23.11.2024

Білім саласын автоматтандыру қалай жүргізілуі тиіс – маман пікірі

Қазақстанға кемінде 10 мың бағдарламашы, ІТ-маманы қажет. Бұл туралы Инновациялық интеллектуалды технологиялар академиясының бас директоры Нұралы Құдайбергенұлы айтты.

«Қазіргі уақытта «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында білім саласында көптеген жұмыс атқарылып жатыр. Сол атқарылып жатқан жұмыстардың басы-қасында жүрген біздің компания да бұл іске өз үлесін қосып отыр. Бүгінгі күні цифрлық білім дәрежесін көтеру мақсатында ең бірінші жасалатын жұмыс – бұл білім саласын ақпараттандыру. Білім саласын ақпараттандыру бағытында жасалып жатқан жұмыстардың алғы шебінде барлық мектепте интерактивті тақталар, интерактивті панельдер қойылып, дербес компьютерлердің, планшеттердің, ноутбуктердің саны күннен-күнге артып келеді. Бұған қоса, физика, химия, биология кабинеттерін зертханалық құрылғылармен қамтамасыз ету мәселесі де бір жүйеге түсірілді», – деді Нұралы Құдабергенұлы «ҚазАқпарат» тілшісіне берген сұхбатында.

Ғалымның айтуынша, бүгінде Қазақстанда білім саласын ақпараттандыру бағытында жүргізіліп жатқан жұмыстарды күннен-күнге еселеп арттыру немесе оның үдеуін күшейту қажеттілігі туындап отыр. Себебі қазіргі кезде бағдарламашылардың, ІТ-мамандардың қажеттілігі қатты арта түсуде.

«Мәселен, Қазақстанның өзін ғана алатын болсақ, елімізге кемінде 10 мыңнан астам маман қажет. Ал ондай
мамандарды дайындаудың, ертерек дағдыландырудың ордасының бірден-бірі мектеп саналады. Ондықтан мектептерде компьютерлер, тақталар санын арттыру, интернет, мобильді планшеттер қою, физика, химия, биология және тағы да басқа ғылыми бағыттағы пән кабинеттерінің барлығына зертханалық құрылғылар орнату, роботтандыру мақсатында жасалатын жұмыстарды күшейту, 3D принтерлермен жабдықтау және мұнан да өзге жұмыстарды атқару қажет», – деді ол.

Оның сөзіне қарағанда, келесі жасалатын үлкен жұмыстың бірі – ол білім саласын автоматтандыру. Бұл бағытта мектептерге жаппай камера орнатып, олардың барлығын бір нүктеге шоғырландыру арқылы басқару қажет. Мұнан бөлек, мектеп директорының, оның орынбасарларының, бухгалтерия жұмыстарын, оқу-әдістемелік кабинеттердің жұмыстарын автоматтандыру қажеттігі де бар. Сонымен қатар оқу процесстерін, әрбір пәнді қазіргі жаңа технологиялық үлгілермен оқыту, зертханалық-цифрлық зертханалық құрылғыларды қою да көп күттірмейтін мәселеге айналып отыр. Осы орайда «Инновациялық интеллектуалды технологиялар академиясы» әрбір пәнді балаларға автоматты түрде компьютерден оқыту, сол арқылы өздерінің тиісті объективті бағаларын алу, бүкіл мәліметтердің жиынтығын интернеттен көру,
күнделікті, журналды автоматты түрде толтыру қамтылған кешенді оқыту бағдарламасын әзірледі.

«Кешенді оқыту бағдарламасының бірі ретінде біз «Цифрлық мектеп (кешенді жүйе)» деген бағдарлама жасадық. Оған Қазақстанда авторлық құқық алдық. Айта кетерлігі, бұл жұмыстың басы-қасында бізбен бірге Ресей ғалымдары да атсалысып, жұмыс істеді. Жалпы, мектептегі жұмыстарды автоматтандырудың осындай кешенді бағдарламасын жасау үшін өте үлкен жаңалықтарды енгізуге мәжбүр болдық. Ол жаңалықтардың бірі – цифрлық мектеп кешенді жүйесін жасау барысында жаңа компьютерлік бағдарламаны іске қосу. Ол «Стратум» деп аталады. Аталған бағдарламаны Ресейдің қазіргі
кездегі өте ірі ғалымы Олег Мухин деген профессор жасап шығарған. Бұл тек қарапайым ғана бағдарлама емес. Оның ерекшелігі – бағдарламаны жазатын бағдарлама. Жүйені меңгерген ұстаздар өз сабағының жаңа үлгісін бағдарламашыны қажет етпестен өздері жасайтын мүмкіндікке ие болады. Сондықтан бағдарламашы (программист) жобалаушы (проектировщик) дәрежесіне көтеріледі», – деді академия басшысы.

Нұралы Құдайбергенұлы «Цифрлық мектеп (кешенді жүйе)» бағдарламасына жерсерік конструкторларының бірі орыс ғалымы Побиск Георгиевич Кузнецовтің күрделі әлеуметтік-экономикалық жүйелерді басқаруға арналған «СПУТНИК» және «СКАЛАР» деп аталатын басқару жүйесін
кіріктірілгендігін айтады. «Цифрлық мектеп (кешенді жүйесін)» аталған жаңалықты негізге ала отырып
жасадық. Оның аясында білім картасы, үйрену картасы, дағды картасы деген арнайы карталар әзірленді. Аталған карталар арқылы баланың қай тақырыпты қалай меңгергені, қай тақырыптан кейін қай тақырыпты оқу керектігі және бүгінгі алған білімінен, дәрежесінен ертең қай дәрежеге бару керектігінің траекториясы анықталып, сол траекторияға жетуге сеп болатын басқару жүйесі іске қосылып, пайдалануға берілді. Тағы бір айта кетерлік үлкен жаңалық – ол баланың ойлау жүйесін қалыптастыру. Баланың ойлау жүйесін
қалыптастыруды 70-ші жылдары көрнекті ғалым Баянғали Әменұлы Қойшыбаев деген ғалым жасаған болатын. Оның ашқан жаңалығы, еңбегі бойынша осы «Цифрлық мектеп (кешенді жүйеге)» сол ойлау жүйені қосып отырмыз», – деді ол.

Оның дерегінше, аталған жүйеде баланың атауларды, аталымдарды, түсініктерді және категорияларды өз дәрежесінде зерттеп, олардың барлығын жүйелі түрде меңгеруге жағдай жасалған. Сонымен қатар балаға пәндердің ішіндегі деректерді тек қана жаттап қана қоймай, сол құбылыстардың заңдылықтарын, заңдылықтардың бір-бірімен байланысын білуге, олардың арақатынасын жіктеп, терең түсінетіндей ойлау жүйесін қалыптастыруға мүмкіндік береді. Қазіргі уақытта «Цифрлық мектеп (кешенді жүйе)» жобасы аясында физика, химия, алгебра, геометрия, орыс тілі сияқты пәндерді оқытудың арнайы бағдарламасы
жасалған және балаларға қосымша құрал ретінде пайдалануға беріліп отыр. Мұғалімдерді оқыту жұмыстары да қолға алынған.

«Әрине, қазіргі кездегі мектептің білім жүйесін, оның сапасын тексеруді автоматтандыру да көп күттірмейтін өзекті мәселе және оны өз деңгейінде жасау уақыт талабы. Ал «Цифрлық мектеп
(кешенді жүйе)» аясындағы жүргізіліп жатқан жұмыстар робот жасау, жасанды интеллекті жасау бағдарламасының негізі болып саналады. Сондықтан оның ішіне жасанды интеллект элементі қосылған. Сол арқылы баланы бақылау, бағыттау, оның жетістіктерін, қиындықтарын ескеретін құрылғылар көзделген. Алынған мәлімет толық жинақталып, мұғалімге, ата-анаға және білім беру саласын басқаратын органдарға жеткізіліп отырады. Нәтижесінде баланы жетілдіруге, онымен жұмыс істеуге, оның психологиялық, педагогикалық дәрежелерін тексеруге мүмкіндік аламыз. Демек, «Цифрлық мектеп (кешенді жүйесі)» ұстазға үлкен көмек беретін құрал болып саналады», – деді Нұралы Құдайбергенұлы.

-ЖАРНАМА-spot_img

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here

- ЖАРНАМА -spot_img

СОҢҒЫ ЖАЗБА