Home Ұстаз үні Асқар ЖҰМАДІЛДАЕВ: Бізге басымен жұмыс істей алатын адам керек.

Асқар ЖҰМАДІЛДАЕВ: Бізге басымен жұмыс істей алатын адам керек.

0

– Асқар аға, математиктер да­йындау үрдісі қалай жүріп жа­тыр? «Математиканың» анық­та­ма­сының өзі белгі­сіз­дік жө­нін­дегі ғылым дегенді білдіреді. Ал, осы белгісіз ғылым­ның ішіне үңі­ліп, оны білуге құштар жастар көп пе бізде?

– Математика керек пе, керек емес пе? Керек болса, қандай математика керек? Алдымен осыны анықтап алу қажет. Теорияның керегі жоқ. Бізге керегі компьютер жасай алатын, машина құрастыра алатын, білімін практикамен ұш­тастыра алатын, яғни, басымен жұ­мыс іс­тей алатын адам керек. Жұрттың бәрі математик бола ал­майды. Шама-шарқынша ең­бек­теніп жат­қандар бар. Білім­ді жас­тар бар. Жастардың мате­ма­тикаға көңілі жақ­сы. Әзірше. Ер­тең қалай бола­рын білмеймін. Мате­матиканың беде­лін арттыруға көңіл бөлген жөн.

– Еліміздегі математиктерге көңіл дұрыс бөлініп жатқан жоқ па сонда? Халықаралық, республикалық байқау­ларда жүлде алған жас математиктер­дің басым бөлігі шетел асып кетеді емес пе?  – Елде қалып жұмыс істеу деген бос сөз. Мысалы, әл-Фараби елде қалмаған. Көбісі, бізде, әрине, шетел асып кетуде. Ғылыммен айналысып жатыр сол жақта. Математик – миымен есеп шығарады. Ақын – өлеңін жазады. Сол сияқты. Қайда жүрсе де, бәрібір емес пе? Егер ол ғылымын тастамай жүрсе, осының өзі олжа. Мен білетін жеңімпаз болған математиктер бұл салаға не үшін барады? Кейін банкир болсам, экономист болсам дейді. Мысалы, Әлия Молдағұлова Ленинградта тұрған. Сол жерде ерлігін жасаған. Содан кейін ғана қазақ екенін біліп отырмыз. Егер әл-Фараби сондай еңбек жазбаса, қазақ екенін білер ме едік? Бірінші өзге ел таниды, сосын қазақ таниды. Шетел танымаса, ешкім танымайды. Шетел мойындаған соң ғана, біз өзімізде осындай ғалым бар екенін біліп, оны мадақтаймыз, мақтаймыз.

–  Ғылыммен айналысу үлкен ыждаһаттылықты талап етеді. Жалпы, мате­матика ғылымы сізге не берді? Сіз ғылымға не бердіңіз?

– Ғылым маған не берді? Бірін­шіден, менің қызығушылығымды қанағаттандырды, арттырды. Көп нәрсе алдым. Білім қостым. Ал, ғылымға мен не бердім дегенге келсек, шама-шарқымша еңбек еттік. Біреуден артық, біреуден кем дегендей. Қандай теорияларды жасадым, нені шештім, оны көпшілік түсінбейді бәрібір. Қазір математиктер арасында Қазақстандағы ең жоғарғы рейтинг менікі. Шетелде менен мықтылар бар. Он орап алады. Демек, аз болса да еңбегім бар деген сөз. Бұл өзі «қияли»  ғылым ғой. Алгебра саласы дамымай қалған. Бұл – математиканың ең қиын тармағы. Мен осы алгебра саласындамын.

– Ал, осы «қияли» ғылымнан шар­шағанда немен айналысасыз?

– Мен ғылымнан шаршамаймын. Математика мені ешуақытта шаршат­пайды. Керісінше, шабыттанамын. Кере­мет бір әдіс ойлап тауып кеткенімде, керемет шешім тауып кеткенімде қуана­мын. Шабыт келеді. Сол кезде өлең өзі келеді. Алгебра – қиынның қиыны. Оған білім керек. Ізденісті тоқтатпау керек. Егер мен аламан бәйгеге түсетін болсам, ұзаққа шаба аламын.

– Аламан бәйгеде ұзаққа шаба ала­тын шәкірт дайындау ісіне көңіліңіз тола ма? Мәселен, елімізде ашылып жат­қан халықаралық оқу орындары мен интеллектуалды-инновациялық мектептердің білім деңгейін мойын­дайсыз ба? Ұстаздардың біліктілігі ауыз толтырып айтарлықтай ма осы? 

– Мойындамаймын. Бізде үлкен кісінің атын пайдаланатын бір жаман үрдіс пайда болды. Министр де, басқа да «Президенттің тапсырмасы бойынша» деп сайрайды. Сонда, тапсырма бермесе істемей ме, бұл қазақ? Осыны қою керек қой. Мұның атын пропанация дейді. Бір кісінің атын пайдаланып мектеп, ЖОО-дарын ашады. Содан кейін «қатырып жатырмыз», ашылмай жатып, «әлемдік деңгейдеміз» деп аттандайды келіп. Мысалы, кейбір атақты оқу орындарының салынғанына 300 жыл өткен. Көп уақыт өткен соң ғана, оны халықаралық деп бар әлем мойындады. Уақыт сынына шыдамағандар жолда қалды. Ал, бізде ашылмай жатып, аттан салады. Не ол? Алдымен сен бірдеңе жаса, дайында. Жақсы жеңімпаз дайында, жақсы ғалым дайында. Миллиондаған ақша бөлінсе, бәрін жасауға болады емес пе? Олар жұмыс істемегенде, кім істеу керек сонда? Кешіріңіз, мұның бәрі ұят нәрсе. Сіз алдымен өзіңіздің біліктілігіңізді іспен көрсетіңіз. Айналаның бәрі көз­бояушылық. Алдымен оқушыға бірдеңе бере алатын мұғалімдер дайындап алыңыз. Бізде ол үрдіс жоқ. Бәрі бос сөз.

– Істен гөрі, құрғақ сөз басым деп, қазақтың осы бір мінезіне шағымданып жатырсыз. Ал, қазақ бұл мінезінен қайт­се арыла алады?

– Жастарға айтамын. Жаңа технология ағымына ілес. Заманыңнан қалма. Бос сөзбен кете берсең, ештеңе өнбейді ғой. Абай да кезінде бұл сөзді айтты. Демек, Абайдың сөзін оқыңдар жөндеп…

– Абайды біз пұтқа ай­нал­дырып жібердік қой. Оның әр­бір сөзін ұрандап айтамыз, цитата ретін­­­де жаттаймыз, шетімізден абай­­тану­шымыз, бірақ, бойымызға сіңір­мейміз…

– Алайда, бізге керектің бәрі Абайда бар. Абай айтқан ғой баяғыда «Үйрен, үйрен де жирен» деп. «Не істесең де, мал тап» дейді бір сөзінде. Болды, одан басқа бізге не керек? «Сәулең болса кеудеңде Мына сөзге көңіл бөл. Егер сәулең болмаса, Мейлің тіріл, мейлің өл», – дейді тағы бірде Абай. Менің айтатын сөзімнің бәрін кезінде Абай айтып кетті. Сол үшін ештеңе айтқым келмейді. Қайталап айта берем. Оқы, ұғын, жүзеге асыр. Бұдан басқа не керек сендерге?

– Біз осы жүріспен технократтық елге қашан айналамыз? 

– Технократтық елге айналамыз. Неге бұл біздің қолымыздан келмейді екен? Абайдың тағы бір сөзі бар: «Ақсақал айтты, бай айтты, Кім болса, мейлі, сол айтты, Ақылменен жеңсеңіз. Надандарға бой берме, Шын сөзбенен өлсеңіз», – дейді. Бір халық «Ойбай, бізге кітап түскен кезде сендер ағашқа өрмелеп, маймыл болып жүрдіңдер», – дейді. Ал, онда тұрған немене бар? 100-200 жыл дегенің түкке тұрмайтын нәрсе. Адамзат миллиондаған жыл бұрын пайда болса, біреуге кітап жүз жыл бұрын түседі, біреуге кейін түседі. Онда тұрған не бар? Тек қана ғылымға дұрыстап көңіл бөлсек, әркімге бір жалтақтамасақ болды. Біздің жастардан ғылым да, білім де шығады. Тек сол жастарға дұрыс бағдар беру керек. Кедергі жасама, басқа ештеңенің керегі жоқ.

– Технологияның қазақша сөйлеуі қазірше арман болып тұр. Қазір бізге технологияны емес, қазақ­тардың өзін қазақша сөйлету үлкен мәселеге айнал­ды. Тіліміз, ұлттық құнды­лық­тарымыз тиісінше бағасын алмай, өзге жаққа мойын бұра алмайтын сияқ­тымыз…

– Менің жақсы көретін мақалым бар. Соны айтам кез келген жерде. «Арба есекті сүйремейді, есек арбаны сүйрейді». Болды. Ал, бізде бәрін соңынан бастайды. Тіл дейді, мәдениет дейді. Сен жұрттың бәрі мойындайтындай іс жасасаң, мысалы, бір компьютер жасап, оны жұрттың бәрі пайдаланатын болса, сонда олар мойындайды. «Мынау қазақ деген мықты халық екен ғой» деп төбесіне көтереді. Мұның тарихы, мәдениеті қандай екен деп қызығушылық танытады. Сонда ғана бізге көңіл бөле бастайды. Ал, біздің бар ойымыз «арбада». Керісінше «есекке» көңіл бөліңіз. «Есегіңіздің» түрі жаман, беті жаман. «Есек» туралы бір жақсы нәрсе жоқ. Бірақ, оның еңбегі адал. Иса пайғамбар немен келеді? Есекпен келеді. Иса пайғамбар атқа мінбеген. Иса пайғамбарды көпшілік мойындайды. Әлемдегі халықтың жартысы христиан. Бәрі осы Иса пайғамбардың іліміне сүйенеді. Қайталап айтам, «есекке» назар аударсаңыз, арбаның жүрісі де түзеледі. «Қазақтың тілі бай» дейді. Жарайды, бай болсын. Онда неге оны қазақтың өзі үйренбейді? Сөзі терең дейді. Сонда сөзі терең емес халық бар ма? Тілі бай емес халық бар ма? Ендеше, мұның бәрі бос сөз. Мұның бәрі босқа мақтану, бос әңгіме. Құр уақыт өткізу.

– Қазақтың бойынан қандай жақ­сы қасиеттерді көресіз? 

– Қазақтың көп қасиетін жақсы көре­мін. Бауырмашылдығы, адамгершілігі, алға қарай ұмтылысы. Оның несі жаман? Еңбекқорлығы, шыдамдылығы. Қулығы бар. Мұның өзі жақсы ғой. Қараңыз, Абылай хан қандай саясат жүргізді? Орыспен де, басқасымен де келісіп. Ақылмен, айламен. Тарихқа, Библияға қараңызшы. Ақылсыз, айласыз соғыса бергендер қайда кетті? Бұл жерде мен бабаларымыздың қулығына тәнтімін. Шын мәнінде, мақтан көремін. Әрине, тек өткенмен өмір сүруге болмайды. Бүгініңмен, ертеңіңмен өмір сүру керек. Ол деген не? Баяғы Бұқар жыраудың ізімен өмір сүре алмайсыз. Қазаққа сіздің сөзіңіздің керегі жоқ. Сондықтан, сіз компьютерді үйреніңіз. Компьютердің бағдарламасын жасаңыз. Сіз жаңа бірдеңе ойлап табыңыз. Бір робот жасап көріңіз. Сонда барып сізді өзге емес, өзіңіздің балаңыз мойындайтын болады. Әйтпесе, балаңыз да мойындамайды сізді. Тіліңіз, дініңіз сізден басқа ешкімге керегі жоқ. Өзіміз мойындамағанды, өзге неге мойындауы керек? Олар ақымақ па? Осы ойды бірталай адам айтып жүр. Мен осыған қуанамын. Менің сөзімді біреу біраз жылдан кейін түсініп, қайта айтуы мүмкін. Бірақ, маған ешкім сілтеме жасамайды, оның керегі жоқ. Ең бастысы, соны пайдаланса, көңілге қонса, соған қуанамын. Шынымды айтсам, мұның бәрі менің сөзім емес, мұның бәрін кезінде Абай айтып қойған. Сол кісінің сөзін кішкене компьютерге, технологияға лайықтап, заманауи қылып, Мұқағали айтпақшы, «шекпен жауып өзіне қай­тарамын». Яғни, сиырдың мүйізіне бантик тағып беріп отырмын ғой. Болды. Бар болғаны осы ғана.

– Математиктердің поэзиядан алыс болмайтынын білеміз. Өлең шығара­тыныңыздан да хабардармыз. Қазір кімді оқып жүрсіз?

– Қазір көп оқымаймын, шынымды айтсам. Бұрын бала кезімде көп оқыдым. Қазір поэзияда жүрген жастарды көп біле бермеймін. Мен баяғы қазақтың дәстүрлі әндерін тыңдаймын. Радиодағы жастардың әнін дымға түсінбеймін. Әндерін де, өздерін де түсінбеймін. Мен білетін Қадыр Мырзалиев, Тұман­бай Молдағалиев, Ақұштап Бақ­ты­гереева, Рафаэль Ниязбеков, көп енді бұрынғылардан. Өзімнің бұрынғы кітаптарым бар. Соны қайталап қарап қоям, анда-санда. Мысалы, Тұманбайды, Қадырді оқысам, ешқашан шаршамай­мын. Абай – мәңгілік. Оның қарасөздері мен өлеңін қанша қайталап оқысам да, шаршамаймын. Сондықтан, маған соның өзі жетеді. Мұқағалиды алып қараңыз. «Жылап қайттым өмірдің базарынан» дейді. Мен қазір сол базардан қайттым ғой. Мұқағали қырық бесінде кеткен. Сондай өлең жазған сол жасында. Ал, мен елудің жетісіне келдім. Байқаймын осы, жастар махаббат, сезім деп жата­ды ғой. Оны да көруге болады. Әрине, әдемілікті, сұлулықты мен де қалаймын. Бірақ, сөздерінің бәрі жылтыр, жаттанды көрінеді. Жаңалық сезбеймін. Сондықтан, мен ылғи талғамыма сай баяғы ақын­дарыма орала беремін.

–Әңгімеңізге рақмет. Гүлназ САТЫБАЛДЫҚЫЗЫ 

Бақ.кз порталынан тақырыбы өзгертіліп алынды.

NO COMMENTS

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here

Exit mobile version