Home Керекті кеңес ОҚУШЫНЫҢ «ҮШ ЖҰРТЫ»

ОҚУШЫНЫҢ «ҮШ ЖҰРТЫ»

0

Атам қазақ жігіттің үш жұрты бар демеуші ме еді? Оларды атап айтып, айқындап түсіндірудің қажеті шамалы шығар, дегенмен, ер жігіттің сүрінгенде сүйеніші, адасқанда ақылманы болатын үш тірегі осылар екенін еске алсақ, өз жұрты өзектен шыққан өз балам деп бауырына басса, нағашы жұрты жиен де болса перзентім деп, намысын жыртып, шашбауын көтерсе, қайын жұрты сырттан сынын айтып, мінін түзесе ол жігіттің бойындағы ар-иманы мен адамгершілік асыл қасиеттерінен шашау шықпаса керек.

Ал, мектеп таблдырығын аттап, шылқылдаған шыбықтай жетіліп келе жатқан перзенттердің де тура осындай үш жұрты бар десек, oлар: ата-ана, мектеп және қоғам болмақ. Бұлай дейтініміз, бiлім ордасынан сапалы білім алу үшін оқушыға мектептегі шарт-жаңдайдың кемелді болуы жеткіліксіз. Оған міндетті түрде ата-ананың қамқорлығы, қоғамның тәрбиесі ауадай қажет.

Олай болса, «оқушының үш жұрты» деп атап, көрсетіп айтпақшы болған ойымыз ата-ана мен мектеп және қоғам арасындағы бүгінгі сабақтастық қарым-қатынас пен оның ұрпақ тәрбиесіндегі ролі төңірегінде болмақ. Қазіргі мектеп оқушыларының жан-жақтылы өсіп жетілуіне Әл-Фарабидың сөзімен айтқанда: “тәрбиемен білімді қатар алуына” біз атап отырған үш жақтың бір-бірімен сәйкесуінің, ортақ мүде үшін селбесуінің жетіспеушілігі тұсау боп отыр. Асылында, ата-ана балаға жақсы тәлім беріп, мектеппен жақын қарым-қатынаста бола білсе, мектеп оқушыны жан-жақтылы, толық қадағалап, берген білім мен тәрбиені талап ете алса және қоғам өнегелі істермен оларды ізгілікке, жақсылыққа баурай білсе әр оқушы бір-бір саланың тетігін ұстаған маманы болмаса да, инабатты, ибалы адам болып жетілуіне күмән жоқ.

Ал, шын мәнінде неге қазіргі оқушылардың білімі олқы? Олқы болсын делік, неге білімге, ғылымға құштарлықтары төмен? Ұлттық рухы пәс, әдеп- ибадан жұрдай, санасы саяаз жастар неге көп? Осы кемшіліктер үшін кімді кінәлаймыз? Үшеуіне жеке-жеке тоқталып көрейік.

Алғашқы өз жұрты – ата-ана

Бала үшін ең негізгі фактор боп саналатын – ата-ана. Кеше хакім абай : -Баланы медресеге біл деп бердім, қызмет қылсын, шен алсын деп бермедім,- деп еді. Ал бүгінгі ата-аналар кім болсын деп жүр? Керісінше, көбісі баласының шен-шекпенді болғанын, қалтасы қампиған бизнесмен болғанын, я, болмаса атағын алаш таныған “жұлдыз” болғанын қалайды. Өйткені осының бәрі айналып келгенде атақ, абырой мен ақша деген сөздер балаға ең ары кетсе жақсы баға алуды тапсырады. Бала күнделіктен 5 деген цифрды көрсетсе болғаны «көңіл тоқ, уайым жоқ» деген сөз. Ал, мектеппен жақын қарым-қатынаста болып, “баланы бастан” тәрбиелеуге көбінің құлқы жоқ…

Сонымен, “ болары болып, бояауы сіңгенде” ғана намысы оянып, жанашырлығы артып: “менің балам неге құлайды? Осыған дейін 5-ке оқыған енді не көрініпті?”,деп шу көтеруге ғана үлгеріп жатады. Бір жағынан баланы “қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай” өсірсем болды деп материялдық қажеттілігін қамдауды бірінші орынға қояды да, оның тәрбиесімен айналысуды ұмыт қалдырады. Айналып келгенде, сол баяғы жалған намыс, арзан атақ. Тәрбие тал бесіктен басталмай ма? Бесігінде берік болмаған тәлімді есейгенде кімнен сұраймыз?

Екінші жұрты-мектеп

Ақиқатын айтқанда, қазір “сен тимесең мен тимен, бадырақ көз!” дейтін заман. Мекемелер мен органдарға керегі құлақтың тыныштығы. Мектеп те солардың қатарында. Бірнеше таңдаулы зияткерлік мектептер мен дарынды балаларға арналған лицейлерді қоспағанда көбісі ұрпақтың келешегінен гөрі жоғарыдан келетін тексерістен қатты алаңдайды. Сондықтан да қағаз жүзіндегі білімде тарыдай мін жоқ. Ал, ұрпақтың санасына сіңіп жатқан білім мен тәрбиенің деңгейі керісінше- мүшкіл халде. Ұлтына шын жаны ашитын әр азаматтың жүрегіне жүк түсірерлік. Ел, халқын былай қойып өз болашағын біліммен, ғылыммен байланыстыратын, елім, жерім деп еміреніп тұратын рухты, намысты ұл мен қызды таппайсыз, табылса да саусақпен санарлық ғана. Осының бәріне тек кезекшілік міндетті ғана атқарып, ұлттық рух, тарихи сана дегенді қаперіне ілмейтін мектептердің үлесі көп.

Үшінші жұрты – қоғам

Балаға ақ сүт берген ана мен білім беретін мұғалімнен гөрі артық ұстаздық ететін өскен ортасы. Қазір ұрпақтың бойына қазақылық пен отаншылдық рухты сіңіру кезек күттірмес міндет боп отырған жаһанданудың кезеңінде теледидар, интернет қатарлы ақпараттық құралдар оқушы санасына оң әсерін береді, деп айту қиын.

Бір ғана телеарның өзін айтсақ, онда баланы ізгілікке, отансүйгіштікке, елін, жерін қорғайтын патриоттық рухқа тәрбиелейтін берілімдер жоқтың қасы, керісінше байлыққа, мансапқа, атақұмарлыққа баурайтын шоу бағдарламалар,зұлымдық пен пасық пиғылды дәріптейтін шетелдік сериялдар дес бермей тұр. Олардың алдын тосып сәбилер мен жеткіншектердің ақ қағаздай кіршіксіз санасын қорғап қалатын заңдық тұрғыда пәрменіміз жоқ, адами тұрғыда арашалап алатын дәрменіміз де жоқ болып отыр. Ұяда осындай адамгершілікке жат тәлімді көрген ұрпақтың ертеңі не болмақ? Жоғарыда айтып отырған жастарымыз осындай болмысымызға жат тәрбиенің “тәтті” жемісі. Жан-жақтан қаумалаған жат пиғылдың жарнамасын өсіп келе жатқан баланың тәрбиесін тек мектепке арқалатып қою ауырлық етпетіні белгілі. Әлгінде айтқан ойымызға қайта соқсақ, бала бар ынта-пейілімен ертеңгі болашағының негізін қалауға кірісіп, білім ордасынан өз еншісін толық алуына мүмкіндік жасамайынша, оның назарын басқа жаққа аударатын сылтау мына заманда табылады. Ал, мектептен тыс уақытта ата-анамен қоғам болып, бабалардың асыл мұрасын негіз еткен қазақы тәрбиемен сусындатпаса, олармен сөйлесетін, олардың тілін оңай тауып, өзіне баурап алатын даңғазалар да жетерлік.

Сондықтан, мектептегі әр баланың тағдырын- елдің тағдыры деп бағалап, баланың әр минуты мен әр басқан қадамы қоғам, мектеп және ата-ананың назарынан тыс болмауы керек. Ата-ана мен мектеп, қоғам мен мектеп арасындаығы қарым қатынасты қоюлатып, «бесігіміздің түзелуіне» білек сыбана кіріспей болмайды. Ұрпақ тәрбиесі ұлтын шын сүйетін әр азаматтың атқаруға тиісті ісі, кешегі бабалар аманаты, бүгінгі заманның ең ауыр да абыройлы міндеті-дүр.

Жақсылық Орынбасар

kazbilim.kz

NO COMMENTS

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here

Exit mobile version