22.11.2024

ОҚУЛЫҚ ОЛҚЫ БОЛСА, ОҚУШЫ ҚАЙДАН ОҢАДЫ?

Әлемнің екінші ұстазы атанған, ұлттың ұлы ғалымы Әбу Насыр әл-Фараби: «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» – десе, ұлттық танымның ұлы атасы, алаш қайраткері, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынов: «Балаңды ұлша тәрбиелесең, ұл болып өседі, құлша тәрбиелесең, құл болып өседі» – деген екен. Ал “Бiз бүгiн кiмдi тәрбиелеп жүрмiз?” деген сұрақ, қазақ азаматы ретiнде, менi жиi толғандырады. Толғантып қана қоймайды, ойымды онға, санамды санға бөледi.
Бiлiм мен тәрбиенiң негiзi, қайнар бұлағы мектеп десек, оқулық – сол бiлiмнiң өзегi, тәрбиенiң құралы, ұлттық мәдениеттiң ұраны. Ал бiздiң оқулықтар сол ауыр жүктi көтере алып жүр ме? Мiне, осыған байланысты, мен өзiмнiң әр елден көрген-бiлгенiмдi, оқып-түйгенiмдi, отандық оқулықтардағы олқылықтар мен озықтықты сiздермен бөлiскiм келедi, құрметтi оқырман.
Озықтық – ол отандық бақыт, бұл – мақтаныш. Ал, олқылық – ұлттық қауiп, ұрпақтың, нақтырақ айтқанда, ұлттың жауы. Бұдан сақтану керек. Ол үшiн, бiзден шыққан оқулықтарды көршi елмен, мәселен, Ресеймен, Қытаймен және басқа да елдермен салыстыру керек. ХХI ғасыр техника заманы болғандықтан да, мен математика және жаратылыстану пәнi оқулықтарына тоқталуды жөн көрдiм.

“ХИМИЯ ҚИЫН, АШИДЫ МИЫҢ…”

Бiрiншiден, жеке авторлар жазған бiздiң оқулықтың тiлi – оқушы тiлiнен аулақ, ғылым тiлi. Мысалы, химия, физика оқулықтарын оқу¬шы емес, мұғалiмi, яғни сол мамандықтың иесi әзер түсiнедi. Ал, оқу¬лық тiлiнiң түсiнiктiлiгi – оқушыны баураушы, қызықтырушы. Сондықтан, қазiр оқушылар «физика мен химия, кірмейді менің миыма» немесе «химия қиын, ашиды миың»деп, білімді алынбас шыңдай көреді.
Екiншiден, жаратылыстану пәндерi оқулықтарындағы үлкен кемшiлiк – сөздердiң бей-берекет қолданылуы. Сөйлем құрылысының түсiнiксiздiгi. Мысалы, оқулықтардағы кейбiр анықтамаларды, есептердi оқып, не айт¬қанын түсiну қиын. Қарапа¬йым бiр мысал: 5- сыныптың математика оқулығында, мынадай сөз есебi жүр: “Жетi картоптың құны – 210 теңге, 5 килограмм картоптың құны неше?” Бұған не дейсiз? Қандай картоп? Мысалы iздей берсек, өте көп. Оқу-ағарту – мемлекеттiң болашағы, ал оқулық – оқу-ағартудың тiрегi. Онда қателiк кетiруге ешқашан болмайды.
Үшiншiден, бағдарламалы, сан салалы жаттығулардың кем¬шiлiгi. Айталық, кез келген параграфтан соң, осы параграфтың мазмұнын ашатын толық жаттығу болу керек. Ол әр деңгейлi, әр бағытта болуы керек. Мысалы, химияда қолданылып жүрген 2 оқулық бар. Мұның бiрiнде ұғым жақсы берiлген, бiрақ жаттығу жоқтың қасы. Ал екiншiсiнде тек есептер ғана берiлген. Ұғым мәнiн ашатын жаттығулар орындап, ұғым¬ды игерiп, одан соң есептер шығаруға жетектемесе, тек есептердi шешуге жетелеу – теңiзден кеме¬сiз өтуге бағыт¬тау¬мен бiрдей.
Төртiншiден, мектеп оқулықтарында кешендi материалдар өте кемшiн. Айталық, бар материалдардың өзi тек есептер, әйтпесе тесттер. Бұдан оқушы бiлiмiн дамыта алмайды.
Бесiншiден, тәрбие құралы – тәрбиеден, патриоттықтан алыс. Мысалы, бiр иттiң құны –17 рубль, бiр шошқаның құны 51 – рубль, сонда шошқаның құны ит¬тiң құнынан неше рубльге артық? (6-сынып математикасы). Бұған не дейiк, өзiмiзде ақшаның бiр¬лiгi (теңге) жоқ па, әлде өзге ел¬дiң қаңсығы бiзге таңсық па? Шошқа мен итi несi? Басқа да мұсылмандықтың, қазақылықтың нышаны болатын жан-жануардың аты құрып қалып па? Таңғаласың авторға.
Алтыншыдан, жүйесiздiгi. Айталық, математика-жаратылыстану бағытындағы 11-сыныптың химия оқулығындағы 2-тарауда органикалық кiрiспе туралы сөз болады. Ал, оқушы ешқандай органикалық заттың атын да бiлмейдi, оны 3-тараудан бастайды, сонда қайдағы реакция? Қайдағы құрылыс теориясы? Ол ол ма, дәл сол оқулықтың бастапқы тарауында жалпы химия реак¬ция¬ларының типтерi туралы айтады да, ондағы реакция мысалдарын тек органикалық қосылыстардан алады. Сонда бұл кiмге арналған оқулық? Оқушыға ма, әлде ғалымның өзiне керек шимай ма?
Жетіншіден: бағдарлама бір басқа, оқулық бір басқа. Соңғы жылдары оқулық пен бағдарлама бір ізді емес күйге түсті. Бағдарламада оқулықтағы кей тараулар жоқ, әйтпесе, оқулықтағы тарауларды ретімен емес, керісінше, ретсіз кезіп жүріп оқу, әйтпесе екі сыныптың оқулығын қатар алып жүру секілді күйге түсті. Ал, мұғалым бағдарлама бойынша ғана жүре алатындықтан, кейде оқулықтың қай жерін өткенін білмей оқушылар дал. Мысалы: 7 -сынып физика бағдарламасында, оқулықта бар бір тарау жоқ. Ал, химия да 1 тараудан кейін 6 тарауды, одан кейін 4 тарауды оқу керек дегендей ретсіздік туындады. Бұл оқу сапасына өте ауыр, кері әсерін тигізеді.

ҒАЛЫМ МЕН ПЕДАГОГ, ТІЗЕ ҚОС!

Оқулық олқы болса, оқушы қайдан алсын білімді? Сондықтан, оқулықтың сапасын арттыру арқылы, оқушы білімінің сапасын арттырып, әлемдік білім деңгейіне көтеру үшін, төмендегідей ұсыныстарды білдірер едім:
Бірінші, алғашқы мәселе – оқулықты жеке автор емес, арнайы комиссия жазуы керек. Орта білім саласының маңызды құжаттарын талдау және зерттеу иниституты болса… Әрі олар автор емес, құрастырушы болуға тиіс. Себебі, оқулық – авторы бар әңгіме, роман емес, ол диссертациялық жұмыс емес. Ол тек түрлі авторлардың, ғалымдардың жұмысынан алынып, мектеп деңгейіндегі мазмұнға ыңғайлап құрастырылатын, ықшамдалған көшірме. Мысалы, казіргі қолданылып жүрген «Химия» оқулығы сонау 50-жылдары жазылған. А.Бірімжановтың «Жалпы химиясының» ықшамдалған көшірмесі, оны жеке адамның авторлық жұмысы деуге мүлде болмайды.

Ал, оқулық жазу комиссиясының құрамы қандай болуы керек?

Дамыған елдер тәжірибесіне негізделгенде, оқулықты сол мамандықтың білгір ғалымы (кемінде екі) мен сол пәнді балаға оқытатын педагог (кемінде екі, әрі мектепте он жылдан артық сабақ берген, үздік шакірт тәрбиелеген) бірлесіп жазулары керек. Себебі, кей ұғымдардың оқушыға қалай түсінікті боларын, сол ғылымның педагогы жақсы біледі. Мысалы, бiздiң химия оқулықтарында оқушыға металл, бейметалды ажыратуды үйретпестен бұрын, қышқыл, негiз, тұзды өтедi, мұнда оқушы тұз дегенiмiз, қышқыл қалдығы және металдан тұратын қосылыс дейдi, ал, металдың не екенiн бiлмесе, қалай тұзды жазады?
Сонымен бiрге, комиссия құрамында тарихшы болу керек, себебi елiмiздiң тарихы, мәде¬ниетi кез келген оқулығымызда көрiнiс берiп тұруы керек. Әрі, әрқандай ғылымда сол ұлттың ұлттық менталитеті сіңуі керек. Айталық, қаншама кен орындарын ашуға зор үлес қосқан, алғашқы химиктермiздiң бiрегейi – Қа-ныш Сәтбаевтың оқулықта есiмi де аталмайды.
Сонымен бiрге, авторларға бiр психолог, бiр қазақ тiлi мен әдебиетiнiң маманы көмектесуi керек, себебi оқулықтағы әр сөйлемнiң мазмұны құрылымы дұрыс па, бұрыс па, тексерiлгенi жөн. Тілдің шубалаңсыздығы мен түсінікті болуы балаға аса маңызды. Сонымен бірге оқулықтың ішіндегі суреттер, кестелер, заманауи тәжірибелердің сызба нұсқасын қойып отыратын дизайнер болу керек.
Сонымен комиция құрамы кемінде сегіз адамнан тұру керек.

Келесі мәселе- оқулық құрылымы

Оқулықта тақырыптың соңында тақырыпқа сәйкес, әр тараудың соңында тарауға, қорытынды жаттығулар болуы керек. Әрі ол жаттығулар тек есептер мен тесттер ғана емес, сан-салалы, алуан түрлі болу керек. Бұл жерде тек, Ресей жүйесіне қарау жеткіліксіз, басқа да дамыған елдердің тәжірибесін қолдануға болады.
Нақты ғылымдарда тірек сызбалар, тәжірибе барысының сызбалары, кестелер, ойланту сұрақтары тағы басқа сызба нұсқаларды пайдалану керек. Жаратылыстық ғылымдарды сылдыр сөзбен жазу оқушыны жалықтырады.
Бұл кезекте, бастауыш баласының қызығушылығын, баланың жасын ескере отырып, кітапті балаға қызығарлық етіп, әрлеп, ішікі жаттығуларда да, сурет басқада негіздік сызба нқсқаларды пайдалану өте маңызды.

Комиссияның негізгі жұмысы

Соңғы ескерер түйін, оқулықты құрастыру комиссиясы алғашқы жұмысы мемлекеттік стандартқа байланысты оқулық бағдарламасын өздері жасайды. Бағдарлама жасалып болған соң, әр оқулықтың комиссиясы біріге отырып, пән аралық байланыстардың сақталуын, мазмұндардың біркелкілігін сәйкестендіріп алу керек.
Келесі жұмысы: сапалы оқулық дайындау. Оқулық дайындалған соң, әр оқулық жазу топтары жазылған оқулықтарын, қайтара сараптап шығулары керек. Себебі, оны әркім әр түрлі, білгенінше жасайды да, күнтізбеліктің сапасы сын көтермей қалатын жайттар жоқ емес.
Келесі жұмысы: мұғалімнің күнтізбелік-тақырыптық жоспары (КТЖ) да осы комиссияның талқылап бекітумен нақты, өзгертілмейтін нұсқамен жазылу керек.
Соңғы жұмысы: мектеп аралық бақылаулар (МАБ) және ұлттық біріңғай тестті (ҰБТ) де, осы жұмыс тобы, өздері жазған оқулықтарға, жаттығуларға сәйкес өздері құрастыруы керек, бұл бір тұтастық пен бір жүйелікке алып келеді.
Бұдан тыс, жыл бойы қосымша әр бағытта терңдетілген материялдар жасап, дамытып кемелдендіріп отырулары керек.
Комиссия міндетті түрде, арнаулы Ы.Алтынсарин секілді ғылым академиясының құрамында тұрақты қызметте отырып, жұмыстарын жыл сайын зерттеп талдап отыруы шарт.

Жүйелік пен жауапкершілік болмаса, сапа болмайды

Егер осы шарттар толығымен орындалса, біздердің ұтарымыз:
Бірінші, барлық орта білім қажетті материялдары бірізділеніп жүйеленеді. Бұдан сапа туады.
Екінші, егер қате кетсе, жауапкершілікті бір-біріне сілтеуі туындамайды, жауапкершілік тек бір мекеменің құзіреттілігінде, бір комиссияның мүшелеріне жүктеледі. Жауапкершілік артады. Жауапкершілік болғанда ғана, сапа болады.
Ұстаздардың басты мақсаты – ұлт болашағы, ұрпақты тәрбиелеу. Оқулық – ұстаз бен шәкірттің көмекшісі, сырлас досы. Ол ешқашан да, олқы болмау керек, оқулықтың олқылығы опық жегізеді.

Аятжан Ахметжан

kazbilim.kz

-ЖАРНАМА-spot_img

1 COMMENT

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here

- ЖАРНАМА -spot_img

СОҢҒЫ ЖАЗБА