07.11.2024

Аслан СӘРІНЖІПОВ. Білім беру жүйесін жаңартуымыз қажет

Аслан СӘРІНЖІПОВ, ҚР Білім және ғылым министрі, экономика ғылымының кандидаты, Пенсильвания университетінің жоғарғы білімді әкімшілендіру саласындағы ғылым докторы (АҚШ):

Атам мен апамның тәрбиесін көріп өстім

– Аслан Бәкенұлы, қай өңірде дүниеге келдіңіз?
– Мен Алматы қаласында туылдым. Бірақ мектепке барғанша Қарағанды облысының Шет ауданында тұратын ата-апамның қолында өстім. Жеті жасқа толғанымда мені әке-шешем Алматыға алып кетті. Сонда да әр жазғы демалысты ата-апамның қасында, ауылда өткізетінмін. Сол кісілердің тәрбиесін көріп өстім.
– Жазда қой бақтыңыз ба?
– Иә. Бала болсам да атқа жақсы мінетінмін. Бір айда бір-екі рет келетін қойдың кезегі кезінде атам өзімнен бір жас үлкен ағам екеуміздің бір қолымызға таяқты, бір қолымызға ас-суымызды ұстатып, қойларды алдымызға салып беріп, өріске жіберетін. Малдарды жайғастырып болғаннан кейін бауырым екеуміз еркін далада армансыз ойнайтынбыз. Сосын кешке қойлардың бірін қалдырмай түгендеп әкелетінбіз. Көршілердің әрқайсысы өзінікін бөліп алатын. Қарап отырсам, сол кезде алты-жеті жасар баламыз ғой. Сонда да атам бізге сенетін. Ауылда өзіммен қатар өскен балалардың бәрі шетінен дарынды еді. Бірі өлең жазса, екіншісі ән айтып, үшіншісі сурет салатын. Бірақ олар өнерлерін әрі қарай дамытпады, мектепті бітіргеннен кейін ауылда қалып қойды.
– Өз-өздерін жетілдіруге мүмкіндіктері болмаған шығар?
– Иә. Қазір солардың көбі құрылыста жұмыс істейді екен. Әйтпесе бірінен-бірі өткен талантты еді ғой. Мысалы, мен қаланың мектебінде оқыдым, сосын Америкаға барып білім алдым, докторлықты қорғап, қазір министр болып отырмын. Білімін жалғастырса, олардың менен қай жері кем еді?! Керісінше, олар менен білімді, менен талантты болатын. Мүмкіндіктерінің болмағаны өкінішті. Білім беру жүйесінің бірден-бір кемшілігі – осындай ауыл балаларының білімін дамытуға жағдай жасамауы деп түсінемін.
– Өзіңіз қайда оқыдыңыз?
– Алматыдағы №105 ағылшын тілін арнайы тереңдетіп оқытатын орыс мектебінде білім алдым. Ол жерде ағылшын тілін 1-сыныптан бастап үйретті, бірақ бізде он жыл бойы қазақ тілі пәні мүлдем жүрмеді. Әйтпесе ауылда жүрген кезімде тек қана қазақша сөйлейтінмін. Қалаға келгеннен кейін ұмыта бастадым ғой. 7-сыныпқа дейін үздік оқыдым, сосын сабақ үлгерімім нашарлап кетті. «Өтпелі кезең» кезінде біраз желігіп кеттім. Темекінің дәмін де көріп, рок-н-ролға билеп дегендей… Сосын 1989 жылы КСРО басшысы М.Горбачев пен сол кездегі Америка Президенті Р.Рейган өзара келісіп, алғаш рет мемлекетаралық тәжірибе алмасу мақсатында кеңестік мектеп оқушыларын Америкаға оқуға жіберетін болды. Сөйтіп, бізден екі сынып жоғары оқитын балалар сол жаққа кетті. Оқушылардың бәрі бірдей бара алмайтын, тек ең жақсы оқитын балалар ғана жіберілетін. Ол кезде тамыр-таныс деген ұғым мүлдем жоқ. Мұны көргеннен кейін менің де Америкаға барғым келді. Осылайша менде сабақты жақсы оқуға деген ынта-ықылас пайда болды. Ақыры арманыма жетіп, 10-сыныпты Америкада оқыдым. Бұл 1990 жыл болатын. Өзіңіз білесіз, елімізде ол кезде қиындық орнаған, тоқырау кезеңі еді. Жарық жоқ, дүкен сөрелері бос, тамақ алу үшін халық ұзақ-сонар кезекке тұратын. Қысқасы, елдің жағдайы нашар болды. Сонда бізді бейшара сияқты көрінбесін деді ме, Америкаға баратын кезде Орталық Комитет арқылы бізге джинсы, кроссовка, кеудеше сияқты киімдер берді. Әлі есімде, қыс кезі болатын, бізді Америкаға Мәскеу арқылы апарды. Ол жаққа алғаш келген күні есеңгіреп қалғанымды ұмыта алмаймын.
– Неге?
– Басқа әлемге түсіп кеткендей күйде болдық қой. Бізді Аризона штатының Феникс қаласындағы мектепте оқытты. Қарапайым мектеп болса да, ғимараты ханның сарайындай үлкен болатын. Оқушыларға барлық жағдай жасалған, спортзалдары кең, бассейнге дейін бар. Оқушыларының өзі жеке көліктерімен жүреді. Қала тұрғындарының үйлері дағарадай үлкен. Тура апельсин пісетін уақытта барған екенбіз, оның аяқтың астында шашылып жатқанын кө¬ріп аузымыз ашылды да қалды. Біздің елде апельсин тапшы еді ғой. Жаңа жылда бір талын сыйласа мәз болатынбыз. Қыс¬қасы, осындай айырмашылықты кө¬ріп, аң-таң күйге түстік. Тіпті біздің топтағы бір қыз мұндай өзгерісті қабылдай алмай, кәдімгідей есі¬нен ауысып қалған. Ол жаққа алғаш келген күннің бірінде бізді қала әкімімен кездесуге апарды. Қарасам, әкімшіліктің ғимараты мектептікінен әлдеқайда кішкене әрі ескілеу екен. Ал бізде керісінше болатын. Осыдан-ақ екі елдің бі¬лім¬ге деген көзқарастарының екі түр¬лі екенін байқауға болатын еді. Сонда маған атамның «Егер мек¬тептің ғимараты ауылдық кеңестің ғимаратынан нашар болса, онда бұл мемлекетте бір қиындықтар бар деген сөз» деп айтқаны есіме түсіп кетті. Осыдан кейін-ақ «біздің бабаларымыз керемет дана болған екен ғой» деп ойладым. Менің атам Қасен – халық мұғалімі деген атағы бар, өте белгілі ұстаз болған адам. Ол кісі соғысқа дейінгі уақытта Қарағанды облысының Қайрақты ауылында үлкен мектеп салып, кейін сол мектепті бірнеше жыл өзі басқарған. Қазіргі таңда іргетасын өзі қалаған бұл мектеп атамның атымен аталады. Білімге шексіз құштар жан еді. Қиындыққа қарамастан, өзінің тоғыз баласының жоғары білім алуына толықтай мүмкіндік жасады. Өзі ақынжанды адам еді, өлең жазатын. Мен 1991 жылдың жазында мектепті күміс медальға бітіріп келдім. Екі сабағым ғана «төрт», қалғанының бәрі «бес» болатын.
– Ол қай пәндер еді?
– Орыс тілі мен орыс әдебиеті. 1986 жылғы оқиғадан кейін мектеп оқушыларының арасында осы екі пәнді «беске» оқуға болмайды деген түсінік пайда болды. Наразылық белгісі сияқты ғой. Сондықтан болар, бұларды әдейі «беске» оқыған жоқпын.
– Ал қайсы пәндерді жақсы көріп оқыдыңыз?
– Гуманитарлық пәндерге қарағанда, маған есеп шығару оңай болатын. Математика мен физиканы жақсы көрдім, осы пәндер бойынша олимпиадаға да қатысатынмын. Таксист болғым келетін
– Байқасам, атаңыздың жолын жалғастырыпсыз. Ал әке-шешеңіз қандай мамандық иелері еді?
– Мамандықтары бойынша әкем де, анам да – инженер. Екеуі де политехникалық университеттің басқарудың автоматтандырылған жүйесі факультетін бітірген.
– Сіз қайсысына көбірек ұқсағансыз? Әкеңізге ме, әлде анаңызға ма?
– Екеуіне де. Әкем – жүрегі жұмсақ, әрдайым біреуге қамқор болып жүретін, шығармашылыққа жақын жан. Ал анам – діттеген мақсатына жетпей қоймайтын нағыз іскер адам.
– Қанша ағайындысыз?
– Өзімнен сегіз жас кіші қарындасым бар.
– Әркімнің бала кезде бір арманы болады ғой. Сіз кім болуды армандаушы едіңіз?
– Таксист болғым келетін. Біз қаланың шетіндегі ықшамауданда тұрдық. Ал мен оқитын мектеп қаланың қақ ортасында орналасқан. Мектепке бару үшін бір сағат, қайту үшін бір сағат уақытым кететін. Үйден мектепке қарай №35, 86, 61, 63, 18 автобус¬тар жүретін. Он жыл бойы осылай автобуста қысылысып, кептелісіп, тығылысып жүрдім. Сонда маған өз көлігімен жүретін таксистерден бақытты адам жоқтай көрінетін. Кейде ата-анама «Қиналмай-ақ үйдің жанындағы мектепте оқи берсем де болатын еді ғой» деп ренжуші едім. Бірақ кейіннен сол мектепте оқитын балалардың көбі нашақор, бұзақы болып кетті. Яғни әке-шешем ол мектептің білім беру, тәртіп жүйесі дұрыс еместігін білген. Сондықтан менің жақсы мектепте сауатты білім алғанымды қалаған. Қазір ол кісілерге алғыстан басқа айтарым жоқ.
– Демек, оқыған мектебі баланың болашағына үлкен әсер етеді дейсіз ғой?
– Иә. Ол анық нәрсе.
– Ендеше, автобуспен ары-бері жүрген уақытыңыздың бәрі ақталған екен. Ал спортқа қызығушы ма едіңіз?
– Иә, оқушы кезімнен бастап еркін күреспен, суда жүзумен айналыстым. Күрестен бірнеше рет жарыстарға қатысып, диплом да алғанмын. Бапкеріміз бізге: «Қандай мықты қарсылас болса да еш қорықпай, жасқанбай шығып күрес! Егер белдесуге қорқып шықсаң, жеңілдім дей бер!» – дейтін. Осы сөз жадымда жатталып қалды. Әрі өмір жолымда да талай пайдасын тигізді.
– Талай адамнан сұхбат алып жүрмін. Байқағаным, қай салада болмасын жетістікке жеткен адамдардың көбін спорт қайрапты…
– Спорт адамға өздігінен жұмыс істеуді үйретеді. Мұнда жетістікке жету үшін тек өзіңе ғана сенесің, сондықтан аянбай жаттығасың. Бар сенімді соған артасың. Бұл жерде жолы болғыштық қасиет үнемі көмектесе бермейді. Спортпен әлі күнге дейін доспын. Аптасына екі-үш рет жаттығу залы мен жүзуге бармасам, өзімді жаман сезінемін.
– Темекі шегесіз бе?
– Дәл қазір шекпеймін. Бірақ қатты күйзеліске түсіп кеткен сәттерде өзімді сәл де болса тыныштандыру үшін тартқанмын. Осы уақытқа дейін төрт рет шегуді бастап, төрт рет тастадым.
– Өмірлік ұстанымыңыз қандай?
– Шын қаласаң – алмайтын белес, аспайтын асу жоқ. Көп ойланып, бас қатыра бермей, жоспар құрып, мүмкіндіктерді қарастырып, іске кірісу керек деп ойлаймын. Адам алған беттен қайтпай жұмыс істесе, мақсатына жетпей қоймайды.
– Мектепті бітіргеннен кейін не істедіңіз? Министрлік қызметке келгенге дейін қандай жолдардан өттіңіз?
– Мектепті күміс медальға бітіргеннен кейін Т.Рысқұлов атындағы экономикалық университеттің халықаралық экономикалық қатынастар факультетіне емтихансыз оқуға түстім. Бұл жерде мүлдем басқа орта екен, кілең дөкейлер¬дің балалары оқиды. 3-курсты бітіргеннен кейін мені универс謬тет бір жылға Америкаға оқуға жіберді. Ол жақта «Қазкоммерцбанктің» қазіргі басқарушы директоры Мағжан Әуезов екеуміз оқыдық, бір жыл бойы бір бөлмеде бірге тұрдық. Ол саясаттану, мен бизнес саласы бойынша білім алдық. Кейіннен оған «АҚШ-тың тарихын оқып не қыласың? Одан да маркетинг-менеджмент саласын меңгерсеңші» деп бой бермей жүріп, ақыры көндіріп, Мағжан біздің факультетке ауысты. Кейіннен «Болашақ» бағдарламасы бойынша магистратураға түсіп, әрі қарай білімін жалғастырды. Ол кезде «Болашақ» бағдарламасы жұмысын жаңа бастаған болатын.

Білім беру жүйесін жаңартуымыз қажет

– Шетелде білім алдыңыз, жеке кәсіпкер де болдыңыз, мемлекеттік қызмет те атқардыңыз. Менеджер ретінде осының қайсысынан үйренгеніңіз көп болды?
– Әрқайсысының да өз бергені бар. Мысалы, бизнес жылдам қимылдап, тез шешім шығаруға, адамдармен тіл табыса білуге, алғыр болуға, қысқасы, жанталасып күн көруге үйретті. Кедергілердің бәрін бұзып өтіп, табысқа жету керектігін ұқтырды. Ал мемлекеттік қызмет ұқыптылыққа, нақтылыққа, қатаң тәртіпке үйретті. Қателесуге болмайтынын ұқтырды. Сыртқы істер министрлігіндегі жұмыс мен үшін өте мықты мектеп болды. Мен жұмысқа келгенде ол жақта экономистер жоқ болатын. Көбінесе шет тілдер институты мен ҚазҰУ-ды бітіргендер істеді. Ал мен экономикалық біліміммен қоса, ағылшын тілін жақсы білдім. Сондықтан жолым болып кетті. Біраз жұмыс істегеннен кейін олар мені төрт айға кәсіби біліктілікті арттыру үшін Кеннеди атындағы мемлекеттік саясат мектебінде тағылымдамадан өтуге жіберді. Ол жақтан келе сала Қазақстанның АҚШ-тағы елшілігіне ауысып кеттім. Оларға экономист маман қатты қажет болып жатыр екен. Сөйтіп, Вашингтонға көштім. Елшілікте ұжым шағын, қызметкерлер саны аз, бірақ жұмыс көп болды. Күніне 16-18 сағаттан жұмыс істедік. Төрт жылдан кейін мені Дүниежүзілік банкке жұмысқа шақырды. Алматыға келіп осы банктің инфрақұрылымдар, қаржылық нарық және білім мәселелері жөніндегі жоба үйлестірушісі болдым. Осында қызмет еткен алты жылдың ішінде бірнеше ірі жұмыстар атқардық. Бұл жердегі ең соңғы еңбегіміз – «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» күре жолын жүргізгеніміз болды.
– Сіз бір кездері «Назарбаев университеті» дербес білім беру ұйымының атқарушы кеңесінің төрағасы болдыңыз. Сол кезден бастап білім саласына келдіңіз бе?
– Бұған дейін де осы салада қызмет еттім. Дүниежүзілік банкте жұмыс істеп жүргенімде білім саласы бойынша бірнеше жобалар жасадық. Үкіметке үнемі осы салаға байланысты ұсыныстар беріп отырдық. Білім беруді дамытудың мемлекеттік бірне¬ше бағдарламасын әзірлеуге қатысқан¬мын. Мынандай бір қызық болған. Бір күні бізге Үкіметтен хат келді. Ол жерде ¬Назарбаев университетін құруға көмектесуді сұраған екен. Жобаны ары-бері қарап, аса түсінбедік, сосын банк оған көмектесуден бас тартқан болатын (күлді). Сосын Кәрім Мәсімов Үкіметтің жанынан Ұлттық талдау орталығын ашып, мені сол жаққа жұмысқа шақырды. Олардың мақсаты – шетелде білім алып келген жастарды бір орталыққа жинап, жаңа идея дайындау болды. Сөйтіп, 2007-2009 жылдары ҚР Үкіметінің және Ұлттық банктің жанындағы «Ұлттық талдау орталығы» АҚ Басқармасы төрағасының орынбасары қызметін атқардым. Маған экономикалық даму, қаржы салаларына жетекшілік жасауды тапсырды. Сонда бұған білім саласын да қосып, арнайы бөлім ашайық деп ой қостым. Осы ұсынысқа байланысты алғашында біраз түсінбеушіліктер, келіспеушіліктер, пікірталастар орын алды. «Алматыдағы бұл орталық қаржы мәселесімен айналысады, білім саласының қатысы қанша?» деген сұрақтар болды. Бірақ мен айтқанымда тұрып алдым. Ақыры білім бөлімі ашылды. Сол жерде еліміздің 2010-2020 жылдарға арналған білімді дамыту бағдарламасын жасап шықтық. Оны Білім және ғылым министрлігі әбден тексеріп, қабылдау туралы шешім шығарды. Бұл бөлім қазір Назарбаев университетінің жанында жұмыс істеп жатыр. «Қазақстан – 2050» бағдарламасының білім саласына қатысты жұмыстарын атқаруда.
– Сіз келгеннен бастап Назарбаев университетінің атағы ерекше шыға бастады. Мұндай жетістіктің құпиясы неде?
– 2009 жылы мені Астанаға шақырып, деңгейі биік халықаралық университет құру керектігін айтты. Үш аптаның ішінде оның тұжырымдамасы дайын болсын деп тапсырма берді. Айтқан уақытта тапсырманы орындап, Кәрім Мәсімовке бердік. Ол кісі кейіннен Елбасыға көрсетті. Президент¬ қолдағаннан кейін біз іске кірісіп кеттік. Университетті ашып, оның жұмысын жүргізу үшін бізге он бір ай ғана уақыт берілді. Ол университеттің алғашқы ұжымы үш адамнан ғана тұрды.
– Басқа оқу орындарынан бұл университеттің өзгешелігі неде?
– Біздің елдегі барлық жоғары оқу орындары әлі күнге дейін кеңестік жүйеде жұмыс істейді. Яғни бәрі бірдей ректорға бағынады. Ал мұнда батыс елдерінің университеттері сияқты жасадық. Яғни ең маңызды адамдар – профессорлар. Ал ректор – оларға қызмет көрсетіп, солардың жағдайын жасаушы қызметкер. Бұл университеттің бас¬ты принципі осы. Сосын біз әлемдегі ең мықты он университетті таңдап алдық та, әрқайсысына бір-бір факультетті бөліп бердік. Мысалы, Кембридж университетіне филология факультетін ашуға ұсыныс жасадық делік. Яғни олар сол факультеттің оқу жүйесін, жоспарын өздері жасап береді. Олардың тәжірибелері көп, атақтары да жер жарады. Қазір бәрі жұмыс істеп жатыр. Оқу жүйелері әртүрлі.
– Министрлік қызметке келгеніңізге бес-алты ай ғана болды. Біздің мектептердің, жоғары оқу орнының оқыту жүйесі қандай екенін көріп отырсыз. Не істемек ойыңыз бар? Қандай өзгерістер енгізгіңіз келеді?
– Дәл қазір бізге балалардың ойлау қабілетін дамытатын жаңа әдістер керек. Бұл үшін білім беру бағдарламасын қайта жасауымыз қажет.
– Яғни бұрын білім береміз деп ақпарат беретінбіз. Енді баланы ойлануға үйрету керек дейсіз ғой?
– Дәл солай. Заманның ағымынан қалмауымыз керек. Қазір ақпарат заманы, әрбір ақпарат бар. Кез келген сұрақтың жауабын ол google-дан-ақ тауып алады. Бірақ оларға біз осы ақпаратты дұрыс қолдана білу керектігін үйретуіміз керек. Яғни жаттап алғанын қайталап айтып беруге емес, ойлана білуге баулуымыз қажет. Демек, кеңестік оқу жүйесімен жүре бермей, барлық дамыған мемлекеттер сияқты білім беру жүйесіне жаңа бағдарламалар дайындауымыз қажет.
– Өзіңізді ғалыммын деп санайсыз ба, әлде менеджермін деп есептейсіз бе?
– Қазіргі таңда менеджермін.

Әңгімелескен: Жарылқап Қалыбай.

Сұхбат “Жұлдыздар отбасы” журналының 2014жыл, наурыз №6(168) санынан, тақырып өзгертіліп алынды.

-ЖАРНАМА-spot_img

1 COMMENT

  1. # проф. Совет-Хан Ғаббасов 03.04.2014 22:12
    БІЛІМ МЕН ҒЫЛЫМ ТҰСАУЛАНЫП ТҰР ( Абай кз )
    проф. Совет-Хан Ғаббасов бн, 03/04/2014 – 17:13
    Мен көтеріп жүрген “Адам тәрбиесінің жаңа ілімімен” дүниеге келген балалар қазір республикаға белгілі бола бастады. Мәселен, Президентіміз өзі құшақтап суретке түскен БАЛА ЖАМБЫЛ ды айтсақ, немесе 4-рет шахматтан ӘЛЕМ ШЕПИОНЫ болған ЖАНСАЯ ны, тіпті мамандығым дәрігер болғандықтан туған сәтінен бастап 3-жыл бойы үзбей байқауымда болған ҮШ БАЛА – үшеуі де 14- жасында 11- жылдықты АЛТЫН БЕЛГІГЕ бітіріп, грантпен университеттері н бітіріп, ерекше қабылеттерімен жұмыс істеп жүр. Бұлар 6- РАССАНЫҢ өкілдері, ТӘН құмарлығынан құтылған – ЖАН құмарлығына ауысқандықтан, олар – АРАҚ- СЫРА- ТЕМЕКІ – НАША – т. б. құмарлықтардан мүлдем ада (таза) деуге болады. Міне осы ІЛІМДІ мемлекет деңгейінде 20- жылдай жүргізгенде, бүгінгі ҰРПАҚ мүлдем жаңа сатыдағы тәрбиеде болар еді. Ал енді ҮКІМЕТ түсінбесе де… ЕЛ-ЖҰРТ бүкіл ағартушы қауым қолға алып, шыққан кітаптарды оқып ұрпағымыздың келешегін қолға алуды ұсынамын. Бүгінгі балалардың ауруларының асқынып тұрғаны соншама, тіпті ТЕЛЕАРНАЛАРДАН ауру баланы емдетуге көмек сұраушылар қаптап кетті. Ал жаңа ілімнің І-ші негізіндегі ҰРЫҚ ТАЗАЛЫҒЫН сақтау арқылы ғана қазіргі 1000-нан аса аурудың 85-90 % жоюға болады. Бұл аурулардың барлығы да ” ҰРЫҒЫНАН УЛАНЫП” туғандықтан белең алған дерт екені ғылыми дәлелденіп отыр. МЕН қанша сұраса да басқа тілдерге аударуға бермей келдім. Өйткені, бұл ІЛІМДІ тұтастай ПАТЕНТТЕУГЕ … тек 2011 жылы ғана қолым жетті. Қайран жұртым Қазағым… Ұлт тағдырын – Ұрпақ қана шешетінін түсінсеңіздер сауап болар еді…

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here

- ЖАРНАМА -spot_img

СОҢҒЫ ЖАЗБА