Мына бір оқиға тренерлер арасында баяғыдан бері айтылып келген. Бүгінде ол тіпті аңызға да айналған сыңайда.
Әңгіме сюжеті мынандай.
Әлемдегі ең үздік университеттердің үштігіне кіретін атақты Гарвард университеті түлектерінің қоштасу рәсіміне әдетте қоғамға танымал адамдар шақырылып, олардың ЖОО табалдырығын аттағалы отырған жас мамандарға тілектерін айтып, олармен өз тәжірибелерімен бөлісуі дәстүрге айналған.
Бір жылы (қай жыл екендігі белгісіз) Гарвард түлектеріне қоштасу сөз айту үшін ең атақты инвесторлардың бірі Уоррен Баффет шақырылыпты дейді аңыз (Уоррен Баффет – 85 миллиард доллардай қаржысымен Джеф Безос пен Билл Гейтістен кейінгі әлемдегі үшінші бай адам). (Мүмкін Уоррен Баффет те емес шығар, әйтеуір кешке бір миллиардер шақырылған екен.)
Миллиардер айтқан сөздің мағынасын мөлшерлеп келтірейін:
– Осыдан 40 жылдай бұрын мен де сіздер секілді университет бітірген едім. Ол кезде менде ештеңе жоқ еді: табыс әкелетін жұмыс пен жоғары жалақы да, автокөлік те, үй-жай да. Ал сіздер мұның барлығына да университетте оқып жүріп-ақ қол жеткізген секілдісіздер.
Ол кезде менің жанарымда тек от пен жалын бар еді. Сол оттың арқасында мен қазіргі биік жағдайыма жеттім: бүгінде мен миллиардермін, алып фирманың қожайынымын, бүкіл әлемге танымал бизнесменмін.
Ал сіздерге қарап, ондай отты байқамадым. Демек, сіздердің болашақтарыңыз менікі секілді жарқын болмас деп ойлаймын. Менің ойымша, сіздер асқақ белестерді бағындыра алмайсыздар! Сіздер ортанқолды маман болып, әрі кетсе біреудің орынбасары боларсыздар! Сіздердің жылдық жалақыларыңыз 200 мың доллардан аспайтын шығар!
Осылай сөйлеп, сөз соңын былай деп аяқтапты:
– Сондықтан да мен секілді миллиардер сіздермен не туралы әңгімелеседі деп ойлайсыздар? Сіздерге басқа айтарым жоқ! – деп, мінбеден түсіп кете барыпты.
Жиналған барша түлектер мен олардың ата-аналары, университет оқытушылары бұл сөздерді әзіл деп қабылдап, ду күліпті. Олар сөздің жалғасы болар деп ойлапты. Шындығында да миллиардер сахнаның шетіне жеткенде қайта оралыпты да, микрофонға:
– Айтпақшы, бұл кештің ұйымдастырушылары маған «Баяндамаңызды позитивті сөздермен аяқтаңыз!» – деп еді. Сондықтан да сіздерге «Сәттілік тілеймін!» дегім келеді! – деп, қайтадан мінбеден түсіпті.
Жиналғандар бұл сөздерге де күліп, баяндаманың жалғасын күтіпті. Алайда миллиардер сол кеткеннен мол кетіпті: машинасына отырған күйі университет қалашығының аумағынан шығып та үлгерген. Біраз уақыттан кейін оның қайтып келмейтіндігіне көз жеткізген елдің арасында миллиардердің мұндай ерсі әрекеті мен кекеткен сөздері күңкіл мен наразылық туғызған: «Ересек өмірін, қызмет жолын енді ғана бастайын деп отырған жастар үшін осындай сөздер айту қажет пе еді?! Түлектерді шабыттандырудың орнына, олардың жігерін құм жасағаны қалай?!»
Түлектерге де миллиардердің айтқаны тіпті ұнамаған, олар оның сөздерімен келіспейтіндіктерін айтып, өз реніштері мен кейістерін білдіріп жатты: «Бізден дым шықпайды!» дей ме? Біз үшін біздің болашағымызды шешіп қойғаны қалай?! Көрерміз әлі кімнің озып шығатынын! Бәрі де алда!»
Түлектердің бұл кеші туралы әңгіме студенттер арасында кеңінен таралып, талай ұрпаққа айтылған екен…
Сол хикаядан кейін 10 жылдай уақыт өткенде, студенттердің бірі оның растығы не терістігін дәлелдеу үшін мынандай зерттеу жүргізіпті: ол соңғы 20 жылда Гарвард университетін бітірген түлектермен электрондық пошта арқылы байланыс құрып, олардан оқудан кейін қандай табыстарға жеткендіктерімен бөлісуін сұраған да, келтірілген деректерді талдап (жалақы мөлшері, лауазымы, жаңалықтары, т.б.), олардың компьютерлік диаграммасын жасаған. Бұл деректер барлық жылдарда да Гарвард түлектерінің жетістіктері негізінен біркелкі болғандығын көрсетеді, демек бұл университеттегі білім сапасы соңғы 20 жылда тұрақты екендігінің дәлелі мен айғағы.
Мұндай біркелкілік тек Уоррен Баффет келіп, елдің шымбайына батқан ауыр сөздер айтқан жылы ғана бұзылған екен: сол жылы университет аяқтаған түлектердің жетістіктері күрт өсіп, жыл сайынғы орта көрсеткіштерден едәуір асып кеткен екен. Ол жылдың түлектері көп жетістіктерге жол беріп, басқа жылдың түлектерінен озып кеткен…
Бұл әңгімені мен сіздерге не үшін айтып отырмын деп ойлайсыздар?
Шәкірттерімізді селт еткізетін, тітіркендіретін, қайрайтын, қамшылайтын, шабыттандыратын, олардың намысына тиетін, жігерін шыңдайтын, жүрегіне бойлайтын, алға жетелейтін сөздерді табайық, ұстаздар қауымы!