Home Керекті кеңес Ауыл мектебінің ата-аналары неге алаңдаулы?

Ауыл мектебінің ата-аналары неге алаңдаулы?

0

Ата-аналар ауылдағы білім ұя­сын­да ұстаз атына кір кел­ті­ріп жүр­ген мұғалімдердің жұ­мыс істей­ті­нін, оларға тиісті шара қол­­дануды сұрап жоғарыға жаз­ған арыздарына тұшымды жауап беріл­ме­ген­дік­тен баспасөзге шағым­да­нуға мәжбүр болғандарын айтады. Оқиға өткен оқу жылында болған екен. 8 наурыз мерекесі қарсаңында осы мектептің жоға­ры сынып оқушылары сабақ бөлмесіндегі дастарқаннан түсіріп, жариялаған сурет әлеуметтік желі­лер­де қызу талқыға түсті. Ал сурет­те дастарқанға қойылған тәтті сусындармен қатар ішімдік бөтелкесі тұрған болатын. Әуел­гіде бала­ла­рының мектепте арақ ішуінен күдік­тен­ген ата-аналар оларды қыспаққа алады. Ашық әңгімеден кейін оқу­шылар сол күні дастарқанда тұр­ған бөтелке мұғалімдерге арнап алынғанын мойындаған. Ата-ана­лар­дың талабынан кейін жоғары сыныптың бір топ оқушысы өздерін мектеп ұстаздарының ішімдік сатып әкелуге мәжбүрлейтінін, сондай-ақ мұғалімдердің сабақтан кейін кабинетке жиналып алып арақ ішетін­дерін айтады. Ата-аналар коми­те­ті осы оқиғадан кейін дабыл қағып, аудан әкімі мен білім бөлімі бас­шы­сы­ның атына шағым жазыпты. Ізін ала мектептегі жағдайды тексеруге арнайы комиссия келіп, мектеп ди­ректоры Шарафат Орынбаеваға жібе­рілген кемшіліктері үшін сөгіс жария­лап кеткен.

– Біз, Ж.Қайыпов атындағы ор­та мектеп­тің бір топ ата-ана­­сы, мек­­­теп директорының оқу-тәр­бие ісі жөніндегі орынба­сары Ж.Мәлібе­кова, қа­зақ тілі мен әдебиеті пәні мұ­ға­­­лімі Д.Орынбаева және тарих-география пәні мұғалімі Г.Абубакировалардың үстінен 5 мамыр күні аудандық білім бөлі­мі­нің басшысы Б.Амановаға және аудан әкімі Б.Ысқаққа шағым-арыз жазған болатынбыз. Себебі Ж.Мәлібекова бастаған топ мектеп қабырғасында өрескел қылық жасап, ішімдік ішкен және балаларды спирттік ішімдік әкелуге мәжбүрлеген. Бұл оқушылармен әңгіме кезінде анықталып, олардың сөздері аудиожазбаға жазылған. Шағым бойынша ауданнан келген тексерушілер мұғалімдер мен оқушыларға бірер сұрақ қойып, қайтып кетті. Артынан мектеп директорына сөгіс жариялапты деп естідік. Ал шудың шығуына себепкер болған директордың оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Ж.Мәлібекованы жұмыстан боса­тып­ты. Бір қызығы, қызметтік мін­де­тін дұрыс атқармағаны үшін жұ­мыс­тан босатылған директордың оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Ж.Мәлібекова арада бір апта өтпей жатып мектептің психолог маманы ретінде жұмысқа қайта қабылданыпты. Оқу жылының соңы жақын қалғандықтан, бұл істі індетіп отыруға ата-аналардың уақыты бол­ма­ды. Алдымызда ұл-қызымыз үшін жауапты кезең – ҰБТ тұрды. Өкінішке қарай, биыл мектептегі оқу көрсеткіші күткендегіден төмен болды. Бұл енді ұстаздардың да, ата-аналардың да атына үлкен сын екенін мойындауымыз керек. Оның бір ұшын мектептегі білім мен тәрбиеден іздеп, ұстаздар қауымына сын көзбен қарағанымыз әділетті деп ойлаймын, – дейді Қазақстан ауы­лының тұрғыны, ата-аналар коми­тетінің төрайымы Эльмира Тасбаева.

Біз бұл мәселе бойынша Еңбек­ші­қазақ аудандық білім бөлімі­нің басшысы Бәтес Амановаға хабарласып, пікірін білдік. Ауданның бас ұстазының айтуынша, жұмысына салғырт қараған мектеп директорына сөгіс жарияланып, ал сөзге ілінген орынбасар жұмыстан босатылған.

– Ж.Қайыпов атындағы мектеп­те­гі оқиғамен жіті таныспын. Ко­мис­­сия барып жағдайды білді. Мек­теп директорына сөгіс бердік. Кінә­лі мұғалімдерді жазалауды тап­сырып, ұсынысхат жіберілді. Бірақ ата-аналардың шағымында айтыл­ғандай, мектепте ішімдік ішу дерегі дәлелденбеді. Нақты дәлел­сіз мұғалімдерді қаралап, шара қолдана алмаймыз. Ата-аналарға бұл жағ­дай­ға орай құқық қорғау орындарына ша­ғымданып, істі тексертуге құқылы екен­­діктері ескертілген, – дейді аудан­­­дық білім бөлімінің басшысы Бәтес Аманова.

Бірақ ауыл тұрғындары білім бөлі­мі басшысының уәжіне тоқта­ға­нымен, мектеп директоры тарапынан тағы да келеңсіз әрекеттер жасау жалғасып жатқанын айтып отыр.

– Өткен оқу жылында информа­ти­ка пәні мұғалімі Т.Бабаева мен ағылшын пәні мұғалімі М.Қасым­бе­кованың қызметтік міндет­теріне салғырт қарап, жоспарлы сабақ­тарын толық өтпегендіктен, оқушылар білімі төмендеп кеткені анықталған еді. Осы жағдайға байланысты мектеп директорының бұйрығымен ол екеуі жұмыстан шығарылған болатын. Бірақ ұйымдасқан топтың арқасында ауданға арыз домалатып жүріп М.Қасымбекова мен Т.Бабаеваның жұмыстан шығарылғаны туралы бұйрық бола тұра қайта жұмысқа қабылданған. Осындай өз жұмысына жауапкершілікпен қарамайтын мұғалімдер білім мекемесінде қалай жұмыс істейді? Сонда қызметтен қуылған мұға­лімдер биыл түк болмағандай тағы да сабақ беруді жалғастыра бермек пе?, – дейді ата-аналар комитетінің төрайымы Эльмира Тасбаева.

Ал ата-аналар комитетінің мү­ше­сі Нұргүл Әукенова ауыл мек­те­­­біндегі жағдайдың тым шиеле­ні­сіп тұрғанын, педагогикалық ұжымның топ-топқа бөлініп алып жоғарыға жиі арыз жазатынын, тексерушілердің жиі келетінін және соның кесірінен оқу үлгерімінің төмендеп отырғанын айтады.

– Алақандай ауылдағы мектеп­тің жаман аты шыққанын бәрі­міз қала­май­мыз. Бірақ бала­ла­рымыздың болашағы үшін үнсіз отыра бер­мей­тін шығармыз. Онсыз да біздің мектеп мұғалімдері арыз жазуға жүйрік болып тұр. Тіпті Еңбекшіқазақ ауданы бойынша ішкі тексеру жиі болатын білім ұясының бірі осы Ж.Қайыпов атындағы орта мек­теп екен. Әсіресе мектептегі байырғы мұғалімдер тарапынан жұ­мыс­қа енді тұрған жас мамандарға шетқақ­пай­лық жасалады екен. Мұны аудан­нан келген комиссия мүшелері айтты. Ал енді осындай жерде білім сапасы бола ма? Көктемдегі жағ­дай бойынша, мұғалімдердің мектеп­те ішімдік ішуі дәлелденбеді дейді. Бірақ оқиғаның болғаны рас, оқушыларды «ащы суға» жұмсаған жағдай анық болған. Мұны дәлелдеу үшін енді мектеп мұғалімдерінен маскүнемдікке қарсы тестілеуден өтуін талап етудеміз, – дейді ауыл тұрғыны Нұргүл Әукенова.

Жалпы алаңдаулы ата-аналар өз шағымын Алматы облы­сының әкімі Амандық Бата­лов­қа да жолдаған екен. Олар өңір басшысының араласуымен мектеп­те­гі жағдай оңалып, жаңа оқу жылында балалардың сапалы білім алуына кепілдік берілетініне сенімді.

 

Қалмаханбет МҰҚАМЕТҚАЛИ
Алматы облысы
«Egemen Qazaqstan»

NO COMMENTS

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here

Exit mobile version