22.11.2024

Білім гранттары қалай бөлінеді?

Сонымен, ұл-қыз өсіріп, олардың белгілі бір мамандық иесі болуын тілеген ата-ананың көптен күткен сәті де келіп жетті. 2019 жылғы мемлекеттік білім гранты иегерлерінің толық тізімі жарық көрді. Биыл 53 785 білім гранты бөлініпті. Конкурсқа 64 452 түлек қатысты. Сөйтіп алдағы қыркүйектен бастап мыңдаған бойжеткен мен бозбала студенттер қатарын толықтыратын болады.

Жалпы, Қазақстан азаматтарға жоғары білім беру мәселесін ешқашан назардан тыс қалдырған емес. Еліміз жастарға тегін білім алу мүмкіндігін ұдайы жетілдірумен келеді. 2000 жылдардың басында мемлекеттік білім грантымен қатар, кредит арқылы оқу жүйесі де болған. Бірақ бұл жүйе кейін алынып тасталды да, тек білім гранттары қалған-ды. Бұрын шамамен алғанда мектеп бітірушілердің үштен біріне ғана жететін мемлекеттік білім гранттары 2018 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты үндеуінен кейін бірден 20 мыңға көбейді.  Бұрын еліміздегі білім гранттары 30-35 мыңның төңірегінде болатын. Мәселен, 2014-2015 оқу жылында жоғары білім алуға арналған грант саны 34 115 болса, 2015-2016 жылы 32 168, 2016-2017 оқу жылында 31 702, 2017-2018 оқу жылында 37 932 болды. Былтыр мемлекеттік білім гранттарының саны 53 594-ке жетті. Сонымен қатар былтыр магистратураға 12 504, докторантураға 2240 грант бөлінген. Сөйтіп жалпы алғанда мемлекеттік білім гранттарының саны 70 мыңға жақындаған еді. Ал биыл жоғары білім үшін 53 755 грант, магистрлерді даярлауға 12 984, PhD докторы болмаққа ниет қылғандар үшін 2 312 грант бөлінді. Одан бөлек бірқатар университеттің, түрлі облыс немесе қала әкімдіктерінің де гранттары  бөлінетінін ескеру қажет.

Биылғы білім гранттарының 47%-дан астамы инженерлік, өңдеу және құрылыс, IT-технологиялар саласына бөлініпті. Оны брифинг барысында Білім және ғылым вице-министрі Фатима Жақыпова айтты. «Жалпы, биыл конкурсқа 53 785 грант бөлінді, қатысушылардың саны 64 452 адам болды. Осы орайда бір грантқа орташа конкурс 1,29 адамды құрады. Жалпы гранттардың 47 па­йыздан астамы инженерлік, құрылыс, ІТ-мамандықтарға бөлінген. 8 мыңнан астам грант педагогикалық бағытқа арналған. 4 мың грант жаратылыс­тану ғылымдары, математика және ста­тистикаға бөлінді. Биыл конкурсқа қатысқан «Алтын белгі» иегерлерінің саны 5 800-ден астам болды, оның 4600-ден астамы грантты алды», деді вице-министр. Оның сөзіне қарағанда, биыл медицина, соның ішінде фармацевтика-стоматология бағытында оқығысы келетін азаматтардың жинаған ұпайлары жоғары болыпты. Бұл бағыттағы гранттарды иеленген азаматтардың басым бөлігі 100 балдан жоғары жинаған. Бір сөзбен айтқанда, бәсеке тым жоғары. Ал білім аламын дейтін азаматтар үшін мүмкіндік жеткілікті. Білім гранттарына ие болу үшін тыңғылықты даярлық пен бармақтай бақ керек. Білім гранты иегерлерінің тізіміне енген жастар  бақ пен бабы үйлескен азаматтар екені анық. Алайда кеше жарияланған тізім тегін жоғары білім алу мүмкіндігі осымен шектеліп қалғанын білдірмейді. Керісінше, ізденген оқуға шын ынталы азаматтар үшін әлі де талай мүмкіндік бар. Тым болмағанда келер жылы да бақ сынап көруге болады.

Тағы 5 мың грант бөлінеді

Мемлекеттік білім гранттары сөз басында атап өткен мөлшермен шектелмейтінге ұқсайды. Ел халқының әлеуметтік жағдайын жақсартып, көп балалы және тұрмысы төмен отбасыларға қолдау көрсету мақсатында мемлекет тағы 5 мың грант бөліпті. Оны Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов шілденің басында ресми түрде мәлімдеген болатын. Министр 5 мың гранттың біріне ие болу үшін Ұлттық бірыңғай тестілеуден шекті балл жинау қажет екенін айтқан. Әрі гранттардың қаржысы жергілікті әкімдіктерге трансферт арқылы аударылуы тиіс. Ал әкімдіктер өздеріне қажетті мамандықтардың тізімін жасайды, содан соң тағы конкурс болады. «Жалпы, осы грантқа ие болу үшін үміткерлер, ең алдымен, жылдағыдай негізгі 53 785 грантқа 21-31 шілде аралығында республикалық конкурсқа қатысып, бағын сынайды. Ал сол жалпы конкурс бойынша грантқа ие болмаған көп балалы отбасыдан шыққан және атаулы әлеуметтік көмек алушылар санатындағы талапкерлер қосымша берілген жаңағы 5 мың грантты алу үшін тамыз айының 5-10 аралығында келесі конкурсқа қатысуға жергілікті атқарушы органдарға өтініш бере алады», деген еді А. Аймағамбетов. Ал кеше өткен брифингте Білім және ғылым вице-министрі Ф.Жақыпова бұл 5 мың грант Президенттің тапсырмасына сәйкес бөлінгенін айтты. Оны үлестіру 5-15 тамыз аралығында өтеді. «Жалпы республикалық конкурста грантқа ие бола алмағандар қосымша мүмкіндік алады. Гранттарды бөлу жүйесі компьютерлік бағдарламаға негізделген, онда адам факторы жоқ», деді вице-министр.

Айтпақшы, Ф.Жақыпова мемлекет бөлген 3 мыңнан астам грант үлестірілмей қалғанын айтты. Яғни, инженерлік және жаратылыстану бағытындағы мамандықтарға 3 мыңнан астам білім гранты қайта бөлінеді. Біздің «оқуға шын ынталы азаматтар үшін әлі талай мүмкіндік бар» деуіміздің сыры осында. Мына 3 мың грантты қосатын болсақ, тамызда әлі де 8 мың грант өз иесін табуы мүмкін. Әрине, көп балалы және әлеуметтік жағдайы нашар отбасылардың балаларына арналған 5 мың білім грантына ешкім таласпас, бірақ иесіз қалған 3 мың грантты қайта үлестіру де талай адамға үміт сыйлайтыны анық. Брифингте вице-министр бұл 3 мың гранттың жалпы конкурста игерілмегенін  айтты. Демек, 1 тамыз күні жарияланған тізімде 53 785 емес, 50 мыңнан астам азаматтың аты-жөні болды деген сөз. Себебі кейбір мамандықтарға үміткерлер тым аз болыпты. Сондықтан грант бөлінбепті. Енді министрлік Үкімет қаулысына өзгеріс енгізуге әзірленіп жатыр. Сөйтіп 1 тамызда білім грантына ие бола алмай қалған азаматтар қайтадан «бәйгеге» түседі.

Білім гранттары елге ел қосады

Қазақстан тегін жоғары білім беруде жаһандағы бар қазаққа да жанашырлық танытып келеді. Биыл да шетелдерде тұратын қазақ жастарына арналған білім гранттары бөлінді. Соның ішінде педагогикалық ғылымдарға 335, өнер және гуманитарлық ғылымдар бағытына 65, әлеуметтік ғылымдар, журналистика және ақпарат бағытына 35, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар бағытына 100, инженерлік, өңдеу және құрылыс салаларына 125, денсаулық сақтау бағытына 90 дегендей әртүрлі бағыттарды қамтып, жалпы саны 866 грант бөлініпті. Оған бірқатар университеттер бөлген гранттарды қоссаңыз біздің ел қиыр жайлап шет қонған қазақтың баласына мыңға жуық грант бөліп отыр. Енді олар өздері таңдаған оқу орындарында оқиды. Жатақханамен қамтамасыз етіліп, ел қатарлы шәкіртақы алады. Былтыр 862 қандасымыз атажұртта білім алу мүмкіндігіне ие болған еді. Қазақ елі шетелдердегі қазақ жастарына білім гранттарын беріп қана қоймай, олардың алдын-ала дайындық бөлімдерінде оқуларына да ықпал етіп отыр. Былтыр Қазақстандағы дайындық бөлімдерінде жүздеген қандасымыз білім алған еді. Мәселен, бір ғана Л.Н.Гумилев атын­дағы Еуразия ұлттық университеті жа­нынан ашылған дайындық бөлімінде шет­елден келген 181 қазақ азаматы бі­лім алды. Олардың көбі биыл оқуға түсті, соның ішінде 97-сі аталған универси­тет­тің студенті атанатын болды. Мұндай де­рек­тер елдегі барлық жоғары оқу орын­дарын­да тіркеліп жатқанын ескерсек, бі­лім грант­тары елге ел қосып жатқан жайы бар.

Жалпы, білім гранттары қазақ жастары үшін қуатты әлеуметтік лифт қызметін ат­қарып тұр. Жыл сайын мектеп бітіретін 120-150 мың аралығындағы түлектің тең жартысы елімізде жоғары білім алу мүм­кіндігіне ие болса, тағы бір тобы арнаулы орта оқу орындарында оқиды. Алыс-жа­қын шетелдерге кететіндер де бар. Бір сөз­бен айтқанда мемлекет жастардың ара­сында NEET немесе «оқу мен еңбек про­це­сінен тыс қалған жастардың» қата­ры көбейіп кетпеуіне барын салып жатыр. Әрі экономикаға маман да қа­жет. Сонымен қатар білім гранттары мем­лекет­тің әлеуметтік жауапкершілігін мүл­тік­сіз орындауға тырысып келе жатқанын көрсетеді.

 

Амангелді Құрмет

-ЖАРНАМА-spot_img

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here

- ЖАРНАМА -spot_img

СОҢҒЫ ЖАЗБА