22.11.2024

Жастар білімі мен күш-қуатын Отанымызды өркендетуге жұмсайтынына сенімдімін – Н.Назарбаев

Жастар білімі мен күш-қуатын Отанымызды өркендетуге жұмсайтынына сенімдімін. Бұл туралы Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев  республикалық телеарналар арқылы Қазақстан халқына арналған мәлімдемесінде айтты.

«Біз әлемдегі озық дамыған  50 елдің қатарына қосылдық. 2050 жылға дейінгі даму бағдарламасы әзірленді. Мақсатымыз – озық дамыған 30 елдің қатарына ену. Біз қираған КСРО-ның орнында заманауи нарықтық экономикасы бар, табысты  Қазақстан мемлекетін құрып, көпұлтты және көпконфессиялы елімізде бейбітшілік пен тұрақтылықты қалыптастырдық», – деп атап өтті Н.Назарбаев.

Мемлекет басшысы көп ғасырлық тарихымызда алғаш рет Қазақстан Республикасының құқықтық тұрғыдан халықаралық мойындалуын қамтамасыз ете алғанымызды да баса айтты.

«Мемлекет ретінде бедерленбеген Қазақстанды әлем картасына енгіздік. Біздің өз туымыз, әнұранымыз, елтаңбамыз бар», – деді Елбасы.

Н.Назарбаев  90-жылдардағы ең күрделі кезеңде «Болашақ» бағдарламасы бойынша мамандар даярлау ісі қолға алынғанын атап өтті.

«Жастардың лайықты білім алып, әлемдік тәжірибені зерттеуіне мүмкіндік туғыздық, сондай-ақ олардың елімізге өз пайдасын тигізуіне жол аштық. Жаһанды дағдарыс жайлағанына қарамастан, біз Астанада әлемдік деңгейдегі университет ашып, зияткерлік мектептер салдық. Егемендікке ие болған  жылдарда дүниеге келген жастарымыз мемлекет қамқорлығын бағалай біледі деп сенемін. Олар – тәуелсіз Қазақстанның түлеп ұшқан жас қырандары. Жастардың елімізді қорғап, оны нығайта түсетініне, өздерінің бар білімі мен күш-қуатын Отанымызды өркендетуге жұмсайтынына сенімдімін», – деді Н.Назарбаев.

 

-ЖАРНАМА-spot_img

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here

- ЖАРНАМА -spot_img

СОҢҒЫ ЖАЗБА