Павлодар облысында жаңартылған білім беру мазмұны бойынша оқу бағдарламаларын жүзеге асыратын ұстаздардың еңбекақысына қосымша төлем жасау үшін биылғы жылы республикалық бюджеттен 3,7 млрд теңге бөлінген, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.
«Соңғы үш жылда біліктілігін арттыру курстарында 8000-нан астам педагог оқытылған», – деді облыс әкімдігінде өткен жиында аймақ басшысының орынбасары Мейрам Бегентаев.
«Оның ішінде білім беру мекемелерінің басшылары мен олардың орынбасарлары, қалалық және аудандық білім беру бөлімдерінің әдіскерлері бар. Үш тілді білім беруге көшу аясында ағылшын тілін қарқынды оқу курстарынан физика, химия, биология және информатика пәндерінің 955 ұстазы өткен. Жаратылыстану-математика циклынан ағылшын тілінде сабақ беретін ұстаздардың саны – 455 адам. Сәйкесіше, олар 35 мың теңгеден астам қосымша ақы алады. Бұл мақсатта республикалық бюджеттен 286 миллион теңге қарастырылған».
Облыс әкімінің орынбасары өткен жылы тестілеу процедурасына облыс бойынша жалпы білім беру мектептерінен 4602 ұстаз қатысқанын атап өтті.
«Аттестаттаудың жаңа форматы ұстаздардың кәсіби шеберлік деңгейінің индикаторы болып табылады. Біліктілік тестілеуінен 374 ұстаз сәтті өтіп, жаңа формат бойынша санат алды. Сонымен қатар, 103 ұстаз «шебер ұстаз», 1298 ұстаз «педагог зерттеуші» санатын растады. Бұл мамандардың біліктілігінің сапалы әлеуетін көрсетеді. Өткен жылдың 1 қыркүйегінен бастап мектеп ұстаздарына педагогикалық шеберлік үшін 30-50 пайыз үстемақы белгіленген. Бұл мақсатта биыл 1,3 миллиард теңге қарастырылған», – деді ол.