22.11.2024

Білімде сұрақ көп, жауап жоқ

Білім сын көтермейді. Осы сөзді айтқалы қашан? Тәуелсіздік алғалы бері айтып-жазып келеміз.Тіпті басқа министрліктермен салыстырғанда, «Бас мұғалімі» ең көп ауысатын сала білім және ғылым министрі екені ешкімге құпия емес. Неге? Мұның бәрі білім саласының бірізділікке түспеуінің нақты көрінісі. Білім жүйесіндегі былықтың бір мысалы ғана.

Әйтсе де, осындай қалың сынның алдын алу үшін бе, әлде шынымен білім жүйесін реформалауды қолға алды ма, әйтеуір, осы аптада бір қозғалыс байқалғандай. Білім және ғылым министрлігі 13 университетті тексерді. 13-тің ішіндегі бес жоғары оқу орнынан заңсыздықты анықтады. Сөйтіп 1 айға дейін әлгі білім ордаларының лицензиясы уақытша тоқтатылды. Атап айтсақ, Шымкенттегі аймақтық әлеуметтік-инновациялық университет, Павлодардағы инновациялық Еуразия университеті, Алматы университеті, Өскемендегі Қазақстан-Американдық еркін университеті, Ақтөбедегі Қазақ-орыс халықаралық университеті. Одан бөлек, 12 университетке айыппұл салынып, тағы бір оқу орнының ісі сотқа жіберілген. Білім және ғылым министрлігі «талапқа сай емес» деп тапқан дәл осындай университеттерді лицензиясынан айыру құқығын өз мойнына алып отыр. Демек, бұл тізім әлі жалғасуы мүмкін.
Жасыратыны жоқ, еліміздегі көпсалалы оқу орындарының бәрінде педагог дайындалады. Ұстаздың көп болғаны жақсы ғой. Алайда бас-басына мұғалім тәрбиелеу қандай қажеттіліктен туып отыр? Бұл да сұрақ. Сан көбейсе, сапа да нашарлайды. Ол – заңдылық. Сондықтан, министрлік болашақ мұғалімдерді оқытатын 85 университеттің санын 25-ке азайтуды көздепті. Қалғандарының лицензиясын қайтарып алады деген сөз. Сонда әр аймақта бір ғана жоғары оқу орнында мұғалім дайындайтын арнайы факультет болады. Қалғандарында ондай құқық болмайды. Алматыда ғана бірнеше университетте педагогикалық білім беріледі.
Білім саласындағы олқылықты індете берсең, тамыры тереңге тартқанын түсіну қиын емес. Мәселен, кейбір оқу орындарында бір жылда бір факультетке 100 студент түссе, келер жылы 800 студент диплом алып шығады екен. Бұл қалай? Әлеуметтік желідегі жұрт кей университеттен қудаланған, оқуын аяқтай алмай қалған студенттердің басқа білім ордасына барып, орта жолдан қосылып, ақшасын төлеп, дипломын алып шығатынын көлденең тартуда. Бұл да негізсіз әңгіме емес.
Жаңа оқу маусымы басталғалы жарты жылдан асты. Университеттерде сабақ қызу жүріп жатыр. Ал кейбір университеттерге алыс-жақын шетелден 37 мың студент ауысып келіпті. Оқу маусымы болса орталап қалды. Ал олар жол ортадан қалай қосылады? Ондай білімде сапа бола ма? Бұл қандай заң негізінде жүзеге асып отыр? Оған бас қатырып отырған университет басшылары бар ма? Сұрақ көп, жауап жоқ.

Жарас КЕМЕЛЖАН

-ЖАРНАМА-spot_img

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here

- ЖАРНАМА -spot_img

СОҢҒЫ ЖАЗБА