ҚР Парламенті Сенатының депутаттары оқушы Нәдір Омарғазиевпен кездесті. Бұл туралы ҚазАқпарат агенттігі хабарлады.
Атап айтқанда, Қазақстандағы бала құқықтары жөніндегі уәкіл, сенатор Сәуле Айтпаева жас жеткіншекке Алғыс хат табыстап, кітап сыйлады.
Сенатор жас батырға Парламенттің жұмысы туралы айтып, өзінің әріптестері, Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің төрағасы Георгий Кимді, депутаттар Нұрлан Бекназаров пен Владимир Волковты таныстырды. Олар да өз тарапынан Нәдірге алғыс білдіріп, оның болашағына қатысты сұрақтар қойды. С.Айтпаева Нәдірді «Балаға дос Азия» атты халықаралық конференцияға қатысуға шақырды.
17 жасар Н. Омарғазиев көп балалы отбасынан шыққан. Ол 15 ақпан күні Астанада құдыққа абайсызда түсіп кеткен бес жасар баланы құтқарды. Бұдан бұрын хабарланғандай, жақында ҚР Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевтың бұйрығымен Нәдір Омарғазиевке «Төтенше жағдайдағы ерлігі үшін» төсбелгісі табысталды.