22.11.2024

Елорда іргесіндегі ауылда 600 орындық жаңа мектеп-лицей ашылды

Елорданың іргесіндегі Қосшы ауылында «Дара – бизнес академиясы» мектеп-лицейі ашылды. Білім ордасында 600 оқушы білім алуда. Ғимарат құрылысына инвестор – «Kazyna-SR» ЖШС 450 миллион теңге қаржы құйған. Оны мердігер «Silk-Road Corporation» ЖШС-гі 2017 жылы қолға алып, биыл аяқтап отыр.

«Kazyna-SR» ЖШС директоры Сайра Матайбаеваның айтуынша, бұл жекеменшік білім ордасы жаратылыстану-математикалық бағытта жұмыс істейтін болады. Оқушыларды ағылшын тілі және кәсіпкерлікке машықтандырады. Жас ұрпаққа сапалы білім мен саналы тəрбие беруде мұғалімдердің білімді де білікті болуымен бірге, мектептің материалдық-техникалық жарақтандырылуы мен озық оқу құралдарымен жеткілікті қамтамасыз етілуіне зор мән беріліп отыр. Мектеп кабинеттері заманауи технологиямен жабдықталып, барлығына дерлік интерактивті тақта орнатылған. Барлығы 4-тен 11-ге дейінгі 25 сынып бар.

Жаңа білім ордасының ашылу салтанатына аймақ басшысы Ермек Маржықпаев қатысып, оқушылар мен ұстаздарды осынау қуаныштарымен құттықтады.

«Бүгін баршамыз тарихи оқиғаның куәсі болып отырмыз. Күннен күнге елордамен құлпырып дамып, халық саны артып келе жатқан Қосшы тұрғындары үшін жаңа мектеп-лицейі ҚР Тұңғыш Президенті күні қарсаңындағы үлкен сый болды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Жолдауында әлеуметтік салаға, оның ішінде білім беру, медицина және халықтың әл-ауқатын арттыруға көңіл бөлуді тапсырған еді. Бүгін есігін ашқалы отырған білім ордасы Целиноград аудандық мәслихатының депутаты, жеке кәсіпкер Сайра Матайбаеваның Президент Жолдауындағы міндеттерді жүзеге асыруға қосып отырған азаматтық бастамасы», – деді Ермек Маржықпаев.

Аймақ басшысы атап өткендей, қазіргі таңда Целиноград ауданында тұрғындардың саны артқан сайын мектепте орын тапшылығы сезіледі. Ағымдағы жылдың көктемінде өңірге жұмыс сапарымен келген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев осы мәселені шешу туралы нақты тапсырма берген болатын.

Бұл мәселе, Ақмола облысында біртіндеп шешіліп келеді. Мәселен, биылғы оқу жылында Бурабай ауданында 700 орындық мектеп пайдалануға берілсе, Көкшетау қаласында 4 мектепке қосымша ғимарат салынуда.

Ал, қазіргі таңда Целиноград ауданының Қоянды, Қосшы және Қажымұқан ауылдарында барлығы 2700 оқушыға арналған үш мектептің құрылысы жүргізілуде.

Бұдан бөлек, Семеновка (120 орындық) және Шұбар (300 орындық) ауылдарында екі мектептің жобалық-сметалық құжаттары әзірленуде.

Ал, 2020-2021 жылдары Қосшы кентінде әрбіреуі 1200 оқушыға арналған тағы екі мектеп салу жоспарланған.

Салтанатты шара барысында аймақ басшысы Ермек Маржықпаев пен жеке кәсіпкер Сайра Матайбаева жаңа мектептің лентасын қиды. Сонымен қатар, шараға ҚР Білім және ғылым вице-министрі Бибігүл Асылова қатысты.

Өз кезегінде аудан тұрғындары атынан сөз сөлеген Целиноград ауданындағы «Родина» агрофирмасы» ЖШС-нің бас директоры, Қазақстанның Еңбек Ері Иван Сауэр игі істі қолға алған кәсіпкерге ризашылық сезімін білдірді.

 

-ЖАРНАМА-spot_img

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here

- ЖАРНАМА -spot_img

СОҢҒЫ ЖАЗБА