22.11.2024

Cовет Хан Ғаббасов. ҰРПАҚ ТӘРБИЕСІНІҢ ЖАҢА ІЛІМІ

Халқыңның қадір қасиетін ұқ!

Өзіңді өзің сыйлау – өзгені кемсіту емес.
Ұждан.

Уа а а.., иісі Қазақ баласы есіңді жиып, өткен кеткен тағдырыңды таратып, алды-артыңа қарашы?! Ата бабаң жасап кеткен, теңдессіз терең мұрасынан не қалды? Асқақ рухы бекзаттықтан тұратын, мәйегі нәрлі дәстүр салттың қаншасынан айрылдық?.. Енді міне, Тәуелсіз Ел салтымен, жоғымызды түгендейтін кез келді. Ар намысты Ту етіп, толағай күшпен қимылдайықшы, арманы үлкен аңғал Жұртым?! «Өзіңді өзің жаттай сыйла, жат жанынан түңілсін» дейтін даналықты пір тұтып, жалтақтамай да, жалпақтамай жөнімізді білсек екен, ақжарма мінез Алашым?! Япыр ау, текті жұрттың сынығы едік қой?! Еліміздің ертеңі мен ұрпақ қамын ойласақ, рухани өркенімізді өсіріп, ұлт құндылығын түгендемей болмайды.
Шіркін, осыларды неден бастасақ дегенде, ең әуелі ойға оралатыны мынау: Ел билеген – Елбасы мен Төрелер, елдігімізді байытқан – зиялы мен ел жұрты, жасы мен жасамысы – халқымыздың қадірі мен қасиетін түсінбейтіндігімізді айтып сырласатын сәт туды. Сірә, бұл кемшілігімізді, бүкіл Ел болып түземесек, жаратушы – Алла да, дем беруші – Аруақ та – кешірмейді.
Арман боп жеткен тәуелсіздігімізді, арсыздыққа толы пендешілігіміз бен қанағаты жоқ құлқынымыздың құлдығына шала бермей, ұлттық сана мен азаматтық парасаттың пәтуәсына келгеніміз жөн. Алдау мен арбауға бас ұрып, ертең ақ өзегіңе тебер өзгеге қарап өзеуреуді тоқтатқан жөн!.. Дана жұртымыздың өзгеше біткен болмысын түсініп, жан дүниемізге үңілетін мезгіл жетті. Атадан қалған өсиетке илансақ: «Еңкейгенге еңкей – әкеңнен қалған құл емес, шалқайғанға шалқай – пайғамбардың ұлы емес» деген қағидаға құлақ аспай жүрміз ау?! Олай болса, не істеуіміз керек?! Толғанайықшы! Дәл осы «Не істеу керектің?» жауабын іздеп көрелікші? Олай болса, өз ойымды айтпақпын, қалың жұртым, сен тыңда…

І. Халқымыздың тектік қасиеті.

Тектіліктің шырқау шыңы – ұлт боп ұю.
Ұждан.

Сөз жоқ, ең әуелі халқымыздың тереңде жатқан тегі мен болмысындағы мәйегі мен негізі не екенін түсінгеніміз жөн. Сонда ғана саналы жанға, сонау көне дәуірдегі «Күлтегіннің тасында» жазылған «…Биікте көк Тәңірі, төменде қара жер жаралғанда… Түркі халқының ел жұрты қалыптасқан» дейтін өсиет сөздің жайдан жай айтыла салмағанын түсінеміз. Өткен тарихтың тылсымына үңіле түсіп ойлансақ, әр сөзінің астарында құпияға толы сыр жатыр емес пе? Оның қайсыбірін тізбектетіп айта берерсің?! ..
Көнеден келе жатқан ұлттық құндылығымыздың ең асылы – «Жеті атаға жетпей қыз алыспау» дәстүрі екенін, әлі де біздер ұрпағымызға терең талдап түсіндіре алмай жүрміз. Тіпті, бұл дәстүрдің дүние халқына «әйгілеуге» (бренд) болатын құдіретін – табиғи сұрыптауды жіліктей жіктеп жатпай ақ, асылымызды түсінбеудің салдарынан бүгінгі қазақтың жершілдік пен ру руға, тіпті үш жүзге бөлініп жүрген парасатсыздыққа толы парқымызды айтып, қысқа болса да тоқталуға мәжбүрмін. Ендеше, осы тектес тәрбиесіздікті жүйелей талдап көрелік.
Иә ә, шынымен де мың өліп, мың тірілген жұртымыз – қырық үш (43) тайпадан тұратыны белгілі. Міне, осынау қырық үш тайпаның әр адамының тектік қасиеті, антрапологиялық зерттелгенде – бір адамдікіндей екені, басқа жұрттың ғалымдарын таң тамаша күйге түсіріпті. Осы уақиғаның куәсі болған, академик Оразақ Смағұлов ғұламаның айтуынша: «зертханада алынған осы дерекке бүкіл әлем (ағылшын, неміс, француз, жапон, қытай, т.б.) ғалымдары өз көздеріне өздері сене алмай әуре болған екен». Халқымыздың тегіндегі «теңдесі жоқ феноменнің» сыры мен сипатына көңіл аударсақ, бүгінгі біздердің – жүзге, тайпаға, руға бөлініп сандырақтап жүргеніміз, өз асылына күйе жаққан надандығымыз екен. Кәнеки, осы құбылыстың сырына, саналы жүрекпен көз жүгіртіп көрелікші?!..
Мінеки сонда, әлем ғалымдарын таңдандырып отырған тылсым құбылыс – «жеті атаға жетпей қыз алыспау» дәстүрінің құдіреті екен. Иісі қазақтың әрқайсысындағы тектік қасиеттері бірлікте болса, үш жүз түгілі, руға бөлінудің өзі нағыз парасатсыздық емей немене?.. Әлі тағы осы құбылысты ашыңқырап айтсақ, атадан балаға жалғасып келе жатқан, әр қазақтың үш жұрты: ата жұрты – нағашы жұрты – қайын жұрты бар екені белгілі ғой. Осынау үш бірдей жұрттың әрқайсысына тиесілі жеті атаны бір біріне көбейтсек, манағы айтылған қырық үш (43) рудың қаны, әр қазақтың тамырында ағып тұрғанын ұғынамыз. Олай болса, бүгінгі қазақтардың жүзге, тайпаға, руға бөлінуі – өз халқының қадір қасиетін түсіне алмай жүрген надандық болып табылады. Ендеше, бұдан былай кез-келген қазақ, өз руы мен жеті атасын білуді – халқының тегін сақтау – деп қана ұққандары жөн. Отбасы мен қоғам бірігіп, келер ұрпағымызға осылай түсіндіріп, тәрбие беру, азаматтық парызымыз екені анық.

ІІ. Хан мен халық байланысы.

Ханы азса – халқы тозады.
Ұждан.

Бұл айтқалы отырған дертіміз, Қазақтың сонау ХІV ғасырда құрылған Хандық мемлекетінен бері қарайғы қасіреті десе де болады. Ел басқарған хандары халықтан өздерін биік ұстап бөлектенудің салдарынан тәлім тәрбиеде аса ауыр (психологиялық) зардаптың болғанын ашып айтар мезгіл жетті. Себебі, Хан сұлтандарға халықтың бірлігі мен білімі емес, олардың бөлек бөлек ыдырап жүргені қажет болған. Солар салып кеткен «Үш жүз» дейтін лаң бүгінге дейін жалғасып отыр. Дәл осы мәселе жайында Ш.Уалихановтың профессор И.Н.Березинге жазған хатында: «… Каждый потомок Батыя хотел быть ханом и иметь народ: так я думаю, образовались ханство Кырымское, Казанское, орда Чорайгаковская, союз узбеков – шейбанов и казаков» (том І, 1984, 164 б) – деп ашынады. Мінеки, бүгінгі айтып отырғанымызды ұлы ғалым Шоқан өткен ғасырда ақ байқаған екен. Бұл мәселе бұрын соңды талданып айтылған да, жазылған да емес. Халқымыздың бұл қасіреті мен кемшілігін айтпауға, сірә, болмайды. Бірақ, тек ғылыми негізде көрсету, ұрпақ тәрбиесі үшін ауадай қажет. Себебі, бұл деректің, ұлттық идеологиямыз үшін де маңызы зор. Ұрпақ тәрбиесіне қажет, ұлтымыздың осынау қасіретінің де өзіне тән бірнеше себептері бар:
Бірінші: Қазақ хандары – Шыңғысханның ұрпақтары екені белгілі.
Екінші: Олар тектерін Қазақ халқынан бөлек деп есептеген.
Үшінші: Шыңғыстың ауыр тағдырынан, балалары отбасы тәрбиесі түгіл, тегінің иә қалмақ, иә қазақ екенін де білмей өскен.
Міне, осындай тыртығы терең себептердің салдарынан, қазақ халқының тәрбие тәлімдерінің ауыр жағдайда болуы немесе бүгінгі түсінікпен айтсақ: оның ұлттық идеологиясының бұрыннан ақ жүйеленбегені анық байқалады. Бұл тұжырымның дәлелдері, халқымыздың мемлекет құрған хандық дәуірінде өте жиі кездеседі. Солардың бәріне тоқталып жатпай ақ, жалпы халыққа әсері болған негізгілерін ғана атап өтуді жөн көрдім. Мәселен, ең ауыр кемшіліктері ретінде, биліктің қарапайым халықты тасқараңғы етіп, хат танытпай ұстағандарын айтуға болады. Қазақтың хандық мемлекеті неше ғасырларға созылса да, елінде бір де бір мемлекеттік медрессесі болмауы – адам жанын түршіктіретін іс. Өйткені, бұл кезеңдерде, Шығыс пен Батыс елдерінде, тіпті академия мен университеттер болғаны тарихтан белгілі. Халқымыздың хат тануы, олар үшін қажеттілік болмаған тәрізді. Хандық дәуірдің бұдан да өткен сорақысы, тұрақты армия ұстамағандықтан, жаугершілігі мол сол заманда, халқымыз аса ауыр шапқыншылықтарға ұшырап, үнемі қан кешумен болғаны белгілі. Шабылған елді азат етудің ауырлығын, олардың жаны ашымастығы деуге әбден болады.
Шыңғысханның үрпақтары өздеріне «төре» дейтін жалған ру жасап, ақсүйекпіз деуі де асып тасқандық еді. Тура осындай мінез көрсетіп, жалған ру жасаған қожаларды да айтпай кетуге болмайды. Бұл екеуін де тегінен тартып қарасақ, төрені де, қожаны да ру деуге келмейді. Оның үстіне өздерін өздері ақсүйекпіз деулері де – ұят іс. Өйткені, табиғи сұрыптаудың негізі болып табылатын жеті атаға жетпей қыз алыспауды – бұл екеулері де бертінге дейін ұстамаған. Олар, тіпті, өзді өзіне үйленудің салдарынан аза бастағандарын байқап, қазақ руларымен құдандаласуды кейінірек қабылдайды. Егер нағыз ғылыми негізге сүйенсек, ақсүйек деп – табиғи сұрыптаумен қаны мен тегін таза ұстаған қазақ халқын ғана айтса керек. Осынау келтірілген деректердің барлығынан да байқалатыны, халқымыз қараңғылықтың қапасында қалып, өз тарихын жақсы білмегенін аңғару қиын емес. Әйтпесе, төрелердің руы – Қият, қожалардың руы – Сунақ екендігін айтсақ, тек олардың басқа ортаға түсіп қалған Алаш тұқымдары екендігі айдан анық. Міне, бұл деректер – келешек ұрпақ тәрбиесінің ақиқаты болып негізделгені дұрыс. Осылардың өзі ақ, Хандық мемлекетімізден бастап, бүгінгі Тәуелсіздігімізді қоса айтқанда, қазақтың ұлттық идеологиясы жасалмағанын анық аңғартады. Әйтсе де, біздерді осы уақытқа дейін сақтап келген, кемеңгер ата бабамыздың дәстүр салтының киесі екенін түсінгеніміз жөн.

ІІІ. Ұрпақ тәрбиесінің жаңа ілімі

“Адам – әлемнен де күрделі”
ҰЖДАН.

Ана құрсағындағы тоғыз ай адам ғұмырының ең ұзақ және ең күрделі кезеңі болып табылады. Оның ұзақтығын түсіну үшін, ұрықтың жетіліп даму мерзімінде, жер бетіндегі тіршіліктің барлық сатыларын басып өтетіндіктен, мөлшермен 500 миллион жылмен пара-пар екен. Бұл айтылған ойдың маңызы мен мәніне жету үшін, әуелі тіршілік құпияларына тереңдеп үңілмей болмайды. Өйткені, адам ғұмырының физиологиялық осы кезеңі – күллі тіршілік атаулының тылсымға толы түйіні, тіпті, ақыл түгіл, көңіл көзі жетіп болмаған жұмбақ сыры сақталған көмбесі тәрізді. Егер де, ғылыми дәлелдерге сүйенсек, ана құрсағында өсіп жатқан жан иесі – өзіне берілген тоғыз айдың ішінде, табиғат шебердің құдіретімен “он сегіз мың ғаламның” сипаттарын түгелдей қайталап шығатындығы белгілі боп отыр. Былайша айтқанда, бір клеткалық тіршіліктен бастап адамға дейін жетілген, биологиялық түрлерді түгелдей басып өтеді екен. Әрине, бұл – күллі табиғат жаратылыстары ішіндегі күрмеуі қиын, аса күрделі құбылыс екені даусыз! Мұндай сипат, тек, табиғат шебердің құдіретімен ғана жасалмақ. Ендеше, осынау тіршіліктің сапалық дәрежеде жетілетін жұмбақ кезеңін адам тәрбиесіне кірістіре алмай келгенімізді ойласақ, бүкіл адамзаттың рухани дамуындағы аса ауыр кемшіліктер де, осы кезеңнің еленбей қалған ерсіліктері екені анықталып отыр. Себебі, бұл мәселе өткен-кеткен педагогикалық және психологиялық ілімдер де ешқашан ғылыми жүйеленіп көрген емес. Адам тәрбиесі тәрізді өте күрделі құбылыстың бастауы болып саналатын, ұрық тазалығы мен Ана құрсағындағы жетілудің сырына терең үңілмей, ұрпақ тәрбиесінің іргелі мәселелерін дұрыс шешу мүмкін емес. Әсіресе, бүгінгі молекулалық биология мен генетика ғылымдарының қол жеткен табыстары осы ойымызды тапжылтпай дәлелдеп отыр. Себебі, адам жаратылысындағы тек түйсік, ақыл мен ішкі бес сезімді былай қойғанда, ондағы тума қабілеттері мен мінез-құлқы, психикалық жігері мен тектілік қасиеттерінің іштен туатындығы, ғылыми әбден дәлелденген құбылыстар екенін ескерген жөн. Жалпы бұл мәселені тікелей адам тәрбиесі қақында болмаса да, адамзаттың не бір алып ойшылдары философиялық пәлсапа түрінде көп талқыланған. Әсіресе, адам бойындағы жан мен тәннің өзара үндестіктерімен қоса, жүрек күші және ақыл күші тәрізді қадау-қадау құбылыстарды үнемі ой елегінен өткізіп отырған. Жалпы, шығыс әлемінде Платон мен Аристотельді, көбіне, Фарабидің түсіндірмесінен кейін ғана терең ұғына алған ойшылдар көп. Солардың ішінде мәселенің бұл жағын ашық жазып қалдырған, ұлы ойшыл-ғұлама Әбу Әли ибн-Сина екенін жақсы білеміз. Бұл деректі ол өз қолымен жазған өмірбаянының ішінде айтады.
Тікелей жан тәрбиесіне байланысты Халық педагогикасы мен психологиясының екінші негізі немесе адам дамуының физиологиялық екінші кезеңі, бүгінгі таңға дейін ұрпақ тәрбиесінен тыс қалып отыр. Тіпті, жан тәрбиесі дегенді түсіне де алмай отыр. Ол жайындағы методологиялық ізденістің жоқтығы, адам тәрбиесінің қаншалықты ойсырап жатқандығын аңғартса керек. Сондықтан да, жоғарыда аз-кем айтылған жанның он екі мүшесі, яғни, 12 арнасының жабылуға жақын жағдайы – жыл өткен сайын адамдар азып барады деген тұжырымды жиі айтқызып жүр. Оны айтып қана қоюмен еш мағына шықпайды. Өйткені, бұл мәселенің өзіне тән тәрбие әдістерін жүргізбесе, жан дүниенің арналары сол жабылған бойы көресіңді көрсете бермек. Ендеше, тоғыз торқаның ішінде өсіп келе жатқан жан иесі тек биология мен физиология заңдылықтарына бағынып қана дамитынын ескерсек, ананың түйсігі мен ішкі бес сезімі арқылы тәрбиеленетін жанның мүшелеріне тиісті деңгейде көңіл аударатын мезгіл жетті.
Шынын айтсақ, соңғы жылдардағы ұрпағымыздың маңдайына тиіп жүрген күйелі көсеу де осы екенін несіне жасырамыз. Оның жауапкершілігі – тікелей ата-ананың мойнында екенін де ашып айтқан жөн. Олай болса, келер ұрпақтың бақыты мен саулығы тікелей алдыңғы буынның ұрық тазалығы мен ана құрсағындағы тәрбиені түсінуіне байланысты. Қалай десек те, бұл мәселені назардан тыс қалдыра беру, адамзат қауымын апатқа ұшыратуы да мүмкін.
Заманының түзу кезінде дәстүрі бұзылмаған Қазақ елінің, “Алып – анадан туады” дейтін өсиетінің үлгісі мен Халық педагогикасы мен психологиясының екінші негізі немесе ана құрсағындағы физиологиялық кезеңінің үндесіп жатқанын байқау қиын емес сияқты. Өзінің ұрпақ тәрбиесінде бұл өсиетті қазақ халқы инстинкті түрде пайдаланғанын көптеген тәлімдік ұғымдардан аңғаруға болады. Халқымыздың ата дәстүрі болып саналатын “Жеті атаға дейін қыз алыспау” салты да біраз нәрседен хабардар етеді. Бірақ, бодандықтың бұғауымен маталған соңғы үш ғасыр, бұрынғы ата-баба даналықтарынан қол үздіріп кете жаздады. Тіпті, қазір “алып-анадан туадының” мағынасы түгіл, бұл сөздің мәніне де көңіл аударып жүргендер аз. Сондықтан да, ол – алма-кезек ауысып жатқан ұрпақ тәрбиесіне әсер етуден қалғалы қашан?! Сонда, бұл тәріздес асыл сөздердің қадір қасиеті өз қалпына келмесе, Дулат-жырау айтатын “өнер алды – қызыл тілдің” жағдайы қалай болмақ? Мұндай қуаты мол тұжырымдар сұлу сөйленетін сөз тәрізді қызмет етсе, сөз өнері арқылы жетілетін жас ұрпақтың зейіні мен зердесі нендей күйге түспек?
Ата-бабамыз осы жағдайларды жоғарыда келтірілген өсиет сөздерімен ұрпағына, тек, тән құрылысының жетілуін ғана емес, “алып” деген сөзінің астарында тәннен де күрделі, жан дүниесінің де ана құрсағында қалыптасатынын меңзеп отыр. Оны қалыптастыратын да және тәрбиелеп жетілдіретін де, тек, ананың ғана парасаты екенін айтып тұр. Адам жанының 12 мүшесі, яки арналары: түйсік, ұят, сүю, зерде, мінез, жігер, қабілет, ішкі бес сезімі, бар жан дүниесі де, тәннің мүшелері: жүрек, ми, бауыр, өкпе, бүйрек, тағы басқалары тәрізді, тек, ана құрсағында ғана жетіліп тәрбиеленетініне бүгінгі қоғамда жете мән берілмей келді.
Бүгінгі ғылым құдіреттерімен дәлелденіп отырған күрделі құбылыстардың сырлары, қазақтың Халық педагогикасы мен психологиясында да үндестік табатындығына тұшынған сайын, ата-бабаларымыздың қалдырған рухани мұраларына шынайы ризашылық сезімдер билейді. Ол көкірек көзімен аңғара білген: “Он сегіз мың ғаламды – бір тарының қауызына сыйдырған” – дейтін өсиет сөзінде, тіпті, тереңнен маржан теріп отырғанын, барынша анық байқамау мүмкін емес. Шынында да, құдіреті мол осынау күрделі құбылыстарды жетілдіретін адам ұрығы тарының қауызынан да кіші болмаса, тіпті де, үлкен емесіне таңданбасқа болар ма?!? Осыншама күрделінің өзін сөз өнеріне сыйдыра білген жұрт – “Алып – анадан туады” дейтін өсиет сөзін де ұрпағына қалдыруға құқылы еді.
Сөйтіп, адам тәрбиесінің бірінші және екінші кезеңдерін салалай жіктеп ашып айтсақ: ұрық тазалығы – еркектің аталық парызы болғанда, ана құрсағындағы тәрбие – әйелдің аналық парасаты екенін, тіршіліктің бұлжымайтын заңындай етіп өмірге енгізу қажет. Сондықтан да, ананы да, атаны да, өзінің мінәжат етер қағбасына бетін түзеп, бұл кезеңдегі тәрбие тәсілдерінің қыры мен сырына саналы түрде үйретудің міндеті мен қажеттілігі, ұлттық идеологиямыздың негізгі арқауы болуы тиіс. Ана атаулы жүкті кездерінде, жаратылыстың өзі бейімдеген қасиеттеріне ауысатындықтан, оның сыртқы бес сезімдері ғана емес, сондай-ақ ішкі бес сезімдері де, аса сезімтал қозғалмалы көңіл-күйде болатындықтары белгілі. Ана атаулы, міне, осы күйлерін сәтті пайдаланып, құрсағындағы жан иесіне жеткізу тәсілдерін білмейтіндіктен, осы кезеңнің өзіне ғана тән тәрбиелері тас қараңғы қалпында қалып отыр. Соның салдарындай, қазіргі дүниеге келіп жатқан нәрестелер түгелге жуық жүрек тәрбиелері оянбай, былайша айтқанда, жан дүниелерінің арналары ашылмаған күйлері өмірге келіп жатыр. Сондықтан да, олардың зердесі таяз, жігерлері құм, мінездері дөкір, ұяттан безген, ешкімді де сүймейді, қабілеті әлсіз, түйсігі жоқ, көкірек көздері оянбаған, денсаулықтарының да ақаулары мол, адамдар тобырын көбейтіп отыр. Осының барлығы да бүгінге дейін ескерілмей келген адам тәрбиесіндегі аса ауыр қателіктер болып есептелінеді.
Бұл мәселені Ел болып мемлекеттік деңгейде түзетуге кіріскен жағдайда, Халық педагогикасы мен психологиясының бірінші және екінші негіздеріндегі тәрбие тәсілдерінің әсері – көп тостырмай-ақ жетістіктерін көрсетпек. Мұндай арман орындалған кезде кешегі ұлы Абай көксеген “нұрлы ақыл мен толық адам” мәселесі ойдағыдай шешілер еді. Әуелден-ақ, анасынан жүректері оянып, жан дүниелері ашылып туған жандар, адамшылық пен арды да, тіпті, болашақ ұрпақ қамына да, ерекше сергектікпен қарайтыны анық.
“Жүрек культі” ілімнің негізін салушы әл-Фараби Түркі халықтарының тағылымдарынан алып, адам тәрбиесі жайында үш түрлі ғылымның жүйелерін жасап: біріншісі, түйсік, сыртқы және ішкі бес сезімді – Хауас ілімі; екіншісі, үш сүюді – Имани гүл; үшіншісі, ақыл, әділет, рахымды – Жәуанмәртлік, – деп атағаны белгілі. Бірақ, бұл ілімдер – өз топырағына түспеген дән тәрізді араб елдерінде өркендей дамып кете алған жоқ. Әйтсе де, Түркі халықтарынан шыққан ғұламалар: Дауани, Баласағұн, Қарабағи, Науаи бұл жайында аса құнды еңбектер қалдырды. Мәселен, Ж.Баласағұн осы үш ілімнің негізінде бүкіл дүниежүзін тамсандырған, атақты “Құтты білігін” поэзия тілінде өмірге әкелді. А.Науаидың – “Бес хамсасы” да осы идеяларды дамыта жырлайды. Ал, жоғарыда айтылған үш ілімді әрі қарай жетілдіріп, ерекше биіктікке көтерген ұлы Абайдың орны жеке-дара бөлек. Бұл мәселе әлі зерттеушісін күтіп тұр. Абайдай данышпанның: “Мен бір жұмбақ адаммын, оны да ойла” – деуінің мәні де өз еңбектерінің осы үш іліммен сабақтасып жатқанын меңзесе керек. Егер адам тәрбиесінің екінші негізі жайында Абайға жүгінсек:

– Ұйықтап жатқан жүректі – ән оятар,
– Үннің тәтті оралған – мәні оятар, – дей келіп,
………………………………………………
– Жүрек тербеп, оятар – баста миды
деп тұжырымдауында телегей теңіз ғұламалық жатыр емес пе?!? Абайдың педагогикалық еңбектеріндегі құнары мол қасиеттерді игеру мәселесі, әлі де жүйелі түрде басталған жоқ.

ІV. Ел болудың төрт құбыласы.

Ұлттық құбылаңды білмеу – құлдық мінез.
Ұждан.

Жалпы замана сыры мен уақыт тынысын байыптасақ, қазақ халқының тағдыры үшін: төре де (президент, үкімет, мәжіліс), қара да – бүкіл ел болып жауапты екеніміз анық. Соның ішінде, әсіресе, халықтың Жері, Тілі, Діні, Ділі дейтін төрт діңгегі немесе төрт құбыласы түгел ме?.. Әлде қалай? – деген толғанысқа толы сауалдарға пікір білдіру ауадай қажет екені күн өткен сайын күрделеніп тұр. Бұл мәселеге жүрдім бардым қарауға болмайды. Өйткені, бүгінгі қазақ халқының басындағы қолдан жасалынып отырған, небір нәубет пен қасіретті қауіптерді бұдан әрі ауырлатпай, байыппен шешудің мезгілі жетті?!.. Сондықтан да, толғауы тоқсан түйіндерді ашып айтып, бүкпесіз сырласудың қажеттілігін түсінгеніміз жөн.
БІРІНШІ МӘСЕЛЕ: Халқымыздың табиғатын тану
Өйткені, кез-келген халықтың тағдырына берген табиғаттың ерекше белгілері немесе қасиеттері бар екені анық. Міне, осы белгі мен қасиеттер қазақта қандай сипатта десек:
Біріншісі – Жері;
Екіншісі – Тілі екеніне тұшыну қажет.
Мұның дәлелі үшін:
А) Бірінші мысал, көне заманнан сыр шертетін, Атажұртымызға астамшылықпен келген Кир-патшаның басын алған Тұмар-патшайымға қуат пен айла берген, тек қана ұлан-байтақ Жеріміздің кеңдігі еді ғой.
Ә) Екінші мысал, орыстың от-қаруынан жасқанбай, он жыл бойы Кенесары жүргізген ұлт-азаттық көтерілісі де, сол Жеріміздің кеңдігіне сүйенді емес пе?.. Олай болса, қазақ халқының бір діңгегі – Жері!!!..
Ендеше, бөлшектеп сатудың шапқыншылығына түсіп жатқан Жерді – дереу национализациялау қажет. Қазақ халқы жерін сатып байымай-ақ, 49 жылға жалға беріп тұрса да жетеді ғой.Әйтпесе, мұның арты үлкен апат!!!
Қазірдің өзінде жерді сатып алған ұйғыр енді Жер қазақтікі емес, Ұйғырстан құрамыз деп даурығуда; жақында болған Қазақ пен Ұйғыр төбелесін зерттеп келген «Ұлт тағдыры» қозғалысының комиссиясы жағаларын ұстап отыр. Тіпті, Ұйғырстан картасы, Ұйғырстан туы, Ұйғырстан ұрандары бұдан да сорақысы, ұйғырлар Қазақтың жер аттарын өзгертіп, мемлекеттік тілді де менсінбейді екен. Сондықтан, Алматы облысындағы «Еңбекшіқазақ» және «Ұйғыр» деген аудан атауларын жою керек. Қазақстанда келімсек ұлттардың атымен аудан мен қала атаулары болмауы тиіс. Кірме ұлттарды басқаратын әкім, ішкі істер бастығы, мемлекет өкілі – міндетті түрде қазақ болуы керек. Бұл ұлттық мемлекеттердегі айнымайтын қағида екенін Европа мен Азия елдерінен көріп отыр емеспіз бе?! Ең қауіптісі, дүниежүзі тыйым салған «Ұйғырдың террористік» ұйымы Қазақстанда сайрандап жүрген көрінеді… Бұл жайында баспа беттерін де, тіпті жан түршігерліктей деректер жазылып та жатыр… Жер сатудың лаңынан, бұл сияқты астамшылық ойлар: Кәрісте де, Орыста да, Дүнгенде де, тіпті, Күрттерде де бар көрінеді. Барлығының да астыртын ұйымдары «мәдениет орталығы» дегенді жамылып жұмыс істеуге көшіпті. Халық арасында осындай сөз көп. Анық-қанығына жетуді, Ел бірлігінің қорғаны ретінде – Ұлттық қауіпсіздік комитеті тексеріп, шынайы жағдаймен халықты хабардар етуі қажет. Сірә, ата-бабамыз ескерткен: «Іштен шыққан – жау жаман» – дейтін сөз бекер айтылмаса керек…

ЕКІНШ ДІҢГЕГІ – ТІЛІ ?!

Халқымыз «Өнер алды – қызыл тіл» – деп ұрпағына өсиет қалдырғанда, бар өнердің қайнары тілде екенін біліп айтқан ғой. Жұртымыздың осы «Тіл» атты діңгегін шайқалтып, құлатуды көксейтін, шала қазақтар мен космополиттердің жөнін табудың да уақыты жеткен тәрізді. Орыс бодандығынан енді ғана босадым ба деген Қазақ халқы, өз ішінен шыққан шұбар жылан тәрізді, не тілін, не дінін, не дәстүр-салтын сыйламайтын шала қазақтардың бодандығымен қасірет жұтып отыр. Ұлтымызды мұнан әрі қорлай беруге болмайды!!! Ел мен Жердің тозғындауын тоқтатудың уақыты жетті… Шындығына келсек, бүгінге дейін Ана тілі жайында қоғамымызда біржақты пікір қалыптасып отыр. Ол – Тілді тек, қатынас құралы ретінде бағалау?!.. Бұл – биологиялық та, тіпті, физиологиялық та заңдылықтарға қайшы келетін, қате пікір. Сондықтан да, ана тілінің – адамды кісілікке жеткізіп, оның азаматтық санасын ашатын, тек, 10 түрлі қасиетін айту жөн сияқты.
Ендеше, Тіл – қатынас құралы ғана емес екенін дәлелдеп көрейін:
 Біріншісі: Жарайды, қатынас құралы делік;
 Екіншісі: Ата-баба зердесімен байланыстыратын – тек ғана, Ана тілі екен. Оны ғылымда филогенетикалық жад дейді. Бүгінгі шала қазақтар мен космополиттердің кесапат әкелуінің басты себебі – олар ата-баба зердесімен байланыста болмағандықтан, халықтық, ұлттық құндылықтар дегенді түсінбейді, керісінше, оған жатырқап қарайды. Санасы ояна бастаған кейбіреулері, балаларын қазақ мектебіне бергенмен, ол балалар сабақтан шыға салысымен бір-бірімен орысша сөйлеседі. Әрине, бұл баланың кінәсі емес!.. Ана құрсағындағы сәтінен ата-анасы орысша сөйлеуінің салдары екені белгілі.
 Үшіншісі: Халықтың менталитеті, ділі де, тек қана ана тіл арқылы беріледі. Тілі бұзылған халықтың менталитеті де, рухы да жойылады. Қазақ халқының тегі – өте мықты! Қазір дүниежүзінде 2500 халық болса, солардың ішінде ұрпақ алмасуын табиғи сұрыптаумен «жеті атаға дейін қыз алыспайтын» дәстүрді ұстайтын, тек, қазақ халқы ғана. Сол арқылы, тектік қасиеттерін тоздырмай, асылдандырып отырады.
 Төртіншісі: “Озорение”(мүттағала) дейді. Абайды данышпан, кемеңгер дейміз. Неге? Абайдың өлеңі де, қара сөздері де “озорениемен” жазылған, оны – Мүттағала, Құдай тағала, Аллаһ тағала дейді. Осыны Мұхаңның “Абай жолы” романының екінші томынан оқыдым. Бір абзац бойы осы “мүттағаланы” – “озорениеге” балама ретінде түсіндіреді. Міне, Ана тілін білмеген адамнан осы – мүттағала қашады екен.
 Бесіншісі: Рух! Ана тілін білмеген адам, халықтың рухани байлығын жасай алмайды.
 Алтыншысы: Имандылық, ар-ұят та тілден пайда болады.
 Жетіншісі мен сегізіншісі – Таным мен Талғамды да тіл қалыптастырады. Ана тілін білмейтін қазақтың талғамы – мүлдем басқа талғам. Мысалы, зергерлік бұйымдар, даналық өрнектер, ою-өрнек, дүниені таң қалдырып жүрген қазақтың ұлттық киімі, солардың бәріне әсер етіп отырған – ана тілі.
 Тоғызыншысы: Мейірім,
 Оныншысы: Рақым дейтін қасиеттерді де ана тілі сіңіреді. Жаңағы шалақазақ пен космополиттерде мейірім жоқ. Өзінің тіліне, ұлтына, халқына деген мейірім болмағандықтан, олардан рақым күту де мүмкін емес. Оларды адастырып отырған – еліктеушілік пен солықтаушылық. Кісіліксіздік!.. Қазір саналы жанды, не істеу керек дейтін сұрақ көп мазалайды. Өйткені, біздер аз санды халықпыз?! Осы толғаныстардан туған ойымды ашып-жарып айтуды жөн көрдім:
• Біріншіден, қоғамға Тәртіп пен Әділет керек. Мемлекеттің бақыты – осы екі мәселеде!.. Қоғамдағы қаптап кеткен түнгі клубтар мен әр бұрышта самсап тұрған казинолар, бесіктен белі шықпаған балаларды қанқұйлы қатігез ойындарымен бұзып жатқан компьютерлік дүңгіршектер, автоматты ойындар – мұның барлығы адамдарды құмарлыққа құнықтырып аздыра береді. Бұлардың да нашақорлық тәрізді сипаттары бар. Оның жағымсыз жағдайлары қазірдің өзінде қоғамымызды жайлап барады…
• Екіншіден, ұрпақ тәрбиесін түзеу керек. Ол үшін тәрбиені ана құрсағынан бастау қажет. Бұл жайында ғылыми негізделген жаңа көзқарастағы ілім де бар.
Жалпы біздің оқу-ағарту саласында «білім беру» дегеннен басқа, «тәрбие беру» дейтін ұғым да жоқ. Оның үстіне, республикамызда өзінен шыққан жаңалыққа «тас керең» бола қалатын қалыбы бұзылар емес! Осының айқын көрінісі, бүкіл оқу-ағарту жүйесінде «Халық педагогикасы» мен «Ұлттық психологиясы» пән ретінде жүргізілмейді. Өзінің халықтық тағылымына деген мұндай қатынас, жетіліп отырған елдерде бар ма? Әрине, жоқ!!!.. Ендеше, халық педагогикасы мен ұлттық психологиясынсыз ұрпақ тәрбиесін жөнге салар тетік те, жауап та жоқ!.. Ал, бұл ілімнің өз топырағымызда ғылыми негізделіп ашылғанына 20 жыл болды. Бірақ, аяқтан шалғаннан басқа, елең етер ешкім де жоқ. Тіпті, білім-ғылым министрлерінің қолдарына да ұстатылды. Еш әрекет етпейді…
Енді мемлекеттік тілді үйрену мәселесіне келейік. Қараңызшы?! Бүкіл орыс мектептерінің, ұйғыр, корей, өзбек, дүңген мектептерінің – бәріне қаражатты беріп отырған кім?.. Сол қаражат – кімнің дәулеті? Қазақ мемлекетінің және қазақтың ырыс-несібесі ғой. Тіпті, сол мектептерде сабақ беретін оқытушылардың жалақысын төлеп отырған кім? Тағы да қазақ мемлекеті беріп отыр. Олай болса, мемлекет тілін ақы беріп үйрету, бұл тағытда сол – осы мемлекеттің иесі – қазақ халқын қорлау деген сөз. Осы мемелекетте тұрған қандай ұлт болмасын мемлекеттік тілді білуі – аксиомалық заңдылық. Рас, қазақ мемлекеті қаржыландырып, тірші¬лігіңді жасап беріп отыр ма? Ендеше, қандай сөз бар? Осы мемлекеттің отын оттап, суын ішіп, осы топырақтан нәр алып, өсіп-өніп отырсың ба? Олай болса, еш уәжсіз бұл мемлекеттің тілін білуің – шарт. Тіпті, бұл қай ұлттың болмасын – азаматтық борышы ғой. Осыны түсінетін мезгіл жетті емес пе?… Ендігі бір ерекше айтуды қажет ететін мәселе, бұл бүкіл Денсаулық сақтау саласы мен Білім беру жүйелерінің ғылыми негізсіз Үкімдік шешімдермен аса қатты адасып отырғанын айтқан жөн. Бұл екі салада, тікелей Адам табиғатымен байланысты бола тұрса да, ешуақытта өзгермейтін – Тіршіліктің – Биологияның – Физиологияның – тұрақты заңдылықтарын кәперіне алып, ескермейтіндіктері таң қалдырады. Бұл – отпен ойнау арқылы апатты қолдан жасау?! Мұның мысалы, денсаулық саласында қарапайым халықты зар жылатып отырған емханалар мен ауруханаларды айтсақ, білім саласындағы ғылыми негізделмеген 12 жылдық реформа мен ұлттық тәрбиенің («Халық педагогикасы» мен «Ұлттық психология») пән ретінде жүргізілмеуден, ұрпағымыздың еліктеушілікке ұшырап отырғаны. Міне, осы арада айтпауға болмайтын, соңғы жылдары тағы да сол, ғылыми негізге сүйенбеген, Үкімдік шешіммен ұсынылып отырған, Үш тұғырлы тілдің (Ағылшын – Орыс – Қазақ) мәселесі. Тіпті, бұл – жоғарыдағы айтылған Биология мен Физиология заңдылықтарының иісі мұрнына бармайтын адамдардың шешімі. Олардың әуейіленгені соншама, бұл шешімді балабақшасынан бастатып, кең түрде жолға қоймақ?! Бұлар баланың физиологиялық қалыптасуы мен ми психикасының жетілуінен мүлдем хабарсыз жандардың аса ауыр қателіктері десе болады. Іргелі Елдерге жататын Жапон, Неміс халықтары балаларына басқа тілдерді үйретуді, тек 9-10 жасынан ғана бастайтыны ғылыми негізге сүйенгендік екені белгілі. Біздердің балабақшасындағы 3-4 жастағы сәбилерге үш тіл үйретеміз деуі, сыпайылап айтқанда қаскүнемдік болып табылады. Өйткені, психикасы әлі қалыптаспаған балаларға шет тілдерінің салмағын салу, ұрпақты есалаң, яғни, шизо жасауға ұмтылыс десе де болады. Жалпы, бүгінгі Үкімет – Қазақ халқын ашық қорлаудан неге тайынбай отыр? Мұның сыры мен сипаты неде? Халық сайлаған Мәжіліс – Елдің пікірімен неге санаспайды? Біз бұлардан, соларды сайлаушылар ретінде, Ата Заңдағы құқымызбен талап етеміз!

V. Түйін ой.

Осы жоғарыда келтірілген төрт түрлі тақырыптардың ішінде қоғамдағы тәртіп пен әділеттің және ұрпақ тәрбиесінің негізгі мәселелері айтылды. Бұларды орындамау – халық сайлап отырған Ел басындағы азаматтарға үлкен сын. Халықты басы байлы құл ретінде түсінудің арты – апат. Тіпті, осы мәселелердің жүйеленіп кеңейтілген нұсқасын «Ұлттық идеологиямыздың» негізінде жасауға әбден болады. Мұны ел жұрт болып кеңесе отырып, жан жақты талқылап қабылдасақ, қайырлы іс болары анық. Қашанда, халқымыз келісіп шешудің неше алуан түрлерін өмір тәжірибелерінен өткізген ғой. Сондықтан да, «ұлы дала демократиясынан» асқан әділетті қоғам болған емес. Бұл – дала өркениетіндегі ерекше көңіл аударатын мәселе?! Бүгінге дейін біздер басқаның айтқанын – ақиқат, істеген әрекеттерін – әділет деп келдік. Тексіздіктің тереңіне батқан, мұндай құлдық психологияны үзілді кесілді тоқтату керек. Халық даналығына сүйеніп әрекет етсек, досымыз түгіл дұшпандарымызға да сүйкімді боламыз. Қашанда досына да, дұшпанына да әділетпен қараған ел едік қой. «Жатқа тізгін берме» деген де ата бабамыз болатын. Халқымыздың қадір қасиетін терең білуге бұрылатын уақыт жетті…

19. 07. 2009 ж.

————————————————————
1. Шоқан Валиханов, Т-1, 1984, 164 б.
2. Қалибек Данияров. История Чингисхана, 2001, 21 б.
3. Совет Хан Ғаббасов, Педагокика мен Психология негіздері, 2008, 120-123 б
4. Рашид ад Дин, Т 1. екінші кітап, 46 б.
5. Утемиш хаджи. Шығарманың 62 б.
6. В.Г. Тизенгаузен. 11 б.
7. Героический эпос Чингисхан (ЮАНЬ ЧАО БИ ШИ) – 85 б.

Cовет Хан Ғаббасов
Жазушы дәрігер, фантаст, профессор,
Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері,
Медицина жне Педагогика ғылымдврының докторы,

-ЖАРНАМА-spot_img

3 COMMENTS

  1. o 27проф. Совет-Хан Ғаббасов жм, 02/05/2014 – 18:06
    “ҮШТҰҒЫРЛЫ ТІЛ” – дейтін надандықпен жасалған қаскүнемдікке толы мәселені…
    ұсынушылар, мұның биология мен физиологияның ТҰРАҚТЫ ЗАҢДЫЛЫҒЫНА тікелей
    қарсы екенін, осы бір НӘУБЕТ көтерілісімен-ақ., БІЛІМ министрлігіне, Президент аппарат
    ына да жазған едім. Баланың ЛОГИКАЛЫҚ ЖҮЙСІ 9 жастан – 12 жасқа дейін қалыптасады.
    Міне осы кезеңде баланың ПСИХИКАСЫНА салмақ түсіруге болмайды. Өйткен, осыны
    бұзу арқылы ағзадағы жасырын жатқан ШИЗОПРЕНИЕНІҢ сан-алуан түрлерін оятуға
    болатынын ескерткемін. Ең ерте дегенде, тек 9-жастан ғана ҮШ ТІЛДІ үйретуге болады.
    Балабақшадан және 1-ші кластан үш тіл үйретудің арты – өксікке толы апат. Сондықтан да,
    Жапандар мен Немістер осы заңдылықты бұлжытпай орындап отыр. Баланың ЛОГИКА
    ЛЫҚ ЖҮЙЕСІ қалыптасқаннан кейін, ҮШ ТІЛ емес ҚЫРЫҚ ТІЛ үйретерсіңдер дегенді
    ҚҰЛАҒЫНА да ілмеді. Бұл – СҰМДЫҚ…

  2. Тіл мәселесі жөнінде айтылғандар өте көкейге қонымды екен. Қазақ тілін ана тілі ретінде қастерлейтініміз белгілі, бірақ заң жүзінде мән берілуінде кемшін тұстар көп. Қазақ тілін Ата заңымызда “Мемлекеттің Ата тілі” деген мәртебе берілсе, тіліміздің тек аналарымыздың ғана емес елімізді қасық қанымен қорғаған ата-бабаларымыздың да тілі екенін бүкіл елге мойындатар едік, және де содан кейін қай Қазақ баласы өзінің Қазақ тілді Атасының қасына басқа тілді ресми теліп қояр екен, адам екі бірдей атадан тумайтыны белгілі емес пе. Ал басқа тілді Қазаққа тықпалайтындар: “Сен Қазақ әкеңнің баласы болма, басқаға өгей қол бала-құл бала бол” дегені емес пе?

  3. Райхан Мустафина
    Райхан Мустафина
    4 июн 2019
    Жазушы, проф. Совет-Хан Ғаббасұлы : –
    – ӘУЛИЕ МӘШҺҮР ЖҮСІПТІҢ АСТРОЛОГИЯЛЫҚ БОЛЖАМЫ (20 ғ.)
    Жемтік үшін жан қинап, таласпа құр,
    Босаға мен төріңді аласта бір;
    Адамзатта болмаған алтын заман
    Келе жатыр Алладан Алашқа бұл.
    Сұм мен қуды— шулатқан дабырымен,
    Сұрайды Алла тұрғызып қабірінен.
    Алашты да сынаған қыл көпірде,
    Аман шықты одан да ол — Сабырымен.
    «Тәңірі» деген ілтифат-базынаңа,
    Бұл— Құдайдың жасаған назы ғана;
    Жерге сіңген көз жас пен маңдай терің,
    Жер астында айналған қазынаға.
    Алтын басың сан мәрте дауда қалған,
    Дауда қалған,
    Сатылған,
    Саудаланған!
    Нақаһтан бір қан төккен ерің жоқ-ты,
    Жерің жоқ-ты біреуден жаулап алған!
    Көк Бөрінің сен де көк байрағы едің,
    Мен де сенде бұлбұлдай сайрап едім.
    Адамзаттың көзіне тік қарайтын,
    Бір жұрт болса,
    Сол—Сенсің, қайран, елім!
    Сен едің ғой Тұранның кемел елі,
    Алтын Ордаң о дағы ерен еді.
    Адамзатқа құшағын ашқан жұртты,
    Алланың бір алқауы керек еді!
    Қаншама уақыт көзтүркі,мазақта өстің,
    Қаншама уақыт қан кештің, азап кештің;
    Үш ғасырдай бодан боп, аман қалған,
    Қастық жасай алмайды қазаққа–
    Ешкім!
    Жыр мен күйің хисса ғой,— зарың—әрі,
    Ананың ақ сүтіндей—арың әлі!
    Түбі Әлемді өзіне жалт қаратар,
    Түріктердің Сен—
    Қара Шаңырағы!
    Жемтік үшін жан қинап, таласпа құр;
    Босаға мен төріңді аласта бір;
    Адамзатта болмаған алтын заман
    Келе жатыр Алладан Алашқа бұл.

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here

- ЖАРНАМА -spot_img

СОҢҒЫ ЖАЗБА