22.11.2024

Асхат Алимов. Оқушылардың бірін-бірі үйретуі

Оқушылардың бірін-бірі үйретуі – үйренудің ең тиімді амалдарына жатады. Бұл әдістің тиімділігі «Бефель» лабораториясының зерттеулері бойынша 90% құрайды, ал Джон Хэттидің метатанымдық зерттеулері бойынша ол үйрену мен оқуға жағымды ықпал жасайтын 800 факторлардың алғашқы ондығына кіреді.

«Бір нәрсені үйренгің келсе – оны өзгелерге айтып бер!» деген ұғым осыдан да шыққан болар. Атақты ғалым Альберт Эйнштейннің «Шындығында да әжеңе түсіндіріп бере алмайынша, сен бұған түсінбейсің!» деген сөздері де осыны меңзейді емес пе?

Мынандай анекдот та бар ғой: «Мұғалім оқушыларына ренжіп тұр дейді:

– Үшінші рет түсіндіріп тұрмын сендерге! Өзім де түсініп алдым!»

Көне латындардың 2000 жыл бұрын «Docendo discimus!» («Үйрету арқылы үйренемін!») деп айтқаны да өзгелерді үйрету – үйренудің ең тиімді әдісі екендігін дәлелдейді.

Осы тұрғыдан тағы да бір дәлел келтіріп кетейін.

Баяғыда аспирантурада оқып жүргенімізде Біржан есімді жігітпен 3 жыл жатақханада бір бөлмеде тұрдық. Оның мамандығы «Механика», ол атақты академик Өмірбек Жолдасбековтың көп шәкіртінің бірі болатұғын.

Біржан бөлмеде болғанда негізінен есептер шығарып отыратын. Осылайша бірнеше сағат бойы тапжылжымай, жоғарғы математика саласындағы бір нәрселерді есептеп отыра беретін. Әрине, әдебиеттанумен айналысатын мен үшін оның жазғандарының бәрі де түсініксіз шимай-шатпақ болып көрінетін. Бірде мен одан:

– Біржан, сенің математиканың құлағында ойнайтындығыңды күнде көріп жүрмін. Ішіп-жеуді ұмытсаң да, математикамен айналысудан еш жалықпайсың. Сонда сен мектепте де математиканы жақсы білуші ме едің? – деп сұрадым.

Біржан бұл сұрағыма миығынан бір күліп алды да, мұртын ширата былай деп жауап берді:

– Мен мектепті Байжансайда аяқтадым. Мектепті бітіргенде, шынымды айтсам, математиканы тек бастауыш сыныптар деңгейінде ғана біліп шықтым.

Мұның себептері де баршылық. Біріншіден, шахтерлер ауылында мұғалімдердің жиі ауысуы біздің математиканы үйренуімізге жақсы ықпал жасамағаны белгілі. Екіншіден, біздің ауыл секілді жұмысшылар поселкелері мен теміржол стансалардың ұлдары сотқарлау келеді емес пе? Біздің де ықыласымыз сабақта емес, сабақтан тыс нәрселерде еді. Үшіншіден, мұғалімдеріміз де бізде математикаға деген ынтамызды оятып, дамыта қоймады. Сондықтан да мұғалімдеріміз тарапынан қызығушылықты тудыратын еш әрекеттер болмаған соң біз негізінен уақытымызды ойын, тентектік жасау секілді әрекеттермен толтыратынбыз.

Мектепті аяқтаған соң мен күзде армияға аттандым. Екі жылдан кейін қайтып келім Қазақ мемлекеттік университетінің даярлық курстарына (подкурс) түстім. Ол кезде жігіттер үшін жоғары оқу орнына түсудің ең бір оңай жолы осы еді. Подкурста оқып жүргенімде мен бір бөлмеде үш жігітпен бірге тұрдым. Үшеуі математикадан жақсы екен. Бір жыл бойы мен солардан үйреніп, сол үшеуінің арқасында орта математикадан мектеп бағадарламасын толығымен игеріп шықтым. Осыдан кейін маған «Механика және математика» мамандығында оқу аса қиындық туғызбады…

Бүгінде Біржан Сәрсембекұлы Сауырбаев – техника ғылымдарының докторы, профессор, Халықаралық инженер академиясының академигі, Халықаралық Сухоа атындағы медаль иегері, «Қазақстанның 200 жетекші ғалымдарының» тізіміне кіретін ғалымдардың бірі. Осы жетістіктеріне ол бірінші кезекте дайындық курсында оқыған жолдастарынан үйренуінің арқасында жетті.

Осы себепті де мұғалімдерге сабақтарда оқушылардың бірін-бірі үйретуін ұйымдастыруы керек. Бұл оқушылардың белсенділігін тудырып, олардың танымдылығын арттыратындығы анық.

Оқушылардың бірін-бірі үйретуін ұйымдастыру үшін әр сабақта бірлескен жұмыс әрекеттерін (топтық, жұптық, сыныптық) ұйымдастыру қажет. Әрине, бұл оқушылардың жекелей жұмыс атқармайды дегенді білдірмейді. Мұғалім сабақ мақсаттарына сәйкес тіпті әр сабақта оқушылардың жекелей жұмысын ұйымдастыра алады.

Мұнда мына жәйтті ескеру керек. Кез келген әрекет (тапсырма) 3 кезеңнен тұрады: 1) әрекетке дейін (тапсырма орындауға дейін); 2) әрекетті (тапсырманы); 3) әрекетті (тапсырманы) қалай орындалғанын бағалауғ яғни рефлексия.

Сабақта мұғалім оқушылардың бірлесе және жекелей жасайтын жұмыстарын осы 3 кезеңде реттеуге болады. Мысалы, бір тапсырманың мақсаты, критерийлері мен дескрипторларын топ немесе жұп құрамында талқылатып алып («Тапсырманы қалай орындаймыз?» деген сұраққа жауап іздеу), содан кейін тапсырманы жекелей орындатуына болады. Немесе бұл сұраққа жауап іздеу мақсатында әр оқушы өздігімен 30 секунд немесе 1-2 минут ойланғаннан кейін олар өз ойларымен топ немесе жұп құрамында бөлісіп, тапсырманы қалай орындау керектігін айқындап алады. Осыдан кейін тапсырманы бірлесе орындауы мүмкін.

Ал тапсырманың қалай орындалғаны туралы рефлексияны да былайша түрлендіруіне болады: алдымен оқушылар бұл турасында жеке ойланып немесе кесте толтырып алады да, осыдан кейін өздерінің тоқып-түйгенін топ не жұп құрамында талқылап, тұжырымдайды. Бұл рефлексиялық әрекет сыныптық талқылаумен қорытындыланады.

Тапсырманы сыныппен орындау мүмкін де емес болар, өйткені онда көп оқушылардың жұмысқа белсене араласпай, сырт қалу қаупі туындайды, сондықтан да тапсырманы не жеке, не жұппен, не шағын топпен орындаған дұрыс. Алайда рефлексия, яғни тапсырманы қалай орындалғаны, оның не бергендігі, оқушылардың не үйренгендігі туралы талқылау, сыныптық қорытындылаумен аяқталуы тиіс болар.

Бұдан шығатын қорытынды мынау. Тапсырманы орындауда жұмыстың кез келген нысандарын қолдануға болады: жекелей, топпен, жұппен, сыныппен. Жекелей жұмыстың өзін тек тапсырманы орындауда қолданып, ал «Орындауға дейін» және «Орындаудан кейін» кезеңдерінде оны бірлескен әрекеттермен жалғастыру қажет. Мысалы, оқушылар тапсырманы қалай орындау керектігін бірлесе талқылап алғаннан кейін (1), оны жекелей орындайды (2), содан соң тапсырманың қалай орындалғанын бірлесе талдайды, бірін-бірі тексереді, бір-біріне көмек береді (3).

Асхат Алимов. «Назарбаев зияткерлік мектептері» ДББҰ жанындағы Педагогикалық шеберлік орталығында аға менеджері. Филология ғылымдарының кандидаты, доцент.

-ЖАРНАМА-spot_img

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here

- ЖАРНАМА -spot_img

СОҢҒЫ ЖАЗБА