Home Керекті кеңес 2020 жылдан бастап ЖОО-ға құжат тапсыру қажет болмайды

2020 жылдан бастап ЖОО-ға құжат тапсыру қажет болмайды

0

Білім беру саласында 60-тан астам мемлекеттік қызмет электронды түрде қолжетімді. Бұл туралы ҚР Білім және ғылым вице-министрі Рүстем Биғари айтып берді.

«Білім беру жүйесінде 67 қызмет электронды түрде қолжетімді. Мәселен, қазіргі уақытта жоғарғы оқу орнына құжат тапсыру қиын жұмыс болып көрінеді. 2020 жылдан бастап оның қажеті болмайды, себебі жыл соңына дейін барлық ақпарат цифрланады. «Күнделік» жүйесіндегі деректер автоматты түрде ЖОО-ға беріледі, сәйкесінше құжаттарды қайта тапсыру қажет емес. Жалпы, мектептер мен балабақшалардағы оқу процесі автоматтандырылған», – деді Рүстем Биғари бүгін Astana Hub технопаркінде әлеуметтік инновациялар зертханасының ашылуында.

Сонымен бірге, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыштық өнеркәсіп вице-министрі Абылайхан Оспанов мемлекеттің балаларға қатысты қызметтерді көбірек ұсынып жатқанын жеткізді.

«Өткен жылы SMS-хабарлама арқылы жаңа туған сәбиге ат қойып, туу туралы куәлік алу қызметін іске қостық. Ешқайда барудың қажеті жоқ. Электронды қызметтердің басым бөлігі балаларға көрсетілуі тиіс», – деді Абылайхан Оспанов.

Айта кетейік, Astana Hub халықаралық IT-стартаптар технопаркі мен БҰҰ Балалар қоры (ЮНИСЕФ) балалар мүддесін қорғайтын «Social Innovation» әлеуметтік инновациялар зертханасын ашты. Оның қызметі заманауи технологиялар арқылы балаларды түрлі сын-қатерден қорғайтын жобаларды жүзеге асыруға бағытталған.

Exit mobile version