22.11.2024

Тәрбие оңалмай, білім оңалмайды

Негізінде бала тәрбиені отбасынан, ал бі­лімді мектептен алуы керек. Қазіргі заманның бір ерек­шелігі, отбасылар жағдайында әркел­кі­лік сезіледі. Біреу кедей, біреу бай, енді бі­реулер орташа тұрмыста.

Міне, осы жағдайдың барлығы жиыла келіп, балалардың жан-дүниесіне, психологиясына әсер етері анық. Нәтижесінде, қазіргі балалар тәрбиенің көбін ата-анасынан емес, көшеден, теледидарлар мен смартфондардан алуға айналды. Ұлттық тәлім-тәрбиенің жүйесі бұзылды. Біздің ойымызша, мұндай жағдайда тәр­бие­нің үлкен бір бөлігін мектеп мойнына алуға тиіс. Тым құрығанда, көшеден, балалардың ауладағы ортасынан, теледидар мен смартфондардан жинақталатын сан түрлі тәрбиені реттеушілік міндетін атқаруға тиіс. Міне, сондай жағдайда ғана біз ұлттық тәрбие бірегейлігін сақтап қала аламыз.

Қандай халық болып қалыптасатынымыз, көп жағдайда бүгінгі мектептерде берілетін тәр­бие мәселесіне қатысты шешілмек. Ұлт мектебінің ұлы мұрат­тарының бірі осы болу керек. Мұға­лім­дер баланың ақыл-ойымен ғана емес, жүре­гімен де жұмыс істеуі керек. Өйткені жү­рекке жетпеген немесе таза жүректен шық­па­ған білім алдағы уақытта дұрыс білім болып жа­рытпайды. Бәлкім, мұндай білім баланың өзіне, яғни жеке адамға қызмет ететін шығар, бірақ ұлтқа, адамзатқа қызмет етпейтін болады.

Мектеп тәрбие көзіне айналу үшін ең алдымен оқулық тәрбие көзіне айналуы керек. Өйткені қазіргі қоғамда көші-қонның жиілігі, урбанизация үдерісінің үдеуі есебінен мұ­ға­лім­дердің өздері де әркелкі болуы мүмкін. Де­мек, мектеп оқулықтары бәрінің басын бірік­тіріп тұратын құралға айналуы тиіс. Сон­­­дықтан мектеп оқулықтарынан олар база­лық деңгейде дұрыс білім беруімен қатар оқушылар бойына ұлттық тәрбиені сіңіре алатындай мінсіз болу талап етіледі.

Осыдан ширек ғасыр бұрын жалпыға ортақ орта білім беретін мектептерге арналып тіл мен әдебиет саласындағы тәуелсіз елдің алғашқы оқулықтары жарық көре баста­ған кезде оның сапасын көріп түңілген едік. Өйткені оқулықтардағы кейбір сөздерді бастауыш сыныпқа барған балала­ры­мызды қойып өзіміз түсіне алмай дал болғанбыз. Шіркін-ай, мына оқулықты жазған ма­ман­дар мен қабылдаған шенеуніктерді жұрт­шы­лық­тың алдына алып шығып аяусыз дүре­ле­се ғой деп кіжінген едік сол кезде.

Ал қазіргі оқулықтардың жағдайы қалай екен?

Осыны білмек болып, елімізде мектептерге арнап оқулықтар шығарумен айналысатын «Оқулық» орталығының сайтына кірдік. Онда мемлекеттік сараптамадан өтіп жатқан жаңа оқулықтардың жобалары ұсынылыпты. Сайтта ата-аналар жаңа оқулықтарға қатысты өз ұсыныстары мен пікірлерін айта алады. Бұл – оқулықтардың сапасы ендігі кезекте қоғам тарапынан бақылауда болады деген сөз. Әрине мұны бір қадам болсын алға басу деп қабылдадық.

Тағы бір оң қадам мектеп пәндерін бір-біріне кіріктіру, оқу­шылар­ды тұрмыс-тіршілікке, кәсіпке қарай бейім­деу талабына байланысты оқулықтардан иннова­ция­­лық бағыттағы тақырыптарды, адам­зат­тың алдында тұрған келелі мәселелерді көр­сету жағы көбірек байқалады. Дегенмен оқулықтардың сапасына байланысты әлі де көптеген сын айтуға болады. Грамматикалық қателіктер кездеседі. Әрине бұл оқулық авторлары мен баспалардың шалағайлықтары.

Қорыта айтқанда, әр оқулықтың сапасы әркелкі. Кейбір оқулықтар ұсақ-түйек дүниеге дейін назар аударып, тым тәптіштей түсін­ді­руге бейім. Деректер шамадан тыс мол бе­рі­­леді. Демек, мектеп бағдарламаларының оқу­шы­лар үшін жүктемесін жеңілдету мәселесі әлі де толық ескерілмеген.

Қазіргі еңбек нарығының талаптарына байланысты адамдар өмір бойы оқып, үй­ренуге кірісті, бір мамандықтан екінші ма­мандыққа жиі ауысатын болды. Кейбір жас­тар­дың қолында 3-4 дипломнан жүр. Себебі ұзақ жылдар бойы атқаратын тұрақты жұмыс түр­лері барған сайын азаюда. Әсіресе өндіріс пен қызмет көрсету салаларында. Сондықтан орта мектепті база­лық білім дең­­­гейінде қалдырып, мұға­лімдер мен оқу­­шылар жүк­те­мелерін же­ңілдету керек. Өйткені адам­дар енді өмір бойы оқуға кі­ріссе, орта мек­теп жағ­дайында балаға қажетті-қажетсіз білімді тықпалап, басын қатырудың қажеті қанша?!

Міне, осы жеңілдету есебінен ендігі кезекте оқушылар тәрбиесіне көбірек көңіл бөлген жөн сияқты…

Сұңғат ӘЛІПБАЙ
“Егемен Қазақстан” газетінен
-ЖАРНАМА-spot_img

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here

- ЖАРНАМА -spot_img

СОҢҒЫ ЖАЗБА