Өткен жылдан бастап ҰБТ-ны бес мәрте тапсыруға болады, оның төртеуі (қаңтар, наурыз, шілде, тамыз айларында тапсыратындары) тек ақылы оқуға түсушілерге арналған. Ал, мемлекеттік грантқа түсу үшін тек маусым айындағы ҰБТ сертификаты жарамды.
Енді, ата-аналар мен түлектер осы “Қаңтар, наурыз айында тапсыратын ақылы ҰБТ-ға тапсырудың пайдасы бар ма? Әлде…” деген сұрақты көп қояды.
Бұл ақылы ҰБТ-ларды тапсырудың меніңше еш пайдасы жоқ. Себептері төменде.
Біріншіден, баланың басын қайта-қайта ауыртып керек емес. Қобалжытпай тек маусымға тыңғылықты дайындалу керек.
Екіншіден, ақылы бөлімге егер шектік балдан асқан жағдайда маусым айындағы тегін ҰБТ сертификатымен де түсе аласыз. негізі 140 балдан шектік 55 балды алудың түк те қиындығы жоқ.
Үшіншіден, егер дәл сол кезде шекті балды ала алмай жатсаңыз, онда одан кейін тамыз айында да ақылы тапсыратын мүмкіндігіңіз бар, онда не асығыстық? Бірінші дайындықты дұрыстап, мемлекеттік грантқа неге үміттеніп көрмеске? Оның үстіне қазір грант көп, мүмкіндік көп.
Төртіншіден, “өзімді бір сынап көрсем” дегендер үшін онсыз да мектепте, дайындық курстарында аптасына сынақ тесттер жазуға болады, ол үшін ақылы түрде, бір жерге уақыт шығындап барып тапсырудың қажеті жоқ. Өз деңгейіңді сынайтын онлайн, офлайн мүмкіндіктер жеткілікті.
Әрі, “осы ақылы ҰБТ-да жоғары балл алып, ертең тегін ҰБТ-да төмен балл алып қалсам, ақылы ҰБТ сертификатымен грантқа үміткер болып қалам ба?” деген жалған идеядан аулақ болыңыздар. Мемлекеттік гранттың конкурсына тек маусымдағы ҰБТ-ның сертификаты ғана жарамды.
Сізді мазалаған тағы қандай сұрақ бар? Заң шеңберінде жауап беруге тырысайық.
Барша түлектерге сәттілік тілеймін, дайындықтарыңыз жүйелі һәм тыңғылықты болсын!
Республикалық QAZBILIM ортаылғы директоры Аятжан Ахметжанұлы