Home Редакция таңдауы «Нұр Отан» Отандық оқулық сапасына үңілді

«Нұр Отан» Отандық оқулық сапасына үңілді

1

Сәуірдің 15-күні «Нұр отан» партиясы жанындағы мәдениет пен өнер мәселелері жөніндегі «Мирас» қоғамдық кеңесінің ұйымдастыруымен «мемлекеттік тілді оқыту, қазақ тіліндегі оқулықтар мен оқу-әдістемелік материалдарының сапасы мәселелері» тақырыбындағы кеңейтілген жиналысы өтті. Сараптама жұмысы бұдан бұрын екі айдан бері арнаулы комиссия жасақталып, сараптама жүргізген еді. Кеңейтілген қорытынды отырыста «Мирас» қоғамдық кеңесінің төрағасы, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Мәулен Әшімбаев төрағалық еткен отырысқа ҚР Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіпов, ҚР Мәдениет министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы, Парламент депутаттары Алдан Смайыл, Қуаныш Сұлтанов, қоғам және өнер қайраткерлері Мырзатай Жолдасбеков, Әкім Тарази, Бекболат Тілеухан сондай-ақ, оқулық шығаратын баспалардың жауапты өкілдері қатысты.
«Сапалы оқулық – кемел ғылым мен білімнің қайнар көзі және ұлттық идеологияның басты тірегі». Бірақ, бүгінде оқулық шығару, оны жүйелеу ісінде шалағайлықтар шаш-етектен. Оқулықтардың мазмұны, пәнаралық байланысы, тілдік нормаларды сақтау жағы сын көтермейді. Жиналысқа қатысқандардың басым көпшілігі осы пікірде.
Жиналыста баяндама жасаған мемлекет және қоғам қайраткерлері оқулық мазмұнындағы олқылықтарды атап көрсетіп, білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіповке нақты ұсыныстар жасады. Парламент депутаты Алдан Смайыл: «біз қазіргі кезде тарих пәнін тарихи оқиғалар тізбегі түрінде емес, шежіре түрінде оқытып келеміз, яғни, балалар тек дата жаттаумен келеді. Бұл – баланың тарихи санасын жетілдіру түгілі, миына салмақ түсіреді» – деді.
Бас қосуда оқулықтар мен оқу-әдістемелік материалдарға сараптама жүргізудің нәтижелері жарияланды. Аталған сараптаманы «Мирас» қоғамдық кеңесі жанынан құрылған жұмыс тобы әзірлеген. Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің ғалым-педагогтарынан құралған 51 сарапшы қазақ тіліндегі оқулықтар мен оқу-әдістемелік материалдарды сараптаумен айналысқан болатын.
Жұмыс тобының мүшелері «Алматыкітап», «Мектеп», «Атамұра», «Жазушы», «Арман ПВ» баспаларынан шығарылған, қолданыстағы оқу құралдарына сараптама жасаған. Нәтижесінде 173 оқу әдебиетінің типтік оқу бағдарламасына 26 кітаптың сәйкес келмейтіні анықталды. Ал, 14 оқулықта түрлі ауытқулар байқалған. Сонымен қатар, баланың жас ерекшелігі ескерілмеген 8 оқулық анықталған.
Осыған орай, «Мирас» кеңесі жанынан құрылған оқулықтарды сараптау жөніндегі жұмыс тобының жетекшісі Динар Нөкетаева осы мәселеде бірізділік болса деген ұсынысын айтты.
«Қазір оқулық әзірлейтін авторларда бірізділік жоқ. Бастауышта, орта буында, жоғары сыныпта әр түрлі авторлар. Оның үстіне, авторлар оқулықты үш ай ішінде жазып шыға алмайды. Оларға белгілі бір уақыт беріп, қаражат төлеп, қолдау көрсету керек» – деді ол.
Қоғамдық отырыстың ұсыныстары мен шешімдері білім министрлігіне, парламент пен өкіметке жолдаймыз, әрі бұдан білім министрлігі қорытынды шығарып болашақта атқарылған мәселелер бойынша есеп береді, – деп қорытындылады жиналыс соңын Мәулен Сағатқанұлы.
Ал, біз бұл отырыстың көтерген мәселелері мен отырыс барысында болған кейбір оқиғалар туралы алда сараптамалық мақала жазатын боламыз.

www.kazbilim.kz

1 COMMENT

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here

Exit mobile version