25.11.2024

Білім министрі 2 352 мектептің ауласындағы дәретханаларды жабуды ұсынды

ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов Қазақстан мектептеріндегі даладағы дәретханаларды жабуды ұсынды. Бұл жайында Балалар құқығын қорғау жөніндегі ведомствоаралық комиссия отырысында белгілі болды.

Асхат Аймағамбетовтің дерегінше, елімізде дәретханасы далада орнатылған 2 352 мектеп бар. Мұндай мектептердің 60 пайызы Түркістан облысында, 54,6 пайызы Алматы облысында, 44 пайызы Батыс Қазақстан облысында және 43 пайызы Қызылорда мен Шығыс Қазақстан облыстарында орналасқан.

Осыған орай министр білім беру нысандарына біліктілік талаптарын қайта қарауды ұсынды.

«Қайғылы жайттың қашан орын алатындығын күтудің қажеті жоқ (…). Бізге білім беру нысандарына қойылатын біліктілік талаптарын қайта қарап, санитарлық ережелер мен нормаларда даладағы дәретханалар мүлдем болмауы тиістігі жазылу үшін Денсаулық сақтау министрлігіне жүгіну қажет шығар. Мұндай жағдайда жергілікті атқарушы органдар мектеп лицензиясы болуы үшін, мектеп жұмысын одан ары жалғастыруы үшін шынымен де шынайы шаралар қабылдауға мәжбүр болады»,- деді А.Аймағамбетов.

Осы ретте ол бұл мәселеге қатысты нақты жол картасы болуы тиістігін айтты.

«Бір күннің ішінде ешкім де жылы дәретхана сала алмайды. Шалғайда орналасқан елді мекендер бар. Дегенмен, проблеманы шешу қажет», – деді ол.

Еске сала кетсек, Тараздағы мектептердің бірінде даладағы дәретханаға сұранып шыққан оқушы қызға 38 жастағы ер адам сексуалдық зорлық-зомбылық көрсетті. 15 қарашада күдікті қолға түсті.

Осы оқиғадан кейін Жамбыл облысындағы барлық білім ордаларындағы қауіпсіздік шаралары күшейтілді. Ал, зардап шеккен оқушы ауруханаға жатқызылды.

-ЖАРНАМА-spot_img

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here

- ЖАРНАМА -spot_img

СОҢҒЫ ЖАЗБА