Home Керекті кеңес Америка мектептері балаларды қалай тәрбиелейді?

Америка мектептері балаларды қалай тәрбиелейді?

0

Екі жыл Америкада оқыдым. Бостон қаласында тұрдық. Ұлым Алаш Америкада бірінші сыныпқа барды. Қарапайым мемлекеттік мектеп. 

Баламды бір жыл бойы бақылап, мектеп бағдарламасын зерделеп, мұғалімдермен сөйлесіп, ата-аналармен араласып, күліп жүретін, өз бағасын білетін, өз-өздеріне сенімді, қоғамдағы мәселелерге бейжай қарамайтын ұрпақты қалай тәрбиелейтінінің сырын түсінгім келді.

Бір жыл бойғы зерттеу нәтижесінде мынадай ой түйдім.

 Американың орта мектептері оқушы бойына келесідей төрт негіз қалаушы құндылықты сіңіреді екен: өз-өзін қадірлеу, қиялдай білу, ұлтжандылық пен жанашырлық.

Алашты таңғы сағат сегізге 5-10 минут қалғанда мектепке апарып тастаймын. Бойы екі метрге таяу, шашын ақ шалған жігіт ағасы, мектеп директоры Урен Блэр оқушыларды мектептің алдында қарсы алып тұрады.  Бәрімен жапа-тармағай амандасып жатады.

Әр оқушының атын атап, түсін түстеп жағдай сұрасады. Осы арада балаларын алып келген ата-аналарымен де бірер сөз алмасып үлгереді.

Ішке кірген соң сынып жетекшісі күтіп алады.

Туған балаларындай мейірімін төгіп, ұзақ мерзім көріспегендей зор сағынышпен құшақтап жатады. Басында аң-таң болып жүрдім. Бұл не деген ағыл-тегіл махаббат?.. Кейін сырын білмек болып сұрастыра бастадым.

Блэр мырзаға «жалғыз ғана сұрағым» бар деп кабинетіне кіріп келдім.

Есігі айқара ашық тұр. Директорды ағылшынша «principal» дейді. Принсипал бөлмесінің жабық тұрғанын соңғы бір жылда көрмеппін. Кабинеті кіре берістегі бірінші есік. Кең адымдағанда он шаршы метрден сәл-ақ асатын бөлме. Жұмыс орны мен төрт кісілік дөңгелек үстел, шағын шкаф тұр. Одан артық жиһаз сыймайды. Осының өзінде ішінде әрең айналасың. Терезесінен мектептің алды, ал есігінен кіреберіс дәліз көрінеді.  Кіреберістен күзетші көріп үйреніп қалған көзім «директорге емес, күзетшіге таптырмайтын кеңсе екен» деп қояды.

«Осы Сіз неге оқушыларды күтіп аласыз? Мектеп директорлары орындауға міндетті нұсқаулық па?». Егер нұсқаулық болса, сұрап алып, озық тұсын елімізге неге енгізбеске деген ой бойды билеп барады…

– Таңертең оқушыларды қарсы ал деген бұйрық жоқ.  Бұл – оқушыларға деген құрметім. Үлкендердің құрметі балалардың бойына сенім ұялатады, өз қадірін білуге тәрбиелейді, – деді директор.

Алаштың сынып жетекшісі Джоанна Лиеберманнан рұқсат алып, бір күн сабағына қатыстым. Мұғалім мен оқушылардың өзара байланысын бақыладым. Білім беру әдістемесіне зер салдым. Екі ерекше жағдай көзге түсті.

Біріншіден, мұғалім оқушыларды өзімен тең көреді. Бірінші сыныптың балаларымен емес, өз қатарымен сөйлескендей тең құқықты байланыс қалыптастырған. «Мен мұғаліммін, сендер оқушысыңдар» деген ұстанымды байқамадым.

Бір оқушы майлы бояумен салған гүлдің суретін оқушыларға таныстырып тұр. Қалған оқушылар жан-жағына қаумалай орналасқан. Сөйлеуші сөзін тәмамдады да. «Кімде қандай сұрақ бар?» деді. Үш-төрт оқушы қолын көтерді. Мұғалімнің де қолы әуеде. Суретші-оқушы аудиториясын көзбен бір шолып шықты да, алдымен сыныптастарының сұрақтарына жауап берді.

«Бояуды қайдан алдың?». «Қызыл мен сары араласқанда қандай түс пайда болады?». Бәрінің сұрағына түгел жауап берді. Мұғалім әлі қолын көтеріп тұр.  «Сіз не сұрайын деп едіңіз Мисс Лиеберман?» деп ересек адамдарша сұрағына салмақ салып, өз таныстырылымын класс жетекшісінің сұрағына жауап берумен аяқтады.

Ағылшын тілінде «сіз» деген сөз жоқ.  Бәріне «you» дейді. Дегенмен, «Сізді» суреттейтін басқа да лексика жеткілікті. Мисс Лейберман оқушыларына «сізді» білдіретін «please» (өтінем), «thanks» (рахмет), «would you mind…» (қарсы емессің бе) деген сөйлемдермен сөйлейді.

Оқушыларды өзіңмен тең көрсең, олар өздерін кем көрмейді. Теңдік – ой еркіндігіне жол ашады.

Сондықтан мұғалімнің пікірімен келіспеу, берген ақпаратына күмән келтіру, дәлел сұрау қалыпты жағдай.  Ашулана ма десем, керісінше, тақырыпқа қызығушық ояттым деп мұғалім мәз.

«Жаңалық – келіспеушіліктен, жетістік – өзгерістен туады» деп қояды. Ішімнен «Не жаңалық», «не өзгеріс», бар болғаны бірінші сыныптың сары ауыз балапандары емес пе деп отырмын.

Екіншіден, класты безендіруде әр оқушының ерекше орны, биік мәртебесі көрініс тапқан.

Бір күні Алашты сабаққа ертерек алып келдім. Күтіп отырмыз. Есіктің сыртында оқушылардың дөңгелете қиған суреттері жапсырылып тұр. Төменгі жағында аттары жазылған.

Алаш қарап отырды да, «менің суретім жоқ қой» деді. Айтып үлгерген жоқ, Мисс Лиеберман жетіп келді. Балам апайының қолынан ұстады да, есіктің сыртындағы суретінің түсіп қалғанын көрсетті. «Енді менің суретімді қызыл астарлы етіп іліңіз. Себебі, қызыл – менің сүйікті түсім» деп тапсырды.

Адам аты мен суретінің иесіне етер жағымды әсері талай зерттелген. Бір байқағаным, класқа кіреберіс есікте, сырт киім мен сөмке қоятын шкафта, дәлізде, оқушылардың аттары мен суреттері жайқалып тұрды. Ал сыныптың ішінде тіпті одан да көп болып шықты. Ерінбей санап шықтым.

Әр баланың аты жиырма рет кездеседі. Төбеге жіпке ілінген қағаз жұлдызшалар. Әр-қайсында оқушы есімдері. Туған күндері көрсетілген күнтізбеде де, керегеге жапсырылған ғылыми жобаларда да, парталардың үстінде де балалардың аты жазылған.

Ерінбей санап шықтым. Әр оқушының аты немесе суреті сынып ішіндегі көрнекіліктерден 21 рет көрініс тапқан. Мұндай ортада оқыған балалардың эгосы анадайдан айқайлап тұрмай көрсін енді!

Оған қоса, балалардың туған күндерін атап өту оқу бағдарламасынан орын тапқан.  Туған күн иесін ортаға алып, тілек айтып, оның ерекше тұстарын әңгімелеп, өздері жасаған қолөнер бұйымдарын сыйлап ұсынып жатады.

Мектеп әкімшілігі сыныпқа мұғалім тегінің алғашқы әріпін береді. 1 L деген сыныпты бітірген Алаш «Мисс Лейберман енді мен мұғалімің емеспін, досыңмын» деп айтты деп келді.

Сабақ таңғы 8.00-ден түскі 14.30-ға дейін. Оқу жылы 21 маусымда аяқталды. Балалар өзгеріске үйренсін деп жыл сайын мұғалімі және жыл сайын сыныптастары ауысып отырады.

Ағылшын тілінде адам қасиетіне қатысты «self-respect» және «self-esteem» деген түсініктер көп қолданылады.

Қазақшасы – өзін-өзі құрметтеу, өз-өзінің бағасын білу. Орысшасы «самоуважение», «чувство собственного достойнство».

Оқушылардың өзіне деген құрметін есік алдынан қарсы алу арқылы қалыптастыратын директор, еш кем көрмейтін, өзімен тең көретін мұғалім, қайда қарасаң да, өз атың мен суретің көзге шалынатын класс – Америка мектептеріндегі оқушыларды өз-өзін қадірлеуге тәрбиелеу формуласы.

Біз баларымызды жақсы көреміз. Баласын қай ұлт, қай ата-ана жақсы көрмейді дейсіз! Бәріміз де өліп-өшіп тұрамыз. Бірақ біз балаларды адам ретінде орнын біліп, құрметтей алмайды екенбіз. Балалар өздерін бала емес, адам ретінде сезіну үшін оларға жақсы көруден бұрын, құрмет керек. Адам ретінде сезінсе ғана олар балалықпен шалалық жасамайды, керісінше үлкен адамдарша жауапкершілігі артады.

Келесі жазбада Америка өз балаларын жасампаз етіп өсіру үшін олардың қиялдарына қалай қанат бітіретіні туралы сөз етемін.

Шыңғыс МҰҚАН, 

“Мазмұндама” қорының төрағасы,

Гарвард университетінің түлегі

NO COMMENTS

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here

Exit mobile version