22.11.2024

Семейлік оқушының зерттеу жұмысы Ресейден жүлдемен оралды

Семей қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушысы Ришат Еркінбек ХХ бүкілресейлік жоғары сынып оқушыларының байқауынан жүлделі оралды

10-сынып оқушысы «Ғылым мен техникадағы жас зерттеушілер» атты зерттеу жұмыстары байқауына «Желілік эрозия» атты жобасымен қатысты. Ол осы арқылы тиісті сала мамандарының назарын Бородулиха ауданы, Новопокровка ауылындағы жыралардың пайда болуы мен оның қоршаған ортаға тигізетін әсеріне аударғысы келген. Жобаны қорғау үшін оқушы бір жыл бойы зерттеу жүргізген. Екі мәрте Новопокровка ауылына барып, ауылдағы жыралардың жылына 10-40 метр аралығында кеңейіп келе жатқанын аңғарған.

«Бұл өз кезегінде сол ауылдағы ғимараттарға, ағаштарға, құдықтарға кері әсер етіп, оларды қиратады. Одан бөлек, жолдың бүлінуі мен егістік алқаптардың зақымдануына да ықпал етпей қоймайды. Қарап отырсаңыз, табиғатқа, тіпті адам өміріне де қауіп төндіретін жайт. Сондықтан бұған бей-жай қарамауымыз керек. Зерттеу жұмыстарының қорытындысы бойынша ғылыми кеңесшім «Семейгидрогеология» ЖШС-нің инженер-гидрогеологы Лариса  Гущина екеуміз жергілікті шаруа қожалықтары басшыларына қауіп пен орасан шығынның алдын-алу туралы ескерттік. Ендігі жұмыс солардың еншісінде», – дейді жас табиғат жанашыры Ришат Мейіржанұлы.

Семейлік оқушының зерттеу жұмысы Ресейден жүлдемен оралды

Ресейдің Томск қаласында өткен конференция-байқауға 300-ден аса оқушы қатысып, түрлі тақырыптарда өз жобасын қорғаған. Соның арасында Ришаттың еңбегі жоғары бағаланып, бірінші орынға ие болды

География пәнін сүйіп оқып, табиғат құбылыстарына қызығатын оқушы жеңіске жетуіне мектептің география пәні мұғалімі Шарипа Таласпаева мен химия пәнінің мұғалімі Жазира Құрмановалардың көп көмегі тигенін атап өтті.

Ришат жеңіске жету арқылы келер жылы Ресей астанасы Мәскеу қаласында өтетін халықаралық В.Вернадский конференциясына шақырту алды.

-ЖАРНАМА-spot_img

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here

- ЖАРНАМА -spot_img

СОҢҒЫ ЖАЗБА