Шығыс Қазақстан облысы Глубокое ауданында 4 метрлік «Голографиялық пирамида» бой көтереді.
Облыс әкімі Даниал Ахметов Глубокое ауданына жасаған жұмыс сапары барысында Оқушылар шығармашылық сарайындағы IT-көрмеге қатысты. Өңір басшысы жас өнертапқыштардың еңбектерін жоғары бағалап, оның ішінде үздік деп танылғандарды іске асыруды ұсынды. Атап айтқанда, 8-сынып оқушысы Камилла Сафинаның «Голографиялық пирамида» жобасы енді аудан орталығында төрт метрлік биіктікте пайда болмақ. Бұл арқылы барлық сипаты бар үш өлшемді нысанның нақты көшірмесін алуға болады. Жобаның негізгі артықшылығы – 360 градусқа дейін шолу жасауында болып отыр.
«Мұндай жобаны кең ауқымда жасап, жаңадан салынып жатқан Мәдениет үйінің алдына қою керек. Балалар Start-up жобасын әзірлесін, ал біз бұл үшін тиісті қаражат бөлеміз», – деді Даниал Ахметов.
Камилла бұл жобаны іске асыру тек IT-сыныптардың ашылуы нәтижесінде ғана мүмкін болғанын атап өтті. Айта кетсек, бүгінде Шығыс Қазақстан облысы барлық мектептерде төрт бағыт бойынша сандық кабинеттер ашылған жалғыз өңір.
«Тегін IT-сыныптар» партиялық жобасын іске асыру мақсатында тек Глубокое ауданында 147 IT-сынып ашылды. Онда 2230 оқушы робототехника, бағдарламалау және 3Д-модельдеу бағыттары бойынша оқуда. IT бағытында білім алып жатқан балалармен кездесу барысында олардың жоғары қызығушылықтарын көрдім. Сондықтан биылғы жылы 1 қыркүйекке дейін облыстың ІТ – бағдарламалауды оқыту бағдарламасы әлемдік стандартқа сәйкестендірілетін болады. Бұл басты міндет», – деді Даниал Ахметов.