22.11.2024

Екінші президент, он алтыншы министр…

Төрт ай бұрын бүгін экс атанып отырған зейнеттегі апам келгенде айтқан едім, “сәтті тағайындау, бірақ көп ұзамай зейнетке кетеді” деп, айтқанымдай болды.
Ал, осы жолы “шынымен сәтті тағайындау” деп айта аламын. Өз басым Бірғаным Әйтімовадан бергі министрлердің бәрінің тағайындалуына куә болып келе жатсам да, тұңғыш рет осы тағайындауға шын қуанып отырмын.
Себебін талдап көрейін, біріншіден, Асхат Аймағанбетов – Қарағанды облысы білім басқармасы басшысы, Сағадиев тұсында министрлікке сыймаған қабілетті вице-министр ретінде жақсы танимын. Білім саласының әр басқышынан өткен білікті кадр деп айта аламын.

Екіншіден, біреулер секілді жолдан қосылған бизнесмен, басқа емес, осы күнге дейін білігімен көрінген басшы.

Үшіншіден, күні ертең 14 маусымда 37 жасқа толатын жас министрді “көп балалы отбасынан шыққан, өз еңбегімен өрлеген” дейді білетіндер. Мен де арыны қатты болады деп сенемін.

Төртіншіден, вице-министр кезінде әлеуметтік желіде отырып, қойылған сұрақтың біразына ашық жауап беріп отыратын еді. Бұл ашықтығын жалғастырады деген үміттемін.

Сағадиев тұсында ноқтаға басы сыймай, облысқа әкім орынбасары болып кетіп еді. Қазір тергеуде жатқан сол кездегі вице-министр Суханбердиевалар көлеңкесінен қорыққан жас жігіт білім саласына серпін әкеледі деп сенемін.

Шыны керек, бұл тағайындау – мені жаңа президент туралы жақсы идеяға жетектеді. Иә сәт. Үкіметке осындай білікті, былғанбаған жастар келіп, жаңа дәуірге аяқ басамыз деп үміттенемін.

Жаңа министрге айтар жалғыз өтінішім – білім саласындағы жемқорлықты тазаласа. Кешегі ұлттық тестілеу орталығының қос басшысы, әр жолғы сотталған вице-министрлер бұл саладағы ауыр хәлді көрсетеді. Білім және ғылым саласы жемқорлықтан тазармаса, ел ешқашан ілгері баспайды.

Аятжан Ахметжан. Республикалық “QAZBILIM” орталығы директоры

-ЖАРНАМА-spot_img

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here

- ЖАРНАМА -spot_img

СОҢҒЫ ЖАЗБА