – мектеп бітірушілерге ЖОО-ға түсу мүмкіндігін арттыру.
«Жалпы, шетелдік ЖОО-да білім алуға мүмкіндік өте көп. Биыл шетелдік ЖОО-лар қазақстандықтарға 40 000 грант бөлуге дайын. Бұл – әр талапкердің тегін білім алуға мүмкіндігі бар деген сөз. Мектеп түлектері ҰБТ сертификатымен қазақстандық ЖОО-ларға ғана емес, шетелдік оқу орындарына да түсе алады. Мысалы, Түркия жоғары оқу орындарына біздің сертификатымызбен түсе алады. Ол үшін ағылшын және түрік тілдерін білуі керек», – дейді Ж. Мелдешов.