22.11.2024

“Министр ханым, сіз де анасыз ғой…”

«Әліппе» пен «Ана тілін» қайта білім беру жүйесіне енгізу туралы мәселе әлеуметтік желіде қызу талқыға салынуда. Еске сала кетсек, Білім және ғылым экс-министрі Ерлан Сағадиев білім жүйесіне біраз өзгерістер енгізді. Ол бастауыш сыныптан “Әліппе” мен “Ана тілі” оқулықтарын алып тастап, оның орнына “Сауат ашуды” енгізген болатын. Бұл жағдай халық арасында біраз дау тудырғанымен, 2015 жылдан бастап “сауат ашу” білім жүйесіне енгізіліп, әлі күнге қолданылып келе жатыр. Енді халық жаңа Білім және ғылым министрінен “Әліппе” мен “Ана тілін” қайта енгізуді талап етуде.

Айта кетсек, 5 наурызда Серік Әбікенұлы facebook парақшасында экс-министр Ерлан Сағадиевтің білім жүйесіне енгізген өзгерістерін қатаң сынға алды.

“Сағадиев “жақсы жұмыс істедік” деп өзіне-өзі баға беріпті. Күлдім де: Е, жөн, – дедім. Бір саланың ойран-ботқасын шығарған экстің есте қалар бір сөзі болды. Ал жаңа министр Күләш апайымыздан Сағадиевтің отырған жеріне үйіп кеткен проблемасын күрекпен тазалап тастауды сұраймыз” – деп жазған Серік Әбікенұлы.

Ол бастауыш сынып балаларына әуелі мәтін оқытып, одан кейін әріп үйрететін қойыртпақ әдістемені алып тастап, орнына “Әліппе” мен “Ана тілін” қайта енгізілуін талап еткен. Сондай-ақ «әліпби шикі болса қазақ баласының миы айран болады» деп  жан айқайын жеткізді.

Білім саласының былығып кеткенін алға тартып, қазіргі ҚР Білім және ғылым министрі Күләш Шамшидинованың қолынан келетініне сенім артатындығын айтады.

Бұл жағдай қарапайым халықтың арасында да қолдау тапқан. Әлеуметтік желі қолданушылары да бұл мәселеге қатысты өздерінің пікірін білдіріп, жаңа министрге үлкен сенім артып отыр.

“Іске сәт, Күләш апай. “Әліппе” мен “ана тіліміз” қайтіп келгей! Сізге сенемін”, – деп жазды желі қолданушыларының бірі.

«Бұрын осы апамызды Білім және ғылым министрлігінен алмағанда, Қазақстан қазір білім жөнінен көп ілгері кететін еді. (2002-2005 және 2007-2009 жылдары ҚР Білім және ғылым Министрлігінде вице – министрі болып қызмет атқарған — Ред.) Былайша айтқанда, бәрін дайындап, шайды әдемілеп жасап, енді ішуге отырып жатқан кезде тосыннан жағдай болып, бәрі өре түрегеліп, дайындаған шай жайына қалатындай дүние болды ғой. Осы Күләш апамыз керемет болатындай оқу ісін қолға алып, енді іске асырамыз деп жатқанда министрліктен алып тастаған. Қазір қайтіп келгеніне қуанып отырмын. Тек енді тез қимылдаса екен. Тағы өзгертіп тастар деп қорқамын. Іске сәт, Күләш апай! “Әліппе” мен “Ана тіліміз” қайтіп келгей! Сізге сенемін. Мен мұғалім болған емеспін, бірақ, бала біліміне жанашыр адаммын» – деп жаңа министрге сенім білдіретіндігін жеткізеді Светлана Муафихова есімді әлеуметтік желі қолданушысы.

Сондай-ақ, “Қос қолдап қолдаймыз. Министр ханым, сіз бірінші кезекте анасыз ғой. Балаларымыз өспей жатып шөгіп жатыр. Қайтарыңызшы әліппені! Қолдаймыз. Әліппе дұрыс. Қазір саны бар сапасы жоқ кітаптар баланың миын ашытып жатыр. Ия, қолдаймын «Әліппеміз» бен “Ана тіліміз” қайта келсін” деген сынды пікірлер халық арасында көптеп айтылуда.

Ұсынған: Фариза Жомартқызы

-ЖАРНАМА-spot_img

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here

- ЖАРНАМА -spot_img

СОҢҒЫ ЖАЗБА