22.11.2024

Ауыл мектептеріне оқушылар жетіспейді

Қала іргесіндегі Қызылжар ауылына барып қайттық. Біздің алдымызда ғана қала әкімі Балғабай Ыбыраев барып, ауылдық аумақты аралап шығыпты.

Жалпы, Қызылжар ауылдық аумағына қазір Қызылжар, Бо­­­рықтал, Жаңашаруа, Суат­көл, Сарышығанақ сияқты 5 шағын ауыл қарайды. Барлығын қосқанда 3481 адам тұрады. Үлкен ауыл саналатын Қызыл­жар мен Сарышығанақта орта мек­теп болса, ал Борықтал, Суат­көл, Жаңашаруа ауылдарында бастауыш мектептер ғана қалған. Қызылжар орта мек­тебінде  320 оқушы болса, қалған 75 оқушы Борықтал, Суаткөл, Сарышығанақ  мек­теп­­терінде  білім алуда.

Ауыл әкімі Жеңіс Әбікеннің айтуынша, биыл Жаңашаруа бөлімшесінің оқушылары Са­рышығанақ мектебінде тасымалмен келіп оқиды. Бала саны азайған шағын мектеп жабылыпты. Қала әкімі бос қалған мек­тепті оңтүстіктен көшіп ке­летін отбасыларға беруді тап­сырған екен. Бірақ оқушысы көп Қызылжар орта мектебі 1972 жылы салынған ескі мек­теп. Іші-сырты, ауласы жөн­деуді күтіп тұр. Төбеден су ағады. Күрделі жөндеу жүр­гізілмегені, ескіні жаңадай ғып күтетін ұқыпты қолдардың жоқ­тығы  байқалады. Кірген бет­тен-ақ көңілсіздік басады. Мектептің екінші бөлігінде ауыл­­­дың әкімдігі орналасқан…

– Биыл қайта пластик терезелер орнатылды. Былтыр жы­лу қазандығы жөнделді. Енді бірте-бірте жөнделер, – деді мек­теп  директоры Айкүміс Жәлелқызы.

Айтпақшы, 2013 жылы сәуір айында жолсапар барысында Ақсу қаласының ауылдарын аралағанбыз. Мәмәйіт Ома­ров ауылындағы мектептің бір бө­лігі жабылып,  қаңырап бос тұрғанын көрген едік.

– Оқушыларыңыз  үңі­рейген  ескі мектеп үйінен қо­рықпай ма? – деген біз сонда  мектеп директоры Бижамал Шәкіроваға. Осыдан кейін газе­тімізде сол кездегі қала әкімі Болат Ба­қауов назар аударар деп «Қала ірге­сіндегі ауылға кім жан­ашыр?» деген мақала жаздық. Бұл жолғы жолсапар барысында  өзіміз жазған сол М.Омаров атын­дағы ауыл мектебіне де барып қайттық.

Өйткені 2017 жылы қаңы­рап бос тұрған мектепке күр­делі жөндеу жасалғанын естіп қуанған едік. Жақсылықты көзімізбен көргіміз келді.

– Оқушылардың білім алуы­на мүмкіндік жасалды.­ «Өңірлерді дамыту-2020» бағ­дарламасы аясында  об­лыс­­тық бюджеттен 198 мил­лион­ теңге бөлінді. Қазір жаңа мектепте С.Дөнентаев, Сырлықала, Көктерек ауылдарынан келіп оқитын 33 баланы қосқанда барлығы 206 оқушы білім алуда. Елге орал­ған ағайындардың ұл-қыз­да­рымен  мектептер толуда, – деген  қуа­нышын жеткізді Бижамал Шәкірова.

Біздің мақаламыз қазіргі об­лыс әкімі Болат Бақауовтың есінде қалса керек, қала ірге­сіндегі ауыл мектебіне  осылай жанашырлық көрсетті. Бі­рақ мектептің бұрынғы екінші бөлі­гі де күрделі жөндеуді күтіп  тұр­­ға­нын ескерейік.

Ал Қызылжар мектебінде оқитын балалардың дені Моң­­ғолиядан елге оралып, орнық­қан отбасылардың ұл-қыздары. Бұл отбасылардың қатарына қа­ла әкімі айтқан оңтүстік облыстардан қоныс аударып ке­летін отбасылардың балалары қосылса, бос мектептер то­лады деген сөз. Онсыз да жуырда өңірдегі тұрғындары кө­шіп кет­кен мектепте оқитын баласы аз 9 ауылдық аумақ қыс­­қа­­рып қал­­ды. Қоныс аудару­­шы­лар ке­ліп, орта толтыру үшін­ тұр­­ғын үй,­ жылы да жайлы­ мек­­тептер­ керек. Ауыл­ды сақ­­тау­ – міндет. Ақсу – алып өн­­ді­ріс­тер орналасқан қала. Ауылдың өзінде «Қы­­зыл­­жар құс» фабрикасы жұ­мыс істейді. Бұл ретте қа­ла­ның, биз­нестің ауылдарға қам­қор­лығы жетпей тұрғандай.

Жалғыз Қызылжар мектебі ғана емес, қалаға қарасты басқа да ауылдардағы ескі мектептер  күрделі жөндеуді қажет етеді.

Фарида БЫҚАЙ,
«Egemen Qazaqstan»
Павлодар облысы, Ақсу қаласы
Суретте: жөндеуден өткен  М.Омаров ауылындағы мектеп. Түгел елге оралған ағайын­­дардың ұл-қызы. Бұрын­ғы ­тұрғындардың түгелі дерлік қа­лаға кө­шіп кеткен.

-ЖАРНАМА-spot_img

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here

- ЖАРНАМА -spot_img

СОҢҒЫ ЖАЗБА