22.11.2024

«Омбы қазақтары» мектептерге қазақ тілі пәнін қайтаруға талпынып жатыр

Солтүстіктегі көрші мемлекеттің миллион тұрғыны бар қалаларының қатарына кіретін Омбы шаһарында «Омбы қазақтары» газеті шығады. Одан бөлек, қазақ ізін іздесеңіз, Шоқан Уәлиханов пен Сәкен Сейфуллин атындағы көшемен серуендеп, Шоқан мен суретші Амангелді Шәкеновтің ескерткішіне барып қайтуыңызға болады.

Ресейдің Омбы облысында 100 мың қазақ бар. Оның тең жартысы қаланың өзінде тұрады. Бізбен әңгімелескен «Омбы қазақтары» қоғамдық ұйымының басқарма төрағасы, Омбы аймақтық қазақ ұлттық мәдени автономиясы президентінің орынбасары Қуаныш Елеутаев «басты мәселеміз – өз тілімізді ұмытып бара жатқанымызда» дейді. Оның айтуынша, қазақ тілі мұғалімдерінің азайып бара жатқаны да қандастар алаңдаған тіл ахуалын тұралатып тұр.

Омбылық суретші Амангелді Шәкеновтің ескерткіші

«Омбыда қазақтың салт-дәстүрі сақталып қалған. Ұлттық мереке-мейрамдардың бірде-бірін атаусыз қалдырмаймыз. Біз жақта Наурыз мейрамын жалпыаймақтық деңгейде атап өту дәстүрге айналған. Жыл сайын Омбы өңіріндегі ауыл-аймақтар Ұлыстың ұлы күнін кезек-кезек жарыса тойлап, әр ауыл атаулы күнге ерекше мазмұн, соны сипат бергісі келеді. Қалалық деңгейдегі Наурыз мерекесіне жыл сайын 10-12 мың адамға дейін жиналады. Жалпы, аймақта 100 мыңға тарта қазақ бар. Омбы облысында қазір 40 қазақ ауылы қалды. Азайып қалған түріміз. ХХ ғасырдың басында біздің аймақта 600-ге тарта қазақ ауылы болған», – дейді Қуаныш Елеутаев.

«Омбы қазақтарының» тізгінін ұстаған қандасымыз Ресей қазақтарының өз тілін ұмытып бара жатқанына алаңдайды. Айтуынша, тіл мәселесі Ресей қазақтарының алдыңғы буынынан қалған. Бірақ, жастар өз тілін ұмытпаса екен дейді.

«Өкініштісі, Омбы аймағында қазір қазақ тілі мұғалімдерінің соңғы буыны қалды. Оны үзіп алсақ, біздегі қазақ тілінің жайы нашарлай бермек, себебі тұрмыстық деңгейде қазақ тіліндегі орта жоқ. Біздің әке-шешелеріміз мектепті, жоғары оқу орнын өз тілінде оқымады. Әйтсе де, ұлттық салт-дәстүр мен мәдениетті сақтап қалды. Қазақтардың Омбыдан жаппай көшуі тіл мәселесін одан ары күрделендіріп тұр. Омбыдағы 100 мың қазақтың жартысы қалада тұрады. Сөздің шыны керек, Омбы қазақтары атанып жүрген біздің өзіміз қазақ тілінде әрең сөйлейміз. Ұққанымызбен, дұрыс сөйлей алмаймыз. Аудандар мен ауылдардан келетін жастардың дені қазақ тілді. Бірақ, олардың осы білім-біліктерін басқаға бере аларлық дағдысы жоқ», – дейді ол.

2000 жылдарға дейін қазақ тілі Омбы мектептерінде пән ретінде оқытылыпты. Тіпті қалада техникумдарының бірінде қазақ тілі мұғалімдерін даярлайтын мамандар да болған. Кейін елдегі білім жүйесіне өзгерістер еніп, қазақ тілін ұстап тұрған тетіктер жойылған көрінеді.

Әйтсе де аймақта 7 бірдей этномәдени орталық сақталып қалып, ондағы жанашырлар балаларға өз тілін оқытуға тырысып бағыпты. Алайда тілді оқытудағы факультативті сипат өз тиімділігін дәлелдей алмапты. Сол себепті, тілге қатысты өткір мәселенің шешімін табу жолында «Омбы қазақтары» қазақ тілі мұғалімдері қауымдастығын құрмақ ниетте екен. Мұндағы мақсат – мектептерге қазақ тілі пәнін қайтару болып отыр.

«2018 жылдың тамызында «РФ білім туралы» заңына өзгерістер енгізіліп, қазақтарға балаларын мектепте қазақ тілінде оқыту құқығы берілді. Бірақ, заң бар десек те, оны іске асыратын тетіктері – федералды білім стандарты да, бірыңғай оқулық та жоқ. Міне, сол себепті, қажетті базаны қалыптастыру керек. Ең бірінші кезекте, Омбыда қалған қазақ тілінің мұғалімдерінің бәрін жинап алдық. Олар қазір мектепке қажетті бағдарламаны жасап жатыр. Оқулық бойынша Алтайдағы достарымыз көмектесті. Алтай Республикасының Қосағаш ауданында қазақ тілінде сабақ беретін мектеп болған. Онда мұғалімдердің де дайындығы жақсы. Олар кезінде қазақ тілінің оқулықтарын даярлап, РФ білім министрлігінің сынағынан өткен. Бұйырса, біздің қауымдастықтың мұғалімдері әзірлеген бағдарлама бойынша Алтай қазақтарының оқулықтарымен сабақты бастап та кетеміз», – дейді ол.

Омбы қазақтарының игі ісіне Алтай, Орынбор, Түмен қазақтары да үн қосыпты. Аталған аймақтардың бәрінде де тілге келгенде мәселе ортақ.

«Омбыдағы халықтан, мұғалімдерден белсенділікті күтеміз. Бүгін ғана Алтайдағы қандастар оқулықтардың дайын екенін хабарлады. Мақсат – 1-5 сыныптарға қазақ тілі пәнін енгізіп алу. Насихат жұмыстары қазір қызу жүріп жатыр. Мұғалімдер атынан министрлікке тиісті хат дайындалады. Алда ауқымды жұмыс күтіп тұр. Оны еңсере аламыз деген ойдамыз. Қазақстанның қолдауынан да үмітіміз зор», – дейді ол.

 

Тіл мен мәдениетті сақтап қалу мәселесін терең талқылау үшін «Омбы қазақтары» қоғамдық ұйымы жақында «Қазақ жастары» форумын өткізгелі отыр. Ұйым биыл РФ президенттік грантын ұтып алып, федералды аймақаралық «Қазақ жастары» форумын өткізу бастамасы бойынша қолдау тапқан. 6-9 желтоқсан аралығында өтетін форумға қазірдің өзінде Қазақстан мен Ресейдің 22 аймағынан қазақ жастарының келетіні белгілі болып отыр.

«Саласында ең табысты деген 100 қазақ жас өренінің басын қосу жоспарда бар. Омбыда қазақ жастарымен үш күн бойы қазақ тілін, мәдениетін, тарихты оқыту, тарихи архивтерді зерттеу мәселелерін кең-молынан талқылаймыз. Елдегі түрлі сарапшылардан бөлек, Қазақстаннан тарих ғылымдарының докторларын, ректорларды шақырдық. Нақты жоба жасап бере алатын мамандарға да үміт артылуда. «МУЗ-ТВ» арнасының басшысы Арман Дәулетияров та форум қонағы болуға қуана-қуана келісіп, талапты қазақ жастарын қолдайтынын жеткізді. Арманды шақыру арқылы Орынбордағы қарапайым ауыл қазағының биікке қалай жеткенін айтқызып, жастарға жігер бергіміз келеді», – дейді «Омбы қазақтары» қоғамдық ұйымының төрағасы.

Форум жұмысының маңызды бөлігінің бірі – қазақ тілі мұғалімдерінің сессиясы болмақ. Қоғамдық ұйым өкілдері бастаған ісін алға жылжыту үшін сессия жұмысына Омбы облыстық білім басқармасының жауапты адамдарын шақырып отыр.

Ресей қазақтары өз ісінің табысын, жетістігін Қазақстанның дамуымен тікелей байланыстырады екен. Қуаныш Елеутаев Қазақстанмен шектесіп жатқан облыстардың қазақтары атамекенінің қалай өркендеп келе жатқанына тамсана қарайтынын айтады.

«Қазақстанның әр спортшысының жеңісін көрсек – еңсеміз көтеріліп қалады. Қазақстанның дамуымен медиа кеңістіктің қанат жайып келе жатқанын атап өту керек. Мұндағы қандастарыңыз БАҚ өкілдері мен блогерлерді, қазақша контентті бақылап отыр. Омбыда қазақтардың өз тілін меңгеруге деген талабы, қызығушылығы мол. Осыдан 4-5 жыл бұрын әлеуметтік желіде отырғанда бірде-бір жерлесіміз қазақ тілінде жаза бермейтін. Қазір қазақша жазатындар көбейе бастады. Пікірлердің өзін бағып көріңіз. Қазақстан, Моңғолия, Ирандағы қандастарымызбен латын қарпінде пікір алмасамыз», – дейді ол.

Ал Ресейде күндердің күнінде қазақ мектебін ашу мүмкін бе? Қайтара қойылған бұл сұрағымызға қандасымыз былай жауап берді.

«РФ білім туралы» заңы қазақ мектебін ашу бастамасына қарсы емес. Бірақ, бізде механизм жоқ. Оқу жоспары мен оқулық болмағаннан кейін барып, осындай мәселелер шыға береді. Оқулықты мектепке енгізу үшін ол министрліктің мақұлдауынан өту керек. Ал тиісті мамандар мен ғалымдарды тартып, қаржыландырып, Ресейдегі мектептерге қазақ тіліндегі оқулықтарды әзірлеу – өте күрделі жұмыс, бюджеттік процес. Сөздің шыны керек, патриотизмді ту етіп, ұзаққа бара алмайсың. Мұғалімдерге де айлығын беру керек. Қолдау болуы тиіс», – деп түйді Қуаныш Елеутаев.

 

Автор: Аян Бекенұлы

 

-ЖАРНАМА-spot_img

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here

- ЖАРНАМА -spot_img

СОҢҒЫ ЖАЗБА